Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Билет №96



Инфекциялық науқастарды анықтауда дәрігер терапевттің ролі. Инфекциялық ауру жағдайын стандартты анықтау. Инфекциялық науқастарды анықтау, зерттеу, госпитализацияға жолдау кезінде дәрігер-терапевттің ережесі және міндеттері. Клиникалық және эпидемиологиялық көрсеткіштерге байланысты науқастарды госпитализациялау. Үй жағдайында емдеуді ұйымдастыру.

Инфекциялық науқастарды анықтауда дәрігер терапевттің міндеттері:

1. Науқастың жалпы шағымдары

2. Эпидемиологиялық анамнез жинау

3. Эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша тексеру - белгілі бір аумақтағы, халықтың жекелеген топтары арасындағы эпидемиологиялық жағдайға негізделген инфекциялық немесе паразиттік аурулар туралы алынған ақпараттың негізінде және инфекциялық немесе паразиттік аурулардың жағдайына эпидемиологиялық тексеру жүргізу кезінде (жұқтыру тәуекелі факторларын, берілу жолдарын анықтау және санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды жүргізу үшін) тексеру

4. фаготипті анықтау - типтік бактериофактар құрамына бірдей сезімталдықты сипаттайтын бактериялық штамдар жиынтығы;

5. аспаптық зерттеулер - флюорографиялық немесе рентгенологиялық аппараттармен диагностикалық зерттеу;

6. энтералдық механизм - инфекцияның асқазан-ішек жолы арқылы берілуі. Вирус организмге ластанған сумен, тамақ өнімдерімен, лас қолдар арқылы енгендігін анықтау;

7. anti-HCV - С вирустық гепатитіне антидене;

8. HBsAg - инфекцияның жіті немесе созылмалы түрін көрсететін беткейлік антиген;

9.жіті респираторлық вирустық инфекция (бұдан әрі - ЖРВИ) - ауа-тамшы жолымен берілетін және тыныс алу (респираторлық) жолдарының сілемейлі қабығын зақымдаумен қоса жүретін тұмау, парагрипп, аденовирустар, респираторлық-синцитиальдық және басқа да вирустар тудыратын аурулардың жоғары контагиоздық тобы;

10.тұмау тәрізді аурулар (бұдан әрі - ТТА) - дене қызуының ≥3800С-қа көтерілуімен және ауру басталғаннан бастап 7 күн ішінде кемінде бір рет байқалатын жөтелмен қоса жүретін жіті респираторлық вирустық ауру жағдайлары;

11. ауыр жіті респираторлық вирустық инфекциялар (бұдан әрі - АЖРИ) - пациентті дереу емдеуге жатқызуды қажет ететін және анамнезінде ауру басталғаннан бастап 7 күн ішінде кемінде бір рет байқалатын ≥3800С жоғары температурамен немесе қызумен, жөтелмен, ентігумен немесе тыныс алудың қиындауымен сипатталатын ауруды анықтау;

12.ЖРВИ, тұмау және олардың асқынуларын (пневмонияларды) әдеттегі эпидемиологиялық қадағалау - халықтың жіті респираторлық тұмау тәрізді аурудың және/немесе пневмонияның клиникалық белгілерімен жүгінуі бойынша республиканың барлық аумағында тіркелген аурулар жағдайларының санын есепке алу негізінде ЖРВИ-мен, тұмаумен сырқаттанушылықтың және олардың асқынуларынан (пневмониялар) болған өлім-жітімнің деңгейі мен динамикасын мониторингілеу;

13. эпидемиологиялық қадағалау (бұдан әрі - ШЭҚ) - еліміздегі тұмаумен сырқаттанушылықтың эпидемиологиялық және вирусологиялық сипаттамаларын, тұмаудың экономикалық залалын әлемнің басқа елдерінің деректерімен салыстыруға мүмкіндік беретін, стандартты ақпаратты және репрезентативті топтардағы ТТА және АЖРИ-мен ауыратын науқастардың материалы үлгілерін жүйелі жинау;

Дәрігер - терапевттің жіті ішек инфекцияларымен ауыратын науқастарды емдеуге жатқызуға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар

Жіті ішек инфекцияларымен ауыратын науқастарды емдеуге жатқызу клиникалық және эпидемиологиялық айғақтары бойынша жүргізіледі:

1) екі айлыққа дейінгі балалардағы аурудың барлық түрлері;

2) баланың жасына қарамастан қатты сусыздандыратын ауру түрлері;

3) қосымша патологиялы созылмалы аурудың түрлері;

4) әртүрлі деңгейдегі қатты сусыздандыратын созылмалы іш өту;

5) дизентерияның созылмалы түрлері (асқынған жағдайда).

Жіті ішек инфекциясымен ауыратын науқастарды емдеуге жатқызудың эпидемиологиялық айғақтары:

1) науқастың тұрғылықты жері бойынша қажетті эпидемияға қарсы режимді сақтау мүмкіндігі болмағанда (әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, жатақхана, казармалар, коммуналдық пәтерлер);

2) медициналық ұйымдардағы, мектеп-интернаттардағы, балалар үйлеріндегі, нәрестелер үйлеріндегі, санаторийлердегі, қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлеріндегі, жазғы сауықтыру мекемелеріндегі, демалыс үйлеріндегі ауру жағдайлары.

Дизентерия және басқа да жіті диареялық инфекциялардан жазылған реконвалесценттерді ауруханадан шығару толық клиникалық сауыққаннан кейін жүргізіледі.

Дизентерия және басқа жіті диареялық инфекциялардан жазылған реконвалесценттерді бір реттік бактериологиялық тексеру амбулаториялық жағдайда емханадан шыққанынан кейін күнтізбелік жеті күн ішінде, бірақ антибиотик терапиясын аяқтағаннан кейін 2 күннен соң жүргізіледі.

Жіті ішек инфекцияларымен ауырып жазылған адамдарды диспансерлеуге қойылатын талаптар:

Жіті дизентериядан сауыққаннан кейін диспансерлік бақылауға мыналар жатады:

1) қоғамдық тамақтану, азық-түлік саудасы, тамақ өнеркәсібі объектілерінің қызметкерлері;

2) балалар үйлерінің, нәрестелер үйлерінің, мектеп-интернаттардың балалары;

3) психикалық-неврологиялық диспансерлердің, балалар үйлерінің, нәрестелер үйлерінің, қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйлерінің қызметкерлері.

Диспансерлік бақылау бір айдың ішінде жүргізіледі, оның соңында бір реттік бактериологиялық тексеру жүргізу міндетті. Дәрігерге бару жиілігі клиникалық айғағы бойынша айқындалады.

Диспансерлік бақылауды тұрғылықты жері бойынша учаскелік дәрігер (немесе отбасы дәрігері) немесе инфекциялық аурулар кабинетінің дәрігері жүзеге асырады.

Ауру қайталанған жағдайда немесе зертханалық тексерудің қорытындысы оң болғанда, ауырып жазылған адамның барлық санаты қайта емдеуден өтеді. Емдеу аяқталғаннан кейін осы адамдар үш ай бойы, ай сайын зертханалық тексеруден өтеді. Бактерия тасымалдаушылықпен ауыратын адамдар үш айдан астам жалғастырады, дизентерияның созылмалы түрімен ауыратын науқастар ретінде емделеді.

Декреттелген контингенттің ішінен адамдарға мамандығы бойынша жұмысқа рұқсат етуді сауыққаны туралы анықтаманы ұсынған сәттен бастап жұмыс беруші жүргізеді. Сауыққаны туралы анықтаманы клиникалық және бактериологиялық тексеру нәтижелерімен расталып, толық сауыққаннан кейін ғана емдеуші дәрігер береді.

Дизентерияның созылмалы түрімен ауыратын адамдар бір жыл бойы диспансерлік бақылауда тұрады. Бұл адамдарға бактериологиялық тексеруді және дәрігерлік қарауды дәрігер-инфекционист ай сайын жүргізеді.

Дәрігер - терапевттің іш сүзегімен және қылаумен ауыратын науқастарды диагностикалауға, емдеуге жатқызуға қойылатын талаптары:

- Іш сүзегімен және қылаумен ауыратын науқастарды, бактерия тасымалдаушыларды уақтылы анықтауды, оқшаулауды және емдеуді меншік нысанына қарамастан, барлық денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлері клиникалық және зертханалық деректердің негізінде жүзеге асырады.

- Ауруды диагностикалағанда ең бастысы гемокультураның бөлінуі болып табылады. Гемокультураны бөлу үшін қан алу аурудың барлық кезеңінде жүргізіледі. Қанның бірінші егілуі антибактериялық терапия басталғанға дейін жүргізіледі. Ауруды диагностикалау үшін нәжіс өсірінділерін, зәр өсірінділерін, өтті зерттеу, серологиялық диагностика жүргізіледі (Видаль әсері, тіке гемагглютинация әсері).

- Диагнозы қойылмаған, үш және одан да көп күн бойы қызбасы бар науқастар іш сүзегіне тексеріледі.

- Іш сүзегімен және қылаудың А мен В түрімен ауыратын барлық науқастар жұқпалы аурулар стационарына емдеуге жатқызылады.

- Науқастарды ауруханадан шығару нәжісі мен зәрін үш рет бактериялогиялық зерттегеннен кейін дене қызуы толық жиырма бір күн қалыпты болғанда жүзеге асырылады. Нәжісі мен зәрін бактериялогиялық зерттеу антибиотикті тоқтатқаннан кейін бес күннен кейін және содан соң бес күн аралықпен жүргізіледі. Одан басқа, ауруханадан шығардан жеті-он күн бұрын дуоденальды құрамды себу жүргізіледі.

Іш сүзегімен және қылаумен ауырып жазылған адамдарды диспансерлік бақылауға қойылатын талаптар:

-Іш сүзегімен және қылаумен ауырып жазылған барлық науқастар стационардан шыққан соң, екі аптада бір рет дене қызуы өлшеніп, медициналық бақылауға алынады. Стационардан шыққаннан соң он күннен кейін, реконваленценттерді бактериологиялық бактерия тасымалдаушылыққа тексеру басталады, ол үшін кемінде екі күн сайын нәжіс пен зәр бес рет зерттеледі. Үш ай бойы ай сайын бір рет зәр мен нәжісін бактериялогиялық зерттеу жүргізіледі.

-Ауруханадан шыққаннан кейінгі үш ай ішіндегі бактериялық тексерудің нәтижесі оң болған жағдайда, қаралушы жіті тасымалдаушы болып есептеледі.

-Бақылаудың төртінші айында бактериялогиялық зерттеу өт және тіке гемагглютинация әсеріне цистеинмен қан сарысуы зерттеледі. Барлық зерттеулердің қорытындысы теріс болған жағдайда, ауырып жазылған адам диспансерлік бақылаудан алынады.

-Серологиялық зерттеудің нәтижесі оң болған кезде нәжіс пен зәрге бес рет бактериялогиялық зерттеу жүргізіледі. Тексерудің нәтижесі теріс болған жағдайда бір жыл бойы бақылауға қалдырады.

-Стационардан шыққан соң бір жылдан кейін бір рет бактериялогиялық тексеруге нәжіс пен зәр алынады және тіке гемагглютинация әсеріне цистеинмен қан сарысуы тексеріледі. Тексерудің нәтижесі теріс болса, ауырған адамды диспансерлік бақылаудан шығарады.





Дата публикования: 2015-01-24; Прочитано: 577 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.008 с)...