Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

V. Интеллектуалды ұлт



Қазақстанның алдында экономиканы жеделдете модернизациялау, шикізаттық экономикадан индустриялық экономикаға көшу міндеті тұр.

Қазіргі уақытта республикалық маңыз­дағы инвестициялық жобалардың тізімін қалыптастыру аяқталып келеді.

Олар барлығы жалпы сомасы 7,5 мил­лион теңге болатын 97 жоба. Оның ішінде 380 миллиард теңгені құрайтын 26 жобаны осы жылдың соңына дейін аяқтау жос­пар­ланып отыр. Олар - жаңа кәсіпорындар, білім беру мен денсаулық сақтау саласы­ның жаңа нысандары.

Біз дамыған елдерден озық техноло­гия­ларды тартып, бірлескен өндірістер құ­рудамыз, инновациялық жобаларға қолдау көрсетілуде. Бірақ егер біз экономикасы тұрақты дамыған елдер клубына өтеміз десек, бұл жеткіліксіз. Оның сыртында аса озық технологияларын бізге ешкім де әншейін бере салмайды.

Қазақстанға біздің ұлтымыздың әлеуе­тін оятуға және жүзеге асыруға жағдай жасайтын интеллектуалды төңкеріс қажет.

Өкінішке қарай, өмір сүру үшін қара­жат керек. Бірақ, Артур Шопенгауэр айт­қан­дай, үлкен дәулет пен билік адамды ба­қытты ете алмайды. Ондай адамдардың әр­қайсысында да "өзіне тән қам-қарекеті мен мұқтаждары бар кедей жасырынып жатыр".

Біздің ендігі міндет - қазақстан­дық­тардың, бірінші кезекте жастардың білім­ділікке, интеллектіге, Отан мен халыққа қызмет етуге деген көзқарастарын өзгерту.

АҚШ пен Еуропада Нобель сыйлығын алған ғалымдарды тек еңбегі мен ашқан жаңалықтары үшін ғана құрметтемейді. Олар барша үшін де үлгі болып саналады. Олардың үлгісін жастарға өнегелеп, сол арқылы күш-жігердің, еңбек пен талант­тың әркезде де табысқа бастайтынын көрсетеді.

Бізге ұлттық интеллектінің діңін құру қа­жет, бізге халықаралық деңгейде бәсе­ке­ге түсе алатын эрудициялы адамдар керек.

"Болашақшылармен" кездесіп, "Ин­тел­лектуалды ұлт-2020" жобасын ұсын­ған­да мен осындай мақсаттарды көздедім.

Жоба негізінде үш аспекті бар.

Бірінші. Қазақстанның білім беру жүйесіндегі серпіліс.

Бүгінде білім беру үдерісіне мүмкінді­гін­ше кеңірек қарауға болады. Әр адамды қазіргі заманғы әлемде іс істеуге, білім ала білуге, өмір сүре алуға, бірлесіп өмір сүре бі­луге үйрету қажет. Бұл ЮНЕСКО қа­лып­­тастырған "білім берудің төрт тағаны".

Ұзақ жылдар бойы біздегі білім беру­дегі басты проблема ақпараттарға қол жет­кізу болды. Кітап күткен ұзыннан-ұзақ ке­зектер, мыңдаған беттік конспектілер, бір кітапты бірнеше адамның жабыла оқуы сияқты жәйттер аға буынның әлі де есінде.

Бүгінде жағдай басқаша. Сарапшылар барлық кездерде жазылған кітаптарға қарағанда, ақпараттардың 2006 жылы жаһандық ауқымда 3 миллион есе көп шығарылғанын есептеп шыққан. Баспа түрінде ол Жерден Күнге дейінгі биіктіктегі 12 үйме кітап. Болжам бойынша 2010 жылы ақпараттың бұл көлемі тағы да алты есе ұлғаймақ. Ақпараттың мұндай көлемінде жоғалып кетуге де болады.

Сондықтан қазіргі заманғы білім берудің перспективалық міндеті - ол сындарлы ойлай білетін және ақпараттар ағынында бағдар ала білуге қабілетті адамдарды даярлау.

Мектепке дейінгі және бастауыш білім беру ісі бастапқы интеллектуалдық әлеует пен жас қазақстандықтардың жақсы ден­сау­лығын қалыптастыра білуі керек. Олар терең ақылымен, шексіз қызығу­шы­лы­ғы­мен және өмірлік күш-қуатымен ерек­шеленуге тиіс.

Орта білім белсенді, білімді және та­быстарға бағдарланған тұлғаларды тәр­бие­леуге жауап береді. Оқушылар "ешқашан бас­тауды тоқтатпа, ешқашан тоқтауды бас­тама" деген ақиқаттан адаспаулары тиіс.

Осы жылы менің тапсырмам бойынша Астана мен Семейде интеллек­туал­дық мектептер ашылды. 2011 жылға дейін мұндай мектептер еліміздің әр ай­ма­ғында ашылатын болады. Олардың мін­деті - дарынды балаларды, олардың та­лант­тарының бағытын тауып, мақсатты дайын­дықтарын бастау. Дарынды балалар бізде бар.

Бұл мектептердегі негізгі екпін нақты және табиғи ғылымдарды оқытып, сындарлы және креативті ойлау қабілетін дамытуға түсірілетін болады.

Мен бұл мектептерден үлкен нәтиже­лер күтемін. Олар Қазақстанның интел­лек­туалды элитасын тәрбиелеудің іргетасы болулары тиіс.

Бұл мектептер түлектерінің әлемнің кез келген университетінде оқуға мүмкін­діктері болулары тиіс.

Бірақ бұл басқа мектептерді дамыт­пай­мыз дегенді білдірмейді. Ауылдағы білім беру мәселесі ерекше маңызға ие.

Мен жас педагогтарды ауылдарға қоныс аударуға шақырамын. Біз олардың қаладағы мектептерден кейін қалуын, оның ішінде қашықтықтан оқыту әдістері есебінен еңсеруге міндеттіміз.

"Болашақ" интеллектуалды мектеп­тері, Астанадағы Халықаралық универси­тет - біздің білім беру жүйемізді әлемдік стандарт­тарға жақындату міндеті қойылып отырған аса маңызды элементтер, міне, осылар.

Алдағы жылы Астанада ашылуы жос­пар­ланып отырған әлемдік деңгейдегі Ха­лықаралық университет инженерлік және техникалық кадрларды, генетика, био­химия, физика мамандарын дайындайтын болады. Онда заманалық зертханалар, Ұлттық биотехнологиялық орталық және басқалары жұмыс істейтін болады.

Біз басында ҚазҰУ, ҚМЭБИ және ҚБТУ тұрған тоғыз ұлттық университетке үлкен үмітпен қараймыз.

Олар отандық жоғары білім берудің негізгі жон арқасы болулары тиіс.

Бір сөзбен айтқанда, біз алдағы жыл­дары білім беру жүйесінде серпінді іс-қимыл танытуға бел шеше кіріспекпіз.

"Интеллектуалды ұлт" жобасының екінші аспекті - ғылымды дамыту және елі­міздің ғылыми әлеуетін арттыру. Ғылым ин­новациялық экономиканың негізі болуы тиіс.

1990-шы жылдары біздің ғылыми инс­титуттар аса ауыр жағдайда қалды. 2000 жылдан бастап ахуал өзгере бастады.

Соңғы бес жылда қазақстандық ғы­лым­ды қаржыландыру төрт есеге жуық ұл­ғайып, үстіміздегі жылы 18,5 миллиард тең­гені құрады. Ғылымды дамытудың 2012 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Осының арқасында Қазақстан жаһан­дық бәсекелестік рейтингінің "Иннова­ция­лық даму" индексі бойынша өзінің орнын 13 позицияға жақсартты.

Бірақ қазақстандық ғылым әзірше біз­дің экономикамыздың нақты талабынан алыс жатыр. Көптеген ғылыми зерттеу­лер­дің нәтижесін бизнес соншалықты қа­же­тсінбейді. Орташа 100 қазақстандық ға­лымға шет елдерде жарияланған бір ғана ғы­лыми мақаладан келеді. 15 мың ғалым­нан тек бір-екеуі ғана халықаралық патент­тер ала алады.

Сондықтан басқарудың моделін ғана емес, сондай-ақ ғалымдардың өздерінің қызметіне деген көзқарасын өзгерткен маңызды.

Жақында мен бірқатар нақты шаралар қабылданған ғылымды дамыту мәселелері бойынша кеңес өткіздім.

Ғылыми жүйеге қатысушылардың бар­лық шешуші функциялары оңтайлан­ды­ры­латын болады.

Қолданыстағы жүйе бойынша ғылыми жобаны қаржыландыруға тапсырыс алу­дың өзі ғана кем дегенде 5 баспалдақ - институт басшылығы, ғылыми орталық, ғылым жөніндегі комитет, салалық министрлік, Үкімет арқылы өтеді.

Қазір артық буындар қысқартылуда. Ғалымдар қаржыландыру үшін тікелей мамандандырылған ғылыми кеңестерге жүгінетін болады.

Оларға ғылыми жобаларды іріктеу және гранттар беру туралы шешім қабыл­дау функциясы бекітіп беріледі.

Білім және ғылым министрлігі мен Ғылым комитетінде қаржылық, материал­дық және техникалық аспектілерді қамта­ма­сыз етудің әкімшілік функциясы сақ­талып қалады.

Сондай-ақ ғылыми қызметті қар­жы­лан­дырудың базалық, бағдарламалы-мақ­саттық және гранттық - үш компо­нент­тен тұратын жаңа жүйесі енгізіледі.

Ғылыми мақсаттардағы барлық шы­ғын­дар мемлекеттік сатып алулар жүйе­сінен шығарылады. Үкімет НИОКР-ды қар­жыландыру үшін бизнес-құрылымдарды тарту жөнінде шаралар қарастырып жатыр.

Көріп отырғандарыңыздай, мемлекет ғы­лымды дамытуға қажетті барлық шара­лар­­ды қабылдауда. Бірақ мұның барлығы егер білікті кадрлар болмаса, бекер болар еді.

Сондықтан мен жастарға елімізге ең алдыңғы қатарлы ғылым салаларында жұмыс істейтін талантты ғалымдар қажет деп үндеу тастаймын. Ғылымға барыңдар, құлшыныңдар, өздеріңнің зерттеу таланттарыңды жүзеге асырыңдар!

Қазір Қазақстан үшін үлкен мүм­кін­діктер бар. Тұтастай алғанда алдағы ке­зең­де мына төрт бағыт әлем картасының ғылыми-технологиясына үлкен ықпал ететін болады.

Бірінші - биотехнология және био­хи­мия. Бұл - азық-түлік қауіпсіздігін сақ­тау, адамның иммундық жүйесін нығайту, интеллектуалдық жүйе құрудағы маңызды ба­ғыт. Сондықтан қазір біз Астанада Ұлт­тық биотехнологиялық орталық құрдық.

Екінші - экоэнергетика. Бұл - энер­гияның қайталама көздері, "жасыл энер­ге­тика", отын элементтері, жоғары өткіз­гіш­тер, көміртегі қосындысын ұстау мен сақтау, энергияны аз тұтынатын жарық көздері.

Үшінші - экология. Парникті газдар шығарындыларын азайту, су тазарту, түрлі био­субстанцияларды тез анықтау, био­ло­гиялық тұрғыдан ыдырайтын пластиктер енгізу, бактериялар құру, қоршаған орта­ны ластандырғыштарды жою техно­ло­гиялары белсенді дамитын болады.

Төртінші - антиэйджинг (антикәрілік). Бұл өмірді ұзарту мен жасаруды зерттеу.

Бұл зерттеулер қаншалықты күрделі көрінгенімен, адамзат ерте ме, кеш пе бұл мәселелердің бәрін шешеді. Біздің ға­лым­дарға да адамзаттың осы проблема­лары­мен неге айналыспасқа? Бұл жастар үшін қосымша рух беретін міндеттер емес пе?

"Интеллектуалды ұлт" жобасының үшінші аспекті - бұл инновация жүйесін дамыту.

АҚШ-та бір мегаватт электр энергия­сы мен бір тонна темір рудасынан 10 ком­пьютер жасар еді, КСРО-да - 10 рельс, ал Ауғанстанда - ештеңе де. Бәрі де қара­пайым - қолда бар ресурстардан пай­да барынша мол болуы үшін техно­логиялар, ноу-хау қажет.

Фрэнсис Бэкон: "Білім - ел мен халыққа пайда әкелгенде ғана күш", деген екен. Егер экономикалық пайда әкелмесе, ғылыми-техникалық прогрестен еш пайда жоқ.

Инновация - бұл қашанда сезгілікті тауар өндірісі өсіміне әкелетін, пайда мен бәсекеге қабілеттілікті күрт ұлғайтатын идеялар тоғысы мен бизнес.

Бүгінде Қазақстанға инновациялық қызметтің "жарылысы" қажет. Бизнес перспективалы жобаларды іздеп, оларды жүзеге асыру үшін бейімделуі және жұмыс істеуі тиіс.

Дамыған елдерде шағын бизнес бар­лық инновациялардың 50 пайызынан астамын және жұмыс орындарының 70 пайы­зын қамтамасыз етеді! Иннова­ция­лық идеялар иелері, инновацияларды жасаушылар, олар компаниялар немесе жекелеген ғалымдар болса да, сол күннің батырлары болулары тиіс. Олар туралы бұқаралық ақпарат құралдары тұрақты түрде айтып отырулары керек.

Қоғамда мінез-құлықтың инновация­лық, креативтік үлгісі үстемдік құруы тиіс.

Еліміздің барлық компаниялары, әсі­ре­се инвесторлары заңнамалық деңгейде өз пайдаларының бір бөлігінен иннова­ция­лық, ғылыми жаңалықтарға және қыз­мет­керлерді оқытуға қаржы бөліп тұруға міндетті болулары қажет.

Қазақстанда "Инновациялық қызметті мем­лекеттік қолдау" туралы Заң қабылданды.

Мен Үкімет алдына инновациялық қызметті белсенді ету міндетін қойдым. Бәрінен бұрын технологиялар трансферті мен білімнің кешенді жүйесін құру қажет.

Инновациялық-технологиялық дамуды басқарудың тиімді жүйесін қалыптастыр­ған жөн. Бұл үшін салалық министрліктер мен ұлттық компанияларда ғылыми-тех­никалық бөлімшелер құру, барлық жүзеге асырылып жатқан және жоспарланып отырған жобаларға сараптама жүргізу үшін жауаптыларды тағайындау маңызды.

Инновациялық инфрақұрылымдарды белсенді сапқа қою ісін жалғастыру - Алма­тыда Ақпараттық технологиялар паркі құрылысын аяқтау, өңірлік техно­ло­гиялар мен индустриялы аймақтар құру маңызды.

Қазақстандықтардың жаңа гене­ра­ция­сын қалыптастыруға бағытталған "Интеллектуалды ұлт - 2020" жобасының мәні осындай. Мұнсыз біз Қазақстанды бәсекеге қабілетті адам капиталы бар елге айналдыра алмаймыз.

Мен бүгін барлық ғалымдарды, педа­гог­тар мен студенттерді оны жүзеге асыруға бел­сенді қатысуға шақырамын. Біріге оты­рып біз алдымызға қойған барлық мақ­сат­тарымызға қол жеткіземіз және Қазақ­стан­да интеллектуалды ұлт құратын боламыз.

Қадірлі жас ұрпақ!
Ұлттың үміті - сендерсіңдер. Саналы да сапалы, білімді де белсенді жастары бар елдің қашанда еңсесі биік, болашағы зор болмақ. Сондықтан елдің ертеңгі бақыты сендердің қолдарыңда деп мен айта аламын.

Әйтсе де, бақыт ешбір жанды өзі іздеп келмейтіні белгілі. Бақ-дәулет, барша игілік адамның өз қолымен жасалады.

Әр заманның өзінің артықшылығы мен қиыншылығы да болады.

Қазіргі бәсеке заманында қажыр-қайратың, ынта-жігерің, тынымсыз ізденісің болмаса, көштен қалу оп-оңай.

Данышпан ақын Шәкәрім бабаларың "Құбылған әлем жарысы. Ақылды жанның табысы" деп бекер айтпаған.

Ендеше, жастарға жүктелетін міндет те үлкен.

Бүгінде еліміздің даму сатысы маңызы үлкен межелі тұста тұр. Алдымызда Қазақ­стан тәуелсіздігінің 20 жылдығы мере­кесі келе жатыр.

Біз қазір бұл межеге іргемізді нығай­тып, күш-қуатымызды арттырып, жетіл­ген мем­лекет ретінде келіп тұрмыз. Әлем­ді қал­тыратқан қаражат дағдарысына бай­ланысты қиындықтардың бетін қайтара білдік. Қазақстан - бүкіл әлем сыйлай­тын және есептесетін беделі биік іргелі ел болды.

Міне, бүгінгі жауапкершілікті осындай дәрежедегі елдің игілігін одан әрі еселеп, озық елдердің қатарынан орын алу үшін сіздерге зор міндет жүктеледі. Алдымызда биікке жетелейтін үлкен мақсат тұр. Бұл, әрине, оңай шаруа емес. Бірақ, біз бұл міндетті жүзеге асыра аламыз.

Себебі, біз не істеу керек екенін біле­міз. Елімізді өркендетудің барлық саласын ғылыми негізде қамтыған ұзақ мерзімді жоспарымыз бар.

Алыстан ойламаған жақыннан уайым табады деген бар. Біз - болашағымызды болжап отырған елміз. Енді тек ұмтылыс керек, еңбек пен қабілет керек, ең басты­сы, Отанға деген шексіз сүйіспеншілігіміз керек.

Жастарға айтатыным: бақытты өмірді басқа жақтан іздемеңдер. Ата-бабалары­мыздың айтып кеткен асыл сөздері есте болу керек. "Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол" деген өсиет қалдыр­ған. Өз Отаның бұл дүниедегі жәннатың мен шуағың. Сондықтан білімдерің мен қайрат-жігерлеріңді өз елдеріңнің мүдде­сіне жұмсаңдар. Туған елің дәулетті, туған жерің сәулетті болса, сендер де әулетті, әлеуетті боласыңдар. Сол үшін менің қа­тар­ластарым еңбек етіп келеді. Бұл міндет сендердің де мойындарыңа түседі. Сонда өз ұрпақтарыңды ойлайтын боласыңдар. Сондықтан осы бастан қам жасау керек.

Еліңді сүйе білсең, жан аямай қызмет ете білсең, елің де сені алақанға салып аялай біледі. Осыны ұмытпаңдар. Туған елдеріңнің игілігі үшін жанкешті қайрат қылып, Қазақстанның мақтанышы болу­ларыңа тілектеспін, жас достар!





Дата публикования: 2015-02-03; Прочитано: 1693 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.012 с)...