Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

ІV. Әлемді дамытудың дағдарыстан кейінгі трендтері



Меніңше, осы дағдарыс бүкіләлемдік тарихтың бетбұрыс оқиғасына айналады. Әлемді дағдарыстан кейінгі дамытудың мынадай трендтері барынша айқын болып табылады.

Бірінші - әлемдік валюта жүйесінің трансформациясы.

Өз көзқарасымды мен бүкіл әлемнің сарапшы топтарында айтарлықтай қызы­ғушылық туғызған "Дағдарыстан шығу кілті" және "Бесінші жол" атты мақа­ла­ларымда егжей-тегжейлі баяндадым.

Жаһандық дағдарыс себептерінің бірі қазіргі әлемдік қаржы жүйесінің ақаулығы болып табылады деп санаймын. Ол соңғы 50 жылда іс жүзінде ауыстырылған жоқ және әлемдік дамудан қалып қойды.

Жаһандық дағдарыстан шығу жаңа қар­жы құралдарына міндетті түрде көшуде екендігіне сенімдімін. Таяудағы болашақ­тың өзінде әлемдік өңірлік валюталардың сапалық жаңа санаты енгізілетін болады.

Мәселен, 2010 жылдың 1 қаңтарынан Америка үшін Боливар Альянсы елдерінің ұлтүстілік электрондық есеп айырысу-төлем бірлігі - "сукренің" айналымға енгізілуі жоспарланған.

Бразилия мен Аргентина МЕРКОСУР ұйы­мы аясында өңірлік валюта құруды ұсы­нуда. АСЕАН елдері өңірлік валюталар се­бетіне байланған валюта бірлігін ұсынады.

Дағдарыстан кейінгі сценарийлердің бірі бойынша әлемдік экономика энерге­ти­калық байланыстар мен туризмді ғана сақтай отырып, өңіршілдік соққысынан ыдырап түсуі мүмкін.

Мен сондайлық пессимист емеспін. Меніңше сайып келгенде әлем адамзат тарихындағы тұңғыш заңды және жария бірыңғай жаңа әлемдік валютаны жасауға келетін болады.

Бұл идея әлемде барған сайын бел­сен­ді таралуда. Көптеген саясатшылар, қоғам қайраткерлері, ғалымдар оған қолдау білдіруде.

Мысалы, олар - экономика бойынша нобельдік лауреаттар Эдмунд Фелпс пен Роберт Манделл, мен олармен жуырда Астанада әңгімелестім.

Олар - жетекші ресейлік ғалымдар, экономистер және басқалары. Бұл мәселе G8 және G20-ны қоса алғанда саммиттер мен форумдардың күн тәртібіне қазірдің өзінде енгізілуде.

Мұндай жаһандық проблеманы шешу интеллектуалдық күш-жігер мен уақытты та­лап етеді. Бұл ретте қазіргі валюта жүйе­сінің пайдасына үйреніп қалған элиталардың зор қарсылығы болады.

Әлемнің таяу уақыттарда осынау кө­кей­кесті мәселеге бірегей көзқарас қалып­тас­тыратынына менің сенімім мол. Оның әлемдегі жаһандық дағдарыстардың жиі­лі­гі мен өткірлігін төмендететіні айдан анық.

Дағдарыс алдындағы екінші тренд - күштерді әлемдік жаңаша орналастыруды қалыптастыру.

Жаһандық басқару дағдарысы қазіргі эко­номикалық сілкіністердің зардап­тары­ның біріне айналып отыр.

Белгілі тарихшы Чарльз Киндлбергер Ұлы депрессия себептеріне талдау жасай отырып, шиеленісті маңызды кезеңде әлемдік көшбасшылықтың болмауын солардың бірі ретінде атады.

Көптеген факторлар тарихтың бүгінде қайталанып отырғанын көрсетіп отыр. АҚШ пен өзге де ірі мемлекеттерге әлемдегі ықпалдылықты жаңа күштердің орталығымен бөлісуге тура келеді.

Мынадай дәйек келтірейін. 2001 жылы "Голдман сакс" банкінің жетекші эко­но­мисі Джим О Нил БРИК атты қысқар­тыл­ған сөзді өзінің талдамалық жазбаларында тұңғыш рет қолданды.

Бразилияның, Ресейдің, Үндістанның және Қытайдың басшылары өз ұстаным­дарымызды үйлестірген жаман болмас еді деген ұйғарымға келді. Сөйтіп 2009 жыл­дың мамырында Екатеринбургте БРИК-тің алғашқы саммиті өтті.

Жиырма жылдан кейін БРИК елдерінің жиынтық ІЖӨ-сі "Үлкен жетілік" елдері­нің жиынтық ІЖӨ-сінен асып түседі деп күтілуде.

2050 жылға қарай экономикалық да­мы­ған елдердің алғашқы бестігінде батыс елдерінен тек АҚШ қана қалады. Оның өзі де - қазіргі дағдарыс кезеңінде тұрақ­ты­лықтың өзіндік бір аралына айналған Қытайдан кейінгі екінші орында.

Үндістан да дағдарыстан салыстырма­лы түрде қолайлы жағдайда өте алады. Ел­дің сыртқы капиталға күшті тәуелділігі жоқ және өзінің даму бағдарламасын жүзеге асыруда.

Бразилия да дағдарысты сәтті жеңе білуде. Бразилияның қуатты табиғи және интеллектуалдық ресурстарға ие, үлкен және ырғақты дамып келе жатқан ел екенін айту қажет.

Ресей де дағдарыстан нығайып шығады.

Бейжің Олимпиадасы қарсаңында "Уолл стрит джорнал" газетінде Ұлы­британияның экс-премьер-министрі Тони Блэрдің мақаласы жарық көрді. Онда "Бір­не­ше ғасырлар бойы күштер Батыста шо­ғыр­ланды... Енді бізге ықпалдылықты Шы­ғыспен бөлісетін әлемде өмір сүру жағ­дайларымен келісуге тура келеді" деген қо­рытынды жасалған. Осынау саясаткердің пікірінше, бұл тәжірибе Батыс үшін бей­таныс, тіпті өкінішті де болмақ.

Осылайша, дағдарыс әлемдік эконо­миканың трансформациялану үдерісін айтарлықтай тездетті.

Дегенмен, саясат болмаған жерде эко­номика тек ғылым ғана болар еді. Сон­дықтан бұл үдеріс әлемдегі шынайы гео­сая­си көптүрліліктің қалыптасуымен қоса қабат жүретін болады.

Дағдарыс алдындағы әлемнің үшінші тренді - экономикада энергия үнемдеуге көшу.

Бүгінде неғұрлым дамыған елдер қауіпсіз, таза және сарқылмайтын дамуға көшу міндетін қойып отыр.

Америка Президенті Барак Обама айт­қан­дай, "ХХІ ғасырда таза энергия өндіру­де әлемдік көшбасшылыққа жеткен ел, ХХІ ғасырдағы жаһандық экономикада да көшбасшы болады". Бұл айтылғанмен келіспеу қиын.

Бұл орайда балама, төмен көміртекті энер­гетика перспекивалы бағыт болып та­бы­лады. Бүгінде әлемде көмірқышқыл газын отынға және мұнай-химия өнім­де­рі­не айналдыру жөніндегі жобалар бел­сен­ді талдануда. Таяу уақыттарда шыға­рын­дылары нөлге тең электр станса­лары­ның пайда болатынына сенімім мол.

"Сутегі энергетикасын" дамытуда да зерттеулер жүргізілуде. Оңтүстік Корея қазірдің өзінде "Сутегі экономикасына" көшу жоспарын жүзеге асыруда және 2040 жылға қарай ІЖӨ-нің 8 пайыз өнімін сутегінен өндіруді жоспарлап отыр. Үндістанда, АҚШ пен ОАР-да да белсенді жұмыстар жүргізілуде.

Күн, жел, геотермальды, гидроэнергия және биомасса сияқты энергияның қайта қалпына келетін көздері отынның дәстүрлі түрлеріне қатысты барған сайын құнды бәсекелестік қабілетке ие болуда.

Бірақ, сонымен бірге, көмірсутегі энергия тұтынудың жалпы құрылымында әлі де жетекші рөл атқара беретін болады. Сондықтан әлем өндіріске инновациялық технологиялар енгізуде, мұнай мен газ өндіру мен пайдаланудың экологиялық зардаптарын қысқартуда неғұрлым белсенді іс-қимылдар күтіп отыр.

Осы технологиялардың бәрі әрбір жеке адам үшін нені білдіреді?

Ең алдымен, біз көп ұзамай энергия үнем­дейтін өмір салтына көшетін боламыз. Біз болсақ, елде әлі электр энергиясын, жы­л­уды, суды және басқаларды шындап үнем­деуге әлі көшкен де жоқпыз. Мұны таяу уақыттарда жүзеге асыруға тура келеді.

Энергияның арзан көздері келмеске кетуде. Болашақта күн батареялары, энер­гия үнемдейтін шамдар, сутегі отынымен жүретін автомобильдер, электромобильдер пайдаланылатын болады. Сондықтан ком­паниялар мен кәсіпорындардың барлық басшылары, елдің барлық азаматтары осы ағымды ескеріп, энергияны қалай сақ­тауға болатындығы жөнінде ойланулары керек.

Энергия үнемдеудің өсуі әлемдік экономикада энергия сыйымдылығының төмендеуіне, ал оның соңы оның дамуы мен тұрақтылығына апаратын болады.

Дағдарыс алдындағы әлемнің төртінші үрдісі - экономикадағы мемле­кеттің рөлі мен маңызының артуы.

Қазіргі дағдарыс көптеген адамдарды экономикадағы мемлекеттің рөлі туралы ойлануға мәжбүрледі.

Францияның бұрынғы премьер-ми­нистрі Лионел Жоспен енгізген "химия­лық таза капитализм" термині балағат сөзге айналды.

Кейнстің беделі өсіп шықты, эконо­мис­тер оның "Жалпы теориясының" ескі даналарын сөреден қайтадан алуда. Карл Маркс қайтадан оқылуда. Тіпті ықпалды "Ньюсуик" апталығының өзі "біздің бәрі­міз де енді социалистерміз" дегенді өз беттерінде жазып жатыр.

Еш жерде және ешқашанда мемлекеттің шешуші түрде араласуынсыз модернизация­ның болмағандығын тарих та растап отыр. Дағдарыс оны тағы да дәлелдеді.

Нарық экономикасы, меншікті қорғау және шағын бизнесті дамыту біздің эко­номикамыздың негізі болып қала береді.

Бірақ дағдарыс қарсаңындағы кезеңде мемлекеттің рөлі өнеркәсіптен бастап әлеу­меттік салаға дейінгі салалардың бәрін­де де күшейетін болады.

Сол арқылы мемлекеттік басқарудың са­пасына және мемлекеттік функция­лар­ды жүзеге асыратын адамдарға қатысты талаптар өсе түседі.

Неғұрлым кеңірек мағынада алғанда бұл, яғни бүтіндей алғанда адами капи­тал­дың сапасына талапты күшейту - дағ­да­рыс алдындағы әлем дамуының бесінші тренді.

Адами капиталға айтарлықтай инвес­ти­циялар салмайынша ешқандай эко­но­ми­ка табысты дами алмайды. 1943 жыл­дың өзінде-ақ "ақыл империясы болашақ империясы болмақ" деген болатын Уинстон Черчилль.

Оңтүстік-Шығыс Азия тәжірибесі көр­сетіп отырғандай, адами капиталды да­мыту саласындағы кейін қалушылықты қысқа мерзімде жоюға болады. Бүгінде бәсекеге ең қабілетті деген әлемнің 25 ақ­параттық компанияларының 14-і Азияда орналасқан.

Бүгінде жоғары бәсекелестік басым­дық­тары жоқ елдер таяу болашақта ғылы­ми зерттеулер, инновациялық және жоғары тех­нологиялар рыногында табысты бәс­екелестікке түсе алмайды.

Осылайша, әр азаматтың денсаулығы, ин­теллектісі және білімі қаншалықты са­па­лы болса, мемлекеттің әлемдік қоғам­дас­тық жүйесіндегі жоғары бәсекелестікке қабілеті де соншалықты болмақ.

Мен дағдарыс қарсаңындағы әлем да­м­­уының тек айқын деген тренділерін ғана атап көрсеттім.

Өмір сан-салалы және күрделі, сон­дық­тан біз өзімізді күтіп тұрған жәйт­тер­дің бәріне де дайын болуымыз керек.

Біздердің қандай шара қабылдауымыз қажет?





Дата публикования: 2015-02-03; Прочитано: 757 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.01 с)...