Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

3 страница. 2) 2.2-суреттің көшірмесін жекелеген параққа түсіріңіз, сурет астына оның атауын жазыңыз; суреттегі ең



2) 2.2-суреттің көшірмесін жекелеген параққа түсіріңіз, сурет астына оның атауын жазыңыз; суреттегі ең жоғарғы көрініс геосинклиндердің «нақты геосинклиндік даму сатысын», жоғарыдан санағанда екінші, үшінші және төртінші көріністер геосинклиннің «инверсиялық даму сатысына», ал ең төменгі көрініс геосинклин дамуының «орогендік сатысына» сәйкес келетіндігін зерделеңіз; аталған сатылар қандай геологиялық процестермен ерекшеленетіндігін қысқаша сипаттаңыз, бұл сипаттаманы сурет атауының астына жаңа жолдан бастап жазыңыз, ол үшін төменде келтірілген «Тапсырманы орындауға қажетті түсініктеменің» мәтінімен мұқият танысыңыз;

3) 2.3-суреттің көшірмесін жекелеген параққа түсіріңіз, сурет астына оның атауын жазыңыз; қимадағы платформалық аймақтың қимасын қызғылт түспен, қатпарлы-таулы аймақты көкшіл түспен бояңыз; ЛТТ қағидаларына сәйкес, платформалық аймақ жекелеген жылжымалы литосфералық тақтаның ішкі өңіріне, ал таулы-қатпарлы аймақ сол тақталардың конвергенттік шекараларына сәйкес келетіндігін зерделеңіз; жер қыртысының «платформа» деп аталатын ірі құрылымдық элементі, өз кезегінде, «қалқан», «антеклиза», «синеклиза», «ілгергі ойысым» деп аталатын, сол «платформа» түсінігіне иерархиялық тұрғыдан бағынышты жекелеген шағындау құрылымдық элементтерге жіктелетіндігіне көңіл аударыңыз, бұл атауларды есте сақтаңыз және олардың «платформа бөліктері» екендігін зерделеңіз;

4) 2.4-суреттің көшірмесін жекелеген параққа түсіріңіз, сурет астына оның атауын жазыңыз; суретте бір-біріне қарама-қарсы жылжыған мұхиттық литосфера мен (мұхит түбі мен) континенттік литосфераның бір-бірімен соқтығысу аймағы кескінделген; нақ осы аймақ бұрынғы түсінік бойынша «геосинклиндік аймақ» деген түсінікке сәйкес келетіндігін, суретте геосинклиндер дамуының «инверсиялық сатысы» кезінде болуы тиіс, процестерге ұқсас процестер кескінделгендігін ұғыныңыз; суретте бір шеті мұхиттың орта шенінде орналасқан, ал екінші шеті континенттің астына қарай сұғынып кеткен мұхиттық литосфераны жасыл түспен, ал мұхиттың үстіне қарай еміне түскен континент бөлігін (онда жанартау атқалап жатқандығы белгіленген) қызғылт түспен бояңыз; мұхиттық литосфераны көлбеу бағытта «сүйрелейтін» астеносферадағы конвекциялық ағымдар сол астеносфера қимасында шағын стрелкалармен көрсетілген, осы астеносфера қабатын ашық көк түспен бояңыз.

Тапсырманы орындауға қажетті түсініктеме

Литосфера – дегеніміз Жер планетасының беткі бөлігін құрайтын оның тас қабаты екендігі белгілі. Әр түрлі қатты күйдегі таужыныстардан құралған жер литосферасы екі бөліктен құралған, оның жоғарғы бөлігі «жер қыртысы» деп аталса, төменгі бөлігі «литосфералық мантия», немесе «перидотитті қабат» деп аталады. Жердің литосфера қабаты ішінара балқыған заттардан тұратын «астеносфера» деп аталатын қабатпен төселеді, «литосфера» мен «астеносфера» планетаның «жоғарғы мантия» деп аталатын дербес қабатын құрайды.

ЛТТ қағидаларына сәйкес, бүкіл Жер шары бетіндегі литосфера қабаты оннан астам жеке-жеке литосфералық тақталарға дербестелген, және де әрбір жекелеген литосфералық тақта ұдайы көлбеу бағытта (горизонталь бағытта) жылжып отырады. Бұл жекелеген литосфералық тақталардың көлбеу бағыттағы жылжу жылдамдығы орта есеппен жылына 2-4 см-ден 10-15 см-ге дейін жетеді. Жекеленген тұтас литосфералық тақталар тек қана континенттен тұруы, тек қана мұхит төсенішінен тұруы, немесе жарым-жартылай мұхит түбінен, ал екінші жартысы континенттен құралуы ықтимал. Литосфералық тақталар ішінара балқыған астеносфера бетімен дәйім жылжып отырады деп есептеледі, оларды жылжытатын күш (энергия) планетаның ішкі (эндогендік) жылуынан бастау алатын астеносферадағы «жылулық конвекциялық ағындар» деп жобаланады.

Көлбеу бағытта жылжымалы әрбір литосфералық тақтаның ішкі өңірі тектоникалық және магмалық тұрғыдан мейілінше салғырт деп шамаланады, сондықтан бұл өңірлерді байырғы «платформалармен» салыстыруға болады (платформа – жер қыртысының мейілінше салғырт тектоникалық белсенділікпен сипатталатын ірі-ірі құрылымдық элементтері). Алайда жылжымалы литосфералық тақталардың шекараларына сәйкес келетін өңірлер тектоникалық және магмалық тұрғыдан мейілінше белсенді болып келеді, сондықтан бұл өңірлер «геосинклиндер» деп аталатын барынша қозғалмалы аймақтармен салыстырылады (геосинклин – жер қыртысының тектоникалық және магмалық тұрғыдан мейілінше қарқынды қозғалыстарымен сипатталатын, сондықтан құрылымдық элементтердің геологиялық тұрғыдан дамуына, яғни «геологиялық формациялар» деп аталатын таужыныс бірлестіктерінің алғаш түзілуіне және осылайша қалыптасқан формациялардың қарқынды деформацияға ұшырауына бірден-бір жағдай жасайтын аймақтары). Литосфералық тақталардың шекаралары екі типке жіктеледі: тақталардың бір-бірінен ажырау шекаралары «дивергенттік шекаралар» деп аталады, бұл өңірлерге геологиялық формациялардың алғаш қалыптасуы және негізінен жыртылу, яки созылу деформациялары тән; литосфералық тақталардың бір-бірімен тоғысу (соқтығысу) шекаралары «конвергенттік шекаралар» деп аталады, бұл өңірлерде де әр түрлі формациялар түзіледі, алайда бұл өңірлер сығымдалу деформацияларымен сипатталады.

Бұрынғы «Геосинклиндер туралы ілімге» сәйкес жер қыртысына тиесілі кез келген құрылымдық элементтің геологиялық дамуы негізінен тік (вертикаль) бағытталған қозғалыстарға тәуелді бола отырып, төрт түрлі даму сатысын басынан өткізеді деп есептелетін. Геосинклиндердің бұл даму сатылары «нақты геосинклиндік саты» (жер қыртысы бөлігінің төмен ойысуы нәтижесінде қалыптасқан су алаптары түбінде алғашқы геологиялық формациялардың қалыптасуы), «инверсиялық саты» (су алабы түбіндегі формациялардың деформацияға ұшырай бастауы (қатпарлануы) нәтижесінде алап түбінің бірте-бірте жоғары көтерілуі, яки су алабының саяздануы), «орогендік саты» (қатпарлықтың шарықтау шегіне жетуіне байланысты геосинклиндік аймақта, яғни бұрынғы су алабы өңірінде биік-биік тау жүйелерінің қалыптасуы) және «платформалық саты» (геосинклиндік, яки қозғалмалы аймақтың тектоникалық және магмалық тұрғыдан қайтадан «тынышталуы», сөйтіп қайтадан байырғы платформаға ауысуы) деп аталады.

Прогрестік тұжырымдама болып табылатын ЛТТ тұжырымдамасына сәйкес, жер қыртысына тиесілі құрылымдық элементтердің геологиялық дамуы негізінен тік (вертикаль) бағытталған қозғалыстарға тәуелді емес, керісінше, көлбеу (горизонталь) бағытталған қозғалыстарға тәуелді деп дәріптейді. Олай болса геосинклиндер дамуының «нақты геосинклиндік сатысы» бүгінгі жылжымалы литосфералық тақталардың дивергенттік шекараларында (бұл шекаралар әдетте мұхиттар алабының нақ орта тұсы арқылы өтеді), «инверсиялық сатысы» жылжымалы мұхит түптері мен жылжымалы континенттердің бір-бірімен жапсарласу өңірінде (мұхит түбі мен континент жағалауларының бір-бірімен соқтығысу өңірінде – конвергенттік шекара), ал «орогендік сатысы» жылжымалы екі континенттің бір-бірімен соқтығысу өңіріне (бұл да конвергенттік шекара) жүзеге асады деп есептейді.

Жоғарыда сөз болған мәселердің жай-жапсарын студенттерге көрнекі түрде түсіндіру және олардың материалды тиімді түрде игеруіне көмектесу мақсатында 2.1-, 2.2-, 2.3- және 2.4-суреттер келтірілген. Студенттер осы суреттерді жеке парақшаларға көшіру және оларды безендіру мен рәсімдеу барысында жоғарыда сөз болған мәселерді пысықтай түсуі тиіс.

2 - зертханалық жұмыс бойынша бақылау сұрақтары.

1. Тектоникалық құрылым (жер қыртысының құрылымдық элементі) дегеніміз не?

2. Ең ірі тектоникалық құрылымдарды атаңыз.

3. «Литосфералық тақта» деген түсінікке анықтама беріңіз.

4. Мұхиттардың тектоникалық құрылым ретіндегі өзіне тән негізгі ерекшеліктерін (белгілерін) атаңыз.

5. Континенттердің тектоникалық құрылым ретіндегі өзіне тән ерекшеліктерін (белгілерін) атаңыз.

6. Литосфералық тақталар, мұхиттар, континенттер неге бүкіл тектоносфераның құрылымдары (құрылымдық элементтері) болып саналады?

7. «Геосинклин» деген түсініктің классикалық тұжырым тұрғысынан берілген анықтамасын айтыңыз.

8. Геосинклиндердің қандай құрылымдық элементтері болады?

9. Геосинклиндер дамуының басты сатыларын атап және оларды қысқаша сипаттап беріңіз.

10. Геосинклиндер туралы ілімнің сынға ұшырау себебі неде?

11. Геосинклиндер жөніндегі бүгінгі түсінік қандай?

12. Орогендер дегеніміз не? Олар қалай жіктемеленеді?

13. Континенттік орогенді сипаттаңыз.

14. Континенттік орогенге қандай құрылымдық элементтер тән?

15. Мұхиттық орогенді сипаттаңыз.

16. «Платформа» дегеніміз не? Оның өзіндік ерекшеліктері қандай?

17. Континенттік платформа құрылысының қандай ерекшеліктері бар?

18. Платформаның оң мағыналы құрылымдық элементтерін атап, оларды сипаттап беріңіз.

19. Платформаның теріс мағыналы құрылымдық элементтерін атаңыз, оларды сипаттап беріңіз.

20. Платформалардың негізгі даму сатылары қандай?

21. Талассократондар дегеніміз не?

22. Орталық массив дегенді қалай түсінесіз?

23. Тектоникалық бұзылыстар дегеніміз не? Бұзылыстардың қандай түрлері бар, олардың бір-бірінен айырмашылығы неде?

24. Тектоникалық жыртылысты сипаттап беріңіз.

25. Терең жарылымдар дегеніміз не? Терең жарылымдардың белгілерін және негізгі типтерін атаңыз.

26. «Рифт» терминінің анықтамасын беріңіз. Рифтінің өзіндік ерекшеліктері қандай? Рифтілердің мысалы ретінде бір-екеуін атаңыз.


2.1-сурет. Литосфералық тақталардың орналасу сұлбасы.

1-дивергенттік шекара (спрединг осі), 2-конвергенттік шекара (субдукция және коллизия аймағы), 3-трансформды жарылым және шекара, 4- литосфералық тақталар жылжуының «абсолюттік» векторлары


2.2-сурет. Геосинклиндер дамуының принциптік сұлбасы (В.Е. Хаин бойынша)

2.3-сурет. Платформа және онымен көршілес таулы-қатпарлы облыс (ороген) арқылы жүргізілген геологиялық қима (В.П. Гаврилов бойынша, 220б)

2.4-сурет. Литосфералық тақталар тектоникасы тұрғысынан геосинклиндердің даму сұлбасы (О.Г. Сорохтин бойынша)


3 - зертханалық сабақ

Тақырыбы:Қазақстан аумағын тектоникалық аудандастырудың сұлбалық картасын құрастыру және оған қысқаша түсініктеме жазу (2 сағат).

Тапсырма:Республиканың контурлық картасының бетіне Қазақстан аумағын тектоникалық аудандастыру сұлбасын түсіру, оның басты тектоникалық құрылымдарын танымалдау. Сұлбаға қысқаша түсініктеме жазу (түсініктеме жеке параққа жазылып, құрастырылған сұлбаға тіркеледі, немесе бүкіл зертханалық жұмыстардың түсініктемелерін жазуға бір жұқа дәптер (оқушы дәптерін) арнауға болады).

Көрнекі құралдар.Қазақстан аумағын тектоникалық аудандастыру сұлбасы(3.1-сурет).

Сабақтың мақсаты.Студенттерді республикааумағын тектоникалық аудандастыру сұлбасымен, оның жалпылама тектоникалық құрылыс сипатымен және басты құрылымдық элементтерінің геологиялық даму ерекшеліктерімен (сатыларыменн) таныстыру (2 сағат).

Әдістемелік кеңестер.

Қазақстанның тектоникалық аудандастыру картасының сұлбасын құрастыру үшін А.А.Абдулиннің, Н.В.Афоничевтің, Н.Г.Власовтың аудандастыру сұлбасын пайдаланыңыз (3.1-сурет).

Контурлық карта бетіне Қазақстанның төмендегі басты тектоникалық құрылымдары түсіріледі:

І. Шығыс Еуропа көне (эпикарелиялық) платформасының құрамдас бөлігі (шет-пұшпағы) болып табылатын Каспий маңы синеклизасы (картада алқызыл (раушан гүлі түстес) түспен боялады;

ІІ. Орал–Моңғол қатпарлы белдеуі:

Каледондық қатпарлы жүйелер (қою жасыл түспен боялады):

1) Көкшетау–Солтүстік Тянь-Шань қатпарлы жүйесі;

2) Шыңғыс–Тарбағатай қатпарлы жүйесі;

3) Алта–Саян қатпарлы жүйесі;

Герциндік қатпарлы жүйелер (қоңыр түспен боялады):

4) Торғай–Орталық Тянь-Шань (шартты түрде дараланған) және Мұғалжар (Орал) қатпарлы жүйелері;

5) Жоңғар–Балқаш қатпарлы жүйесі;

6) Зайсан қатпарлы жүйесі;

Эпигерциндік тақталар (ашық қоңыр түспен боялады):

7) Батыс Сібір тақтасы (Ертіс маңы синеклизасы)

8) Тұран тақтасы

ІІІ. Жерортатеңіздік әлпілік орогендік белдеу:

9) Маңғыстау–Қаратау қатпарлы жүйесі (сары түспен боялады).

Қазақстан аумағын тектоникалық аудандастыру сұлбасының

түсініктемесі

Қазақстан Еуразия материгінің ауқымды бөлігін құрай отырып, континенттік жер қыртысына тиесілі ең ірі геологиялық-құрылымдық элементтер болып табылатын үш типінің үшеуінің де шет-пұшпақтарын (фрагменттерін) өз ауқымына кіріктіреді. Континенттік қыртыстың бұл ең ірі (бірінші дәрежелі) құрылымдық типтері – «көне платформалар», «қатпарлы белдеулер» және «орогендік белдеулер» деп аталады. Қазақстан аумағындағы көне платформа Шығыс Еуропаның Қазақстандағы шет-пұшпағы – Каспий маңы синеклизасы; эпипалеозойлық Орал–Моңғол қатпарлы белдеуінің шығыс бөлігі түгелімен Қазақстан ауқымында, ал Тянь-Шань және Жонғар Алатаулары мен Алтай таулары әлпілік Әлпі–Гималай жалпыпланеталық жанышталу белдеуі (немесе жерортатеңіздік қатпарлы белдеу) деп аталатын алып қүрылымның шет-пұшпақтары болып табылады.

Шығыс Еуропа көне платформасы Қазақстан ауқымында. Шығыс Еуропа көне платформасы Қазақстан ауқымында Каспий маңы синеклизасы түрінде көрініс береді. Бұл синеклиза республиканың батыс аймағын қамти отырып, шығысында Орал–Мұғалжар жоталарының батыс жапсарымен шектеледі. Синеклиза көне платформаның Орыс тақтасының құрамдас бөлігі ретінде екі құрылымдық қабаттан – кристалдық іргетастан және платформалық тыстан тұрады. Іргетас архей және протерозой таужыныстарынан тұрады, оның беті өте терең орналасқан. Жоғарғы құрылымдық қабат – платформалық тыс – нашар деформацияланған, яғни көлбей көсілген рифей, палеозой, мезозой және кайнозой шөгінділерінен құралған. Синеклизаның орта тұсында платформалық тыс қатқабатының қалыңдығы 23 км-ге жетеді.

Орал- Моңғол қатпарлы белдеуі. Бұл белдеу Қазақстан жерінде өзінің батыс бөлігі түрінде көрініс береді. Белдеудің бұл бөлігі батысында Мұғалжар жоталарынан бастап, республикамыздың шығыс мемлекеттік шекарасына дейінгі аралықты алып жатыр. Қазақстан жеріндегі Орал–Моңғол қатпарлы белдеуінің қүрамында бірнеше каледондық және герциндіқ қатпарлы жүйелер дараланады.

Каледондық қатпарлы жүйелер – Көкшетау–Солтүстік Тянь-Шань, Шыңғыс-Тарбағатай және Алтай-Саян жүйелерінен тұрады. Бұл жүйелер олардың аралықтарында орналасқан герциндік жүйелер арқылы бір-бірінен бөлінген, тек республиканың солтүстігіндегі шағын бөліктері (Майқайын және Баянаул аймақтары) бір-бірімен тікелей жапсарласады.

Көкшетау – Солтүстік Тянь-Шань каледондық қатпарлы жүйесі республиканың солтүстігінен оңтүстігіне дейін созыла сағаланатын алып жүйе, соның өзінде оның солтүстік және оңтүстік жалғастары Қазақстан аумағынан шығып кетеді (солтүстігінде Ресей Федерациясы жерінде, оңтүстікте Қырғызстан және Қытай жерлеріне). Көкшетау – Солтүстік Тянь- Шань қатпарлы жүйесінің өзіне тән ерекшеліктерінің бірі оның ауқымында докембрийлік орталық массивтер мен блоктардың біршама жиі ұшырасатындығы (Көкшетау, Ұлытау–Қарсақпай докембрийлік орталық массивтері) немесе олардың палеозой жаралымдарының табанында біршама саяз орналасатындығы.

Шыңғыс–Тарбағатай каледондық қатпарлы жүйесі республиканың шығыс өңірінде солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа қарай созыла сағаланады. Ол герциндік Жоңғар-Балқаш және Зайсан қатпарлы жүйелерінің аралығына орналасқан. Шынғыс–Тарбағатайдың Көкшетау–Солтүстік Тянь- Шань жүйесінен бір айырмашылығы оның ауқымында докембрийлік массивтер мен блоктардың ұшыраспайтындығы.

Қазақстанның қиыр шығысында каледондық Алтай–Саян қатпарлы жүйесінің шағын ғана шет-пұшпағы көрініс береді (Таулы Алтай ауқымында). Холзун-Шу құрылымдық-формациялық белдемі деп аталатын бұл шағын бөлікше қарқынды қатпарланған кембрийдің, ордовиктің және силурдың терригендік таужыныстарынан құралған. Шағын ғана ашылым түрінде докембрийдің рифейіне тиесілі метаморфталған таужыныстар ұшырасады.

Герциндік қатпарлы жүйелер. Мұғалжар (Оралдың оңтүстіктегі жалғасы), Жоңғар–Балқаш және Зайсан жүйелері түрінде ошарылады.

Мұғалжар герциндік қатпарлы жүйесі меридианға бойлас бағытталған созылмалы жүйе. Оның құрылымдық-формациялық белдемдері солтүстіктен оңтүстікке қарай созыла сағаланатын бірнеше белдемдерден тұрады. Бұл белдемдердің солтүстік жалғасы Ресей Федерациясының жерінде (бұл өңірде ендік бағытта ағатын Жайық өзенінің солтүстігінде) Оңтүстік Орал тауларына ұласады. Мұғалжар жоталарын құрайтын палеозойлық жаралымдар оңтүстікте Туран тақтасының платформалық тыс қабаттарының астына қарай сұғынып кетеді. Созылмалы Мұғалжар герциндік қатпарлы жүйесі батыстан шығысына қарай бір-бірінен терең жарылымдар арқылы оқшауланатын бірнеше құрылымдық-формациялық белдемдерден тұрады, олар: 1) Зілайыр белдемі (нақты Мұғалжар мен Каспий маңы синеклизасының бір-бірінен оқшаулайтын батыстағы шеткі белдем); 2) Сақмар синклинорийі; 3) Ор-Елек антиклинорийі; 4) Жасылтасты синклинорий; 5) Шығыс Мұғалжар антиклинорий; 6) Ырғыз синклинорийі; 7) Орал сырты антиклинорийі. Мұғалжар белдемдерінің палеозойлық кешендері қарқынды қатпарланған, бұл қатпарлық палеозойлық мұхиттық құрылымдардың (Сақмар және Жасылтасты белдемдер) «ашылып-жабылуы» салдарынан туындаған.

Жоңғар - Балқаш герциндік қатпарлы жүйесі карта бетінде ромб тұрқылас пішінді иемденген. Бұл ромбтың өлшемдері 660х700 км, оның нақ орта тұсында Балқаш көлі орналасқан. Бұл күрделі құрамды жүйе ондаған антиклинорийлер мен синклинорийлердің жиынтығынан құралған, мұндағы палеозойлық кешендер карбон-пермнің үстемеленген мульдаларымен көмкерілген. Жүйе палеозойда өткен қарқынды қозғалыстар нәтижесінде қалыптасқан, мұндай қозғалыстар палеозой эрасының аяқ шенінде толастаған.

Зайсан герциндік қатпарлы жүйесі де солтүстік-батыстан оңтүстік- шығысқа қарай созыла сағаланатын бірнеше құрылымдық-формациялық белдемдерден тұрады, ол батысында Шыңғыс–Тарбағатай каледондық қатпарлы жүйемен шектеседі, шығыс шекарасы республиканың мемлекеттік шекарасы өңірінде. Кенді Алтайдың бүкіл құрылымдары осы жүйенің ауқымында.

Эригерциндік тақталар. Эпигерциндік тақталарға Батыс Сібір тақтасының оңтүстік бөлігі және Тұран тақтасы жатады. Батыс Сібір тақтасының Қазақстан жеріндегі оңтүстік бөлігін Ертіс маңы синеклизасы деп атайды, ол батысында Солтүстік Торғай ойысымымен ұштасып кетеді. Солтүстік Торғай ойысымы Тұран тақтасымен ұштасатын Оңтүстік Торғай ойысымынан Қостанай ер тұрқылас құрылымы арқылы оқшауланады; ендік бағытта созылған бұл ер тұрқылас құрылым Арал теңізінің солтүстік шығысында орналасқан, ол Торғай ойысымын қақ бөледі. Ертіс маңы синеклизасы өңірінде платформалық тыс рөлін МZ-KZ шөгінділері құраса, Солтүстік Торғай аймағында осындай тыс қимасына жоғарғы палеозой түзілімдері де кіреді. Платформалық тыс астындағы кристалдық іргетас рөлін Қазақ қалқанына тиесілі палеозойлық қатпарлы жаралымдар атқарады.

Тұран тақтасы Каспий теңізінің шығыс жағалауларынан бастап Арал теңізі алабына дейін созылған ауқымды аймақ, оның біршама ірі бөлігі Өзбекстан және Түрікменстан жерлерінде. Бұл құрылым ауқымын қазақ жерінде Үстірт үстірті, Маңғыстау өңірі, Арал маңы, Сырдарья өзендерінің төменгі ағыстары кіреді. Тұран тақтасы солтүстігінде және шығысында Оңтүстік Торғай ойысымымен және Шу-Сарысу ойысымен ұштасады. Алайда Тұран тақтасындағы платформалық тыс рөлін MZ-KZ түзілімдері атқарса, Оңтүстік Торғай мен Шу-Сарысу ойысында платформалық тыс қимасына MZ-KZ түзілімдерімен қатар жоғарғы палеозой шөгінділері де кіреді.

3 - зертханалық жұмыс бойынша бақылау сұрақтары.

1. Аумақтың аймақтық құрылымдарын зерттеуде қандай әдістер қолданылады, олардың кезеңділігі (периодичность) қандай?

2. Тектоникалық аудандастыру дегеніміз не?

3. Қатпарланудың ақырғы фазасының көнелігі тұрғысынан аудандастырудың мән-мағынасын түсіндіріңіз.





Дата публикования: 2014-11-18; Прочитано: 3425 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.015 с)...