Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Екінші бӨлім 6 страница



— ә-ә... құтты қоныстан аттанған екенсіз ғой.

— Құтты дейсіз бе?.. — Асан атаның қабағы қарс жабылып кетті. — Бізден де бұрын насрани діні шіркеуі салынған екен...

— Батыс қонысы тым алыс қой.

— Қызыл түлкіге қызыққан қыранға алты күндік атырап әудем жерден жақын.

— Рас, Жетісу өңірі жердің қызыл түлкісі.

— Айыбы — ажары. Сол себептен де Сойқын Сайдан Шығыстың әп жыланы әлсін-әлсін басын сумаңдай көрсетіп жатқан жоқ па?

— Тірі қалғың келсе елің күшті болсын.

— Елім қайтсе күшті болады?

— Арманына жеткен ел күшті болады.

— Қандай арманды айтасыз?

— Жерүйек деген халқыңның арманын айтамын. Бұ жалғанның жерүйегі Жетісу екен. Алтын Ордаңды сол Жетісудағы Алмалыққа тіккеніңде қой үстінде боз торғай жұмыртқалар заман орнайды. Біз жетпегенмен оған біздің ұрпағымыз жетеді.

Жәнібек езу тартты.

— Бірақ оған шейін Әбілқайырдың көк бөрілері бізді талап қан етпек қой.

— Дұрыс айтасың, жарқыным, қазіргі заман әлі жеткеннің заманы. Жолай Ахмет қожаның мешітіне құран оқып шығайын деп Яссыға бұрылып едім, Әбілқайыр ханның әмірімен істелген бір қиянатты көрдім...

— Қандай қиянат?

— Хакім Мұхамед-Мазид тархан Яссыға керуен тартып келген қазақ саудагерлерінің малын тартып алып, өздерін құмға қуып салыпты.

— Бұнысы Әбілқайырдың Түркістан жеріне қазақ саудагерлері келмесін дегені ғой.

— Иә...

Бағанадан бері үндемей отырған қарға бойлы Қазтуған оқыс қимылдап ханға қарады.

— Сонда қара қазақ жейделік қарбас [47] пен кебіндік бөзді қайдан алады?

Жайшылықта сырға тұйық Жәнібек, қазақ саудагерлеріне істеген Әбілқайыр қорлығы жанына батып кетті ме, өзін-өзі ұстай алмай қалды.

— Түркістаннан аламыз, — деді ол Қазтуғанға қарап, — алдымен Түркістанның өзін аламыз.

Асан Қайғы Жәнібекке ойлана көз тастады.

— Шырағым, Жәнібек, бабаң Орысханның ақылы саған қонды ма деп едім, адаспаған екенмін. Әбілқайырдан айырылғаныңа қарсы болмасам да, Шуға көшемін дегеніңді ұнатпағам. Енді қанып отырмын, ойың алыста жатыр екен... Әрине қазақ енді шаһарсыз күн көре алмайды. Бұқардың мейізі мен Ташкенттің науаты қазақ сорлының да аузының дәмін енгізгендей. Бірақ Әбілқайыр саған оп-оңай Түркістанды бере ме? Күшің жетіп тұрып қан төккеннен, күшің жетпей жатып қан төккеннің күнәсі ауыр.

— Мен қан төгейін деп отырмын ба? Түркістан ата қонысым. Түбі қан төкпей бітіспейтін болсақ, амалымыз не? Биыл күшім аз, ал келесі жылы...

Енді сөзге Қотан қарт кірісті.

— Оған көзің жете ме? әрі-бері көшіп жүдеген жұрт жаңа тойына бастады ғой. Ар жағына ел қонған адамды оңай орнынан тұрғыза алмайсың...

— Жау шапқалы тұрса да ма?

Қотан жырау ойлана жауап қайырды.

— Тоқ бала аш болам деп ойлай ма?

Халқының жайын ақындарымнан білермін, деген үмітінің ақталғанына Жәнібек іштей риза болды.

— Сендерді босқа шақырмаған екенмін, — деді ол, — жақсы бұл жайды жата-жастана кеңеселік...

Асан Қайғыға ақ үй тігіліп, үш жырауға арнап қазысы кере қарыс қысыр бие сойылды. Сапырылған уыздай сары қымыз судай ақты. Өздерінің ардақты жырауларын қолдан қолға түсірмей, бір үйден соң бір үй шақырып, ауыл қазақтары бір апта әңгіме-дүкен құрумен өтті. Дәл осы кезде қазақтың алғашқы өз ханы Жәнібекке сәлем беремін деп сонау Еділ бойынан Едігенің немересі Темір бидің жиені, көмекейінен бұлбұлша сайраған он бес жасар Шалкиіз жырау келді. Алыстан сапар шеккен аяулы қонақты хан ауылының қыз-бозбаласы ат үстінен жерге түсірмей көтеріп әкеп, арнап тігілген ақ боз үйге кіргізді. Шаттық үстіне шаттық ұласты.

Бір апта өткеннен кейін хан өзінің үлкен ұлдары әдік, Қамбар, Қасым, Керейдің баласы Бұрындықты шақырып, қазақтың сол замандағы ең атақты төрт жырауымен бас қосты. Ел болам деген жұртқа қазір ең ыңғайлы кез екенін, бұл кезді пайдалана алмай қалса, тағы да ұзақ жылдар бастарының бірікпейтінін, тіпті жан-жағынан талағалы тұрған жат елдердің хан, патшаларының қолында талан-тараж болып кетулерінің мүмкін екенін айтысты. Көп жайды таразыға салып, ақылмен салмақтады. Ақырында кеп биыл Күзтоқсанның басында бүкіл қазақ руларының игі жақсыларын Бетпақ пен Жетіқоңыр құмының арасындағы Нұраның Қаратұзы деп аталатын жерге жимақ болды. Бұл ара қазақ жерінің діңгек ортасы. Тарбағатайдан Найман мен Керейдің, Жетісудан Үйсін, Дулаттың, Еділ, Жайық бойынан Алшын, Ноғайлының, Есіл, Нұра, Торғай бойынан ең алыстағы Арғын, Қыпшақ билерінің де келуіне қолайлы. Және Күзтоқсанның басында бұл маңай майда қоңыр, жылы, жауын-шашынсыз болады. Қысы-жазы гуілдеп соғып тұратын азынаған ашулы желі де басылады, әсіресе хан аулына тиімді. Қара Кеңгірден Шу, Таласқа қарай көшкен кезінде де бұрыс емес. Осы мәжілісте Жәнібек алдын ала үш жарғы жәйтті қарамақ боп шешімге келді. Бірінші жарғы, қазақ рулары бұдан былай қарай бір ханға бағынып, келесі жылы адам санына қарай Түркістанды жаулап алатын сыпайлар бермек. Екінші жарғы, Дәшті Қыпшақ жерінің шалғайлығымен қазақтың көп руларының Моғолстан, Қытай, Жоңғар шекарасындағы тайпаларда тұратынын еске алып, әр рудың жайлаған жеріне, рулық тілектестігіне, шаруашылығына қарай үш жүзге бөліну сөз болмақ. Жеріне, әдет-ғұрпына, ескіден келе жатқан туысқандық белгілеріне қарай үш жүз болып аталу мәселесі өткен ғасырдан келе жатқан әңгіме еді. Соны тағы сөз етпек. Егер жұрт көнсе, әр жүздің өзінің басты биі, батыры, қала берсе ханы болмақ. Сол үш жүзді билеушілер, басқарушылар сайып келгенде, бүкіл қазаққа деген жалғыз ханға бағынуға тиісті. Сонда ғана хан Ордасы ұшы-қиыры жоқ далада көшіп жүрген қазақтың толып жатқан руларын, үш жүздің басты адамдары арқылы бағындырып отыра алады. Бұнысы Шыңғысханның жаулап алған әлемін төрт ұлысқа бөліп, төрт ұлы арқылы Қарақұрым Үлкен Ордасына бағындырғаны тәрізді еді. Қала берді, Ақсақ Темірдің қарамағындағы жерлерді бірнеше уәлиетке бөліп билегеніне де ұқсайтын-ды. Онда тек жерді ғана бөлсе, мұнда жайлап отырған жалпы жеріне қарай, рулар үш жүзге бөлінбек! Үшінші жарғы, осы мәжілісте әр ру өзінің рулық белгісін — таңбасын белгілемек. Бұл осынау барымталы, бір ру мен бір ру күнде сойылдасып, қырқысып жатқан заманда өте керекті шара болатын. Болашақ халық кеңесінде осындай үш күрделі мәселе қарамақ боп, жыраулар мен хан мәжілісі жабылды. Енді хан бұйрығын жеткізуге жан-жаққа шабармандар шапты. Бұл жарғылардың халыққа керек екенін түсіндірмек боп, төрт жырау да аттарына қонды.

әне-міне дегенше жаз да өте шықты. Күзтоқсанға екі апта қалғанда хан аулы, қаптаған төлеңгіт, қарашасымен Саумалкөлдің тұсына келіп үйлерін тікті. Осы арадан Нұраның Қаратұзы желісті атқа жарты күндік жер.

Жетіқоңыр құмы мен Бетпақ даланың арасында қатқыл атырап бар. Жел тұрса құм сырғақтап жаяу борасындай бастайды. Ал ашық күндерде жарқырап жатады. Бұл бабаларымыз ісләм дініне кірмей тұрған кезде отқа, суға табынған дәуірде, көк тәңірісіне, жер тәңірісіне арналып адамнан құрбан шалынатын жер. Ежелден сұсты, жұмбақ атырап. Жетіқоңырдың өркеш-өркеш құмынан өтіп, жазыққа шығысыменен, сонау қу заманның белгісі боп, тақыр дала шетіндегі екі адамның бас сүйегі сонадайдан көзге түседі. Бастардың қасында атам заманда қадалған жуан діңгек қада бар. Күн күйдіріп, жел сүйіп, әбден қара-
қошқыл тас болып қатып қалған. Ол қадаға әлеміштер байланған. Бұл белгілеріне қарағанда, сонау арғы дәуірде осы арадан көшіп жүрген елдер бұл атырапты әулиелі жер санаған тәрізді. Әлгі қаданың теріскей жағында құлынжалданып, ұзыннан созылған түйелі кісі бойындай жарнұра бар. Етек тұсынан жер астындағы көзден жылап шыққан, мөлдір сулы шағын өзен ағады. Бұл өзен қарлы жылдары қатты тасиды. Тасығанда бір кезде телі емген бұзаудай, қос өзен құйғандықтан Телікөл деп атанған Телікөл-татаға құйып, бұл арадағы басқа арадағы басқа уақ қарасуларды қосып жатады. Сөйтіп сары ала сегіз сайға барып қосылады. Ал егер қысы қалың қарлы, жазы жаңбырлы жылы Нұраның Қаратұзынан шығатын сай суы жіңішке Сарыөзен — Сары Кеңгір мен Қара Кеңгір барып құятын Боқтықарын көліне дейін жетіп қалады. Бұндай тасу он жылда, жиырма жылда бір болады. Өзге жылдары Нұраның Қаратұз сайы сәл көпіріне көтеріліп, жаз шықпай-ақ құмға сіңіп жоғалып кетеді.

Осы көпке беймәлім, жұмбақ атырапта Жетіқоңыр құмы мен Сарысудың ортасынан өтетін қоба жол бар. Қоба жолды көк қияқ басып жатады. Адам тек салт атпен ғана бара алады.

Жәнібек хан осы Нұраның Қаратұзына әдейі арнап керуен жүргізді. Жазтоқсан болмай, басына елу үй тіккізіп, құмнан құдық қаздырып көнекпен су тартқызды. Сай бойына желі кердіріп, бие байлатты. Келетін қонақтарға деп әдейі қысырақтардың үйірін айдатты. Өзі әдік, Қамбар, Қасым, Бұрындықты ертіп, алдын ала келіп хан шатырын тіктіртті. Көп ұзамай адам түгел аң білмейтін жолдарды тауып, құла дүзге көшіп үйренген ру басшылары — билері, батырлары Нұраның Қаратұзының жан-жағынан ағыла бастады. Үйсіннен — Әбілқайыр Үргенішке кетер алдында бөлінген Қылышбай, Қара Оспан батырлар, Жалайырдан — Бөрібай батыр, Дулаттан — Бахтияр би, Арғыннан — бір топ батырларын ерткен Арғын би мен Қотан жырау, Қыпшақтан — Қара Қыпшақ Қобыланды мен Қазтуған жырау, Найманнан — Қаптағай батыр мен Тұңғашық батыр, Хақұлы би, Керейден — Қарақожа батыр, Қоңыраттан — Бағалы қожа мен Орыс батыр, Алшыннан — Темір бидің өзі мен Шалкиіз, Уақ пен Тарақтыдан Жаубасар, Асылкерей батырлар мен Борық би келді. Бұлардың әрқайсысы ру басы, Қаптағайдан басқасы мыңды айдаған шонжарлар. Әр ру басының қасында, өзінің қарамағындағы кіші тарамдарының ондаған би, батырлары бар. Үйсін Қылышбай, Қара Оспан батырлардың жанында Албан, Суаннан шыққан бірнеше заржақ ділмар, шешен, көсемдер келген.

әр халықтың тарихында сан түрлі кезеңі болады: өсу, өркендеу, күйікке ұшырау, күйреу... Осының бәрін басынан өткізген, заманының жақсылығын да, жамандығын да көрген, келешегі үшін жан аямай күресе білген, ауыр күндерін, басына төнген қауіп-қатерді жеңе білген халықтар ғана тарихта қалады. Өзінен күшті шығып, Майя, Қошан секілді елдер құрып кетуге мәжбүр болса да, ондай елдер адамзаттың мәдени өркендеуіне үлесін қосып кетеді.

Он бесінші ғасыр қазақ рулары үшін ең ауыр ғасырлардың бірі еді. Осы ғасырда өзара қырылысып, сырт жауын кейде жеңіп, кейде жеңіліп, тайталас түсіп жүрген қазақ рулары ел болып бастарын қосу үшін күресуге бел буды. Бірақ үйірлі құландардай шексіз даласында ру-ру боп көшіп жүрген елдің басы оңай қосылмады. Бұл жеңіс ұлы айқастар арқылы келді. Қазақ руларының басын біріктіріп, қазақ хандығын құруда, мейлі күрес бақталастықтан-ақ басталсын, қайткен күнде де, Жәнібек пен Керейдің алатын орны ерекше. Әрине, халық өзі қаламаса екі адамның қолынан не келеді? Тегі ел болудың негізі халықтың көкейкесті арманында жатыр. Бұл кезең халық рухының лаулаған кезеңі.

әліпті таяқ деп білмейтін асау елдің кенет ұлттық, жауынгерлік тілегінің бұлай өрби түскенін сезген кейбір ру бастықтары жұртты өз дегендеріне тарта алмай қалды. Бұрынғыдай халықты бөліп ұстауға шамалары жетпеді, енді көпшілік ерген Жәнібек ханның соңынан еруге мәжбүр болды. Тек Темір би ғана бүлік шығара жаздады.

Бірнеше жыл кейін Тіленші ұлы Шалкиіз жырау:

Алп-алп басқан, алп басқан

Арабы торым өзіңсің.

Жазылы, алтын, қол кескен

Алдаспаным өзіңсің!

Сен алтынсың — мен пұлмын,

Сен сұлтансың — мен құлмын, —

деп мадақтаған Темір би бұл. Еділ — Жайықты бауыр басып алған, Алшын руларының көбі бағынған, Астраханьды билеген Қасым сұлтанның оң қолы — эмир-эль-умра яғни әскери басы болған би бұл. Жәнібек секілді адуынды хан-
ға біржолата мойын ұсынса, Алшын жерінде өз үстемдігінің төмендеп кететінін ол бірден ұққан. Көп қаздың арасында мәз болғанша, көп қарғаның арасында қаз болған дұрыс деп тауып, Кіші жүз болып қалыптасып келе жатқан Алшынның өркөкірек руларын жеке билегісі келді. Астраханьды өзіне қаратып тұрған Қасым сұлтан Еділ — Жайыққа шын әмірші емес. Шын әмірші қазақтан шыққан, Едіге батырдың шөбересі, Ноғайлы хандығы кезінен би дәрежесінде келе жатқан шынжыр балақ, шұбар төс Темір. Дәл қазір шығысы мен батысындағы елдің өз билігіне қол сұғады деп сескенетін дымы жоқ. Әбілқайыр алыста. Қасым сұлтан тек Астрахань маңын ғана қамтиды. Орыс князьдары болса өздері әлі әбден біріге алмай жатыр... Ал шынтуайтқа келсек Темір бидің ойы Жәнібекке бағыну емес, Түрік патшалығына иек тіреу... Алыстағы ел, ол сенің ішкі жұмысыңда ісі болмайды, қай румен жақсысың, қай румен жамансың, қарамағыңдағы елді қалай билеп-төстеп жатырсың, бұның бәріне де қол сұқпайды, сырттай бағынғаныңмен қанағаттанады, ал өзің айтқаныңды еліңе қалай істетіп жатырсың — онда шаруасы жоқ. Жәнібекке бағынсаң бұл еркіншіліктен бірден айрыласың. Ол ішкі ісіңе өзіңмен бірдей қатысады. Жоқ, діні бір, тілі бір, нәсілі бір ханға бағыну — халқыңның тіршілігі көңілін селт еткізбейтін басқа халықтың патшасына бағынудан әлдеқайда қорқынышты. Осындай ойдағы Темір Россия мен Түркияның бір шайқасуын күтіп іштей алысуда еді. Түрік патшалығының күшінің кеми бастағанын есепке жатқызбаған. Түбі ол осы ойынан шықпақ. Еділ — Жайыққа әбден әмірші болып алғаннан кейін, Қырымды шауып, Мәскеу князьдарын алдай тұрып, Түркияға иек тіремек. Осыдан барып Темір шу дегеннен-ақ Жәнібектен іргесін аулақ сала бастаған. Жәнібекке қосылғысы келмеген кей ру бастықтары өзара қыңқылдаса, бұл ойын ішіне сақтап қала алмаған.

Темірдің бұлай еркінси қимылдауының да төркіні белгілі еді.

әке жағынан аты шулы Едігенің шөбересі. Атасының айбынынан қорықпайтын қазақ жоқ. Нағыз аш қасқыр. Өзі де осал емес. Қазан хандарынан қыз алып, қыз берген. Осы биыл ғана он бес жасар кенже қызы Нұр-Сұлтанды Қазан ханы Ибрагимге ұзатқан. Сүйенерлері де бар. Өзі де өзгеге сүйеніш бола алатын жау жүрек батыр. Бауыр басып қалған Еділ мен Ақ Жайық бойын ешкімге ортақ еткізгісі келер емес. Жиналған би, батырлардың көпшілігі бірігіп бір ханға бағынайық деп отырғанда, бұл өзгеше кетті. Алайда Темір би де ноқта үзіп, айдалаға лаққан жоқ. Тек қосылғысы келмегенін астарлап білдірді.

— Ел болып бірігіп, әскер жинап, Әбілқайырдан ата мекен Түркістан жерін қайтып аламыз дегендерің құба-құп, табылған ақыл. Оған Еділ, Жайық, Хиуас теңіз бойындағы Алшынға жататын бар ру қол қояды. Сұраған уақыттарында бес түмен қол беруге бар. Бірақ Сығанақтағы ханға біздің бағынуымыздың жобасы келер ме екен? Жер арасы шалғай...

Өзгелерден жасы үлкен Үйсін Қара Оспан кеңк-кеңк күлді.

— Темір бидің аты жеткен жерге, Жәнібек ханның аты жете алмайды деп қорқасың ба?

Бұнысы осы араға сенің атың жетіп келгенде, сенің жеріңе Жәнібектің де аты жетеді дегені еді.

Сөз астарын түсінген қызба мінезділеу Темір би сөз таластырғысы келіп кетіп, ежелгі дәстүр бойынша, айыр тісті, алтын сыммен оралған тобылғы сапты қамшысын алдына тастай салды.

— Ат тұяғы басқан жердің бәрі бірдей шөптей жапырылып жата қалмайды, — деді ол қара сұр беті күреңденіп, — Әбілқайыр ханның да мүйізі шаңырақтай кей батырлары Еділдің ар жағына өткен. Бірақ одан не ұтты? Мойындары ырғайдай, биттері торғайдай боп елдеріне әзер жеткен.

Қамшысын енді Қара Оспан алдына тастады.

— Атыңның жүйріктігіне тым сене берме. Талай жүйріктердің де мойнына бұғау салынған. Байқа, Темір би, Жәнібек ханның құрығы Әбілқайырдікінен ұзын болып жүрмесін! Әбілқайыр Дәшті Қыпшақты билегенмен, Еділ өзені бойындағы Алшынның көптеген ауылдарына өктемдігін еркін жүргізе алмаған. Жау жүрек бұл рулар бағындық деп кейде уәде бергенмен де, нақтылы дізе бүге қоймаған. Бұған ызаланған Әбілқайыр Дәшті Қыпшақтың осы рулар жайлап жатқан шетіне сан рет қол шығарған. Соның бірі осыдан он жыл бұрын жіберген он мың әскері еді. Бұ жолғы жауынгерлерді осы Қара Оспан батыр басқарып барған.

Ол күндерде Қазының баласы, Темірдің әкесі Теңізбай би тірі болатын. Атасы Едігедей, әкесі Қазыдай ел шулатқан ер болмағанмен, жатып атар қулығы, жаудан қашып құтылар ақылы бар кісі еді.

Көк Орда ханынан әскер шығыпты дегенді естігеннен-ақ, ел билігі ауып бара жатқан баласы Темірге ақыл айтқан. «Әбілқайырдың қалың әскерін соғыспен жеңе алмайсың, оны айламен алу керек. Және өшіктірмес үшін қарсы ниет көрсетпеген жөн» деген. Темір аталы сөзге тоқтаған. Осы сөзден кейін бүкіл Алшын жағы Қара теңіз жағасы Қырымға қарай көшкен. Темір бес мың атты әскермен, қаптаған қоспен жұртында қалған. Ұзақ жер жүріп, аттың арқасын алдырып келген Қара Оспан Еділдің ар жағында тұрып, Әбілқайырға бағынбай жүрген елді көрген. Ат жалдап, сал салып бір түнде бергі жағаға өткен. Бірақ бос жатқан жұртқа кездескен. Бұлар арғы бетке шыққандарында Алшын, Жағалбайлы ауылдарының бергі бетке өтіп кеткенін білген. Ызаланған Қара Оспан ат сауырын құрғатпай қайтадан Еділге салған. Бірақ бұлар бергі бетке шыққандарында көшкен ел Жайыққа қарай бет алғанын аңғарды. Жайықтан өтіп қашқындардың соңына тағы түсті. Тек осы арада ғана Қара Оспан батыр алдарында ел емес, әскер екенін білді. Өзінің алданғанын ұққан Әбілқайыр қолы енді бұрынғысынан да қызулана қуды. Бірақ Темір әскері жеткізбеді, ақырында олар Нарын құмына қарай бұрылды. Сонда ғана Қара Оспан бұл қуғаннан дым шықпайтынын түсінді. Амал жоқ кейін қайтуға мәжбүр болды. Жолдағы кедей ауылдардан азын-аулақ жәрдем алып, азып-тозып өз жерлеріне жетті.

Темірдің «мүйізі шаңырақтай Әбілқайыр ханның кей батырлары Еділ, Жайықты көрген. Одан не ұтты?» деп кекетіп жатқаны да Қара Оспанның осы сәтсіз жорығы еді. Қара Оспанның: «Атыңның жүйріктігіне тым сене берме! Байқа, Темір би, Жәнібек ханның құрығы Әбілқайырдікінен ұзын болып жүрмесін!» дегені Темір биге «Әбілқайырдан қашып құтылғаныңдай, Жәнібектен қашып құтыла алмайсың» деп күні бұрын сес көрсетуі еді.

Темір би бұл ызғарды жақсы сезінді. Сөйтсе де өркөкірек кер мінезге салып оп-оңай жеңіле қалғысы келмеді. «Талас әлі біткен жоқ» деген ишарат көрсетіп, алдындағы қамшыны бір қозғап қойды.

— Әбілқайыр ханның кезінде Үйсіннің аты қуғанына жете алмайтын арық еді, енді хан Жәнібектің тұсында жал бітейін дегені ғой.

Темір бидің удай ащы тілі Қара Оспанның өңменінен өтіп кетті. «Бұнысы Әбілқайырға қызмет істеп ештеңе өндіре алмап едің, Үйсін, енді Жәнібекке жағынып құтырып отырсың дегені ғой!»

Қара Оспан шарт жүгініп отыра қалды. Қамшысын қозғауды да ұмытып кетті.

— әй, сен не малтаңды езіп отырсың. Маңғыт! Елінің ойын айтар Алшыннан бір ұл тумағаны ма?

Мұнысы Темір биге «сенің бабаң Едіге Көк Ордадағы Маңғыт руынан шыққан, Алшынның жоғын жоқтайтын сенің құқың жоқ» дегені.

Жәнібек қабағын түйіп тұнжырай қалды. «Сөз жоқ, Темір би өз үстемдігінен айырылып, Жәнібекке Алшын руларын қосқысы келмейді. Күшің асып басып алмасаң, жуытпайды. Ел болып бір ханға бағынудан, өз қарамағындағы жұртты өзі билеп, ақ дегенін алғыс, қара дегенін қарғыс еткізіп отыру — Темір бидің арманы. Бұл біздің ең осал жеріміз. Әсіресе, алыста жатқан рулар ырқымызға оңай көнбейді, сондықтан да ананы, мынаны сылтау етіп Темір би де бірігуге қарсы ірткі салып отыр. Біріккің келмесе «құдай алдыңнан жарылқасын!» деп қуып шықсам ба екен? Жоқ, өйтуге болмайды. Қайткен күнде де Алшынның бүгінгі күні ауа жайылғаны жөн емес. Бұлар көнбей қалса, сынықтан бөтеннің бәрі жұғады, өзге рулар да олардан үлгі алуы мүмкін. Дауды ақылға салып сабырлылықпен шешкен абзал».





Дата публикования: 2014-11-04; Прочитано: 617 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.015 с)...