Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Екінші бӨлім 3 страница



— Кешіріңіз, хан ием, — деді ол тағы басын төмен иіп, екі қолын кеудесіне қойып. — Сүйіндік хакім, бүкіл Моғолстан халқының қамқоры әділетті Исан-Бұғы ханға Дәшті Қыпшақтың көп руларының көшу себебі Әбілқайыр ханның қиянатынан деген жайды айт деп еді.

Шабарманның қулығын ұққан кей хакім, әмірлер кекете езу тартты. Бірақ өзін «ел қамқоры» деген сөз құлағына жылы тиген Исан-Бұғы қабағын қайта ашып:

— Жақсы. Қонақ үйге барып тынық. Хакім Сүйіндікке біздің айтарымызды ертең естисің...

Басын аман алып қалғанына қуанған шабарман «құп, тақсыр», деп үйден ата жөнелді. Далаға шығып «Уф» деп демін алды. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген міне, осы. Егер басыңды аман алып жүргің келсе, аузыңа ие бол. Тым ақылси берме».

Шабарманның Исан-Бұғыға: «Қыруар ел, оның үстіне жан-жақтарынан көшіп келіп қосылып жатқан жұрт та ығы-жығы» дегені бірде-бір жалған емес еді.

Жәнібек пен Керей Қаракеңгір мен Сарыкеңгірді кейін тастап, Қарақұмнан үш күнде жедел көшіп өткен соң, соңдарынан ерген елдердің ақсақал, батыр, билерін жинап кеңес құрған. Барар жеріміз алыс және жат жер. Ағайын жоқ болсаң бере алмайды, бар болсаң көре алмайды. Моғолстан елі бізді қалай қабылдайтыны белгісіз. Сондықтан түйенің қомын, аттың жалын алдырмай, ағайынға сорлылығымызды көрсетпей жетелік. Күшті екенімізді көрсе сыйлар, күшсіз екенімізді көрсе аяр, «кет кейін» дей қоймас, туыстығымызды қимас... деп шешкен.

Осы күннен бастап сыңсыған қалың ел, малдың күйіне қарай, асықпай көшіп отырған. Бір аптадай өткен шақта Жәнібек пен Керей өздерінің он бес ұл, жеті немере, көптеген, аға-інілерін жинаған. Жәнібек, жолай «Қызыл жыңғылдан» өтіп бара жатқанда жігіттеріне кестіріп алған жуандығы қамшы сабындай бір құшақ қызыл күрең тобылғыны алдына қойып, үлкен баласы әдік төре мен Керейдің тұңғышы Бұрындыққа:

— Алдарыңдағы тобылғыдан бір-бірден алыңдар, — деген.

Аналар алған.

— Енді сындырыңдар, — деген.

Аналар қолдарындағы тобылғыларын шытыр-шытыр сындырған.

— Енді үшеуден алып сындырыңдар, — деген Жәнібек.

Аналар үш тобылғыдан алып бәлендей күш жұмсамай бұ жолы да сындыр-
ған.

— Енді бесеуден алып сындырыңдар, — деген Жәнібек сұлтан.

Аналар бес-бестен тобылғыны алып, әжептәуір күш жұмсап сындырған.

— Енді сегізден алып сындырып көріңдер, — деген Жәнібек.

әдік пен Бұрындық тобылғыны сегізден алған. Тізелеріне де салған, табандарына да салған, маңдайларынан сорғалап тер де аққан, әйтеуір қиналып барып, балуан тұлғалы қос арлан әзер дегенде сындырған.

— Енді оннан алып сындырып көріңдер, — деген Жәнібек сәл күлімсіреп.

Сындыра алмайтындарын білсе де, әдік пен Бұрындық тобылғыны оннан алған. Сындырмақ боп әрі-бері мықшыңдап көрген. Күштерінің жетпейтінін білген соң «құрып қалғыр, болатын емес» деп тобылғыларын лақтырып жіберген.

Жәнібек үндемей сәл ойланып отырған да:

— Міне, ел бірлігі деген осы, — деп сөзін бастаған, — жалғыз адамды жау алады. Ал көп біріксе ешкім де жеңе алмайды. Көп қорқытады.Терең батырады. Егер екі қолдың он саусағындай қазақтың бар рулары қос жұдырық боп түйілсе, қандай жауына болса да қауіпті күш...

Жәнібек пен Керейдің өзге балаларынан жасы үлкен және өзін өзгелеріне қарағанда еркіндеу ұстайтын, ұр да жық мінезі бар Бұрындық:

— Басқа рулар қайда қалады? — деген. — Мысалы, найзасының ұшы алтын Алшын...

— Алыстағы ағайын өзі шешсін өз тағдырын...

Еш уақытта да хан мен билердің бірігуімен ғана хандық құрылмаған. Орда шаңырағын халық көтерген. Қазақ елі егін еккен отырықшы жұрт емес. Бар шаруашылығы мал өсіру. Мұндай көшпелі елдің халқы — рулары. Олардың көсемдері — батыр, билері болғанменен, дені жай шаруа, кедейлер.

Жәнібектің ойы, ісін сәтті ету үшін, осы қара халықты өз жағына көбірек тарту. Қазір ол соның жолын іздеп отыр.

— Жақсы, — деді Бұрындық, — Алшынды қоя тұралық. Сонда борышымыз не болмақ?

Жәнібек Бұрындыққа ойлана қарады.

— Түсінсең борышыңды өзің айт. Тісі шыққан балаға шайнап берген ас болмайды.

— Білмеймін, — деді Бұрындық. — Бізге ергісі келмейтін руларды шабамыз ба, қайтеміз...

Тұңғышының ойланбай айтқан сөзінен намыстанып қалса да, оның тез шамданатын мінезін еске алып, сөзге сараң Керей:

— Ұлым, ел шабуға асықпа, — дей салды.

— Өзгелеріңде қандай ой бар? — деді Жәнібек.

Аға тұрғанда іні сөйлеу сөкет іс қазақ дәстүрінде. Тіл ұшына келіп тұрған айтары болса да осы дәстүрден шыға алмай, Жәнібектің ортаншы ұлы Қасым сұлтан төмен қарап тыпырши берді.

— Қасымжан, сен бірдеме демексің бе? — деді Жәнібек баласының сөйлегісі келіп отырғанын сезіп.

— Иә, көке, рұқсат етсеңіз, бірер ауыз кеңесімді мен де берейін деп едім.

— Айт, рұқсат...

— Өзіміз әне шабыламыз, міне шабыламыз деп келе жатып, біреуді шабамыз деуіміз ағаттық болар... Және көке, өзіңіз айттыңыз ғой, ағайын күшіңді көрсе сыйлайды деп...

— Сөйле, сөйле.

— Сөйлесем, біз Моғолстан мен Түркістан шекарасына қашқан ел тәрізді емес, көшкен ел тәрізді болып баруымыз керек. Жағатай ұрпақтары да, Сайбан, Ақсақ Темір ұрпақтары да ел екенімізді көрсін. Және қалай болса солай шұбыра көшкен ел екенімізді емес, дос болса дос бола алатын, қас болса қас бола алатын, қоныс бермесе күшпен тартып ала алатын жау жүрек қауым екенімізді байқасын. Қазір осы отырғандарымыздың ес білетіндеріміз, сойыл соғып сөз сөйлей алатындарымыз, қасымызға бес-алты қазақтың ер жігіттерін ертіп, ермей қалған, не еру-ермеуін білмей отырған жұртқа тарауымыз абзал. «Бізге еріңдер, бірігіп ел болып, қазақтың Ақ Ордасының туын қайта көтерелік» деуіміз орынды. Ерген жұрт ерер, ермеген жұрт ойға қалар. Қара халық соңымыздан неғұрлым көп ерсе, соғұрлым ісіміздің сәтті болары айқын.

Жәнібек жасөспірім ұлының сөзін бірден іліп әкетті.

— Дұрыс айтасың балам, — деді ол, іштей түбі Қасымнан ұлы адам шығар деген бұрынғы үмітінің бұ жолы бір дерек тастағанына қуанып, — біздің бүгінгі аттанысымыз құр Әбілқайырға өкпелеуден туған аттаныс емес, бұдан жүз жыл бұрын бабамыз Орысхан тіккен Ақ Орданы қайта тұрғызып, Қазақ деген жеке ел болу аттанысы. Ал Орысхан бабамыздың ақ туын тігетін бізде екі-ақ жер бар. Бірі — Алтын Орда жұрты, Еділ мен Жайықтың ортасы. Бірақ ол жақтың жері малға жайлы болса да, елі бізге жайлы емес. Түкпірінде Қазан хандығы мен Түркияға көз тіккен Қырым сұлтандары бар. Бұған Еділ мен Жайыққа бізді жолатқысы келмейтін Қасым сұлтанды, Темір биді қос. Олар кімді ел еткізеді? әрине, ар жағындағы орыс жұртына арқа сүйеп көрер едік, бірақ ол жұрттың өзі де қазір әбден қанаттанып жетпеген қыран балапаны тәрізді. Екінші жер — ол Орысхан бабамыз кеше туын тіккен Сығанақ шаһарының маңайы. Бұл ара бізге қолайлы. Ар жағында Үйсін, Жалайыр, Дулат, Қоңырат, Қаңлы мен Найманның, Керейдің біраз елі жатыр. Бұ жақта да аздаған Арғын, Қыпшақ бар. Сығанақ бұл күнде Әбілқайырдың қолында. Түбін көрерміз. Ал әзірге барар жеріміз Жағатай ұрпағының Түркістанмен шектескен тұсы. Ағайын сыйласын десек, ол араға біз ел болып баруымыз керек. Қасым баһадур жөн айтады. Қазір әрқайсың қастарыңа бес-алты жігіттен ертіп алып, қозғалмай отыр-
ған ауылдарға аттаныңдар. Соңымыздан жұрт көп ерсе, халықтың тілегіне біздің тілегіміз сай келгені. Онда ісіміздің игілікті болуы хақ, — деген.

Жәнібек пен Керей балалары жан-жаққа тараған. Солардың айтуымен Әбілқайырға наразы біраз рулар Моғолстан жеріне көшіп бара жатқан қалың көшке келіп қосылған.

Әбілқайыр әскерінің Сейхун дарияның арғы бетіндегі көрген көш орны да, шабарманның айтқан Талас өзенінің бергі бетіндегі қонып жатқан қалың ел де бәрі бір осы Жәнібек пен Керейге келіп қосылып жатқан қазақ рулары болатын.

Шабарман шығысымен Исан-Бұғы хан кеңесін таратты да, Мір Мұхамед-Шайх, Мір Сейтәлі әмірлерімен, бас найыбы Үйсін Қастек бимен өзі оңаша қалды. Қазақ руларының Моғолстан шекарасына көшіп келуі, егер оларды Моғолстан жерінің шетіндегі Шу, Сарысу өзендерінің бойы мен Талас өзенінің арғы бетіне орналастырса, өздерін Әбілқайыр мен Ақсақ Темір хандықтарының шабуылынан қорғайтын қалқан жасайтындарын бұл төртеуі бірден ұғысты. Және қазақтардың күштерін Қытай мен Қалмаққа да қарсы пайдаланбақ болды. Исан-Бұғы Жәнібек пен Керейдің алдынан ат шаптырды. Ақ Орда хандарының ұрпақтарын, олармен бірге келген қазақтың басты руларының игі жақсыларын құшағын жайып қарсы алды.

Жәнібек пен Керей Моғолстан ханымен бір ай бірге болып, бір ыдыстан ас ішісіп, бір ауыздан сөз шығарысып, тату-тәтті бітімге келді. Исан-Бұғы көшіп келген қазақ руларына бүкіл Шу, Сарысу, Талас, Бадам өзендерінің бойы мен Қозыбас, Қаратаудың Моғолстанға қарайтын теріскей жағын тегіс қонысқа береді. Бұл қоныстың шеті Қаратал өзенімен, Әбілқайыр қарамағындағы Түркістан өлкесімен бітеді. Жақсылыққа жақсылық, осыншама қоныс алған қазақ рулары, екі елдің бірдей жауы, Моғолстанды шабуға дайындалып жатқан Қытай богдаханы мен Ойрат қонтайшысына қарсы бір мың жақсы жарақтанған салт атты жауынгер шығарады.

Жәнібек пен Керей Исан-Бұғының шартын қабыл етті. «Түпкі арманымыз қазақ хандығын құрып ел болу ғой, біздің қорған екенімізді Қытай, Ойратпен шекаралас қазақ рулары біле берсін. Күшіміздің мол екеніне көздері жетсе, өздерінің де бізге тез қосылуларына себеп болар» деп ойлады олар. Бұл ойларының дұрыс болғанына бес-алты жыл өтпей өздерінің де көздері жетті.

Жәнібек пен Керей нөкерлерін ертіп, күтіп отырған жұртына қайтты. Қос сұлтанның бұйрығы бойынша, көшіп келген ел ру-ру боп, адамының, малының санына қарай өздеріне берілген жерге орналаса бастады. Бір ай өткеннен кейін кілең майданға салар бөрте жүйрік мінген бес жүз Арқаның батыр жігіттерін басқарған әдікті Қытай шекарасына, Қашқар жеріне жүргізді. Тағы бір ай өткенде екінші ұлы, соңынан ерлігімен қазақ аузында аңызға айналған Қамбар батырды бес жүз кілең қайың сойыл ұстаған салт атты жауынгерімен Тарбағатай тауын жайлаған Керей, Найманды Ойрат қонтайшысы Амансанджидан қорғауға аттандырды. Қос сұлтан өздері енді Шу, Сарысу, Қаратал, Бадам, Талас өзендерінің бойына жайғасқан елдерін басқару әрекетіне кірісті.

Осы кезде Жұныстың аулына Күншығыс Қашқардың ханы, Жағатай ұрпағы Сант-Сұлтаннан туған әбдірашит сұлтан келді. Ол бір көргеннен Жұныстың кіші қызы ерке шора Нигер-Сұлтан-Бегімге ғашық болып, сұлу қызын тоқалдыққа сұрады. Самарқант әміршісі әбусейітпен жақындаспақ ойы бар Жұныс, Нигер-Сұлтан-Бегімнің өзі білсін деді. Әбдірашит қызға кісі салды. Ерке шора Нигер-Сұлтан-Бегім құда түспек жігітті өзі іздеп келді. Келбетті, бірақ тым семіз әбдірашит, хан ұлы болса да, қызға ұнамады. Нигер-Сұлтан-Бегім әкесіне: «Анаған күйеуге шықпақ түгіл жанынан жүруге адам жеркенер», — деп жауап берді. Қыз жауабын естіген әбдірашит енді Жұныспен сөйлеспеді. «Бәлем, осы сөзіңді ұмытпа, түбі бүкіл малымды саған төксем де, мес қарнымның астына бір салармын» деп ашуланып жүріп кетті.

әбдірашит сөзін естіген сұлу Нигер-Сұлтан-Бегім: «Сенің астыңа түскенше, өлгенім артық», — деп күліп қала береді. Өмірдің есігін әлі дұрыс ашып көрмеген жас сұлу, бұл жалғанда тек өлі жандар ғана кездеспейтінін, өмір деген сұрқияда адамның түсіне кірмейтін ғажайыптар болып жататынын қайдан білсін! Адамды қақпақыл етіп ойнайтын тағдырдың асау сырын жас сұлу еске ал-мады.

Қашқар ханының ұлы әбдірашит кеткеннен кейін, Жұнысты балаларымен Бұқарда саяхаттап жүрген Самарқанттың әміршісі әбусейіт қонаққа шақырды. Жұныс азамат ұлдарын ертіп, үлкен салтанатпен Бұқарға аттанды.

әдейі осы мезетті аңдып тұрғандай Жәнібек Ферғана өңірінде жатқан Жұ-
ныстың үш мың жылқысын айдап әкелуге бір топ жігіттерімен ортаншы баласы Қасымды аттандырды.

Қасым тайлы-таяғына дейін қалдырмай Ферғана өңірінде жайылып жатқан Жұныстың жылқысын тегіс айдап әкетеді. Бүкіл ауылдан жылқыны қуып барып алып қалар жан шықпады. Сонда атқа он бес жасар ерке-шора Нигер-Сұлтан-Бегімнің өзі мінеді. Бар жылқысынан айырылса әкесінің тақыр кедей болып қалатынын білетін саналы қыз, тәуекел деп еркекше киініп, қолына найза алып шапқыншыларды қуып береді. Жылқы Талас өзеніне таяған жерде, Нигер-Сұлтан-Бегім орағыта Қасымның алдынан шығады. Жылқыны айдап келе жатқан қол, алдарынан шыққан найза ұстаған жалғыз жігітті көріп, садақпен тартып қалып жайратып кетудің орнына, оны ұстап алып мазақ еткілері келеді. Жақындай келіп олар жігіт дегендері еркекше киінген қыз екенін аңғарды. Жау жылқысын алып, көңілдері судай тасыған кілең жас қыршындар енді «жігіттері тығылып қалып, қыздарын жауға аттандыратын бұл неткен батыр ауыл?» деп күлкі етеді. Сонда Қасым сұлтан қызды сықақтай бір ауыз өлең айтады:

Мен сұрасам жөніңді сен айтарсың,

Жөн айтпасаң ізіңмен тез қайтарсың.

Қай айғырдың үйірінен қашып шыққан,

Мен көрмеген бұл маңнан қай байталсың?

дейді.

Сонда қыз:

Сөз тұрғыңнан, сұлтаным, қалдым біліп,

Жан екенсің үйренген байтал мініп.

Құлынымын Жұныстың, өңім түгіл

Түсіме де көрмеген айғыр кіріп.

Туғандарым кезінде Бұқар кеткен.

Жай оғындай жарқ еттің түскен көктен.

Еркегі жоқ ауылды шабатұғын

Кәсібің бе, сұлтаным, әдет еткен?

Сол жылқымның соңынан келдім іздеп,

әке үшін бар қорлыққа қызы төзбек,

Табалатпай қасына малын қайтар.

Өз басымды кетсең де келемеждеп...

дейді.

Сонда Қасым сұлтан айдап келе жатқан жылқысын тоқтатып, су жағасына жібек шатыр тігіп, Нигер-Сұлтан-Бегімді көтеріп аттан түсіріп, аппақ айлы түнде ақ шатырға кіргізді. Аппақ айлы түнде ақ шатырға төселген ақ кигіздің үстінде әлі жан сипап көрмеген қыздың ақ төсінен Қасым сұлтан тоят алды. Таңертең ел басқаратын адам мал санын емес, ел санын арман етеді. «Ел өссе ер өседі. Ер өссе шер өшеді», деген әке сөзін өсиет тұтқан ер көңіл батыр жігіт қыздың үш мың жылқысын қайтарып берді. Бұдан өзінің даңқы өсетініне сұлтан күмәнданбайды. Қасымның қылығына риза болған Нигер-Сұлтан-Бегім ат үстінде тұрып, жарылған жұмыртқа тәрізді құны түсіп кететінін айтып, түндегі болған оқиғаны мақтан етіп бөтенге жарияламауын өтінді.

Қасым: «Бұ жалғанда, амал жоқ, көп нәрсені құпия ұстауға тура келеді» деп қыздың өтінішін орындауға уәдесін берді.

Осылай Қасым сұлтан, олжадан қағылған серіктерін ертіп еліне беттеді. Не қыз жоқ, не олжа мал жоқ, іштей күйінген жігіттер Қасымға өкпелерін айта алмай, қалжың-әзіл өлең шығарады.

Шақпақ тас о да мүлік от жаққанға,

Қоймен тең қотыр ешкі мал баққанға.

Төледі үш мың жылқы қалай ғана

Қасекең қыз қойнына бір жатқанға?

Дүние алдап кетер қызыл түлкі

Қызығы бұл жалғанның ойын-күлкі.

әйтсе де сол қыздікі алтын ба екен,

Төлейтін бір түніне үш мың жылқы?,

Бір қу жігіт ат шалдырып отырғандарында осы өлеңді сұлтанға айтып береді. Қасым күледі де қояды. Бірақ жолай ғажайып ерлік көрсетіп, Қаратау жайлауында жатқан Мұхамед-Сұлтан-Мазиттің бір топ жылқысын шауып алады. Жігіттеріне үлестіреді. Нигер сұлумен болған оқиғаны айтпауларын сұрайды. Жігіттер уәде береді. Бірақ әзіл сөз қолға тұрмайтын сынап қой, бертінде әлгі өлең жұрт арасына тарап кетеді.

Жыл өте, Жұныс қызын әбусейіт мырзаның баласы Андижанның әміршісі Шайх-Омарға берді. Әбілқайыр рұқсатымен Мауреннахрға төркіндеп келген Рабиу-Сұлтан-Бегім, Шайх-Омар сырқаттанып қалған соң, Нигер-Сұлтан-Бегімді алып кетуге бір топ нөкерімен Яссыға өзі керуен салды. Бұл жайды естіген Жәнібек Қасымның үш мың жылқыдан қалай айырылып қалғанынан хабардар бола тұрса да, баласын тағы шақырады. «Нигер-Сұлтан-Бегімді қалай босатып жібересің, онда менің шаруам жоқ, бірақ көшін аңдып тұрып Әбілқайырдың ерке бәйбішесі Рабиу-Сұлтан-Бегімді ұстап алып келесің» деді. Бұ да жау жағын мұқатудың бір жолы еді.

Қасым жігіттерімен жолда аңдып жатқанында әбдірашит сұлтанның да Нигер-Сұлтан-Бегім көшін өздеріндей күтуде екенін естіді. Жағатай ұрпағымен дос болғанмен де, Жұныс қызы мен көзі көрген, қолынан жас кезінде сан мәртебе дәм татқан Рабиу-Сұлтан-Бегімді оларға қимады. Аналар көшке шапқан кезде қарсы шығуға тура келді. Бір абырой болған жері, бұл айқаста әбдірашиттің өзі қатынаспады. Ол тек жігіттерін жіберген боп шықты. Жағатайдың бейбастақ, нәпсіқұмар қарақшыларынан аман алып қалып, тағы да өзі Нигер-Сұлтан-Бегімнің құшағында бір күн түнеп, ертеңіне қос сұлуды елдеріне қоя берді. Жау олжасынан құтқарған Қасым сұлтанды Рабиу-Сұлтан-Бегім өле-өлгенше сыйлап өтті. Екі жақтың бір-бірімен татуласуына да сан мәртебе қызу кірісті. Бірақ ел намысына айналған жанжалды басу оның қолынан келмеді. әйтсе де Қасым алдында борышты болып қалмады. Бертін келе Мұхамед-Шайбани әбден күшейіп, Яссы әміршісі — баласы Сүйіншік қаннен-қаперсіз күйдегі Қасым ханның әскерін түнде басып алмақ болып дайындалып жатқанда, ар-
наулы кісі жіберіп, Қасымды бір ажалдан құтқарды. Сөйтіп өзіне істелген жақсылықты ақтады. Ал, Нигер-Сұлтан-Бегім болса Қасым ханды он жыл аңсап күтті. Он жылдан кейін барып ең алғашқы ақ төсінен тоят алған қыран бүркіттің құшағына қайта кірді.

Бос қол қайтқан себебін сұраған әкесіне сұлтан: «Итаяқтағы жуындыдан бұралқы төбетті қуып жіберіп өзі жалай бастаған арлан тазыдай, біреудің бауыр баспақ аруын әбдірашит сұлтаннан тартып алып өзім иемденгім келмеді» деді.

— Ал, Рабиу-Сұлтан-Бегімді неге босаттың? — деді Жәнібек.

— Ұлықбек мырзаның аруағын сыйладым.

«Түсіп қалған мұзалимның [44] биігі жаман. Тоят ала алмай қалған әйелдің күйігі жаман» деп қарайтын сорақы заманның Жәнібек те бас иген перзенті. Бірақ баласының жауабы миына қона кетті.

— Дұрыс еткен екенсің, адам қартая бастағанда жауымнан кегім қайтпай қалады-ау деп көп ойлайды екен. Менікі де сол болар... — дей салды. Сөйтті де Қасымға тағы қарады. — Көзім тірісінде өмір деген өткелдің қыл көпірдей сынынан өте бер... Істеп жүргендерің теріс болса да өзің пішіп, өзің сөккенің ұнайды... Оқасы жоқ, құс ұша түзеледі.

— Құс дұрыс қанаттана алса, түзу ұша алады.

— Дұрыс айтасың, — Жәнібек баласына тағы тесіле қарады да қойды.

Осылай талас-тартыста тағы төрт жыл өтті. Қазақ елі Шу, Сарысу бойын әбден мекен етіп алды. Әдеттегідей жұрт жайлауға көшкелі жатқанда, бір күні Жәнібек Қасымды тағы шақырды.

— Мүмкін Мұхамед-әкім эль Таразидың тойына Бұрындық ағаңмен сен барарсың? — деді ол.

— Барсам барайын.

Мұхамед-әкім эль Тарази Жаңғы шаһарында тұратын аты-шулы саудагер. Түбі араб. Бір шеті Үнді, Қытай, Монғолия, Тибет, екінші шеті Византия, Түркия, Мәскеу, Киевке дейін жүздеген түйемен жылда екі-үш рет керуен жүргізетін, қытай жібегі, манат, шағиы, үнді шайы, жемісі, Киев кендірі, қызыл бидайы, Дәшті Қыпшақ малы, тері-терсек, жүн-жұрқасы, Стамбулдың қолөнершілері істеген білезік, жүзік, күміс ыдыс, алтын жалатқан құман, зер жүргізген жайнамазына дейін сатып, сауда арқылы күншығыс пен күнбатысты байланыстырып тұратын. Әр ханның өзіне бағынатын хандығы болса, бұның сол хандықтарды да өзіне бағындырар байлығы бар адам. Жеке сауда патшалығы бар. Алтын ақшаны сандықтап жинаған саудагер, Әбілқайыр ханнан кезінде ишік-ата атағын алған. Осы мал-мүлкі бықыған байдың бар тілегі жалғыз ғана бала болатын. Бірақ жаратылыс осыншама байлықты мұрагерсіз қалдырайын дегендей, оған бала бермей қойды. Сөйтіп жүргенінде отызыншы әйелі былтыр екі қабат болып, биыл бір ұл тапқан. Жиырма тоғыз әйелінің қағанағын қарық ете алмаған саудагер, отызыншысына келгенде ұрық берер қуатты қайдан тапқанын кім білсін, әйтеуір қайқы төс, саулық құйрық жас тоқалынан аппақ сазандай ұл көрген. Кейбіреулердің «япырмай, Мұхамед-әкім эль Таразидың мына баласы інісі Махмуд-Рақым эль Таразидан қалай аумаған. Туған әкесі өзі болса мұндай ұқсас тумас» деген күңкіл сөзіне қарамай, Мұхамед-әкім эль Тарази бүкіл Тибет, Қорасан, Мауреннахр, Дәшті Қыпшақ, Қырым, Қазан жерлеріне жар салып, ұлан-асыр той істемек болған. Мұндағысы оның атақты саудагер Көк Орда ишік-атасы — Мұхамед-әкім эль Таразидың мұрагері бар екен деп жер-жиһанға дәріптеп, айды аспанға шығарған той жасау. Тойға жүлде етіп, Стамбулда сом алтыннан құйылған үш алтын құс белгіледі. Әрқайсысы сегіз батпаннан. Жүлде тиген адам егер бұл алтын құсты алғысы келмесе, бағасы содан артық емес, тілеген затын беремін деп жариялады. Жүлде беретін шарты да таңғажайып. Бірінші жүлде — кімде-кім жаяу жарыста он фарсат жерден озып келсе, соған беріледі деді. Мұнысы жиһанкез саудагердің рум халқынан алған өнегесі. Екінші жүлде — кімде-кімнің түйесі жиырма фарсат жерден озып келсе соған беріледі деді... Мұнысы сонау Мысыр арабтарынан алған үлгісі. Үшінші жүлдені — кімде-кімнің аты отыз фарсат жерден озып келсе, сол алады деді. Бұл Дәшті Қыпшақтың ежелден келе жатқан көне салты.





Дата публикования: 2014-11-04; Прочитано: 911 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.016 с)...