Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Азақстан Республикасының Президенті 14 страница



Әбілқайыр мырс-мырс күлді.

— Сенің үкіміңді Қара Нар бабаң атам заманда айтқан болса, менің үкімім тек сол үкімді орындау болып шығады екен ғой.

— Ол солай. Мені өз қолыңмен бауыздасаң да, құдай алдында сұрауым жоқ. Оның үстіне күнәм бар.

— Қандай күнәң бар?

— Батыр Саянды қашырып жіберген менмін.

— Сенсің бе? — Әбілқайыр кенет түксие қалды. — Онда өміріңді жүз аптаға ұзарттырам. Өлтіртпеймін. Күніне нәр беріп, кәріліктен өлгенше зынданда ұстаймын.

— Қанша күн өмірің болса, сонша мәртебе өл дейсің ғой? Мейлің. Егер хан әмірі алла-тағаланың жазғанынан күшті келер болса, оған да көндік. Ал менің айтам дегенім бұ да емес.

— Енді не?

— Хан, мен батыр Саянды неге қашырып жібердім, соны неге сұрамайсың?

— Алтын көрсе періште жолдан таяды.

— Жоқ, алтын періштеге де, құлға да керек емес. Алтын хандарға керек. Мен оны босатқан себебім басқа. Батыр Саян Ұлықбек мырзаның Арғын күңінен туған ең кенже баласы. Рабиу-Сұлтан-Бегім бәйбішеңнің бір әкеден туған інісі. Бұны тек Рабиу-Сұлтан-Бегім мен мен ғана білетінмін. Өзіне тиген қырық құлдың бірі етіп ханым батыр Саянды да алып келген. Ұлықбек мырзаның күңінен туған ұлы бар екенін әбді Латиф, әбусейіт, әбділлах сұлтандар да, Шахарбек ханым да білмейтін... Олар біле қалса хан тағына тағы бір таласкердің пайда болғанын ұната ма? әрине ұнатпайды. Көзін жас күнінде-ақ құртқан болар еді. Ұлықбек мырза өз басына ауыртпалық туа бастағанын сезіп, өлер жылы, ақылы, ойы ерте жетіккен Рабиу-Сұлтан-Бегім қызы мен осы жеті жасар ұлын көзінің қарашығындай сақтауымды тапсырған. Ал мен ұлы данышпан әміршіге өле-өлгенше жас Саянды жауларынан қорғап өтуге ант бергенмін. Міне, сол үшін оны қашырдым. Үш күреңді де Рабиу-Сұлтан-Бегім менің ақылыммен алып қалды. Менің ақылыммен Жәнібек сұлтан да күзетші Арғын жігіттеріне батыр Саянмен қашуға бұйырды. Ендігісін өзің біл, қазір өліп кетсем өкінбеймін, Қара Нар бабамның өсиетін де, өзімнің Ұлықбек мырзаның алдындағы антымды да адал орындадым.

Әбілқайыр соңғы кезде тек Рабиу-Сұлтан-Бегімге ғана емес, бүкіл Ақсақ Темір ұрпағына ашулы еді. Самарқант әміршісі, өзінің күйеу баласы әбусейіт әбділлахтан майданда жеңіліп, Әбілқайырға кеп паналап, хан күшімен әбділлахты өлтіріп, Самарқантты тартып алғаннан кейінгі қылығы кешегі күндегідей емес, басқаша еді. Ол кезде Әбілқайырды хан тұтып, Гератта оған арнап сарай салдырған. Халықтан жинаған қаржы-қаражаты мен зекетінің тең жартысын уәделескен уақытында Орда-Базарға жіберіп, өзінің рухани бағынышты екенін әрдайым білдіріп тұрған. Сол әбусейіт соңғы кезде кілт өзгерді. Бұқар, Самарқант уәлиеттеріне Қорасан мен Иранның біраз жерін қосып алып, өз әмірлігін күшейткеннен бері Әбілқайырға қырын қарауды шығарған. Әбусейіттің бұл қылығын Әбілқайырдың туған қызы Күнайжамал да қолдайды-мыс деп естіген хан. Жәнібек пен Керей қарамағындағы елін бөліп әкетіп, сәл әлсіреп қалған Әбілқайыр, бір ыңғайсыз кезде әбусейіттің өзіне жұдырығын түйе бастағанын көрген. Хан іштей қатты ызаланған. «Егер қарамағындағы сұлтан, әмір, көрехандар бүйте берсе айбарлы Дәшті Қыпшақ хандығында не қалады? Жығылған Орданың біреу шаңырағын, біреу уық, бақанын, біреу керегесін бөліп-бөліп әкететініне сөз бар ма! Жоқ, өйткізіп қоюға болмайды. Сайыпқыран Әбілқайыр хан да сояудай қанды тырнақтарын көрсетуі керек! Ал әбусейітпен майданда кездесуге әлі мезгіл туған жоқ. Қазір Самарқантты шабар әл-қуат жеткіліксіз. Әттең Жәнібек, Керей, әбусейіт күннен күнге күшейіп бара жатыр. Амал жоқ, шыдаған жөн. Жағатай ұрпақтары, әңгіме сендермен сосын болсын!» Осындай күйініп жүрген шағында Рабиу-Сұлтан-Бегім оқиғасы оған дәтке қуат болған. Ақсақ Темір ұрпақтарына аз да болса қара жағылып, өшім қайта берсін — деген.

Ал Инеліктің мына сөзі тағы бұны кенет сескендіріп тастады. «Сонда қалай?.. Саянның кіші інісі екенін маған Рабиу-Сұлтан-Бегім неге айтпайды? Мұнда қандай гәп бар? Арғындар өзіне Саянның жиен екенін біледі. Бұ да әрине Рабиу-Сұлтан-Бегім арқылы... Мен ештеңе де білмеймін... Әрине бәйбішем мен Арғындар арасында да бір құпия сыр бар... Кім біледі, олар маған қарсы одақ құрып жүрген шығар?»

Әбілқайырдың қабағы кенет қайтадан түксие қалды. Бұл жалғанда адам баласының жан тыныштығын бұзуға бостан-бос сезіктенуден, өзгенің бәрін өзіңе жау көруден қауіпті күш жоқ. Әбілқайыр жас кезінен-ақ қарадай жел сөзге майысқақ, орынсыз сақ құлақ жан еді. Жасы ұлғайған сайын бұл ауруы да күшейе түскен. Бұл жолы да солай болды. Көңілінде кішкентай ғана күдік туып еді, ол күдік кенет басын алғалы келе жатқан қорқынышқа айналды. «Жоқ, жоқ бұлар бәрі бірігіп мені құртқалы жүр. Алдымен Рабиу-Сұлтан-Бегімнің көзін жою керек».

Хан ойын болжап білгендей Оспан-Қожа:

— Арғындар батыр Саянның өздеріне жиен екенін мен арқылы білді. Осыдан бес жыл бұрын оларға мен айтқам.

— Неге?

— Жетім бала теңізге шыққан жалғыз қайық секілді. Оған мықты рулардың бірі қорған болсын дедім.

— Арғынсыз қорғаны осал ма еді. Саянды Сүйіншікке атеке етем деп Рабиу-Сұлтан-Бегім осында жанталасқан жоқ па еді?

— Оған өзің көнбей қойдың ғой.

«Бекер көнбеген екенмін. Көнсем ғой, өсек сөзден өзім де, Рабиу-Сұлтан-Бегім де ада болады екен-ау! Және Ұлықбектің туған баласы жиеніне атеке болып менің қолымда тұрса, қандай күш! Темірлан алтын тағы Орда-Базарға қауіптене қарай жүрер еді ғой. Әбусейіт тәрізді бұра тартарларды ауыздықтағаным, тобыр алдында кінәсіз көрінер еді. Қалай жаулап алсаң да, тобырдың көкейіне қонбаған үстемдігің, тысырайып тұрған тар киім тәрізді, бір жерінен болмаса бір жерінен сөгіліп кетеді». Әбілқайыр хан бұл қағиданы ұзақ жылғы ел билеген тәжірибесінен біледі.

Хан ойын Оспан-Қожа тағы бөліп жіберді.

— Батыр Саянды өлтірсеңіз ерке-шора Гүлбаһрам-Патшайымды да өлтірген болар едіңіз...

— Неге?

Гүлбаһрам-Патшайым қызыңыз батыр Саянға ғашық...

— Оны сенен басқа кім біледі?!

Ханның бұл сұрақты текке бермегенін Оспан-Қожа бірден ұқты. Ол сәл ойланып қалды да:

— Рабиу-Сұлтан-Бегім ханым, — деді қырылдай сөйлеп. — Ол екі жастың түбі қосылуына жан-тәнімен тілектес...

«Жоқ, Рабиу-Сұлтан-Бегім батыр Саяннан адал екен, әйтпесе жиырма тоғыздағы жас сұлу оны күндесінің қызына қимас болар... бірақ бұны тағы менен неге жасырды? Мұнда қандай сыр бар? Саянның Ұлықбек мырзаның баласы екенін білсем, мүмкін мен оны Сүйіншікке атеке етер едім ғой. Мұндай аңырақай, соқпақты, қиын жағдайларда ең бөктер жол сол болатын еді-ау!».

— Рабиу-Сұлтан-Бегім алдымен сізден Саянды Сүйіншікке көкілташ [32] етуді өтінбек болған. Бірақ жастайынан біріне-бірі ұнаған Гүлбаһрам-Патшайым мен Саяндай екі жасты аяды. Егер Саян Сүйіншікке көкілташ болғанда Гүлбаһрам-Патшайымнан мәңгі күдер үзер еді. Өз қарындасын өзі алуға Мұхаммет пай-
ғамбардың діні рұқсат етпес еді. Сол себептен сізден ханым оны атеке етуіңізді өтінді. Сен көнбедің ғой. Ал батыр Саянның кім екенін сізге айтуға қорықтық. Өйткені Қыпшақ батыры Қобыланды да сенің қызыңа ғашық... Бәрібір Қобыланды тұрғанда қайдағы бір келімсекке Гүлбаһрам-Патшайымды бермейтінің айдан анық қой.

Тоғыз торап жол бір жерге келіп түйіседі. Сондай-ақ сан адамның тағдыры кейде осындай бір тұстан табысады. Хан өз Ордасында тарам-тарам қан тамырларындай түйісіп, қайтадан тарасып жатқан құпия сырларға таң қалды. Қан тамырының бәрі келіп бір жүрекке құйып, қайта тарайды. Ордадағы сол жүрек Әбілқайырдың өзі ғой. Бірақ сол Орда тынысын, қан тамырларының қалай соғып жатқанын неге сезбей келген? «Халықты билеместен бұрын, ең алдымен Ордаңды билей біл. Ордаңды жұмған жұдырықтай берік ұстай алсаң, халықты да берік ұстай аласың» деп әлем құдіретшісі ұлы Шыңғысхан бабамыз бекер айтпаған екен, «өз Ордамда не болып жатқанын сезбегенде де Жәнібек пен Керейдің халқымды қалай бүлдіріп жүргенін қайдан білейін. Жоқ, жоқ, мен алдыменен маңымды берік ұстауым керек».

Хан енді басын көтеріп алды, қоңырау орнына алақанын шапалақтады. Үйге Бақты-Қожа уәзір кірді.

— Қазір менің қызым Гүлбаһрам-Патшайым мен Қобыланды батырды алып келіңдер.

«әрине, Гүлбаһрам-Патшайымды Қобыландыға қосамын. Жазықты ма, жазықсыз ба — бәрібір батыр Саян кінәлі. Тыныш жатқан арыстан — хан ашуын өзі оятты... Демек, Рабиу-Сұлтан-Бегім күнәсіз... Оның кесімін кейінге қалдырғаным жөн болған...»

— Хан ием, тағы да айтатын бір ақылым бар.

— Ол қандай ақыл?

— Уәзіріне сырын білдіріп алған хан қақпанға түскен аңмен бірдей. Тағдырың уәзіріңнің қолында. Достық ойласа қақпанынан құтқарып жібереді, қастық ойласа ұрып алады. Әйтеуір қақпанынан оңай босатпайды.

— Бұны сен маған неге айтып тұрсың?

— Бақты-Қожа уәзірден сақтан. Жұрт сенен емес одан қорқа бастапты. Мұндай айбар тек ханды өз уысында ұстаған уәзірдің қолынан ғана келеді.

«Мына сөзінде де жан бар секілді. Иә, Бақты-Қожа бір сырымды біледі. Және сыр болғанда қандай сыр! әрине сол сырымды өзіме қарсы пайдалануға тырысады. Кім біледі пайдаланып та жүрген шығар?.. Тұра тұр!» Әбілқайыр тағы да өзінің сезіктенгіш қылығына ауды. Оның көз алдында, кенет, құпия сыбырласып отырған Рабиу-Сұлтан-Бегім мен Бақты-Қожа уәзір елестеп кетті. Одан кейін бәйбішесінің кешегі бір өзіне деген жылы шырайы есіне түсті. Әдетінше түс мезгілінде хан Рабиу-Сұлтан-Бегім үйіне барған. Жас сұлу бәйбішесі ақ тотыдай таранып отырған. Әбілқайыр үйреншікті әдеті бойынша шымылдықтың қасына келіп шешіне бастағанында, Рабиу-Сұлтан-Бегім ақ мамықтың үстінен еркелеп түрегеліп, аяғын ырғала басып алтын кесеге шербет құйып әкелген.

— Гераттан жіберіпті. Бұғы мүйізінің нәрі қоса қайнатылған, аяғына дейін ішіңіз, хан ием, — деген.

Хан ішкен. Және денесі аппақ қардай, қарақат көз сұлу бәйбішесінің жанында әдеттегісінен анағұрлым ұзақ жатқан. Сол бір шатты сәтте әлі де он жеті жасар уылжыған қызға бергісіз осы бір періштедей сүйкімді әйелін Бақты-Қожа уәзірге өлтір деп тапсырғаны ойынан шығып кеткен. Бар ынтасы сол бір тамаша мезеттің қуанышын мейлінше соза түсуде болған. Өткіншек дүниенің қызығы да оған дәл осы сәтте марал мүйізінің сөлі қосылған шербеттің тәтті уытындай көрінген. Тек осы қызық тез өтіп кетпегей деп тілеген.

Ал сол сурет оның көз алдына басқаша елестеп кетті. Шербет құйылған алтын кесені қолына алды. Жанындағы Рабиу-Сұлтан-Бегім мөлдір көзіне қарай тұрып кесені түбіне дейін жұтып салды. Сөйтті де жүрегі өртеніп домалай барып құлады... «Марал мүйізі сөлінің орнына кішкентай ғана күшәланың уы қосылса не істеймін?! Жоқ, жоқ бұдан былай қарай тым сақ болған жөн. Япырмай, бір ажалдан аман қалған екем. Өзім де сезімге берілгішпін. Шербетті алдыменен Рабиу-Сұлтан-Бегімнің өзіне неге іштіріп алмадым? Екіншідей бұл естен шықпасын. Жалғыз Рабиу-Сұлтан-Бегім ғана емес, қай қатыным болса да берер асын, ішкізер сусынын ең алдыменен өздеріне таттырып көруім керек-ақ!»

— Хан сырын көп білетін уәзір тірі қалуға тиісті емес...

Ойда тұрған Әбілқайырға дәйекші сөзі алыстан талмаусырап жетті. «Иә, хан сарайларында бар өмірі өткен қарт дәйекші дұрыс айтады. Бақты-Қожа уәзір менің ең қылмысты сырымды біледі. Сондықтан...»

Үйге кірген шабарман кенет хан ойын бөліп жіберді.

— Тақсыр хан, үлкен бәйбішеңіз сізге айтуға бата алмай отыр екен. Гүлбаһрам-Патшайым ханша кешеден жоқ... Бір жетіден бері төмендегі елдің бәйгесіне екі қылаңды мініп кеткен секілді.

Мұндай хабарға еті үйреніп кеткен хан, қабағын да шытқан жоқ.

— Қобыланды батыр қайда екен?

— Тақсыр, Қобыланды батыр бар Қыпшағын соңынан ертіп ата мекен ескі қонысы Торғай өзенінің бойына көшіп бара жатыр.

— Неге?

Онысын білмеймін. Қас-қабағы жабыңқы. Жігіттері де қалың қол боп тастай түйініп алған. Қайт деуге бата алмадық. Жәнібек пен Керей ауылдары ауған Жағатай жұртына қарай қашқан Гүлбаһрам-Патшайым ханшаның соңынан қуып жете алмай қалыпты деседі жұрт. Ұзын-құлақ. Мүмкін бұл өсек болар.

«әрине бұл өсек емес. Қыпшақ батыр Қобыландының шынымен-ақ менің қызымда үміті болған екен. Қыз көнбей қашып кеткен соң, ызадан көшкен екен. Маған қолқа салуға қаймыққан ғой. Ажалға бермей, алып қалғанымды тағлым тұтқан да. Шіркін, ләззат, сен кәріні де, жасты да отқа саласың-ау. Оспан дұрыс айтады. Қобыландының Ақжол мен Саянға өшігуі де осыдан. Бірақ бір қатын қолыма түспеді деп, осыншама бүлінетін не бар еді, ақымақ! Осының ызасына әлде соңынан бар әскерімді жұмсап, қан жоса етейін бе? Жоқ, өйтудің керегі болмас. Торғай өзенінің бойы да менің қарамағымда ғой. Кетсе өз жеріне кетті, Жәнібек пен Керей тәрізді жеке хандықты көксеп, жат жаққа қаша жөнелген жоқ қой. Әлі-ақ сабасына түсер, қайта оралар...»

Әбілқайыр ақыл-сезімін астаң-кестең еткен бұл ойларын ешкімге сездірген жоқ. Тек:

— Қырық күншілік жерді бір күнде алатын Көксеңгірмен Гүлбаһрам-Патшайымға жете алмай қалса, шын таусылған екен! — дей салды теріс бұрылып кетіп.

— Иә, солай, тақсыр.

Хан сол теріс бұрылған қалпында «бәрің де кетіңдер!» деген ишарат білдіріп қолын сілтей салды. Уәзір, шабарман тұтқынды ала жөнелді.

— Қош бол, хан ием...

Әбілқайыр кешегі өзінің жақсы көретін ақылшысының бірі Оспан-Қожаға бұрылып та қараған жоқ. Ол дәл осы сәтте Оспан-Қожаны да, оның тағдырын да, бағанадан бері айтып тұрған су астында жатқан інжу-маржандай сырларын да есінен шығарған. Иә, ол өзгенің қастығы болмаса, жақсылығын тез ұмытатын. Бүкіл Дәшті Қыпшақ, Қорасанды билеп тұрған Әбілқайырға Оспан-Қожа деген құл кім? Жақын етсе өзі етті. Өлтірсе өзі өлтіреді. Ал дәйекші сорлы қайтадан зынданында ажалы жеткенше, іріп-шіріп жата бермек боп кете барды. Ханды енді басқа ой мазалай жөнелді.

«Жәнібек пен Керей Жағатай ұрпақтарының қол астына ауды. Қыпшақ Қобыланды көшті өз жайына. Самарқанттағы әбусейіттің теріс бұрылып бара жатқаны анау... Еділ бойындағы өзіне тән Қыпшақтарын ертіп қарға бойлы Қазтуған да Жәнібек пен Керейге қосылғалы қонысынан көтеріліпті деген сөзді кеше естідім. Және Қазтуған жырау:

Шырмауығы шөккен түйе таптырмас,

Балығы көлге жылқы жаптырмас,

Бақасы мен шаяны

Кежідегі адамға

Түн ұйқысын таптырмас,

Сөйткен менің Еділім,

Сен салмадың, мен салдым.

Қайырлы болсын сендерге

Менен қалған мынау Еділ жұрт, —

деп Еділ бойында қалған Алшын, Ноғайлы руларына батасын беріп көтеріліпті дейді. Өзге рулар да Жәнібек пен Керейдің соңынан ерді деген сөздерді жиі ести бастадым. Бұның бәрі неліктен? Отыз жылдай ат үстінен түспей көтерген Көк Ордам қайтадан құлағалы тұр ма? Егер менің көзімнің тірісінде мықтап шетінесе, он ұлым, он бес қызым, елуге тарта немерелерім, әрқайсысы ол Орданы өзіне қарай тартып пара-парасын шығармасына кім кепіл? Иә, сөйтулері мүмкін. Жоқ, ондай жағдайға жеткізуге болмайды. Ел тізгінін қайтадан қатты тартуым ақыл. Ең алдымен Мауреннахр мен Қорасанның биліктері қолындағы өзіммен тілектес хакім, сұлтандармен одақтасып алып, Жәнібек пен Керейдің қолтығына су бүркіп, жеке хандық етеміз деп отырған Моғолстанға ойранды салуым борыш...»

Әбілқайыр енді Ордасының ішіндегі жағдайға көз жіберді. «Алғашқы келісімді Ақсақ Темірдің ұрпақтары меңгеріп отырған Самарқант пен Бұқардан бастайтын болсам, Ұлықбек мырзаның қызы Рабиу-Сұлтан-Бегім жайындағы ой-пікірімді тез өзгертуім қажет. Заты әйел болғанмен Рабиу-Сұлтан-Бегім Ақсақ Темір ұрпақтары мен Мауреннахрдың бек, әмірлерінің алдында қадірлі. Тартыс-
та бұл қасиетін де есте тұтқан жөн. Әскер басқа елді басып алуға керек, ал жауыңның ақылды адамдары, бек-сұлтандары сол елді билеуіңе құрал». Әбілқайыр езу тартып күлді. Оспан-Қожа: «хан сырын білетін уәзір өмір сүруге тиісті емес» дейді. Дұрыс айтады. Бұл данышпан ақылыңды Бақты-Қожаны құрту үшін ғана емес, өзіңнің көзіңді де тезірек құрту үшін жұмсармын... Сен жеті қабат жер астындағы зынданда жатсаң да, білетін сырың жер астында жатпайды, бәрібір сыртқа шығады... Мұндайда қара жерге де тіл бітеді...»

Ертеңіне Оспан-Қожаға ас түсірілу тоқтатылды. Ал сол күні төрт нөкерімен хан Ордасына келе жатқан Бақты-Қожа уәзір үшті-күйлі жоқ болды да кетті... Хан шабармандары іздеп жан-жаққа қанша шапқыласа да оны таба алмай-ақ қойды, хан Ордасының маңайындағы Үйсіннің атышулы батыр, билері «бұл қалай?» деп күңкіл шығара бастады. Дәл осы кезде «Бақты-Қожа нөкерлерімен Моғолстанға өтіп кетіпті» деген лақап дүңк ете қалды. Өзі шығарған бұл лақапты ең алдымен Әбілқайыр пайдаланды, «Мені сатып кеткен әкесінің айыбы» деп, хан көптен бері көзін тігіп жүрген, ерніне әлі тірі жанның ерні тиіп көрмеген, кеудесіндегі қос алмасы тығыршықтай, дала киігіндей тағы, қамшының таспасындай тастай етіп өрілген қолаң шашы жерге түскен Бақты-Қожаның он төрт жасар сұлу қызы — Тоқтар-Бикені тоқалдыққа алды. Қандас уәзірдің кесірі тие ме деп, хан қаһарынан қорқып қалған Үйсін батырларының сыбырлары су сепкендей басылды.

Әбілқайыр жас тоқал алып ашуын басып, енді жорыққа дайындалуға кірісті.

Демек, Рабиу-Сұлтан-Бегім атақты Ақсақ Темірдің данышпан немересі Ұлықбектің қызы. Ол өзінің ақыл-парасатымен жұрт алдында ерекше көзге түскен. Сүлеймен пайғамбардың кезіндегі әйел патша Балқыз замандастарына қандай құрметті болса, бұған да өз замандастары біздің уақытымыздың Балқызы деген ат берген.

Жас иіс сұлу тоқалы Тоқтар-Бике Әбілқайырға тек өзінің сұлулығы мен жастығын берді. Өзгесін хан Рабиу-Сұлтан-Бегімнен тапты. Рабиу-Сұлтан-Бегім де өзіне хан ықыласының қайта түскенін көріп, жас иіске аз күн ауғанын кек тұтпай, енді бұрынғыдай емес, хан істеріне біртіндеп араласа бастады. Осы кезде Орда-Базарға әбду-Латифтың туған баласы Мұқамет-Жөкі келе жатыр деген хабар жетті.

Рабиу-Сұлтан-Бегім оны алдынан ат шаптыртып қарсы алды. Үстінде көк құрыш шынжыр сауыт, ер-тоқым, жүген-құйысқандарын алтынмен аптатқан он шақты жігіт Орда тұсына кеп түсе қалды. Хан Ордасына қарай жаяу жүрді. Қару-жарақтарын сыртқа қалдырып, бұлар иіліп сәлем беріп үйге кіріп келгендерінде, Әбілқайыр елең етіп шошып кетті. Ордада ханмен бірге тұрған Рабиу-Сұлтан-Бегім езу тартып күлімсіреді.

— Хан ием, бұл кіші балдызыңыз, әбду-Латиф мырзаның туған баласы Мұқамет-Жөкі, — деп басын иді.

Ал Жөкіге:

— Жалғыз бауырым Мұқамет-Жөкі, сау-саламат келдің бе? Мына кісі ұлы мәртебелі Сүлеймен пайғамбардай ақылды, Ескендір Зұлхарнайын патшадай айбарлы, бүкіл Дәшті Қыпшақ ханы Мауреннахр мен Қорасанның сырттай әміршісі Әбілқайыр жездең, — деді. Өзі барып, бірінші боп құшаққа құшақ тигізіп амандасып, бауырын қолтықтап ханға таяды.

Хан созылған қолды аларда тағы дір ете қалды. Сәл кейін шегініп те кетті. Бірақ құшаққа құшақ, кеудеге кеуде тигізіп амандасуға батылы бармады, тек қол алысып амандасты да қойды.

Әбілқайырдың расында сескенетін де реті бар еді. Мұқамет-Жөкі алғашқы үйге кіріп келгенде, оны батыр Саян екен деп қалған еді хан. Бірінен бірі аусайшы! Бір шыны аяқтағы екі тамшы судай ұқсас. Сол қалың қабақ, өткір көз, сопақтау келген сұрша бет. Бойлары да, дене құрылыстары да дәлме-дәл. Сұңғақ бой, арыс кеуде, жіңішке бел. Жас жолбарыстың аяқтарындай, аяқ-қолдары сомдала біткен. Жалпы қимылында, дене бітімінде секіруге дайындалған жолбарыс тәрізді бір қауіпті сұс бар...

Әбілқайыр қол алысып амандасып, Мұқамет-Жөкіден ел жайын, Мауреннахрдың күйін сұрап отырғанында да іштей сезіктенумен болды. Ханның мұндай жағдайын байқаған Рабиу-Сұлтан-Бегім енді Әбілқайырдан қонағын өз Ордасына алып баруға рұқсат сұрады. Бойын билеп алған әбігерден айырыла алмай отырған Әбілқайыр бірден көнді.

Рабиу-Сұлтан-Бегім сескенуден де, «әкең әкемді өлтірген» деп Мұқамет-Жөкіге кек тұтудан да аулақ еді. Әбду-Латиф Ұлықбек мырзаны, менің және өзінің әкесін өлтірді, ал өзі басқалардан ажал тапты. Ақырында екеуінің қастары әкесі мен баласынан бірдей құтылды. Бұған қарап Ұлықбектің қызы мен әбду-Латифтың ұлы қырық пышақ болуға тиістіміз бе? Жоқ, тиісті емеспіз. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді. Ұлықбек тұқымынан тірі қалғандардың ішіндегі ең жақыны біз екеуміз. Егер біз екеуміз жау болсақ, бұдан тек қастарымыздың бағы жанады.





Дата публикования: 2014-11-04; Прочитано: 484 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.014 с)...