Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Азақстан Республикасында туризмдi дамытудың тұжырымдамасы



Туризм әлемдiк экономикада басты рөлдiң бiрiн атқарады. Дүниежүзiлiк Туристiк Ұйымның (ДТҰ) деректерi бойынша ол әлемдегi жалпы ұлттық өнiмнiң оннан бiр бөлiгiн, халықаралық инвестицияның 11 пайыздан астамын, әлемдiк өндiрiстiң әрбiр 9-шы жұмыс орнын қамтамасыз етедi.

Туризмнiң қазiргi индустриясы табысы жоғары және серпiндi дамып келе жатқан қызмет көрсетулердің халықаралық сауда сегменттерінің бiрi болып табылады. 2005 жылы халықаралық туризмнің үлесi экспортқа шығарылатын дүние жүзiлiк табыстың 8 пайызын, қызмет көрсету секторы экспортының 37 пайызын құрады. Туризмнен түскен табыс мұнай, мұнай өнiмдерi және автомобиль экспортының табысынан кейiн тұрақты үшiншi орында келедi. Мұндай оң үрдiс жаңа мыңжылдықтың бас кезiнде де сақталады деп күтiлуде. Әлемдiк туристiк рыноктың дәстүрлi аудандары өзiнiң рекреациялық сыйымдылығының шегiне iс жүзiнде жеткендiктен, туризмнiң өсуi туристер баратын жаңа аумақтар есебiнен басым дамитын болады. Осыған байланысты, Қазақстанның әлемдiк туристiк рынокта өзiнiң лайықты орнын табуға бiрегей мүмкiндiгi бар.

Қазiргi туризм еңбекшiлердiң жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына шығуымен байланысты болды, мұның өзi адамның демалуға және бос уақытын өткiзуге негiзгi құқығын тану болып табылады. Ол жеке адамды, адамдар және халықтар арасындағы өзара түсiнiстiктi дамытудың факторына айналды.

ДТҰ, туризм жөнiндегi мамандандырылған халықаралық ұйымдардың зерттеулерiнiң талдауына, сондай-ақ мемлекеттердiң туризмдi дамыту саясатына сәйкес, туризм мемлекеттiң әлеуметтiк, мәдени және экономикалық өмiрiне тiкелей ықпал ететiн қызмет ретiнде түсiніледi.

Қазiргi туризм - бұл әлемдiк экономиканың құлдырауды білмейтiн саласы. Мамандардың есебi бойынша, орташа есеппен, бiр шетелдiк туристiң беретiн табысын алу үшiн оған барабар, шамамен 9 тонна тас көмiр немесе 15 тонна мұнай немесе 2 тонна жоғары сортты бидайды әлемдiк рынокқа шығару керек. Бұл ретте, шикiзат сату елдiң энергия көздерiн азайтады, ал туристiк өндiрiс таусылмайтын ресурстармен жұмыс iстейдi. Шетелдiк экономистердiң есебi бойынша, 100 мың турист қалада орташа есеппен екi сағат болған кезде кемiнде 350 мың доллар немесе адам басына бiр сағатта 17,5 доллар жұмсайды. Сөйтiп, шикiзат сату өзiндiк экономикалық тығырыққа тiрелу болса, ал туризмдi дамыту - ұзақ мерзiмдi, экономикалық тиiмдi болашақ.

Туризм жалпы алғанда, мемлекеттiң экономикасына үш оң нәтиже бередi:

1. Шетел валютасының құйылуын қамтамасыз етедi және төлем теңгерiмi мен жиынтық экспорт сияқты экономикалық көрсеткiштерге оң ықпал жасайды.

2. Халықтың жұмыспен қамтылуын көбейтуге көмектеседi. ДТҰ мен Дүниежүзiлiк туризм және саяхат кеңесiнiң бағалауы бойынша туризм өндiрiсiнде құрылатын әрбiр жұмыс орнына басқа салаларда пайда болатын 5-тен 9-ға дейiн жұмыс орны келедi екен. Туризм тура немесе жанама түрде экономиканың 32 саласының дамуына ықпал жасайды.

3. Елдiң инфрақұрылымын дамытуға жәрдемдеседi.

Туризм елдiң тұтас аудандарының экономикасына белсендi әсер етедi. Туризм саласындағы шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң құрылуы және жұмыс істеуi жол көлiгiн, сауданы, коммуналдық-тұрмыстық, мәдени, медициналық қызмет көрсетудi дамытумен тығыз байланысты. Сөйтiп, туризм индустриясы басқа экономикалық секторлардың көпшiлiгiмен салыстырғанда, неғұрлым пәрмендi мультипликаторлық тиiмдiлiкке ие.

Туризм жеке және ұжымдық жетiлдiру құралы ретiнде жоспарлануы және тәжiрибеде iске асырылуы тиiс демалыспен, бос уақытты өткiзумен, спортпен, мәдениетпен және табиғатпен тiкелей араласуға байланысты қызмет. Мұндай жағдайда, ол өз бетiмен білiм алудың, толеранттықтың және халықтар мен олардың әр түрлi мәдениеттерiнiң арасындағы олардың өзгешелiктерiн танып-бiлудiң бiрден бiр факторы болып табылады.

Туризмнiң жылдам және тұрақты өсуiн, оның қоршаған ортаға, экономиканың барлық секторлары мен қоғамның әл-ауқатына күштi әсерiн назарға ала отырып, Үкiмет Қазақстанның ұзақ мерзiмдiк даму бағдарламасында туристiк саланы басымдық ретiнде белгiледi.

Осы Тұжырымдама туризм саласында тұтас мемлекеттiк саясатты қалыптастыруды, Қазақстанда қазiргi заманғы бәсекеге қабiлеттi туризм индустриясының құқықтық, ұйымдастырушылық және экономикалық негiздерiн қалыптастыруды көздейдi.

Туризм саласындағы халықаралық қатынастарды дамытуға жасалған қадамдардың бiрi - Қазақстанның 1993 жылы толығымен ДТҰ-ға толық мүше болып қабылдануы, туризм саласындағы ынтымақтастық туралы халықаралық келiсiмдер жасауы болды. Бiрқатар келiсiмдердiң шет мемлекеттердiң Қазақстанды туристiк әлеуетi мол перспективалы серiктес ретiнде тану бастамасымен болғандығын атап өту керек.

Қазақстан Республикасының Статистика жөнiндегi агенттiгiнiң 2006 жылғы дерегi бойынша елде 425 туристiк ұйым болды, оның iшiнде 6 мемлекеттiк кәсiпорын, 405 жеке меншiк нысанында және 14 шетелдiк туристiк агенттiк жұмыс iстедi. Қазақстандық кәсiпорындар 80 елдiң туристiк фирмаларымен шарттық қатынастар орнатқан. 4 алматылық, және 13 облыстық турфирма 8 мемлекетке чартерлiк әуе рейстерiн жүзеге асырады.

Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Оңтүстiк Қазақстан облыстарындағы, сондай-ақ, Алматы және Астана қалаларындағы туристiк фирмалар желiсi неғұрлым дамыған болып табылады. Осы облыстардың және қалалардың туристiк ұйымдары жыл сайын туристердің және экскурсанттардың 88 пайызына дейiн қызмет көрсетедi.

Тұтастай алғанда, 2006 жылы барлық меншiк нысандарындағы кәсiпорындар 2410,5 млн. теңге сомасында, оның iшiнде мемлекеттiк туристік кәсiпорындар 57,3 млн. теңге, жеке меншiктегiлерi 2298,5 млн. теңге, шетелдiк фирмалар 54,7 млн. теңге сомасында өнiм сатты, жұмыстар орындады, қызметтер көрсеттi.

Республика бюджетiнен түсетiн жалпы түсiмдердегi туристiк қызметтен түскен салық пен алымдардың үлесi 2007 жылы 0,1%-ды құрады. 2008 жылы статистикалық есеп беру үлгiсi бұл мәлiметтердi жинауды көздейдi. 2008 жылы 2007 жылмен салыстырғанда елдегi ЖIӨ-нiң туризмдегi үлес салмағының өсу үрдiсi байқалады, ол 1,1%-ды құрады.

Туристiк ұйымдармен 2008 жылы барлығы 228,3 мың туристке қызмет көрсетiлдi, Қазақстанның туристiк фирмаларының қызметiн 55,9 мың шетелдiк азамат пайдаланды, бұл 1998 жылмен салыстырғанда 20,9 мыңға немесе 60%-ға көп. 2008 жылы қызмет көрсетiлген туристердiң жалпы көлемiнен шетелге туристердi жiберу 45%-ды құрады, iшкi туризм 30%, шетелдік туристердi қабылдау 24%, экскурсиялық қызмет көрсету 1% құрады.

Қазақстандық туристердің неғұрлым көп баратын жерлерi: Ресей, Қытай, Германия, Корея Республикасы, Польша, Түркия, БАӘ. Бiздiң елiмiзге Ресейдiң, Қытайдың, Германияның, Корея Республикасының, Пәкістанның, Польшаның, Түркияның азаматтары жиiрек келедi.

Туристiк қызметке жасалған талдау көптеген турфирмалардың сыртқа шығу туризмiмен айналысатындығын көрсеттi, ал бұл, бiрiншi кезекте, Қазақстаннан капиталдың жылыстауына әкеп соғады. Тек қана 2008 жылы 57,1 миллион АҚШ доллары республикадан тыс шетке шығарылған. Республика азаматтарының шет елге тауарлар сатып алу, кейiннен оны сату мақсатында баратын жолсапарлары, бұрынғысынша бұқаралық сипат алып отыр, ал шоп-туризм Қазақстандағы туристiк қызмет көрсету рыногының жай-күйiн анық көрсетедi. Ол экономикалық дағдарыс кезеңiнде туристік қызметке сұранысты жандандырып, көбiнесе туристiк фирмалардың тиiстi тәжiрибесiнiң және бiлiктi мамандарының жетiспеушiлiгiне байланысты туристер мен "чартер ұстаушылар" арасындағы делдалдық қызмет атқаруына елеулi көмек көрсеттi. Қазақстанның тұтыну рыногының төрттен бiрiн "қапшықтау" бизнесi тауарлармен толтырады және тұтастай алғанда, бiр мезгiлде тауар өткiзу мен сату жүйесiндегi 150 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етедi. Қазақстанның iшкi сауда айналымындағы жыл сайынғы "қапшықтау" саудасының көлемi шамамен 2 млрд. АҚШ долларын құрайды.

Сонымен бiр мезгiлде, шоп-туризм, ең алдымен, елiмiздiң бюджетiне керi әсер етедi. Туристiк бизнестiң секторларының бiрi ретiнде шоп-туризмнiң өсуi туристiк қызмет көрсетудiң деңгейiн көтеруге елеулi әсер ете қойған жоқ.

Бүкiл өркениеттi дүние негiзгi туристер ағынын өздерiне тартуға ұмтылуда, себебi туризм мемлекет бюджетiнiң кірiс бөлiгiн толықтырудың маңызды көздерiнiң бiрi болып табылады. Сондықтан, Қазақстанға шетелдiк туристер ағынын көбейту қажет. Осы мақсатта туристiк ұйымдардың қызметiн, мұның өзi бiрiншi кезекте, көлiк құралдарының, орналастыру құралы, кадрлық қамтамасыз етудiң жай-күйiне байланысты, келушi туризмдi дамытуға қайта бағдарлау қажет.

Көлiк. Бүгiнгi таңда Қазақстанның халықаралық авиажелiлерінің Германияға, Үндiстанға, Бiрiккен Араб Әмiрлiктерiне, Түркияға, Италияға, Корея Республикасына, Венгрияға, Израильге, Қытайға, Таиландқа ұшуды жүзеге асыруға мүмкiндiгi бар. Iшкi және халықаралық рыноктарда жұмыс iстейтiн "Эйр Қазақстан" ұлттық тасымалдаушысы және басқа авиакомпаниялар авиа тасымалдарын жүзеге асырады. Туристердiң көпшiлiгi сервис және қызмет көрсету сенiмдiлiгi жағынан отандық тасымалдаушыларға қарағанда авиа рейстерiн жүргiзетін шетелдiк тасымалдаушылардың қызметiн пайдаланғанды жөн көредi, мұның өзi отандық тасымалдаушылар жасайтын авиа рейстер жолаушылар ағынын азайтатыны сөзсiз. Оның үстiне, авиабилеттер құнының қымбаттығы Қазақстанның туристiк өнiмнiң құнын өсiредi және тиiсiнше оның халықаралық рыноктағы бәсекелесу қабiлетiн төмендетедi.

Автомобиль көлiгi шекаралас мемлекеттерге шоп-туризмдi ұйымдастыру және экскурсиялық бағыттарды ұйымдастыру үшiн пайдаланылады. Алайда, оны дамыту, тұтасымен алғанда, жолдардың жай-күйiне және туристiк көлiк құралдарына тиiстi техникалық қызмет көрсетiлуiне де байланысты болады. Республиканың автобус паркi қараусыз қалған, сонымен бiрге қазiргi заманғы жайлы автобустар жоқтың қасы, бұл туристерге қызмет көрсетудi жоғары деңгейде ұстауға мүмкiндiк бермейдi.

Негiзгi темiр жол тасымалдаушысы "Қазақстан темiржолы" республикалық мемлекеттiк кәсiпорны 14 бағыт бойынша жолаушылар тасымалдайды. Қазақстанның темiр жолдарымен транзитпен Қырғызстанның, Өзбекстанның, Ресейдiң, Тәжiкстанның және Түркiменстанның жолаушылар пайыздары өтедi.

Келешекте экологиялық жағынан таза қоғамдық туристiк көлiктi дамытуға назар аудару қажет.

Орналастыру құралы. Туристiк бизнестi шектеушi елеулi факторлардың бiрi туризм индустриясы материалдық базасының мүмкiндiктерiнiң төмендiгi болып табылады. Қазiргi уақытта, республиканың қонақ үйлерiнде, турбазаларында, кемпингтерiнде және басқа орналастыру объектілерiндегi сыйымдылық жүктеменiң 35%-ын құрайды. Сондай-ақ елдегi қонақ үйлердiң саны 1997 жылмен салыстырғанда, 40%, ал бiр жолғы керует-орынға сыйымдылық тиiсiнше 30%-ға төмендедi.

Соңғы бес жылда 605 қонақ үй жабылды, 1999 жылы республикада 205 қонақ үй жұмыс істедi, нөмiр қоры небәрi 15%-ға ғана толтырылды.

Облыс орталықтарында шетелдiк келушілерге сапасыз туристiк өнiм берудiң басты себебi тиiстi сыныптағы қонақ үйлердiң болмауы, ал қолдағы бар қонақ үй базасы 80 пайызға ескiрген, қонақ үйлердiң бiр бөлiгiнiң жай-күйі мүлде нашар және банкроттық жағдайда тұр, себебi олар 60-шы жылдары салынған.

Талдау көрсеткенiндей, туристiк сыныптағы қонақ үйлердiң (2-3 жұлдызды немесе шағын және орташа мейманханалар) рентабельдiлiгi неғұрлым жоғары.

Кадрлармен қамтамасыз ету. Туризм дамуындағы түйiндi мәселенiң бiрi туристiк кадрлар даярлау болып табылады. Қазiргi уақытта, Қазақстандағы мемлекеттiк, жеке және ресейлiк филиалдарды қосқанда, туризм менеджерлерін даярлайтын 28 жоғары оқу орны бар. Қазақстанда мұндай кадрлар даярлаудың негізi 1992 жылы қаланғандығына қарамастан, туристiк саланы мамандармен қамтамасыз ету әлi күнге дейiн қанағаттанғысыз жағдайда қалып отыр. Көптеген жоғары оқу орындарында мұның басты себебi Қазақстандағы туристiк әлеует туралы оқытушылар құрамының білiм және туристiк саладағы жұмыс тәжiрибесi, деңгейiнiң жеткiлiксiздiгi болып отыр. Соның нәтижесiнде, мамандарды даярлау отандық туристiк-рекреациялық ресурстарды ұстау, туристердi қабылдау үшiн оларды пайдалану технологиялары мен ықтимал клиенттер арасында туристiк қызмет көрсетулердi атаулы жарнамалаудың әдiстемесi жеткiлiктi түрде ескерусiз жүргiзiлуде. Сондықтан, жоғары оқу орындары түлектерiнiң едәуiр бөлiгiнiң туроператорлық қызметтi толық атқаруға шамасы жетпейдi.





Дата публикования: 2015-10-09; Прочитано: 1245 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.009 с)...