Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Аштыққа қарсы күрес және Қазақстандағы жаппай босқыншылықты тоқтатуға тағытталған шаралар



Ашаршылық салдарынан қазақ шаруаларының жаппай босқыншылыққа ұшырауы Қазақстандық партия басшыларын жай қалдырмады. 1932 жылы 31 наурызда Өлкелік партия комитетінің бюросы «Қоныстарынан ауа көшкен кедейлер, орташалар қожалықтарын орналастыруды ұйымдастыру туралы» арнайы қаулы қабылдады. Аштыққа қарсы күрес және босқыншылықты тоқтату мақсатында Мемлекеттік комиссия құрылды. Олар облыстарда жұмыс атқарды Олардың негізгі мақсаты Қазақстаннан көрші аймақтарға босып кеткен кедейлер мен орташаларды ерекше уәкілдер арқылы сәуір-мамыр айларының ішінде елге қайтару, орналастыру болды.

1932 жылы 9 қыркүйекте Ф.Голощекин БК(б)П Орталық Комитетіне арнайы хат жолдап көмек сұрады. Ол Қазақстанның 25-30 ауданында 150 мыңдай босқын қазақ шаруаларының қожалығы бар екенін, бұлардың 50 мыңдайы кезінде басқа жаққа ауа көшіп, кейіннен қайта оралғандар екендігін, әсіресе осы қожалықтардың жағдайы ауырлығын ашық айтты. Бұл хаттан кейін БК(б)П Орталық Комитеті 1932 жылдың 17 қыркүйегінде, КСРО Халкомы осы жылдың 5 қазанында Қазақстанның ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығы туралы арнайы қаулы қабылдады. 1933 жылдың қаңтар айында Ф.Голощекин қызметінен босатылып, оның орнына Л.Мирзоян келді.

Л.Мирзоян келсімен Өлкелік партия комитеті мен Халық Комиссарлар Кеңесін босқындарды орналастыру мәселесімен нақты айналысуға жұмылдырды. 1934 жылы Қазақстанда босқындарды орналастыру ісі негізінен аяқталды.

1931-1933 жылдардағы шығын халқымыз үшін мұның алдында болған 1916-1921 жылдардағы күйзеліс кезіндегі шығындардан үш есеге дерлік, ал 1945 1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысының тура және жанама шығынынан алты еседен астам көп болды. Адамдар тағдарына мұндай немкетті қараушылық – тоталитарлық жүйенің бюрократиялық-деспоттық басқару әдісінен туындаған еді. Егер 1932 жылғы ойран болмағанда бүгінгі таңда қазақ халқының өсімі 32 млн. асып түсуі күмансыз еді.

Ұжымдастыру кезінде ең бастысы өлкенің, ұлттың өзіндік ерекшелігі ескерілмеді, онымен санаспады. Өлкенің жер жағдайын білмейтін Ф.И.Голощекин үшін көшпендінің 30-40 ұсақ малының, 4-5 ірі қарасының болуы шектен тыс байлық болып есептелді. Оның пайымдауынша, Ұлы Қазан социалистік революциясы шаралары өлкеде дәйекті түрде жүзеге асырылмаған, “дала тұнған ұсақ буржуазия”, ендеше Кіші Қазан революциясын жүргізу қажет деп табылды. Оның “Кіші Қазан” идеясы тікелей ұжымдастыру кезінде ту етіп көтеріліп, адам айтқысыз ауыр зардаптарға ұшыратты. Атам заманнан бергі көшпенді тұрмыс-салтына негізделген қазақтың бар байлығы малы еді.

Ең бастысы 1928 жылдан бастап мал басының күрт азаюы байқалып, мал шаруашылығында үрейлі жағдай қалыптасты. Мал басы кемуінің себептері әртүрлі еді: 1929-1930 жылдардың қысындағы мал басы бір бөлігінің жұтқа ұшырауы, астық тапшылығы салдарынан етті тұтыну мөлшерінің өсуі, астық дайындауды орындау қажеттіліктерінен туған малдың сатылу көлемінің ұлғаюы, жылдан-жылға ет дайындау жоспарының өсуі, бай-кулактардың малды қыру сияқты шараларының орын алуы, қоғамдастырылған малдардың жемшөппен толық қамтамасыз етілмеуі салдарынан едәуір бөлігінің шетінеуі, т.б. Кеңес мемлекетінің осындай солақай саясатының салдарынан ұжымдастыру қарсаңында республикада 40,5 млн мал болса, 1933 жылғы 1 қаңтардың қарсаңында небәрі 4,5 млн бас мал ғана қалды. Сөйтіп, мал басы толықтай шығынға ұшырады

Қазақ АКСР OAK мен ХКК-нің “Байлардың шаруашылықтарын тәркілеу туралы” Декретін орындау барысында жіберілген қателік аса ауыр зардаптарға соқтырды. Жергілікті органдарға берілген жарлықтарда жойылатын кулактар шаруашылығының үлесі жалпы шаруашылықтардың санына шаққанда 3-5%-дан аспауға тиіс екендігі көрсетілген болатын. Әміршіл-әкімшіл жүйенің салдарынан жойылатын кулактар саны барлық жерде әрдайым ең жоғары көрсеткіш шегіне дейін “жеткізілді”, сөйтіп, қанаушы элементтермен бірге ауқаттылардың, орташалардың шаруашылықтары тәркіленді. Толық емес деректер бойынша, 1931 жылы 5500 жанұя тұтқынға алынып, жер аударылған.

Қазақтар “қуғын-сүргін мен аштықтан бас сауғалап, тыныштық орнағаннан кейін жат жерден қасиетті ата-баба жұртына қайта оралу үмітімен” шетелге кетіп жатты. 1931 жылғы күзде Шығыс Қазақстан облысының шекаралық аудандарында республиканың ішкі аудандарынан көшкен үш мыңнан астам шаруашылық шоғырланып қалды. Ә.Жангелдин басқарған ҚАКСР үкіметтік комиссиясының күшімен шаруашылықтардың бір бөлігі бұрынғы тұрған жерлеріне қайтарылды. Алайда, 1931 жылдың аяғына қарай жаппай ашаршылыққа ұшыраған аудандардың халқы республикадан тыс жерлерге ауды. Оларды енді ешкім тоқтата алмастай еді. Нәтижесінде Өзбекстан, Қырғызстан және Ресеймен шекаралас аудандарда тірі қалу үмітімен босқындар саны мың-мыңдап саналды.

Халықтың бастапқы жиынтық санының төрттен бірі, яғни 1030 мың адам республикадан тыс аймақтарға көшіп кетті. Оның 616 мыңы оралмады, ал 414 мыңы кейін Қазақстанға қайтып келді. Мамандардың бағалауы бойынша оралмай кеткен 200 мыңға жуық адам шетелге – Қытайға, Моңғолияға, Ауғанстанға, Иранға және Түркияға жол тартты.

Қазақтардың іргелес өңірлерге көшіп барып қоныстануына нақты дәлел болатын деректер 1926 және 1939 жылғы санақтарда келтірілген. Егер 1926 жылғы санақ бойынша көршілес республикаларда қазақ ұлтының 314 мың өкілі тұрған болса, 1939 жылғы санақ бойынша ол 794 мың адамға жетті, яғни көбею салыстырмалы шекте 453 мың адамды құрады. 1926 және 1939 жылдар аралығындағы санақаралық кезеңде мигранттар есебінен қазақтар: РКФСР-да 2,3 есе, Өзбекстанда – 1,7 есе, Түркіменстанда – 6 есе, Тәжікстанда – 7 есе, Қырғызстанда 10 есе өсті.





Дата публикования: 2015-09-17; Прочитано: 2713 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.007 с)...