Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Саясатын жетілдіру жолдары



Стратегиялық тұрғыдан инвестициялар кәсіпорындардың дамуын, техникалық жарақтануын және экономикалық өсуін анықтайтын негізгі буын болып табылады. Елімізде болған соңғы жылдардағы өзгерістерге байланысты кәсіпорындар үшін де біршама қолайлы инвестициялық жағдай қалыптасты. 2003жылы 8-қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасының «Инвестициялар туралы» Заңы инвестицияларды ынталандырудың экономикалық негіздері мен принциптерін анықтап, еліміздегі инвестициялық жағдайды одан әрі жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар отандық кәсіпорындардың инвестициялық қызметін жетілдіруге кедергі болатын бірқатар, әлі де болса шешуін таппаған, мәселелер бар:

- ұлттық экономиканың шикізат көздеріне бағытталғандығы;

- өңдеуші өнеркәсіптің өнімділік деңгейінің төмендігі;

- ішкі нарықтағы тауарларға деген тұтынушылық сұраныстың төмендігі;

- өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымның жете дамымағандығы;

- кәсіпорындардың жалпы техникалық және технологиялық жағынан артта қалғандығы;

- ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын инвестициялық шығындардың төмен деңгейі және т.с.с.

Өкінішке орай, жалпы ішкі өнімде (ЖІӨ) инвестициялардың деңгейі төмен болып қалып отыр – небәрі 19%. Еліміздегі инвестициялар деңгейін екі есеге дейін арттыру қажет. Қазіргі кезде инвестициялардың басым бөлігі (80%-ға дейін) негізінен айналымдық қаражаттарға немесе қысқа мерзімді негізгі құралдарға бағытталуда. Елден сыртқа қарай капитал ағындары орын алуда. Осы орайда кәсіпорындардың инвестициялық қызметін ынталандыру бірінші кезектегі мәселе болып отыр.

Қазақстандық кәсіпорындардың халықаралық деңгейде бәсекелестік қабілетін арттыратын маңызды фактор – инновациялық жобаларға салынатын инвестицияларды ынталандыру болып табылады. Елімізде инновациялық жобаларды жүзеге асыру үшін инвестициялар тарту бойынша біршама тәжірибе жинақталған, мысалға, Қарағанды, Екібастұз, Өскемен, Шымкент қалаларында инновациялық сипаттағы жобалар іске асырылған болатын. Айта кету керек, жаңа өндірістердің басты ерекшілігі – бастапқы шикізат көзі ретінде техногендік өнімдер, өнеркәсіптік тауарлар және өндірістік қалдықтар қолданылды, ал негізгі шикізат көздері, баршаға мәлім, экспортқа және басқа елдерге жөнелтілуде.

Сонымен қатар, қазіргі таңда Қазақстанда инновациялық қызметтің қажетті инфрақұрылымының жоқтығынан, инвестициялық жаңалық ашқан кәсіпорындар бірқатар қиындықтарға тап болады. Сол себепті жаңа технологияны ойлап табудан, оны жүзеге асырып, өндіріске енгізуге және өнімдер шығаруға дейін ұзақ уақыт кетеді. Атап айтсақ, қаржы институттары, әдетте, технологилық сипаттағы инвестициялық жобаларды тәуекел деңгейінің жоғары болатындығына байланысты қаржыландыруға құлықсыз. Сондай-ақ, несиелерді кепілдендіруге жоғары талаптар қойылады, ғылыми-зерттеу жұмыстарының құнын бағалау механизмі жоқтың қасы, несиелердің мөлшерлемелік деңгейі әлі де болса жоғары деңгейде қалып отыр.

Жоғарыда айтылған мәселерді шешумен қатар, инвестициялар туралы заңнаманы да жетілдіріп, инвестициялық белсенділікті арттыратын жағдайлар жасау керек. «Инвестициялар туралы» жалғыз заң еліміздегі инвестициялау және инвестициялық жобалау мәселелерін шешуге жеткіліксіз. Атап айтқанда, тікелей, қоржындық және ішкі инвестицияларды тарту арқылы инвестициялық жобаларды тиімді құруға және жүзеге асыруға кедергі болып тұрған келесі жағдайларды айтуға болады:

- заңнамалық актілердің жетілмегендігі, шет елдік және отандық инвесторлар үшін айырмашылықтардың орын алуы және жиі өзгерістерге ұшырауы;

- инвестициялық жобаларды талдау және бағалау мамандарының төмен біліктілігі және жауапкерсіздігі, олардың жиі алмастырылуы;

- инвестициялық жобалаудың әдістемелік негіздерінің жоқтығы; бұл өз кезегінде шетелдік әдістемелердік отандық экономикалық жағдайларына үйренісіп кетуіне біраз бөгеттер жасады, нәтижесінде оларды қолданудың тиімділігін төмендетіп жіберді.

Қазіргі таңда кәсіорындардың тиімді инвестициялық саясат жүргізуі үшін аталған мәселелерді шешу қажет, атап айтқанда келесі шараларды жүзеге асыру керек:

- салықтық жеңілдіктер мен инвестициялық преференцияларды тек жаңа кәсіпорындарға жаңа өнімді өндіру барысында ғана беру;

- Қазақстан Республикасының «Тікелей инвестицияларды қолдау туралы» Заңын инвестициялық жобаларды сараптауды ұйымдастыру мен жүргізу бойынша баптарын жетілдіру;

- отандық және шетелдік инвесторлардың құқықтарын теңдестіру мақсатында жаңа «Инвестициялар туралы» заңды жетілдіру;

- «Құнды қағаздар нарығындағы инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғау туралы» Заң қабылдау;

- инвестициялық жобалардың қаржылық тиімділігін бағалау бойынша әдістемелік нұсқаулар әзірлеу, жобаларды талдау үшін нақты қаржылық көрсеткіштер мен қаржылық ақша ағындарын негізге алу;

- инвестициялық жобалардың тиімділігін бағалау үшін экономикалық көрсеткіштер жүйесін әзірлеуде экономикалық, әлеуметтік, құрылымдық сипаттағы факторларды ескеру; инвестициялардың тиімділігінің экономикалық негіздерін анықтау барысында өндірістік шығындарын толық есепке алып, кәсіпорынды да, тұтынушыны да қанағаттандырарлық табыс алынуы тиіс;

- инвестициялық жобаларды бағалау бойынша әдістемелік нұсқауларда тәуекелділік факторларының міндетті түрде ескерілуі, инвестициялық жобаларға инфляция деңгейін ескере отырып түзетулер енгізу;

- инвестициялық жобалардың тиімділігін анықтаудың уақытша әдісін әзірлеу.

Аталған шаралардан басқа инвестициялар және инвестициялық жобалау туралы біртұтас заңдық және нормативтік-құқықтық негіздерді дәлірек айтқанда, Инвестициялық кодексті қалыптастыру қажет. Бұл инвестициялық саясаттың және инвестициялық жобалауды жетілдірудің негізгі бағыттарын нақты анықтауға мүмкіндік береді.





Дата публикования: 2015-04-10; Прочитано: 874 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.007 с)...