Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

шінші бӨлім 5 страница



Бірақ қазақ тәрізді көшпелі елдің қонтайшысы Қалден Церен Абылай қулығын бірден ұқты. Қазақтың бас күші Созақ тұсынан шығатын Бөгенбай бастаған, не болмаса Аралдың жоғарғы сағасынан, — қарақалпақтың өкпе тұсынан кеп тиісетін Жәнібек сарбаздары емес екенін айтпай түсінді. Бас күш Абылай маңайында деп ойлады ол. Бұны Түркістанның күншығыс жағына жіберген ертөлелері де анықтап қайтты. Бұл кездегі жоңғар әскер басшысы Қалден Цереннің ортаншы ұлы Цеван-Доржи Созақ пен Қазалыға көмекші әскерлер жіберді де, өзі он бес мың қолымен Абылайға қарсы аттанды.

Абылай әскерінен бұрын келіп, ол Жаңақорған бекінісін қоршай шебін құрды. Ортада жаяу жасағы. Екі бүйірінде жоңғардың жал құйрығын өріп тастаған тапал жылқысын мінген атақты атты әскері. Цеван-Доржи бұ жолы түйе үстіне орнатылған он бес жеңіл зеңбірегін, Абылайдың мың төлеңгітінен құрылған кілең ер жүрек атты әскері жүреді-ау деген жерге орналастырды.

Алдында жау шебі барын білген Абылай, енді өз әскерін жая түсті. Жаңақорған бекінісін алуды бес мергені бар Қабанбайға жүктеді, Сырымбетті оң жақ қанаты, Баянды әскерінің сол жақ қанаты етті. Әрқайсысында үш мыңнан атты әскер. Олардың соңынан сойылды, шиті мылтықты үш мыңнан сарбаздары бар Малайсары, Оразымбет батырлар. Өзі Сағымбай, Қанан, Жанұзақ секілді ерлерімен, жорыққа алғашқы аттанған он жеті жасар Жанай деген баласымен шептің дәл ортасында болды. Қарамағында аты шулы, ер жүрек төлеңгіттерден құралған мың салт атты жауынгерлері бар. Бұны басқаратын «Алтайдың ақбасы» аталған ер Сеңгірбай.

Жансыз жіберілген ертөлелері арқылы Абылай өзіне қарсы тұрған қайын ағасы Қалден Церен өліп, енді Жоңғар қонтайшысы болған Цеван-Доржи екенін білді. Абылайдың бұл әміршіге ерекше өштігі бар. Қалден Цереннен қазақ жеріне Ертіс жағынан тиюді талап еткен де — осы Чорас руымен көңілдес Цеван-Доржи. Абылай Қалден Цереннің қолына түскенде, оған өлім жазасын сұраған да — осы Цеван-Доржи. Барақ пен Әбілқайырдың өштесуіне себепкердің бірі болған да — осы Цеван-Доржи. Ал кейін Әбілқайырды өлтірген Барақты қазақтарға бермей қалып, бірақ түбі өз елі жағына шығып кетуі ықтимал деген қауіппен өткен жылы, яғни бір мың жеті жүз елу екінші жылы, у беріп өлтірткен де осы Цеван-Доржи. Рас, Барақтың өлуімен байланысты, Абылайдың алдында бақ таластырып кесе-көлденең тұрар ешкім қалмады. Сол күннен бастап Абылай Орта жүздің бірден-бір билеушісі деп саналды. Ұлы жүздің біраз рулары да бұның жағына шықты. Бірақ соған қарамастан Цеван-Доржи Абылайдың тісі көптен қайраулы еді. Ана бір жылы Әбілмәмбет хан Қалден Церен бітімге келіп, баласы әбілфейізді аманатқа Ташкенттегі қонтайшы Ордасына қалдырғанда, уәде бойынша қазақ еліне қайтаратын Түркістан мен Сыр маңындағы отыз қаланы бергізбегендердің бірі — осы Цеван-Доржи. Егер сондағы бітім іске асқан болса, бүгінгі қан төгілмес пе еді, қайтер еді. Цеван-Доржидің күткенінің өзі осы майдан болса, сол майданды бүгін Абылай ашпақ!

Ұрыс сәрсенбі күні таң ата басталды. Абылай да, Цеван-Доржи да елшілер арқылы уәделескен мезгілдерінде өз әскерлеріне «аттан» деп бұйрық берді. Көлденеңі он шақырымдай жазық далада қан төгіс қырғын тез-ақ қызып кетті. Жер дүбірлете шапқан аттар, таңғы мөлдір ауаны қақ жара ысылдай атылған садақ оғы, шиті мылтық шаңқылы, гүрсілдеген зеңбіректер. Біріне бірі қарама-қарсы сермелген қисық қылыш, бүкір алдаспандар, соғылған сойыл, батырлардың болат денесіне қырш-қырш кірген көк найзалар. Оқ тиіп, жан ұшыра кісінеген жылқы, жан тапсыра алмай ыңыранған жаралы жауынгерлер. Түс болмай-ақ майдан даласы қан сасыды. Аяғыңды басқан сайын аттан құлап жат-
қан адам денелері көрінеді.

Алып майданның екі жақ шетіндегі Сырымбет пен Батыр Баян бастаған қазақ әскері қиын да болса алға қарай жылжып бара жатқаны сезіледі. Тек екі жақтың екі бас қолбасшысы тұрған майданның орта шебі мызғыған жоқ. Тағы:

— Аттан! Аттан! — деген ұран шықты.

Сол сағатта-ақ Сеңгірбай, Сағымбай, Қанай бастаған сұлтанның мың жігіті зеңбірек оғы жетпейтін қалың жыңғылды сайдан шыға сала Цеван-Доржидың тұрған төбесіне қарай лап қойған. Бірақ бір шақырымдай шапқан кезде кенет гүрсілдей жөнелген зеңбіректерден жауған жойқын оқтар дәл аттарының маңдай алдынан кеп гүрс-гүрс жарылған. Алдыңғы шептегі жүз қаралы ер жүрек жігіттер ат-матымен омақаса жер қауып, заматта арттарында келе жатқан жау-
ынгерлерге бөгет болды. Көп салт аттылар алдындағы аттар мен адамдардың өліктерінің үстіне кеп құлады. Осы кезде зеңбіректер қайта гүрсілдеген. Амал жоқ, лапылдап келе жатқан қалың қол еріксіз кейін шегінді. Абылай бұйрығымен жігіттер тағы шапқан. Бұл жолы да жүзге таяуы қаза тауып, қалғаны кейін серпілді. Зеңбіректі Цеван-Доржиды бұлай ала алмайтынын білген Абылай, енді шабуыл шебін басқаша құрды. Зеңбіректерге тікелей шаппай, оны ат тағасындай қоршап, жан-жағынан анталауды бұйырды. Бірақ үш рет шабуылға шығып, ең батыр деген үш жүзге тарта ер жігіттерінен айрылған әскер не істерін білмей, тағы дағдарып қалды.

Бұған Абылай:

— Япырмай, осыншама, қазақтан жауға шабар бір еркек кіндікті тумаған ба? — деді қатты дауыстап. — Қайсың барсың?

Осы кезде топ ішінен «Абылай!» деген дауыс шықты.

Бұл ұран салған Абылайдың он жеті жасар баласы Жанай еді. Ол тебініп қап, зеңбіректерге қарай атой салды. Бірақ бұдан бұрын гүрсілдеген тажалдардан әбден үркіп қалған астындағы басы қатты кертөбел, бала жігітті жау шебіне емес, бір бүйірдегі жиде тоғайына қарай ала жөнелді. Жұрт тағы тына қалды.

Дәл осы кезде, Абылайдың зеңбіректерді қоршаған жігіттерінің оң жақ тұсынан Цеван-Доржи тұрған төбеге қарай, басында үкілі камшат бөркі бар, ақбоз атты бір қыз бала «Қабанбай! Қабанбай!» деп ұран тастап, суырылып шыға берді. Ақбоз ат көсіле сермеп келеді. Қыздың қолында не сойыл, не найза жоқ, бар болғаны тобылғы сапты қамшы. Осынау қарусыз қыздың ерлігін көрген қызба қалың топ, енді шыдай алмады, лап қойды.

— Абылай!

— Атығай!

— Ақжол!

— Қарақожа!

— Қабанбай!

— Абылай! Абылай!

«Қабанбай» аты аталған тұста Найман жігіттері гуілдей шапқан топтың алдарында келеді. Зеңбіректер ортадағы топтың алдыңғы қатарына ғана оқтарын жіберіп үлгерді. Бірақ екі бүйірдегі сойылгерлер сапы тез-ақ жетіп қалды. Ар жағындағы жоңғар атты әскері келіп үлгергенше, түйелі зеңбіректерді түйе-мүйесімен таптап кетті.

Ақ болат сауыты жарқылдап, Жалынқұйрығын көсілте Абылайдың өзі де шапты. Төбе басындағы қонтайшы көк шатырын жинай бастады. Сөйткенше болған жоқ, Жоңғардың шаян құйрықты сары жібек жалауы шығысқа қарай шегіне берді...

Қазақ әскерлерінің тегеурініне шыдай алмай, жоңғарлардың тұтас құрған шебі бұзылып, енді майдан үзілген жеке-жеке топтардың, қолдардың айқасына айналды. Осы кезде онсыз да қызыл қанға боялған әлем бетін бұрынғысынан да қызарта түсіп, күн де батты. Екі жақ өліктерін жинап көмуге ұрыстарын тоқтатты. Бүгінгі күнгі ұрыста Жоңғар жағынан қырылған адам қазақтардан анағұрлым көп боп шықты. Осылай жоңғар мен қазақ арасындағы қанды ай-
қастардың жаңа белесі ашылды. Бұл қазақ елінің жоңғар қонтайшыларын мүлдем жеңіп, атамекен жерінен қуудың ең алғашқы айқасы еді.

Абылай өз шатырына келгеннен кейін, бағанағы қалмақ зеңбіректеріне жападан-жалғыз қарсы шауып, бүгінгі жеңіске жол салған қызды іздетті. Бұл Қабанбай батыр мен қазақтың батыр қызы Гауһардан туған жас Назым екен. Бүлдіршіндей жас қыздың осыншама ерлік көрсеткеніне риза болған Абылай, беліндегі сом алтыннан соғылған жаңа белбеуін шешіп берді.

Абылай басқарған осы соғыс екі айға созылды. Қазақ әскері Жаңақорғанды, Шымкентті алып Түркістанға таяды. Солтүстіктегі Бөгенбайдан да Сайрам мен Созақты алдық деген хабар келді. Батыр Баян қолы да Талас өзеніне таяй түсті. Жәнібек батырдың да қолы Қарақалпақ жерінен жоңғарларды Сырдың жоғарғы сағасына қарай сырғыта бастады. Енді амал жоқ, Цеван-Доржи Абылайдан бітім сұрауға мәжбүр болды. Абылайдың да бұл бітімге көнбестік лажы жоқ-ты. Үш ай бойы, Арқадағы үйлерінен алыс жерде ұрысқан қазақ жауынгерлері де әбден қажыған-ды. Жорыққа аттанған жауынгерлердің бестен екі бөлегі қаза тапты. Бұл жаңадан басын қосып, ел болып келе жатқан қазақ жұртшылығына осал соққы емес-ті. Оның үстіне Абылай бұл жолғы жеңістерін Жоңғар хандығын шын күйретудің басы деп санамаған. Қазақ хандары түгіл, Қытай боғдыханымен алысуға жарап келген жоңғар қонтайшыларының әлі де күші мол екенін ол жақсы білетін. Қысылып бара жатса Цеван-Доржи Қытай боғдыханына бас иіп, сол шекарадағы көп әскерін кейін шақырып, қазақ еліне төгеді. Тіпті єытайдан да жәрдем алады. Сонда Абылай оған ұрыстан әбден қажыған жігіттерімен қалай төтеп береді? Тағы бір естен шығармайтын жайт, күз болса келіп қалды. Ар жағында қылышын жалаңдатып қыс тұр. Шаруа жайын ойламаса да болмайды.

Абылай Цеван-Доржидың жіберген елшісін құрметпен қарсы алды. Ұзақ сөздерден кейін, Орта жүздің ханы Әбілмәмбеттің қарамағына Созақ, Сайрам, Манкент, Шымкент секілді үш ай ұрысып жоңғарлардан тартып алған бірнеше қалаларды қалдырып, Түркістан шаһары мен оның уәлиетін қазақ еліне тегіс қайтарып беру мәселесі алдағы уақытта тағы қаралмақ боп келісілді. Қазақ елінен жоңғар қонтайшысы алып тұратын алым-салық көлемі де әжептәуір азайтылды. Қазақ хандарының қарамағына Сырдарияның төменгі жағы мен Талас өзенінің Жаңғы қаласы тұрған жеріне дейін қайтарылмақ болды. Әрине, жоңғарлардың бұрынғы жағдайы болса, Цеван-Доржи бұның біріне де көнбес еді, енді амал жоқ көну керек. Өйткені оның арт жағында да қыс бойы ұйықтап, жаз шыға басын көтерген айдаһар тәрізді, күшейіп келе жатқан Қытайдың боғдыханы Цзинь-Лун бар...

Осындай абыройға жеткен Абылай, жан-жақтағы батырларына:

— Биылға соғыс осымен бітті. Енді аттың басын елге бұрамыз, — деп бұйрық берді.

Өзі Арқаға көшуге үлгірмей, Созақ төңірегінде қалып қойған Әбілмәмбет ханның ордасында аз күн аялдамақ болды. Хан немере інісінің құрметіне үлкен той жасап, сый-құрмет көрсетіп жатқанда, үйге асыға басып Көтеш ақын кірді, Ол үкілі домбырасын еңкілдете жылатып қоя берді. Мәз-мейрам боп қуанышқа бөленіп отырған Абылай:

— Жарқыным-ай, күйің қалай зарлы еді, сай-сүйегімді сырқыратып жіберді ғой, Жанай ұлым аман ба? — деді.

Сонда Көтеш:

Алтын күн кім қуанар батқанына,

Аққуды кім қуанар атқанына.

Жанайың жау қолынан қаза тапты,

Еліне енді жүргелі жатқанында, —

деп, жоқ жерден он жеті жасар Жанайды жоңғардың бір қарақшысы өлтіріп кеткенін хабарлайды.

Көрдей тұншығып тына қалған үй ішінде, кенет булығып өксіген дауыс шықты. Бұл Жанаймен түйдей құрдас және осы жорықта онымен жан аяспастай достасқан бала жырау Көтештің өксігі еді.

Ойын-той былай қалды. Абылай «аһ» ұрып, төсектен басын көтермей жатып алды. Жанай өліміне Олжабай жазықтыдай, осы сапарда баласымен бірге болған батырға сұлтан тіл қатпай қойды. Абылайға көңіл айтып, сонау Арқадан қаз дауысты Қазыбек би, Ұлы жүзден Төле би, Кіші жүзден Бала би келді. Бұл үш бидің келуі Абылайды Үш жүздің елі өзіне көсем ете бастағанының белгісі еді.

Сонда қаз дауысты Қазыбек:

— Уа, Абылай, Үш жүзің үш аққан өзен еді, солардың табысқан жеріндегі сен бір бәйтерек едің. Бәйтеректі дауыл ұрмас па, жапырағы оның түспес пе, бұтағы оның сынбас па? Құдай ма едің тетігін ұстаған бұл жалғанның, бұның не, бір балам өлді деп жатып алғаның? — десе, Тәтіқара жырау:

Үш жүздің баласы

Ақылдасып, сырласып,

Хан көтерсек деп еді.

Үш жүздің баласын

Бір баласындай көрмеді.

Ат құйрығын үзіңдер,

Аллалап атқа мініңдер,

Хан талау етіп алыңдар!

деген ашулы толғауын айтып еді.

— Жөн айтасыңдар! — деп Абылай басын көтерді.

Міне, осындай Ордаға бір кезде Көтеш ақын тағы кірді. Бұ жолы ол күй тартқан жоқ. Босағада бір тізерлеп отыра қалды да, көзінен жасы сорғалап, ащы дауыспен аңыратып қоя берді:

Үш жүзге уа, Абылай, қайғың аян,

Кез жетті қара бұлттан енді оян.

Тағы да суық хабар әкеп тұрмын

Өлтірді Олжабайды қашқын ноян...

Абылай басын төсегінен жұлып алды.

— Уа, жарқыным, жөніңді айтшы, не дейсің?

Көтеш ақын енді Олжабайдың қалай қаза болғанын айтып берді. Екеуі өз қостарына қайтып бара жатып, жолай әдемі бір әуен естиді. Олжабай серігінің «қазақ әні емес, қалмақ әні тәрізді. Сірә, қоршаудан шыққан тұтқындар болуы керек» дегеніне қарамай:

— Жоңғарлар болса қайтеді, қазір бітіміміз бар емес пе? — деп болмайды.

Бұлар ән шыққан тұсқа таяп келгенде, жанған отты қоршай отырған Жоң-
ғардың қашқын жауынгерлерін көреді. Аттарының басын бұрып үлгірмейді. Қараңғы түнге қарап атқан садақ оғы сауытсыз келе жатқан Олжабайдың дәл көкірегінен кеп қадалады. Олжабайдың тек:

— Дүниеге келген соң өлуге де тиістісің, — деуге шамасы келді. — Амал қанша, арманда кетіп барам. Бірақ мен өлсем де менің арманым жетінші ұрпағымда бір қайталанады. Бір әулетім өзім тәрізді батыр және асқан жырау болады, — деді де көзін жұмды...

— Иә, Олжабай өлеңді жақсы көретін еді, — деді Абылай. Содан кейін төсегінен түрегеліп, сауыты мен қаруын әкелуді бұйырды.

Олжабайдың айтқаны келді. Жетінші ұрпағында тағы бір ұл туды. Халық оған арғы бабасының атын берді. Ол жас еді, бірақ асқан дарынды, тамаша ақын болды...

ІІ

Манжурлардың атақты қолбасшысы Фу Де басқарған қара құрттай қайнаған Қытайдың жаяу әскері Алтынемел қырқаларынан үшінші рет кейін асып түсті. Бүгін таң атқалы Абылайдың қалың қолы үшінші мәртебе шабуылға шықты. Осы үш шабуылдың үшеуінде де јытай әскері Іле өзені мен Алтынемел адырларының арасындағы ойпатқа жетіп, қазақ жігіттерінің тегеурініне шыдай алмай кейін қашты. Майданда қыруар өліктері қалды. Абылай «осы жолы жеңдім-ау, енді беттей алмас» деп ойлаған сайын тағы қарсы жақтағы белестен шұбырып түсіп келе жатқан Қытай әскерін көреді. Қанша қырсаң да, бітпейтін құмырсқа сынды. Оның үстіне Қытай әскерлерінің арғы жағына барып қайтқан ертөлелердің айтуы бойынша, ішкері жақтан қаптап Қытайдың екінші қолбасшысы Чжао Хойдың әскері таяп қалған көрінеді. Дені атты әскер деседі. Тұлғасы тұрымтайдай жылқы мінген Қытайдың атты әскері қазақ жігіттеріне бәлендей қорқынышты да емес-ті. Жауынгерлері ат үсті ұрысына шорқақ... Бірақ Қытайдың қаныпезер, қаттылықтарымен аты шыққан екі қолбасшысының әскері түйісе қалса, әрине, қазақ қолы шегінуге мәжбүр болады. Бұндай жағдайда Қытай әскерінен кейін шегіну деген сөз — қазақ жеріне екінші «Ақтабан шұбырынды» келтірумен бірдей. Сондықтан да Абылай төртінші шабуылға дайындалды. Қайткенмен де Фу Де мен Чжао Хойдың әскерін ойсырата жеңсе, әлі де үміт бар. Жоқ, бұ жолы Абылай жауын жеңе алмайды. Өйткені ақ түйесінің бүгінгі жатысы оған ұнамаған.

Ақ түйе кенжесі Жанай қаза тапқан жоңғар жорығынан қайтысыменен пайда болған. Қайғыдан әлі сейіле қоймаған Абылай сол күні ерте тұрып, Ақ Ордадан шыққан. Күздің қара суығы келіп қалған екен. Бір-екі күннен кейін аулы қысқы қонысы Көкшенің қойнауына көшпек. Қысты қалай өткізудің қамын ойлап тұрған Абылай кенет ауыл сыртындағы ақ түйеге көзі түсті. Мүше бітісі өзгеше, ірі, жүні сүттей аппақ, шудалары шұбатылып жерге түскен. Абылай баяу басып қасына барды. Түйе үріккен жоқ. Мұрны тесілмеген, үстіне қом салынбаған. Әр өркеші баладай. Абылай тағы таяй түсіп еді, ол тайраңдай шауып бел асып кетті... Ертеңіне таң атып келе жатқанда Абылай тағы сыртқа шықты, тағы ақ түйені көрді. Абылай жақындап еді, қашпады, үйіне қарай беттеп еді, соңынан ере жүрді. Сол қыс ақ түйе Абылайдың түйелерімен бірге болды. Қыс қандай қатты болса да, Абылайдың бірде-бір қотыр ешкісін қасқыр тартқан жоқ, қотыр тайы бораннан ығып, жылымға түсіп шығынға ұшырамады. Жұрт бұл түйені Абылайдың ырысы, киесі деп жорысты. Бұл ақ түйенің шын ғажап қасиеті кейін байқалды. Абылай жаз шыға күнгейі мен күншығысынан мазасын ала берген жоңғар әскеріне тағы қарсы аттанбақ болды. Сұлтан кеңесі Ертіс жағасының торғауытына ма, әлде Іле бойының ойратына ма, қайсысына жорыққа шығуды шеше алмай тарасты. Абылайдың таңертең өзгеден ерте тұратын ежелгі әдеті. Далаға шықса, ақ түйе орда сыртында жатыр екен. Басы күншығысқа қараған. Түйенің бұрын үнемі күнбатысқа қарап жататынын білетін Абылай кенет бір ойға келді. «Жұрт бұл түйені менің кием деп босқа айтпайтын тәрізді ғой, осы жолы ақ бураның көрсеткен жағына аттанайын». Ол осы айтқанын орындады. Жолы болып қайтты. Сол күннен бастап ақ бураны жорыққа аттанса, өзімен бірге ала шығатын болған. Ақ бура ертең ұрыс деген күні басын қай жаққа салып жатса, Абылай сол жақтағы жауына аттанатын және үнемі жеңіп қайтатын.

Ал осы жолы Абылай Арқаның бар әйгілі батырларын ертіп, Іленің жоғарғы жағынан баса-көктеп кірген Қытай әскеріне қарсы жорыққа аттанғанда, жолай ол «Абылай асуының» үстіне түнеген. Таңертең өзгелерден ерте тұрып, әскерін аралап келе жатып, ақ бураның Іленің оңтүстік бойына емес, солтүстікке қарап шөгіп жатқанын көрді.

Абылай енді жолым болмайды екен деп кейін қайтуды да ойлады, бірақ қаптап келе жатқан Қытай әскері егер алдынан қарсылық көрмесе, қазақ жерін басып алар деп қауіптеніп, «не болса да нартәуекел!» деп, келе жатқан бетінен таймаған. Үш күннен бергі ұрыста Фу Де әскерін бірнеше рет тойтарып кейін ығыстырғанмен де, жүрегінің күпті болып, өз ісіне өзі сенбей әлсін-әлсін қауіптене беруі де сол ақ бураның теріс бұрылып жатуынан еді.

әйтсе де үш күннен бері Фу Дені бет бақтырмай тұрған Абылай, Чжао Хой жетпей тұрып тағы бір қимылдайын деп, өз әскеріне кезекті бұйрығын берді.

— Батыр Баян қолын қазір кейін шегіндіріп, Іленің оң жағасындағы анау жиде тоғайына барсын, Чжао Хой атты әскері бізге қарсы аттанса, бір бүйірінен тисін. Ал Сырымбет батыр жауынгерлерін мына қырқаның арғы бетінде тасада ұстасын!

Абылайдың бұйрығын алысыменен қазақ жауынгерлері Іленің тұманды шат-
қалдары жұтқандай, өзен бойындағы жиде, тал, қамысты қойнауларға кіріп көзден ғайып болды. Тек төбе бастарында барлаушылар ғана қалды. Олар Қытай әскерлерінің дабылдарын ұрып, жаңа шабуылға дайындала бастағанын естіп жатты...

... Иә, қазір қазақ жеріне жоңғар жасақтары емес, Қытайдың көк темірмен құрсанған қалың әскері келе жатыр. Қытай империясын жер шарының кіндігі деп санайтын, аспан баласы — боғдыхандар шекара деген ұғымды тіпті білмейтін. Қытай жауынгері жеткен жердің бәрі Қытайдікі деп ойлайтын. Сол себептен де Қытай боғдыханы қазақ деген көшпелі елді өзінің дегеніне біржола көндірмек боп, тоқсан мың әскерінің бетін қазақ даласына қарай бұрған.

Осының алдында ғана ұлы Жоңғар трагедиясы аяқталған. Көршілес жоңғар мен қазақты біріне-бірін айдап салып келген Қытай мен Манчжурия билеушілері енді өздеріне аянбай қимылдайтын мезгіл туды деп шешкен. Қазақ пен жоңғар бірін-бірі әбден қансыратып болды деп ойлаған. Тек енді оларға жаралы қос жолбарысты ұрып алу ғана қалған. Және тезірек ұрып алғысы да келген. Өйткені, өзінің ішкі бүліншілігін жоя алмай жатқан Россия Орталық Азияның істеріне тікелей кірісуге әлі де дайын емес еді.

Бір мың жеті жүз қырық бесінші жылы Қалден Церен өлді. Ұлы қонтайшы өлісімен оның балаларының арасында таққа таласу басталды. Бұл таласты жеңіп бір мың жеті жүз қырық жетінші жылы таққа Қалден Цереннің ортаншы ұлы, нағашылары Чорас ақ сүйектеріне арқа сүйеген Цеван-Доржи сайланды. Бір мың жеті жүз елу үшінші жылдың аяғында оны өзінің туған ағасы Ламо Доржи өлтірді. Осы жылдан бастап Жоңғар мемлекетінің іші қым-ғуыт таласқа айналды. Қонтайшы тағына енді Қалден Цереннің немересі Амурасана мен Ламо Доржи қырылысты. Бұл таласты, әсіресе, Абылай жақсы пайдалана білді. Ол кейде шешесі қазақ Амурасананың қолтығына су бүркіп, кейде Ламо Доржиға аздаған атты әскер беріп, қазақ еліне әбден тізесі батқан Жоңғар мемлекетін біржола әлсіретуді көздеді. Ақырында Қытай боғдыханының көмегімен Жоңғар қонтайшысы Амурасана болды. Бірақ бұл кезде Жоңғар империясының тағдыры шешіліп те қалған-ды.





Дата публикования: 2014-11-04; Прочитано: 666 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.015 с)...