Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Екінші бӨлім 3 страница. Ташкентте де қазақ атты әскері көп кідірген жоқ



Ташкентте де қазақ атты әскері көп кідірген жоқ. Бұлардың көпшілігі көшпелі рулардан болғандықтан қыс қыстауға, жаз жайлауға шығу керек екенін жадыларына ұстап, ауылдарына жеткенше асықты. Тәуекел ханға шаһардың қақпасын ашқан Ташкент тұрғындарының арасында да күңкіл көбейе бастады. Хан уәдесін бұзып, жеңілген қалаға салған салығы бұқараға ауыр тиген.

Ал салықсыз соғысты жүргізе алмайтынын білген Тәуекел осылай істеуге мәжбүр болған. Тәуекелдің бұл әрекетіне қарсы топты басқаруға Абдолланың жақын туысы Хазретсұлтан мүфти кіріскен. Әбді-Мумин де тыңшылары арқылы Ташкент тұрғындарына алым-салықтан мүлде босатамын деп өтірік уәде беріп, жаңа бықсып жана бастаған халық наразылығын үрлей түскен. Тәуекел әрі ойлап, бері ойлап Түркістанға қайтуды жөн көрді. Өз ордасына келгеннен кейін Ташкент уәлиетінде не болып жатқанын тек алыстан бақылап қана отырды. Кей жағдайларда болмаса, Ташкент ісіне көп кіріспеді.

Алты ай өтпей, төсегінде ұйықтап жатқан әбді-Муминді бұхарлықтар балтамен шапқылап өлтірді. Әбді-Мумин Шайбани ұрпағынан шыққан ең ақырғы Бұхар ханы еді. Осымен Бұхардағы Шайбани үрім-бұтағының хандық жолы аяқталды. Енді Бұхар ханының алтын тағына Астраханнан қашқан хандардың бірінің тұқымы Жармұхаммед отырды...

Иә, әкесін өлтірген хандарды жазмыш оңдырған емес. Жәнібекті өлтірген Бердібекпен Батый ұрпағының Алтын Ордадағы хандық дәуірі біткен. Ұлықбекті өлтірген Латиф пен Ақсақ Темір ұрпағының Самарқанттағы хандығы аяқталды. Міне, енді сондай жағдай Бұхардағы Шайбани ұрпағына да туды...

Тәуекел ханның да күткені осы кезең еді. Оған Жиембет жырау «хан кеселіне» ұшыраған екенсің деп дұрыс айтқан. Бірақ Тәуекел мұндай соғыста халыққа сенудің қиын екенін түсінген-ді. Халық өз жерін қорғағанда табанды да, күшті де. Ал басқа елдің жерін тартып алу үшін соғысып көрші, ең ер жүрек деген батырдың өзі тірегінен айрылғандай, босаңси қалады. Оның орнына жауың он есе күшейе түседі. Осындай жағдай Самарқанттан табылған бір көне кітапта да айтылған. Өз жері — әскер күшінің мөлдір бұлағы.

Осыны біле тұрса да Тәуекел хан тағы жорыққа дайындалды. Оның қолындағы әскеріне қырғыздан шыққан бай-манаптардың жасақтары мен оңтүстік Қашқардың ханы әбдірашиттың жауынгерлері қосылды. Барлығы жүз мың әскер, Самарқант пен Бұхарға аттанды. Бірақ енді бұларға ешкім шаһар қақпасын ашқан жоқ. Тұрғын ел келе жатқан әскерден азық-түлікті, мінер атқа деген шөбін жасырды. Барлығын күшпен алуға тура келді. Мұндай жағдай әскердің тәртібін бұзады, әлсіретеді.

әйтсе де құмырсқадай қаптаған қалың қол алғашқы қарқынымен Ташкентті, Самарқантты алды. Енді Бұхардың өзін қоршады. Бетпе-бет ашық майданға шығуға күші жетпейтінін сезген Жармұхаммед хан Бұхар шаһарының ескі бекінісіне кіріп алып, қарсылық көрсетті.

Осындай бірін-бірі аңдыған ұрыс жиырма күнге созылды. Сөйткенше шілденің сарша тамыз ыстығы келді. Сол жылғы жаз, Мауреннахр жерінде өте ыстық болды. Төбеден күйдірген күн мен күнгей жақтан аңырап соққан аңызақ желден, онсыз да шөбі шамалы Бұхардың жері күйген құйқадай тақырға айналды. Күннің ыстығынан қара жердің өзі шатынап жарыла бастады. Тебінге үйренген қазақы жылқы қабырғалары ырсиып, әзер жүретін халге жетті. Ақырғы екі жүз жылдың ішінде жат жерде соғысып, басқа елдің қамалын алып үйренбеген, қазақ, қырғыз, ұйғыр сыпайлары, бұл соғыстың өздеріне тіпті керек емес екенін енді түсініп, күңкілдей бастады. Оның үстіне күннің ыстықтығынан әскер арасында іш ауру пайда болды. Енді қазақ сыпайлары Бұхарды алудан гөрі, өздерінің елі қалған теріскей жаққа телміре қарауды шығарды. Баяғы Қияқ айтқан күйге жетті. Тәуекел хан Бұхар маңындағы елді үнемі талап, осыншама әскерді қоректендірудің қисыны болмайтынын ұғып, амал жоқ кейін шегінуге бұйрық берді. Қазақ әскері Самарқантқа келіп бекінді. Бұл кезде Хиуадан қалың әскермен Жармұхаммед ханның інісі Бақимұхаммед сұлтан келіп, Бұхар әскеріне қосылды. Енді екі жақтың күші теңдесіп қалды. Бірде бұхарлықтар, бірде түркістандықтар жеңіп, Самарқант түбіндегі айқас бір айға созылды. Осындай бір түнгі ұрыста Тәуекел хан қатты жараланды. Күні күйіп тұрған Мауреннахр жерінде жаз бойы соғысып әбден жүдеген қазақ әскері амалсыз Самарқантты тастап, Ташкентке келіп бекінді. Бұл арада да ұрыс саябырлаған жоқ.

Тәуекел ханның халі қиындай түсті. Жарының ауыр жаралы екенін естісімен, бір топ нөкерімен Ақторғын ханым да жетті.

Күшті кезінде серік болған одақтастары енді мұны жалғыз тастап кетті. «Жалған дос көлеңке тәрізді, күн ашықта жаныңнан қалмайды, аспанды бұлт торласа қасыңда болмайды» дегеннің не екенін Тәуекел енді түсінді. Сонда ғана барып ол өзіне ермей қалған қазақ батырларын есіне алды. Дегендеріне көнбегеніне өкінді. Бұл кезде Бұхар әскері Ташкентті тастай етіп қоршап болған. Түркістанға баратын ең соңғы жол да үзілген. Ал Тәуекел ханның жанында ең сенімді достары мен Ақторғын ғана қалды. Ісік уыты бүкіл денесіне жайылып бара жатқан Тәуекел, кенет жастықтан басын көтерді.

— Бұл не шу? — деді ол елегзи.

— Жау әскері біз тұрған бекініске атой салып жатыр.

Бұхардың қалың әскері қаланы алып болып, Тәуекел хан мен оның серіктері бекінген ең ақырғы қорғанды шабуға шыққан-ды. Қорғанның тақа биік емес қабырғаларына баспалдақтар қойып, үстіне көтерілуге тырысып жатқан. Жау кей жерінің қабырғаларын бұза бастаған. Ат үстіндегі ұрысқа үйренген қазақ жауынгерлері енді жаяу соғысуға мәжбүр болды. Бұл оларға жеңіл тимеді. Жеңуге айналған жау әскері хан жатқан сарайға жақындай берді. Сырттағы шу үдей түсті.

— Не болды? Не боп қалды? — деді есі бір кіріп, бір шығып жатқан Тәуекел хан.

Дәл осы сәтте есік сарт етіп шалқасынан ашылды да, үйге еңгезердей бір батыр кіріп келді. Үсті шаң басқан қан-қан.

— Біз сені әкеткелі келдік, — деді кірген кісі.

Сөйдеді де батыр жігіт жерге сылқ етіп құлап кетті.

Орнынан сүйретіле тұрып, Тәуекел жігіттің бетіндегі шынжыр торды ашты. Қияқ батыр екен.

— Сені алып кетуге келдік, — деді ол кезеріп кеткен ернін әзер қимылдатып, — жат жерден тезірек кетуің керек...

— Басқа елге тиме, өз басыңа өзің жетесің деп едің, Қияқ батыр, айтқаның келді, — деді Тәуекел. Сосын ол да Қияқ батырдың үстіне құлап түсті. Дәл осы сәтте Қияқ батыр да ақырғы рет ышқынып, демін бір алды да, о дүниеге жүре берді.

Сөйтіп бір күні, бір мезетте туған екі батыр бір күнде, бір мезетте о дүниеге сапар шекті. Сұлтан тұқымынан шыққан Тәуекел артына алты әйелі мен сегіз баласын қалдырды. Иран, түрік, орыс әдебиеттерінде Тәуекел хан деген айбарлы атын қалдырды. Ал сол ханмен бірге өмір сүрген, құлдан шыққан Қияқ батыр, елі-жері үшін үнемі жорықта жүріп, елуден асқанша бұл дүниенің рахатын көре алмай кетті.

Осындай мыңдаған белгісіз батырлардың арқасында қазақ елі сан жанталаста жеңіп шығып, ғасырлар бойы өзін аман сақтап келді...

Қазақ жерінен Тұяқ батыр мен Кіші жүзден шыққан Жолымбет батыр бас-
қарып келген қалың қол жетісімен, Бұхар әскері сәл кейін шегінді. Енді ұрыс бұрынғысынан да қыза түсті. Есім сұлтан қаланың күнгей жағына, Құджек сұлтан — теріскей тұсына шапты. Құбыла жағындағы Қаңлы, Шанышқылы секілді рулардың әскерін Тұрсынмұхаммед әмір басқарды. Бекіністің ең қауіпті жағы күншығысы еді. Бұл тұсты Жолымбет батыр қорғады. Шабарман енді бұл батырдың да жараланған хабарын әкелді. Осы себептен қаланың күншығысына Тұяқ батырға шабуға тура келді. Хан ордасы күншығыс жақтағы майданда болатын. Кімде-кім осы майданды басқарса, сол жалпы әскердің қолбасшысы саналуға тиісті еді.

Қазақтың іргелі руларынан шыққан батырлар мен Шыңғыс ұрпағынан тараған сұлтандар Тәуекел ханның Қияқ пен Тұяқты мың басы еткеніне іштей наразы еді. Әрине, дәл қазір бұлар Тұяқтың айтқанына бағына қоймаулары да мүмкін. Бұны түсінген Ақторғын, ерінің сауытын кие бастады.

Атына қонғалы жатқан Тұяқ үйден бір жас батырдың жүгіре шығып, Тәуекелдің Теңбілкөгіне асыға мінгеніне таң қалды.

— Тұяқ батыр, мен де сізбен бірге барамын, — деді әлгі жас батыр.

«Бұл кім? Қайдан пайда болды бұл батыр?» Жөн сұрасар уақыт емес, қатарласа шаба жөнелді. Сонда ғана Тұяқ жанында келе жатқан — Тәуекел ханның кіші бәйбішесі Ақторғын екенін білді. Тұяқ оған: «Қайт кейін!» дей алмады. Қазақтың батыр қыздарының жауға қарсы шабуы жаңалық емес. Ақторғынның жанында болуы, хан атынан Тұяққа «қазір сен әскер қолбасшысысың» дегенді ескерткендей еді.

Бұлар күншығыс қақпаға жеткенде, ең алдымен көргендері: қамалды қоршап не істерін білмей үрпиісе қалған қазақтың қалың әскері мен осы қамалға ар жағынан тұтасқан қара бұлттай, жұбын жазбай төніп келе жатқан жау лашкарлары болды. Тәуекел ханның қаза тапқаны екі жаққа бірдей жеткен екен. Айбарлы қолбасшысынан айрылған қазақ әскері қандай абыржыса, жау жағы сондай қатулана түскен. Күншығыс тұсты қазір басқара қоятын батыры жоқ екенін сезген Жармұхаммед пен Бақимұхаммед сұлтандар әскерлерінің көпшілігін де, білектісін де осы өңірге төккен.

Міне, олар қара бұлттай қаптап келе жатыр... Жаңадан күш қосылғанына қарамай қазақ жауынгерлерінің құты қашқан. Әр жерден «Сап түзеңдер!», «Қашушы болмаңдар!» деп айқайлаған мың басыларының жарлығын ешкім тыңдар емес, соғыс кезінде хан өлуі жаман ырым! Мүмкін содан да болар, кешегі айбынды қазақ жігіттері, қазір қасқыр шапқалы тұрған қойдай үрпиісе қалған.

Қорған мен жау арасы бір шақырымдай. Жау қазір лап қояды. Сонда бәрі де бітеді. Қашқанға қатын да батыр, қазақ әскерін мынау келе жатқан алып күш көше-көшені қуалай жүріп қырып салады. Қала ішіндегі ұрысқа үйренбеген қазақ жігіттері ең болмаса өз бастарын да арашалай алмайды. Жаумен не болса да жазық далада кездесу керек.

Кенет қорған қақпасынан жауға қарай бір салт атты шаба жөнелді. Астында Тәуекелдің Теңбілкөгі, үстінде Тәуекелдің сауыты, басында дулығасы... Абыржыған қол заматта тына қалды. «Бұл кім? Бүгін ғана өздері қара жерге қойған Тәуекел тіріліп келгені ме? Япырмау, ханмен қатарласа шауып бара жатқан Қияқ батырдың өзі ме? Оны да бүгін ханмен бірге жерлеген жоқ па едік?»

Сөйткенше болған жоқ, бұлардың құлағына Ақторғын мен Тұяқ батырдың:

— Аруақ! Аруақ — деп айқай салған ұраны естілді.

Сол-ақ екен, жаңа ғана үрпиісіп тұрған қазақ жігіттері, аттарына қамшыны басып-басып жіберіп, алға қарай қалай лап қойғандарын өздері де білмей қалды.

— Ақжол! Ақжол!

— Үйсін! Дулат! Шақабай!

— Қарақожа! Қабанбай!

— Бекет! Қаңлы! Бөрібай!

Қашан да болса бірінші боп атой салған жау қорқынышты. Қолбасшыларынан айрылған әскерден мұндай қимылды күтпеген Бұхар лашкарлары дүрлігіп қалды. Кейбіреулері аттарының басын кейін бұрып та алды. Тәуекел ханның өздеріне аян Теңбілкөгі мен алтын жалатқан дулығасын көрген Бұхар әскері хан өлмеген екен деп ойлады. Өздеріне таяп келе жатқан қаһарлы күшке қарсы тұра алмады. Тіріліп келген Тәуекел мен Қияқтың сұсы жеңді ме, кейін қарай қаша жөнелген лашкарлар көрінді. Тек кейбір топтары ғана найзаларын ыңғайлап қарсы шапты. Көптіктен гөрі ерлік жеңетін заман, қазақ әскерлері сол қаһарлы беттерінен таймаған қалпында, алыстан кеп бар пәрменімен жағаны ұрған долы толқындай, жұбын жазбай, Бұхар шебінің дәл ортасына кеп кірді. Қарқындары соншалық екпінді болды, тынық суды қақ жарған сүйір тұмсық қайықтай, жау шебін қақ бөліп өте шықты. Әне-міне дегенше көк найзалар қағысып, құрыш алдаспандар құлаштай сермеліп, қоян-қолтық ұрыс басталып та кетті. Қабақ қаққанша талай жүйріктер шылбырларын сүйретіп босап шыға берді, сан ерлер «әттеген-ай» деп қара жерді қаба құлады. Тұяқ өзінің ежелгі серігі алты жігітімен қаптаған жаудан Ақторғынды қорғаумен болды.

Ұрыс қыза түсті. Жауларының аз екенін білген Бұхар лашкарлары қазақ жігіттерін тықсыра бастады. Осы кезде «Есім! Есім батыр жетті!» деген айқай шықты.

Сол сәтте бір бүйірден астындағы Ақтанкерін көсілдіре салған еңсегей бойлы Есім көрінді. Соңынан шұбыра шапқан қалың қол. Бұл қаланың күнгей жағындағы Бұхар әскерін жеңіп енді күншығыс тұсындағы майданға келе жат-
қан Есім жасақтары еді. Қазақ әскеріне жаңа күш қосылғанын көрген Бұхар қолы енді кейін шегіне бастады.

әңгімесін айтып болып Бұқар жырау Бөгенбайға қараған:

— Міне, көрдің бе? Қарамағындағы жұрттың тілін алмаған Тәуекел не тапты? Қаншама халықтың қанын төгіп, ақырында өзі де жау қолынан дүние салды. Тарих әділеттілігі осылай...

— Иә, хан хандығына тартпай тұра ма? Қара халықтың қамын қайсысы ойлап жүр дейсің? — деді Бөгенбай. — Мені қажытқан жоңғарлар емес, Әбілмәмбет пен Әбілқайырдың алтыбақ алауыздығы.

— Сен осы Әбілмәмбетпен әлі табыса алмай жүрсің бе?

— Сірә, түсініспей-ақ өтетін шығармыз.

Жоңғар әскері Түркістанды алғаннан кейін, Орта жүздің ханы Әбілмәмбет ордасы Үш жүздің түйіскен жері — Телікөлдің тұсына көшкен. Баянаулы жағынан келген Бөгенбай мен Бұқар жырау Арқаның біраз жігітімен осы арада, хан ордасының жанында болатын. Бұл кез жоңғарлармен үлкен ұрысқа бармай, уақ жорықтарда итжығыс түсіп, екі жақтың арасы бір мезет қару күшінен көрі, тіл қуатына көшкен шақ. Түрлі-түрлі келісім сөздер, әділетті, әділетсіз бітімдер жүріп жатқан. Дәл осы күндері Әбілмәмбет ордасына кенет бір суық хабар жеткен. Қалден Цереннің қанқұмар інісі Лоло-Доржи, Қалден Цереннің келісімінсіз, өзінің бес мың қолымен Сырдың төменгі етегіндегі Әбілқайыр хан-
ға қарайтын қарақалпақ пен Тама, Табын руларының біраз аулын аямай шауыпты. Соғыстың алғашқы кезіндегідей, әлгі ауылдардың күлін көкке ұшырып, бар малын айдап әкетіпті. Көп адамын қырып, іске татитын қыз, бозбала, сұлу әйел, қарулы жігіттерін Хиуадағы күң мен құл сататын базарға әкетіп бара жатыр деген хабар жетті. Әбілмәмбет шаптырған барлаушылар бәрін растап қайтқан. Және олар «Жоңғардың қолы екі бөлініпті. Үш мыңы қыруар малды айдап, өздерінің ордасы тұрған Ілеге қарай қайтыпты. Ал Лоло-Доржидың өзі екі мың сыпайымен сан жетпейтін тұтқынды матап Хиуаға беттепті. Тұтқындардың ішінде Тама еліне серуенге келіп жатқан Әбілқайырдың туған қарындасы Сақыпжамал бике де бар екен» деген хабар әкелді.

Орда маңындағы батырлар, жауынгерлер дүрліге қалған. Алдаспандарын қайрап, найзаларын ұштап, Хиуа базарына айдалып бара жатқан қарақалпақ, қазақ бауырларын құтқарып қалмақ боп, жорыққа дайындала бастаған. Сол дүрліккеннің бірі Арқадан бес жүз сарбазбен келген Бөгенбай батыр еді. Бірақ Әбілқайырдың Үлкен Ордадан бөлініп кеткеніне риза емес Әбілмәмбет Кіші жүз ханының қарындасы Сақыпжамалдың да күңдікке сатылуға айдалып бара жат-
қанын естігенде, ішінен «шоқ-шоқ» айтып, қолын бір-ақ сермеді: «Шабылған жұрт Әбілқайырдікі. Күшті болса адамдарын өзі алып қалсын» деген. Даурыққан жауынгерлер су сепкендей тез басылды.

Әбілқайырдың бұл кезде сонау Жайық бойында жорықта жүргенінен хабардар Бөгенбай ғана қызуын баса алмаған, «Әбілқайыр үлгіре алмайды, Хиуа жолына біз жақынбыз!» деп Бөгенбай ханға келіп, жорыққа шығуын өтінген. Бірақ Әбілқайырға өкпелі хан көнбеген. Ашуға мінген Бөгенбай өзінің бес жүз жігітіне атқа қонуға бұйырған.

Сонымен Бөгенбай қолындағы аз әскермен, бір төбенің бауырында, өзінен әлдеқайда көп жауының жолын тосып жатты. Көп кешікпей-ақ алыстан талмаусырап бір қайғылы үн естілді. Жауынгерлер тына қалды. Көп дауыс қосылып бір зарлы ән айтып келеді.

«Қара таудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

ән жоқтау тәрізді. Шерлі жүректен шыққан ащы запырандай. Бүкіл халықтың қайғысы осы бір өкси айтылатын өлеңге сыйып кеткендей, адамның жүрегін тырнап әкетіп барады. Бұл әнді көзінен жасы парлаған, елінен, жерінен айрыл-
ған көп әйел қосылып айтқанда жаныңды қоярға жер таппайсың. Жар тасалап жатқан жігіттердің үстін ауыр зіл басып, жарық дүние қарауытып кеткендей болды. Жігіттер тістеніп, қаруларының сабын қыса түсті.

Бұлар жатқан жер терең шатқалды, ұзыннан-ұзақ созылған тау арасы еді. Ирелеңдеген көш жолы осы тау арасынан өтіп, алдындағы жазық алаңға шығады. Одан әрмен қарай құмайт, тақыр дала басталады.

Көп кешікпей бір қойнаудан салт атты көрінді де, біртіндеп көбейе бастады. Енді сай ішін қаптаған адам, күңіренген үн жауып кетті. Қан сасыған талай ұрысты басынан өткізген Бөгенбай да көз алдындағы мына көріністен жаны түршігіп, бармағын тістей берді.

Топтың алдында күміс ер-тоқымды нардай қара айғыр мінген, басында қазандай қара дулығасы, үстінде көк темір сауыты бар, қара мұртын құлағына апарып орап қойған, Лоло-Доржидың өзі келе жатыр. Сырт бейнесінің өзі-ақ бұл ноянның қаншалық қанқұмар екенін көрсеткендей. Оның соңынан жолдың екі ернеуін ала, кілең көк найзалы, шойын шоқпарлы, ат үстіне оба тастай боп шөккен жоңғар басқыншылары. Ортада ұзыннан-ұзақ созылған тұтқындар. Шаштары тұлымдалынып жұлынған қыздар, жалаң аяқ, жалаң бас әйелдер, кейбіреуі жас нәресте бөпесін арқалап алған, ал қайсыбіреуі аяғын жаңа ғана апыл-тапыл басқан баласын жетектеп әзер келеді. Бұлардың дәл ортасында ұзын қыл арқанмен маталған кешегі жайсаң, жақсы жігіттер. Киімдері жыр-
тылған, денелері жарақаттанып ісінген, үстері қан-қан. Шыққан көз, жұлынған құлақ... Осы сұмдық көрініске қосыла нан сұрап жылаған жас баланың ащы даусы, «қой-қойлап» жалынған анасының күбір-сыбыры, жүре алмай қиналған ауру, жаралы жандардың ыңқыл-сыңқылы, оларды боқтаған, балағаттаған, зірк-зірк еткен жоңғар нояндарының қаһарлы айқайлары тұмандай тұтаса келіп, тау арасын бір сұмдық үрейлі үнге толтырып жіберді.

... Қарындастан айрылған жаман екен,

Қара көзден мөлтілдеп жас келеді».

Жылау-сықтау арасынан аспанға әзер қалықтап көтерілген жаралы құстай, өкініш-қайғыға толы күйікті ән талып жетеді.

— Сорлы халқым-ай! — деп бір жас жауынгер еңкілдеп жылап жіберді.

— Сабыр ет, жігітім! — деді Бөгенбай бұрылмастан тістене. — Қазір олар сыбағаларын алады.

Бөгенбай бұл араны өзі таңдаған. Жоңғар әскері сонау алаңға шыға бере тиіспек.

Шұбырған топ өте бергенде, бір жастау әйел жол шетіне шығып, емшектегі баласын құндақтай бастады. Бұны көрген еңгезердей қара ноян жарға қонғалы келе жатқан қара құстай әйелге таяй берді. Кенет көк найзасын жарқ еткізіп жерде жатқан нәрестені найзасының ұшыменен іліп алып, жолдың шетіне қарай лақтырды. Әйелдің жан даусы шығып шар ете қалды. Нәресте лақтырған тымақтай, аспанға далбаңдай көтеріліп, қалың бұтаның арасына барып түсті.

Ноян өзінің ісіне мәз болып, қарқылдап күлді. Оның баланы соншалық алыс-
қа лақтырғанына қошамет көрсете, өзге нояндар да күле бастады. Тау арасы бейне бір бос күбідей күңгірлеген, сасық күзендей шақылдаған, сұмпайы күлкілерге толып кетті.

Баласынан айрылғанын жаңа түсінген әйел, жан ұшырып жаралы барыстай, әлгі ноянға тап берді. Бұны көрген тұтқындар да шыдай алмай, жоңғарларға қарсы ұмтылды. Бірақ байлаулы, матаулы топ не істей алады, қарулы жоңғарлар енді оларды қамшының астына алады. Жарқылдай түскен жоңғардың қисық қылышы, бар күшімен сермелген шойын шоқпарлар. Талай жас нәрестелер найза ұшына ілініп, көкке ұшты, қос қолдап ұрған шоқпардың салмағынан талай қыршын жастың мойны үзіліп жерге түсті. Тау арасы іп-ілезде қан-жоса болды.





Дата публикования: 2014-11-04; Прочитано: 374 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.013 с)...