Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Екінші бӨлім 5 страница



Бұл қамысты өлкенің тағы да бір ғажайып ерекшелігі болатын. Қазақ руларының ежелгі кәсібі мал шаруашылығы. Көшсе — көлігі, сойса — соғымы. Еті мен сүтін — ас, терісі мен жүнін киім етеді. Малы неғұрлым көп болса, соғұрлым тіршілігі жақсы. Сондықтан да қазақ «мал ашуы — жан ашуы» деп келеді. Ал малға керегі жер, жайылым. Қамысты Шу, Сарысу, Талас бойлары мен қар суынан жаратылған жүздеген тұнық, борықты тұщы көлдердің кең өңірлері қыстың күні жайлы болғанмен, малға жаз тым мазасыз, азабы тамұқтан кем тимейтін. Мал түгіл, адамға да қолайсыз. Көкек шыға бұл өлкені тұмандай қаптаған быжынаған сона, маса, бөгелек басады. Жан-жануарға жанын қоярға жер тапқызбайды. Осындай жағдай Қыркүйектің басына дейін созылады. Көне заманнан бастап бұл арада сонау Кіші Кебін өзенінің сағасынан төменгі Мойынқұмға дейін жаз бойы ешбір ел тұрмайды. «Қазақ қай бір сүтті қызын береді» дегендей, Исан-Бұғының да көшіп келген ағайынға бұл жерді бере салуының бір себебі осында еді. Бос жатқан жерді «жауың емес, досыңмын» деген қазақ руларынан аясын ба, мырзалық ете салған.

Жәнібек пен Керей үш-төрт жыл өтпей-ақ жазғы жайлауын ойлай бастады. Қыруар елді өсіп келе жатқан бықыған малымен қайда апармақ? Рас, біраз жұрт осы уақытқа дейін Шу мен Таластың жоғарғы бойын өрлей Қошқар, Жуанарық өңіріне көшіп келді. Кей ауылдар Көкше теңіздің маңына да барды. Енді бүйте беруге болмайды. Сонда жайлауды қайдан табады? Наурыз бітпей биыл Көкше теңіз үстімен солтүстікке шығып алған Жәнібек ауылдары, көп ұзамай Мойындықұм маңайында қалған қалың елге келіп қосылған. Бұл кезде Жәнібек пен Керейдің қарамағындағы ел үш жүз мың үйге жеткен. Әбілқайырдың құрығы бұрын да мойнына түсе қоймаған Көкше теңіз маңындағы ел Жәнібекке тегіс бағынған. Әулиеата, Мерке маңайындағы Дулат пен Қоңыраттар да қос сұлтанның жарлығына мойын ұсынған.

Міне, осы кезде жазғы қамын ойлаған елдің ақсақал, би, батырлары жиналып екі мәселені шешті. Бірі — жасының үлкендігін сыйлап Рабиуыл айының басында ақ кигізге көтеріп, Керейді қазақтың ханы сайлады. Екіншісі — жазғы жайлауы етіп Қара Кеңгір, Сары Кеңгір өзендерінен бастап Ұлытау, Арғынаты тауларының бойын қуалай, ортадағы Шойындыкөл, Ақкөл, Барақ көлді ала отырып, сонау, Есіл, Нұра өзендеріне дейін көшпек болды. Малына жайылым, өзіне пана керек жұрт «Әбілқайыр берсе қолынан, бермесе жолынан аламыз» деп атқа қонды. Қазақ руларының бұнысы көк шалғынды, саумал көлді ежелгі қонысын ел болып қайтадан өзі билеп, өзі төстеудегі алғашқы адымы еді. Бұған Әбілқайыр қарсы тұра алмады. «Қазақ елін құмға қашырып, қырып тастаңдар» деп жіберген он мың лашкарларының қолынан ханның бұйрығын орындау келмеді. Лашкарларды бастаған Бахтияр-баһадурдан кейінгі ханның ең сенімді адамы, қара аюдай алпақ-салпақ мол денесі мен бойына біткен алып күші үшін, руының атын өз атына айналдырып «Қарашың» деп аталған әскер қолбасшысы Дарвиш-Хұсайын батыр, көшкен елдің соңынан қуып жетсе де, ештеңе істей алмады. Отыз мың сойылды әскерімен көш соңынан қорған боп келе жатқан Жәнібек сұлтан да бұларға назар аударып кейін бұрылмады. Қыр бөктерлей жортқан көкжал қасқырға тап беруге бата алмаса да, кейін қалып қоюға намыстанған ауыл төбеттері тәрізді, Әбілқайыр ханның лашкарлары алыстан садақ атып құр мазасын алып, соңдарынан жүріп отырды. Қарашыңның бұл тәсіліне Жәнібек таң қалды. «Сірә, менің әскерімнің аттан түсіп, бір жайбарақат қалар кезін күте ме? Олай болса...» Жәнібек кенет отыз мың әскерінің атының басын кейін бұрдырып алды да, Қарашыңның лашкарларына лап қойды. Арқаның жазық даласында бауырын жаза шапқан кілең тоқпақ жал, қамыс құлақ, бөрте мінген қалың қол заматта жау жасақтарын жан-жағынан қоршап алды. Бұл Қыпшақ шабуылшыларының ежелгі тәсілі. Алдында жайбарақат келе жатқан қалың қолдан мұндай жылдамдықты күтпеген Қарашың баһадур кенет туған қауіпті көріп жаман састы. Отыз мың сыпай отыз мың садағын бір рет қана тартса орталарында қотандағы қойдай қоршалған он мың лашкардан не қалады? Бір адамға үш жебеден. Батырға да жан керек, Қарашың бітім сұрады. Бұл оқиға Даираяқтың тақыры, Шотшөт көлінің тұсында болған. Кешегі бауырлас рулардың қанын төгуді Жәнібек лайық көрмей бітімге келген. Бітім біреу-ақ; «бізге қосылғысы келген лашкарлар бізге қосылсын, ал бізге қосылғысы келмегендері екеу ара бір ат мініп, қалған аттарын тастап елдеріне қайт-
сын. Босаған аттардың бәрі бізге қалсын». Қарашың лашкарларының үштен бірі Жәнібек жағына шықты. Қалғандарының елдеріне қайтқысы келді. Бірақ екінің бірі аттарынан айырылды. Сөйтіп алты мыңдай адам екі-екіден атқа мінгесе мініп кейін жүрді. Телікөл-тата тасығанда барып құятын Сегізсай Сарыаланың жанындағы сол кезде «Атмінгескен» деп аталатын қия жол содан қалған. Әскерінің қалай жеңілгенін естіген Әбілқайыр, бір кезде бүкіл Дәшті Қыпшақты, Мауреннахр, Қорасанды бағындырған лашкарларының енді масқара боп, мінгесіп қайтқанына жаман қорланды. Ашудан бір орнында отыра алмады. «Тірі жүрсем, Жәнібек сұлтан, осы істегеніңді алдыңа келтірмесем, Әбілқайыр атым құрысын» деп ант берді. Бірақ антын орындай алмай өтті. Қарашыңның қолын жеңуі — жас арыстан қазақ елінің жауына айбарын алғашқы көрсетуі еді. Енді ол жылдан жылға есейе түсті. Тағы үш жылдан кейін Керей қайтыс болып, Жәнібекті хан етіп ақ кигізге көтергенде, қазақ рулары бастары бірігіп, Шу, Талас, Сарысу, бүкіл Көкше теңіз бойын, Дәшті Қыпшақтың солтүстігіндегі Есіл, Нұра, Тобыл өзендеріне дейін тегіс алып болған еді. Осы жердің оңтүстігін қыстауы, солтүстігін жайлауы етті. Елдің елдігін, ердің ерлігін көрсететін заман енді туды. Тек осы шағын жерде көшіп жүре берсе, бір күні өзінен күшті Әбілқайыр секілді бір ханның қалың қол шығарып, қайтадан басып алатынын Жәнібек жақсы ұқты. Өзің күшті болсаң, өзгемен көшің қатарлассын. Ал күшті болу үшін, енді қазақ біржолата руға бөлініп бытырап жүруді тыйып, айбынды мемлекетке айналуы керек. Ұшы-қиыры жоқ далада малының әуенімен әр руы өз алдына көшіп, тарап жүрген қазақтың, Иран, Үндістан, тіпті қала берді тұрғын ел Мауреннахрдай тастай берік мемлекет болуының қиын екенін Жәнібек бұрыннан да жақсы түсінетін. Әйтсе де кәсібі бір, нәсілі бір, тілі бір бүкіл қазақ руының басын бір жерге қоса алмаса да, сол өзінің мал шаруашылығына тән көшпелі тіршілігіне ыңғайлы хандық құруға болатынына ол сенетін. Бұл, қазақтың тарам-тарам боп әр ханның қолында құрып кетпеуі үшін керек еді. Тіршілік тартысы, халықтың өзін сақтап қалу күресі — бәрі де бір ел болмай мүмкін емес-ті. Бұл арман халықты алысуға мәжбүр етті. Ал жеке мемлекет болу үшін, ел бірлігінен басқа, жауың сескенетін әскерің мен халқыңның мұң-мұқтажын, керегін қамтамасыз ететін, өзге жұртпен байланыс жасайтын кәсіпорындары, сауда-саттық жүргізетін шаһарлар керек. Бұл шаһарлар Дәшті Қыпшақ жерімен шекаралас Түркістан өлкесінде. Ал Түркістан Әбілқайыр ханның қолында. Бір кезде бұл шаһарлар қазақтың алғашқы ханының бірі Орысханның қарамағында болған. Орысхан Ақ Орданың туын көтергенде, Шыңғысхан мүлдем құртып жіберген Сығанақ, Сайрам, Яссыны қайтадан тұрғызған. Сығанаққа астанасын көшірген. Қазақ руларына керек шай, қант, мата, ыдыс-аяқ, қазан-ошақ — бәрін Үндістан, Қытай, Иран саудагерлерінен алып, Шығыспен сауда жүргізе бастаған. Бұның бәрі Ақ Орданың құлауымен бірге біткен. Ал бұл жағдайға жету үшін, құлап қалған Ақ Орданы қайта тұрғызу керек. Әрине Ақ Орданы қайта тұрғызу деген сөз, бүкіл Дәшті Қыпшақ жерін, Түркістан уәлиетін өзіне қарату деген сөз. Бұнсыз қазақ күшті ел бола алмайды, бұнсыз қазақ өз басын сыртқы жауынан қорғай алмайды. Осы ойдың бәрін — ел бірлігін күшейтіп, ру-ру боп жүрген ағайындас жұртты қазақ деген бір ел етті, сол елді, жан-жағындағы қанды көз жаулары бесігінде жатқанда қыршынынан қиып құртып кетпес үшін, айбарлы атты әскер құруды Жәнібек көп ойлады. Әрине, ондай басы біріккен, мол әскерлі елді мемлекетке айналдыру үшін, Ақ Орданы қайта тұрғызып, бүкіл Дәшті Қыпшақ жері мен Түркістанды өз қарамағына алу өте қажет. Алғашқы екеуі қазақ руларының берекесімен, ауыз бірлігімен байланысты болса, үшіншісі ұзақ тартыссыз, әсіресе Дәшті Қыпшақ ханы Әбілқайырмен қан майданда кездесіп, аянбай қан төгіспей шешілмейтін тілек еді.

Түркістан Әбілқайырға да, Ақсақ Темір әмірлеріне де керек. Ал бастары жаңа қосылып келе жатқан қазақ руларына Түркістан уәлиетіне жататын Сырдария жағасындағы кенттердің маңызы ерекше зор болатын.

Бұл ерекшелік ең алдымен Сырдария шаһарларының шаруашылық жағдайымен байланысты себептерден туған.

Дәшті Қыпшақтың көшпелі еліне қаланың өнеркәсіп заттары, отырықшы жұрттың егісінен өнетін азық-түлігі қандай қажет болса, отырықшы елдер де көшпелі жұрттың өсіріп отырған малының еті, жүні, терісіне сондай мұқтаж еді. Ал Сырдария шаһарлары Орта Азия мен Дәшті Қыпшақтың ортасындағы сауда-саттық бекеті ғана болып қалмады. Өздері де сол Дәшті Қыпшақ ауылдарына керек өнеркәсіп заттарын молынан өндіріп, екі жақтың сауда-саттық ісіне қызу араласты. Мұндай жағдай бұл шаһарлардың қаулап өркендеулеріне себеп болды. Әрине, бұл қалаларды қолына түсіру — Дәшті Қыпшақ хандарының да, Мауреннахр әмірлерінің де көкейтесті арманы екені даусыз еді. Қазақ хандарының Сырдария шаһарларына телміре қарауының екінші себебі қарамағындағы мал шаруашылығымен шұғылданатын елді жайылыммен қамтамасыз етуден туған. Қары аз, қысы жылы Сырдария жағасы көшпелі ауылдарға қысқы жағдайда таптырмайтын қоныс. Күннен күнге мал басы өсіп, өркендеп келе жатқан көшпелі жұртқа Шу, Сарысу, Талас өзендерінің бойы енді жеткіліксіз бола бастаған. Амал жоқ, қазақ еліне тағы жаңа қысқы қоныс іздеуге тура келді. Ал бұл жағынан құйқалы Сырдария қойнауларынан артық жер табу қиын-ды. Жаз малын Арқада бағып, қыс осы Сыр бойын жайлауды қазақ рулары көксей бастады. Осы арманы орындалса, бүкіл Дәшті Қыпшақ халқының алдында абыройы көтеріле түсетінін Жәнібек хан өте жақсы түсінді.

Үшінші жағынан бұл қалалар әскери бекініс ретінде де аса керекті еді. Моғолстан хандары Шу, Сарысу, Талас бойларын Мауреннахр әмірлерінен сақтайтын қалқан көрсе, Мауреннахр әмірлері Түркістан уәлиетін Мауреннахрды Дәшті Қыпшақтан қорғайтын бекініс санады. Ал Әбілқайыр осы Түркістан шаһарларына сүйене отырып, бүкіл Дәшті Қыпшақты уысымда ұстасам деді.

Әбілқайыр арманы да, Дәшті Қыпшақ елдерінің көкейкесті тілегі де осы Сыр бойына келіп түйісті. Ал Жәнібек хан ұшы-қиыр шеті жоқ Дәшті Қыпшақ жерін ұстап тұру үшін мықты бекініс осы Сырдария шаһарлары екенін өзгеден анағұрлым терең ұқты.

Сондықтан да оның қырағы көзі күндіз-түні Түркістан жағына тігулі. Ал Жәнібек ханның жатса да, тұрса да ойлайтыны, әсіресе, Дәшті Қыпшақ жеріне ең жақын тұрған, кешегі бабаларының, Ақ Орданың кіндігі — Сығанақ пен оған таяу Дәшті Қыпшақтың көне шаһарлары Сауран, Созақ, Яссы, Сайрам...

Бұл қалалар өздерінің ұзақ өмірлерінде не көрмеді? Түркістан өлкесін қандай хан билемесін, тек одан өз пайдасын көздеді. Жан-жағы егіндікке бай, Түркістан шаһарларының михнатын диқаны тартса, қызығына бірінен соң бірі басқарған хакімдері батты. Еңбекші бұқараларға салынған алым-салық, қаржы-қаражат тек қаланы билеген бекзадалардың ғана дәулетін молайтты. Бай-манаптың үстемдігін асырды, қайда барса да тек кедейлер ғана сорлады. Қала-мединелерді басқарып отырған хакім, даруғалар мемлекетке деген көзқарастарын өздерінің жеке мүддесіне қарай белгіледі. Сол себептен де бұл шаһарларды билеген мықтылар ойына келгенін істеді, қарамағындағы елді өзінің меншікті мүлкі санады. Мединелерді билеген бекзадалардың асқандығы соншалық, қалаға таласып жатқан екі жақтың қайсысының қарамағына көшкісі келсе, соған өз еркімен көше берді. Егер қала мықтылары өз бастарына пайдалы көрсе, кешегі жауына бүгін өзі апарып қала қақпасының кілтін ұстатты. Осындай жағдайларды ойлаған Түркістанды жаулап алған хандар, әрқашан да бұл шаһарларға хакім етіп өздерінің сенімді жақындарын ғана қоюға тырысты. Бұл әдетті Әбілқайыр хан да қатты қолданды. Түркістан уәлиетін өзіне қаратқаннан кейін, осы уәлиетті жаулап алуда көп қаһар көрсеткені үшін, Сығанақтың хакімі етіп Манедан-оғланды, Үзкентке — Маңғыт руының биі Оқасты белгілеп, Созақ бекінісін немере ағасы Хызырханның баласы Бахтияр сұлтанға тартты. Яссы, Сауран, Сайрамдарды да осылар тәрізді Әбілқайырға өте сенімді не болмаса хан тұқымынан шыққан сұлтандар билеуде еді.

Ал бұл хакімдердің Жәнібек жағына шығуы үшін жалғыз-ақ жол бар. Ол жол: Жәнібек Әбілқайырдан күшті болуы керек. Күшті болудың жолы биіктігі қырық құлаш, қаланы қоршаған қорғандарды алу ғана емес. Тастай түйінген бұл шаһарларға шабуыл жасап, орынсыз қырылудан гөрі, алдыменен Дәшті Қыпшақтағы рулардың басын біріктіріп, мықты әскер құра білу шарт. Егер халықты өзіне бағындыра алса, мықты қол жинау да қиынға түспейді. Ал, азғантай ғана шұрайлы жайылым үшін бірінің малын бірі барымталап, жігіттерін сойылға жығуға дейін баратын қазақ руларын өзіңе бағындыру оңайға түскен бе! әрқайсысы өзін-өзі дөй санайтын, өзім дегенде өгіз қара күші бар әр рудың би, батырларын бір ханға бағындыру оңай болып па? Тағы бір қиындығы Әбілқайырмен айырылысар кезде намысқа шауып, бір жұдырықтай жұмыла қалған қазақтың басты рулары тынысы кеңіген сайын, жұмылған жұдырығы жазылып, біріктік деп тартқан айылы босай түскен. Өзінің ежелгі дәстүріне салып, малының әуеніне қарай бытырай көше бастаған. Жәнібектің де ең қорыққаны халықтың жібі босап кететін осы кез еді. Әбілқайыр ханның да күткені осы. Бытыраған руларды біртіндеп жаулап алып, Түркістан қалаларын да босағасын берік ұстап, бүкіл Дәшті Қыпшақты қайтадан өзіне бағындырады. Ал Жәнібек Арғын, Қыпшақ қос шоқпарын қолына мықтап ұстап, жаңа ұйып келе жатқан ел бірлігіне іріткі салдырмайды. Көнгісі келген руларды ақылмен көндіреді, ал көнгісі келмегендерін қан-жоса етіп күшпен дегеніне бақыл еткізеді. Осылай шешкен Жәнібек аулы Қара Кеңгір жағасына келіп жайлауға қонған шақта, Тауық жылы, екінші айдың орта шенінде Арғынның ақсақалы Қотан тайшы мен Қыпшақтың әрі биі, әрі батыры, әрі сөзуар желауызды шешен-ақыны қарға бойлы Қазтуғанды кеңеске шақырды. Бұл кезде Арғын руының көсемі Арғын би еді. Ал Қыпшақтың билігі әлі тұғырынан түсе қоймаған Қара Қыпшақ Қобыланды батырда болатын. Қазақтың ең көп және батыр руларының көсемдерін шақырмай, ханның жырауларды шақыруында да көп мән бар. Жәнібек ел билеген жақсыдан, ел аралаған ақын сыншы екенін білетін. Ақын ел құлағы, ел көзі, ел жүрегі. Жұртының тамырының қалай соғатынын және оның көңіл күйін, мұң-мұқтажын бұлардан артық айтып беретін тірі пенде жоқ. Сан ақын-жыраулар халқының ауыр халін хандарына жыр етіп беремін деп, қуғынға ұшыраған, құрбан да болған.

Жәнібек Қотан мен қарға бойлы Қазтуғанды шақырғанда халқының көңілінің қандай күйде екенін білгісі келген-ді. Қос жырау бір күні жетті. Өздеріне арналып тігілген қос ақ боз үйге атқосшы жігіттерімен жайғасып жатқандарында: «Асан ата, кәдімгі ел құлағы, ел көзі Асан Қайғы келе жатыр» деген хабар дүңк ете қалды. Сөйткенше болған жоқ «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы бидің» алтыншы ұрпағы, ел кезген Асан ата ауыл сыртына кеп, Ақсирақ жүрдегінің үстінен түсті. Бұл шақ күн батып бара жатқан мезгіл еді. Хан аулы маңында мал болмағанмен, төменгі елдің қайтқан қойының маңырағаны, құрақтағы жылқысының кісінегені, аусыл аруаналардың боздағаны, зеңгі баба шаңырақ мүйіз сиырлардың мөңірегені алыстан естіліп жатты. Кәрі төбеттің балпылдай үрген дүңкілдек даусы, әлдекімнің «Қозыжан, Қозыжан!» деп баласын еркелете шақырған айқайы шығады. Күндізгі аңызақ жел де тоқтап, кешкі таманғы тына қалған таза ауада малы өрістен қайтып абыр-сабыр болған, төменде жат-
қан төлеңгіт ауылдарының у-шуы хан Ордасына анық естіліп тұрады. Қара Кеңгірдің көк балауса жасыл шалғынды арғы жағасында, сонау ойпаттағы қа-
мысты көлге дейін быжынаған ел көрінеді. Сүт пісіруге, ас қамдауға кіріскен қатындардың жаққан оттарының көгілдір түтіні ауыл үстінен көкке көлбей ұшып барады. Қамысты көлден белеске қарай көтерілген көп жылқы күңгірттене бұлдырап көзге түседі. Бергі ауылдың қырқа жағындағы жазықта, қолында құрығы бар, ақ боз жүйрік мінген жігіт, асау қуып келеді.

Хан Ордасында қарт Қотан мен қарға бойлы Қазтуғанның келіп сәлем беруін күтіп отырған Жәнібек, «Асан Қайғы келіп ауыл сыртында түсіп жатыр» деген хабарды естісімен, бүкіл Дәшті Қыпшақ ардақтайтын, қазағы үшін қайғылы жырауды өзі шығып қарсы алмақ болды. Жәнібек нөкерлерін ертіп, Ордадан шығып есік алдында сәл кідірді. Өзеннің арғы бетіндегі ауылға қарады. Түйсік қабақты ханның сұрғылт сынық жүзінде кенет бір күлімсірегендей шырай елең берді. Шынында да ауылдың кешкі суреті адамның көңілін көтерерліктей орасан сұлу еді. Жәнібек енді осыншама жан тербетер сұлу суретке көз салып рахаттанбай, бағанадан бері Орда ішінде отыра бергеніне өкінді. «Дүние деген міне осы, мұның хан екенінде де, халқының қамын ойлап күні бойы Ордадан шықпағанымен де ісі жоқ, өз қызығымен, қуанышымен өте береді». Дәл осы кезде ақ боз жүйрік мінген бала жігіт бағанадан бері ұстамақ асауын хан тұсындағы өзеннің жағасымен жанастыра қуып, алдындағы асау жалт бұрылып алдынан өте берем дегенде, қолындағы құрығын мойнына жып еткізіп сала қойды. Асау, бала жігітті атматымен сүйрей жөнелді. Бірақ жігіт жібермеді. Үзеңгісін шірене арт жағына қарай қисая, қолындағы құрығын қос қолдап бұрай тартып жанаса жабысып келеді. Күндікке шапқан жүйрік шаршады ма, әлде мойнына түскен құрықтың қыл арқаны батты ма, екі бүйірін солқылдата демін алып, үстінен тері көпсіп бұрқырап, қамыс құлағын қайшылай теңселе барып тоқтады. Құрықшының қимылына риза болған хан «Жігітім-ақ екенсің! Кімнің баласы екен өзі?» деді. Хан сұрағына жауап тапқалы бір нөкері ауыл сыртындағы сайдағы атына жөнелді. Жәнібек енді хан Ордасына қарай беттеген Асан Қайғы тобына қарсы жүрді. Ханнан бұрын, қайғылы жырауды қошеметпен қарт Қотан мен Қазтуған қарсы алған. Асанды екеуі екі жағынан қолтықтап, топ адамды соңдарынан ертіп келе жатыр екен. Жәнібек хан нөкерлерімен таяу келіп, қол қусырып иіліп сәлем берді.

— Арсың ба, Асан ата?

— Барсың ба, жарқыным?

Хан енді қазақ әдетімен алдымен құшағын айқастыра, кеудесіне кеудесін тигізіп, әуелі Асан Қайғымен сәлемдесті, содан соң барып Қотан жыраумен, Қазтуғанмен амандасты. Қазтуғанның орнына енді Жәнібек ханның өзі Асан Қайғының қолтығынан ұстады. Бәрі бірдей хан Ордасына беттеді. Ақ Ордаға тәжім етіп кіргеннен кейін үш жырау хан тағының оң жағындағы шайы көрпенің үстіне барып отырды. Асан Қайғы төрде. Одан сәл төмендеу Қотан қарт, сосын барып Қазтуған тайшы жайғасты. Хан нөкерлері аяқтарының ұшымен дыбыс шығармай жүріп, шынтақтарына үлпілдеген мамық жастық салды. Сөйтсе де Жәнібек ханды сыйлаған қарттар, аяқтарын көсіліп жастыққа жантаймады, сол малдастарын құрып отырған қалыптарынан қозғалмады.

— Жол болсын, қария, — деді Жәнібек, Асан Қайғыдан жөн сұрап, — алыстан келесіз бе?

— Ақсираққа жақын, ақсақалға алыс жерден келемін, жарқыным. Бабам Майқы би көш салған Алатаудың қойнауындағы, гүл-бақшасы жайнаған, бұлбұл құсы сайраған Алмалықтан шыққан бетім бар...





Дата публикования: 2014-11-04; Прочитано: 472 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.008 с)...