Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Азақстан Республикасының Президенті 4 страница



Әбілқайыр шешетін тағдыр расында да қиын тағдыр еді. Қазақ даласына Шыңғыс ұрпағының үстемдігі жүргенменен де, айыпты жанды өлім жазасына кесу үнемі ежелгі ел дәстүрі бойынша халықтың өз билігінде қалған. Айыпты жанның күнәсін, әбестігін ақыл таразысына салып, жазықты мен айыптаушылар жағынан жиналған би, ақсақалдар мәжілісі аталы сөзге тоқтап, өзінің үкімін айтатын. Хан тек осы үкімді өз жендеттері арқылы іске асыратын. Бұл жолы олай болмай шықты. Арғын, Қыпшақ би-ақсақалдары бір келісімге келе алмады. Сондықтан да бұл дауды хан шешсін деп ұйғарды. Күнәкар деп табылған Арғынның жиені Саян батырды Қыпшақ жағы өлім жазасына бұйырды. Жас батырды күнәсіз деп тапқан Арғынның игі жақсылары оны ақтады. Екі жақ бірдей тоқтайтын би шықпады. Дау аяғы қанды сойылды жанжалға айнала жаздап әзер басылды.

Расында бұл дауда хан тағына қауіп тудырардай астар бар-ды. Бату ханнан кейін, 1361 жылы Шыңғыс ұрпағы Болат Темір хан Еділ бұлғарларын екінші рет шапты. Бұлғар мемлекетін жермен жексен етті. Осы жерге он бесінші ғасырдың басында Әбілқайыр өлтірген Жұмадүк ханның әкесі Ұлығ Мұхамбет кеп Қазан қаласын салды. Өзін хан атады. Он сан Ноғайлының ең ақырғы Ұлы биі Алтын Ордадан мүлдем қуылып, Орда тағдыры Жошы ұрпақтарының қолына біржолата көшкен соң осы Қазан хандығының қол астына Орманбет бидің ұрпақтарының біразы келіп қосылған-ды. Және Алтын Ордаға деген қастығын тоқтатпаған-ды. Затымыз бір ел-жұртпыз деп кешегі үстемдігін зар еткен кей билері астыртын қазақ руларына кісі салып, Әбілқайырдан бөлін деп демігуде еді. Ал кей жау жүрек батыр ұлдары, қастарына саяқ жинап кейде хан тұқымының мыңдаған жылқысын барымталап әкететін.

Осындай бір шабуылдан кейін, ызасы кеудесіне сыймаған Әбілқайыр, Қазан ханының жеріндегі Орманбет бидің ұрпақтарының аулын шабуға үш түмен қосын мен бақан бойлы, шоқпар қолды Қыпшақ Қобыландыны аттандырған. Бұл атақты Қажымұқан балуанның он екінші атасы. Қазақ пен Ноғай бөлінгенде айтылған «жылау, жылау, жылау күй» жырындағы «қара орманынан айрылған», Торғай мен Ор бойына Қаратау маңынан, Арыс пен Бадам өзендерінің тоғысқан жеріндегі Қараспан тауынан көшіп келген, қазақтың атан жілік, арқар мүйіз батырларының бірі.

Ол тыныш, ертелі-кеш күлкіні ермек етіп, қаннен-қаперсіз жатқан Ноғайлы ауылдарының күлін көкке ұшырып, бар малын алдына салып айдап, мүсінді деген қыз-келіншектерін олжа етіп, жақында ғана жорықтан қайтқан.

Ақ түтек борандай қаһарына жан шыдамаған Қобыланды батырдың бұл жеңісін бүкіл Әбілқайыр қол астындағы ел, ол бір Стамбул мединасын шауып қайтқандай, үш күн тойлаған. Той тарқар алдында, әкелінген қыз-келіншекті олжаға бөліп беру үшін, хан осы жорықта қай батырдың қандай асыра ерлік көрсеткенін сұраған.

Асат, әсет [12] айларының аяқ шеніндегі ыстығы басылған ала көбеңденуге таяу кіші бесін әлеті. Орда толы ала таяқты ақсақалдар, ат-жарақты батыр, сұлтандар... Қобыланды батыр алақандай көзінің қиығымен ханға қарап, ерлік көрсеткен кеуде соғар батырлардың атын атап келіп, кенет сәл кідірген. Аз уақыт үн-түнсіз тына қалып құлағына дейін жететін білектей қара мұртының ұшын шиыршықтай түсіп:

— Өзге батырларға олжа сұрасам, Арғынның жүз жігітін бастап барған жас бөрі, Қотандай абыз қарттың жиені Саян батырға өлім жазасын талап етемін, хан ием, — деген.

Ордада отырған жұрт дір ете қалған.

Саянның нағашысы ханның оң жағында отырған маймене, асқан күш иесі, әрі шешен, әрі әнші, екі иығына екі адам мінгендей, төртпақ келген қара сұр Қотан жыраудың баласы Ақжол би қанын ішіне тартып сұп-сұр боп кеткен. Бірақ жүрек толқынын әдеттегі орнықты мінезіне жеңгізіп ол:

— Неге? — деген, Қобыланды батырды қырағы көзімен бір шолып, даусын өзгертпей.

— Ұлы Шыңғысхан шартын бұзды. Орманбет бидің ұрпағы әділгерейдің қызы есірей [13] Қарашашты өз бетімен олжа етемін деп Керейдің Қарабатырымен таласты.

Олжаға таласқанға — өлім жазасын беру Шыңғысхан Ясысында жазылған. Шапқыншылық заманда әскер арасы бұзылмасын деп бұны хан ұрпақтары мықты ұстаған, қас батырға қойылған айып ауыр.

— Оған қандай дәлелің бар? Керей Қарабатырдың өзі айтты ма, әлде көрген жан бар ма? — деді Ақжол әлі де даусын өзгертпей.

— Қарабатыр сол таласта қаза тапты. Көрген куәні де қызба қанды Саянның алдаспаны алып түсіпті.

Әбілқайыр жұмсаған бір сұмның сөзіне аңғал Қобыланды күрт сеніп қалған. Осылай болуын тілеген көңіл, Саянға тағылған кінәнің ақ, қарасына көз жеткіздірмей, өзін де жаланың құрбаны етіп отыр.

— Олжаға қалай таласқанын онда батыр Саянның өзі айтар?

— Күнәсін мойынға алу үшін шын батыр болу керек.

— Арғынның ардақты жиенін қатын демексің бе?

— Олжа есірейге таласу қатын әрекеті.

Екі батыр алыса кететін қанды ауыз арлан төбеттердей алая қарады. Бірақ хан алдында төзім сақтау керек, ендігі сөзді Орда иесінен күтіп үн-түнсіз отыр.

Қобыланды батырдың бұл жанжалды неге бастап отырғаны Әбілқайырға аян. Күйе жаға айтылған сөздің астарында күйікті сыр жатқан. «әлде батыр Саянның қылығы рас па екен?» Әбілқайыр хан үйде отырғандарды көз астымен бір шолып өтті. Хан кеңесіне келетіндер қалай өзгеріп кеткен. Мешін жылы Дәшті Қыпшақ тағына отырғанында өзі он жеті жаста еді. Ол кездерде әскер басшылары да, Орда тіректері де басқалар болатын. Мынау Арғын, Қыпшақ жайсаңдары алған төрде Маңғыт, Дулат, Үйсін, Қоңырат, Найман, Тубай, Ұйғыр, Қытай [14] руларының мықтылары отыратын. «Хиуаны шапқанында да сол топ қасымда еді. Тек қалмақтармен айқасқанымда ойымнан шықпады. Иә, ол менің ең қарабет жеңілісім болды. Әскерім Сырға дейін шегінді. Өзім Сығанаққа қаштым. Жауымнан көп құн төлеумен әзер құтылдым. Сосын ғой Дәшті Қыпшақтың басты рулары Арғын мен Қыпшаққа арқа сүйемек болғаным... Одан не шықты? Тікенектен шошып шоқ басты деген осы емес пе? әттең жас кезім қайта оралар ма еді? Онда бүйтіп жан-жағыма қобалжи қарап отырмас едім-ау! Шіркін жастық, дарияның алғашқы тасыған қарқынындай едің-ау, бұзбайтын бөгетің бар ма еді? Екі жыл өтпей, Дәшті Қыпшақ хандығына қол созған Сайбанның ортаншы қатыны Үкілімайдан тараған Қанбайдың ұлы Елбектен туған Махмед-Қожа ханмен Тобыл өзенінің жағасында қалың әскерімен кездесіп жеңіп шығып едім ғой. Қандай қызық, қандай қайтып келмес, әселдей тәтті күндер! Сол жолы еді ғой, өзге батырларымның біреуіне де қимай он төртінде туған айдай толықсыған, адамзаттың сұлуы, Махмед-Қожаның жесірі, Арғынның қызы Ағанақ-Бикені өзім алып едім. Ағанақ-Бике десе Ағанақ-Бике еді ғой. Адамзат нәпсісі дегенді қойсайшы, жастай қосылған ерін өлтіріп, өзін қатындыққа алғанымда опа таптым ба? Құшағында жатқанда төсегің нағыз бір жылан інінің қасына салынғандай сезінесің. Ін ішінен бір улы жылан ысылдап шығып, жалаңаш денеңе айыр тілін сұғып алатындай! Мен қанша жақсы көрсем де, бір иілмей өтті-ау, бейшара. Қайтсын, мен құр ғана ерін өлтіріп қойдым ба, соңынан еріп келген үш жасар баласын да өлтірттім ғой. Өлтіртпеске болмайтын еді. Хан тағы деген періште де қызығатын бір сиқырлы арман ғой. Өгей бала түгіл, өз балаңа да сену қиын. Ал Махмед-Қожа баласы, жабылмаған ұстара тәрізді еді, абайламасаң қолыңды алып түсуі оп-оңай. Оны мен әрине дұрыс өлтірттім. Бірақ одан не таптым? Шешесі жылы шырайын бір көрсетпей кетті. Менен балалы болып қалмайын деп, сан мәртебе күшәлә ішіп іш тастады. Жалғыз-ақ бұл ажалдардан пайда көрген Сарғыт-Шиман Маңғыт болды ғой. Тапсырмамды адал орындадың деп мен оған қандай тартутаралғы бермедім, қандай дәрежеге көтермедім. Дәшті Қыпшаққа өзімнен кейінгі адам еттім. Әрине менің мұным өзгелерге ұнаған жоқ, әсіресе Баһрам, Алаш батырларға...

Хан Ордасындағы тартыс сол күннен бастап күшейе түсті. Содан бері отыз жылдай өмір өтті, ал тартыс әлі бір толастамай келеді. Қайран, дүние! Қандай қайсар едім! Отыз жыл! Отыз жылдың ішінде қандай жауымды жеңбедім! Демек адамның қасы — арам шөп тәрізді болады екен. Отаған сайын қаулай өсе түседі. Әйтсе де мен де аянып қалғаным жоқ. Қай шаһарды алмадым? Хиуа, Самарқант, Икра-түп, Бұқар, Сығанақ, қазақтың жеке ұлысы болып жүрген Махмед-Қожа хан, ағалы-інілі Ахмед-Махмұд, Мұстафа хандарды жеңіп, Есіл, Тобыл, Нұра бойын өзіме қараттым... Бірақ сонда шыққан қандай мүйізім бар? Алғашқы хан болған кезімде Найман, Маңғыт, Ұйғыр, Қоңырат руларынан қаймықсам, енді міне Арғын, Қыпшақтан сескеніп отырмын. Бұрын жауым өзіммен аталас Сайбан тұқымдары еді десем, енді міне, Жошының он үшінші баласы Тоқай Темірден тараған ұрпақтары болып отыр.

Әбілқайыр Арғынның би, батырларының алдыңғы жағында отырған сұлу мұртты Жәнібек пен жалаңаш қанжардай түсі суық Керейге көз қиығын ау-дарды.

«Иә... иә... Абақ сұлтаннан бұлар қауіпті. Шыңғысхан нояндары күйреткен, соңынан бабалары Орыс хан қайта жөндеген Ақ Орда астанасы Сығанақты жаулап алғанымды бұлар мәңгі-бақи кешірмек емес. Және Ақсақ Темірдің баласы Шахрук сұлтаннан туған Ұлықбектің қызын алғаныма да қырғи-қабақ. Менің Бұқар, Самарқант бектеріне бүйрегімнің бұратынын көре алмайды. Шамалары келсе, тез-ақ жеке қазақ ханы болып оңаша отау тікпек. Тек бөлініп кетуге әзірге күштері жеткіліксіз. Бастары қосылмай жүрген рулары болмаса, соңынан тұтаса ерген елі жоқ. Ал ел деген не? Ойынан шықпасаң, сенен үрки жөнелуге бар. Мына Ақжол бидің айтып отырғанын ескермей көрші, бүкіл Ар-
ғын, Найман, Қоңырат болып ши шығаруға дайын. Барақ баласы Жәнібектің, Болат баласы Керейдің күткені де осы. Көптен бері Жәнібек пен Керей осы рулардың сөзін сөйлеп, сойылын соғып өздеріне баурап жүр. Азғантай мүлт кетсең, оқыралаған өгіздей мөңки тулап, жұртты бөліп әкеткелі тұр. Сонда не істеу керек? Арғыннан қорқып Қыпшақ батырының сөзін аяқсыз тастау керек пе? Жоқ, өйтуге болмайды. Қазіргі арқа сүйерім, бұрынғыдай Маңғыт емес, жошын Қыпшақ! Қыпшақ менің қазір қанды шоқпарым. Оны дұрыс сілтей білсем, әлі де болса талай Жәнібек, Керейлердің басын домалата алам. Демек, шешім қандай болуға тиісті? Екі жақ менен бірдей жауап күтуде ғой».

Әбілқайырдың іркіп отырған ойын кенет сықырлай ашылған есік үні бұзып кетті. Хан төмен түсіп кеткен басын көтеріп есік жаққа қарады. Жақында қайтыс болған Шах-Будақ сұлтаннан туған жеті жасар немересі Мұхамед-Шайбани екен. Атасы хан, нағашысы бүкіл Алтын ханның бас батыры Домбалық батыр болғандықтан, Әбілқайырдың бұл немересі өз балаларынан да анағұрлым ерке, тентек. Және хан да оны ерекше жақсы көретін. Бала есік алдында тұрған пасбандарға [15], үй іші толған бек, сұлтан, әмір, хакім, батырларға қарамастан үйге кірген бетімен өзгелерді баса-көктей алтын тақтың жанына бір-ақ жетті. Атасы Әбілқайырға еркелей:

— Тарланкөк тым асау екен, бие сауымдай мезгіл шаптым. Бірақ мені түсіріп кете алмады, — деді мақтана, — бәрібір мен оны үйретіп аламын!

— Кезің келгенде бұл дозақтың отына сен де күйерсің, әзірге ойнай бер. Бара ғой.

— Қайдағы дозақ? — Бала атасына еркелей қарады. — Мен хан болғанда ол дозақты жұмаққа айналдырам. Көр де тұр?

Хан күлімсіреді де қойды. Кенет оның көзі есікке таяу тұрған Керейдің он жеті жасар баласы Бұрындыққа түсіп кетті! Жүрегі дір ете қалды. Ананың бет құбылысында жеті жасар Мұхамед-Шайбаниға деген аязданған қар тәрізді бір алуан өшпендік ызғары байқалады. Шүңет көздері шоқтай қадалып тұр.

Елуге таяған Әбілқайырдың тікелей хан тағына отырар мұрагері ең тұңғышы марқұм Шах-Будақ сұлтан болатын. Одан кейінгі кезек екінші баласы Шайх-Хайдар мен осы Мұхамед-Шайбанидікі... Ақылды хан жау садағының оғы, өзі өлгеннен кейін, Шайх-Хайдар мен осы жеті жасар немересіне кезенетінін бірден ұқты. Хан тағына ие болудан туатын ұлы таластан әлі түсінігі жоқ жеті жасар немересін қорғағысы келгендей Әбілқайыр кенет Мұхамед-Шайбаниды аялай бауырына қысты. «Расымен-ақ біреу осы нәрестеге де қол көтерер ме екен? Кімнің бұл шаңырағын қиратып, түндігін тіліп еді?» — деді ол ішінен. Бірақ хан дәл бұл сәтте өзінің Махмед-Қожаның баласына істегенін есіне түсірмеді. Бәсе, үш жасар нәресте Махмед-Қожаның ұлы Әбілқайыр ханның несін бүлдіріп еді? Қай шырағына көлеңке болып еді!

Бірін-бірі қасқырша талаған, тек жеңгендері ғана өмір сүретін қатал заман. Әбілқайырдың кенет немересін бауырына неге қысқанын бір-ақ адам ғана түсінді. Ол — Жәнібек сұлтан еді. «Дұрыс ойлап отырсың, хан ием, — деді ол ішінен, — сенің ошағыңды маздататын ақырғы тобылғың осы Мұхамед-Шайбани немерең болар. Жеті жасар баладай емес тым ересек, ақылды... Егер осы немерең қыршынынан қиылса, сенің де отыңның мәңгі сөнгені».

Демек, бір мың төрт жүз алпыс сегізінші жылы Әбілқайыр хан өлгенде, он жетіде қалған Мұхамед-Шайбани мен он екі жасар інісі Махмұт-Сұлтанның ерлік әрекеттері арқасында Әбілқайыр ошағының көпке дейін сөнбейтінін дәл осы сәтте Жәнібек сұлтан білмеді. Ал қазір ол Әбілқайыр ханның жеті жасар жанғалы тұрған шамшырағы жайында тек көмескі қобалжу ойда ғана болды.

Хан әп-сәтте бойын жинап алды.

— Бар, қалқам, Тарланкөкті жіберген болсаң, басқа асауды үйрет, — деді.

Енді шешім өзінен өзі келді. «Хан ақылы — қарамағындағы елді айқастырмай ұстауда ғой. Айқаса қалған күнде де, хан бұл арада төреші болуы керек! Арғын, Қыпшақ бірін-бірі өзі өлімге қисын. Мен тек солардың жоюшысы болайын».

— Біздің атамыздың замандасы, Үйсін Майқы бидің кезінен келе жатқан «өлім жазасын шешетін халықтың өзі» деген дәстүр бар емес пе еді. Бұл дәстүрді әлемді билеген ұлы Шыңғысханның өзі де бұзған жоқ. Мен қалай бұзам? Арғын, Қыпшақ игі жақсылары мәжіліс құрып, батыр Саян тағдырын өздерің шешіңдер. Өздеріңнің ұйғаруларың хан үкімі болсын, — деді іші қатпар-қатпар Әбілқайыр, кенет асасымен жерді бір ұрып.

Хан сөзі — бұзуға жатпайтын шешім. Жайшылықта бұйда бермес екі жақ бірдей басын иді.

— Құп, хан ием, сөйлесіп көрелік.

Міне, осы дау Арғын, Қыпшақ арасында үш күн сөз болған. Талай ділмарлар, сөзуарлар суырылып шықты, талай қызыл өңеш, бұлбұл тілдер сайрады, бірақ еш шешімге келе алмаған. Ашу, ыза, кек қуысқа ұйлыққан қар секілді оңай жібімеген. Бұл долы талас кейде сойыл күшімен шешілуге де таяп қалған. Бірақ екі жақтың күші бірдей түскендіктен, жағаны босқа жыртуды екі ру мықтылары мақұл таппаған. Ақырында Майқы би мен Ұлы хан Шыңғыстың тастап кеткен дәстүрін бұзып, бұл таласты ханның өзі шешсін деп тарасқан. Хан не айтса екі жағы бірдей соған көнбек болған.

Ал бұл дауға шешім таба алмай, Әбілқайыр іштей алай-түлей. Арғын мен Қыпшақтың қазіргі таласы, ұйқы-тұйқы жұлысып жатқан арлан төбеттердің айқасына ұқсайды. Дәл қазір бұларды айыру екіталай. Не болса да қолындағы темір сүңгіні біреуіне жіберуі керек. Алысып-жұлысып жатқан қос арланның қайсысын қалайды? Арғынға деп сілтегенің Қыпшаққа тиіп жүрсе қайтесің? Қыпшаққа тиюі өзіне тиюімен бірдей. Хан саясаты кейде жазғытұрымғы желдей. Беталысы ел райына, хан Ордасының арманына қарай өзгеріп тұрады. Ал бүгінгі таңда Қыпшақ пен Әбілқайыр ханның алар демі бір төбеден соғып тұр.

Кенет хан бұл дауды екі ру арасындағы саясатпен емес, әділетіне қарай шешпек болды. «әділетті шешсең — импрам риза болады. Ал импрам ризалығы — дәл бүгін Қобыланды мен Ақжол бидің мүддесінен жоғары». Бұны отыз жыл хандық құрған тіршілігінде Әбілқайыр хан соңғы кезде жақсы ұға бастаған.

Ол ең алдымен оқиғаның қалай болғанын тұтқын жігіттің өзінен сұрауды жөн көрді. Тақ жанында тұрған күміс қоңырауды алып ақырын қақты. Таза күмістен сыңғырлай шыққан сұлу үн құлағына еркелей жетіп, қобалжыған көңілін сәл орнықтырғандай болды. Үйге ашаң жүзінде қан жоқ, сөл жоқ, ұзын бойлы арықтау келген дәйекші Оспан-Қожа кірді. Ол ләм-мим демей екі қолын кеудесіне ұстап, басын төмен түсіріп, әмір күтіп, қозғалмай тұра қалды.

— Тұтқын жігітті алып келсін.

— Қай тұтқын жігітті, хан ием?

«Бәсе, қай тұтқын жігітті? — Әбілқайыр мырс етіп күлді — Чинга Тұра [16] қаласынан алғашқы хан тағына мінген күннен бастап, сонау Батудың әскерінің бас қосқан жері — Кеңгірдегі Орда Базарды өзінің астанасы етіп, артынан Бұқар, Самарқант, Сығанақтарды алып, оларға өзінің ұрпақтарын не әйелдерінің жақындарын хакім ғып отырғызғанша қаншама адамды тұтқын етпеді? Нелер жайсаң жігіттерді шынжыр кісен кигізіп, зынданға тастамады. Қайсының аты есте? Ал бүгінгі тұтқын жігіттің аты кім еді?» Әбілқайыр ойлана қалды. «әйтсе де осы дау болып жатқан жігіттің есімі кім еді? Аян ба, Шаян ба, Баян ба?» Жігіттің аты кенет есіне түсті. «Иә, иә, Саян екен ғой. Бұл атты бұрын қайда естідім? Иә, иә, солай екен-ау, маған оның атын Рабиу-Сұлтан-Бегім айтқан еді ғой. Бәсе, не деп еді? Өзімнен туған екінші балам Сүйіншік сұлтанға көзінің тірісінде осы Саянды аталық [17] етіп қой деп сұрады ғой? Неге олай өтініп еді? Жадымда жоқ. Бірақ мен: «әлі тірімін ғой» деп ханымның өтінішін жорта орындамай қойғам. «Неге орындамадым?» Ханның қабағы тағы түйіліп кетті. «Иә, иә, баяғы бір Орда өсегі себеп болған. Ханымның сүттен ақ, періштеден таза екенін білсем де, сол бір өсек маған да әсер ете жаздаған. Тек, әйтеуір, жалған болып шықты ғой... Бәсе, сол жігіттің де аты Саян еді... Со кез ол жорыққа аттанып, көре алмай қалғанмын. Артынан бұл әңгіме тіпті есімнен шығып кеткен-ді. Ханым да өзінің өтінішін қайталаған жоқ... Иә, ол әңгімеге де жеті жылдан асып кетті. Өтіп бара жатқан өмір!». Хан есік алдында тұрған дәйекшіге кілт бұрылды.

— әлгі Арғын, Қыпшақ арасында дау шығарған жігітті, — деді ол, атын атауға әлденеге аузы бармай.

— Құп, тақсыр, хан ием.

Әбілқайыр тағы да ойға шомды.

Он жеті жасында «Бату тағы», «Өзбек тағы» деп аталған Дәшті Қыпшақ тағына отырды. Ол кезде хан ордасы сонау шығыстағы Ертіс өзенінің қойнауындағы Чинга Тұра қаласына ту тіккен, майданды сол тұстан ашып, жеке-жеке ұлыс болып отырған қазақ хандарын жеңіп, бірте-бірте Есіл, Тобыл, Нұра өзендерінің бойын тегіс өзіне қаратты. Сол қарқынмен ол бір кезде, Жошының ордасы тігілген, Ұлытау бойына жетті. Енді өзінің астанасын Батуханның әскері екі жүз жиырма жыл бұрын бас қосқан Кеңгір бойындағы Орда-Базар деп аталатын қалаға көшірді. Ұлытау Дәшті Қыпшақ даласының кіндік ортасы. Батысы — Еділ, Жайық, солтүстігі — Есіл, Тобыл; шығысы — Ертіс, оңтүстігі — Сыр бойы. Осы Дәшті Қыпшақ жеріне тегіс ие болғаннан кейін, ол Мауреннахр жеріне көз сала бастады. Отыз жыл хандық құрған өмірінде Үргеніш пен Самарқантты да шапты. Мауреннахрдан Сығанақ, Созақ, Отырар, Ақрұқ, Ақ-Қорған тәрізді Дәшті Қыпшақ елінің көне шаһарларын қайтарып алды. Сөйте жүріп ол бір жағынан Ақсақ Темір ұрпақтарына қыз беріп, қыз алып, әбден қандасып кетті. Ақырында Әбілқайыр бұл кездерде түркі, иран елдері «Көк Орда» ал орыс шежірелерінде «Ақ Орда» деп аталған кешегі Алтын Орданың кең байтақ алып даласына толық ие болды.

Тоқтамыс хан жеңіліп, Сарайдағы хандар сарайы Гүлстанды Ақсақ Темір біржолата қиратқаннан бері бұрынғы күшті Алтын Орда мүлдем жойылған. Қазір Әбілқайыр өзін Сайын ханымын десе, тек онысы Бату ханның орнында отырмын деп өзге елге сес беруі. Бір кезде көне түркі елінен таралған, қазір өзбек, қазақ болып бөліне бастаған екі елдің, Әбілқайыр шынында Өзбек ханы болуға айналған. Бұл оның қазір әлсіреген кезі. Демек, Шахрук әмірдің ұлдары Қорасан, Иракқа көз тіксе, ал Әбілқайырдың әлі де болса, Дәшті Қыпшақ жеріне қоса, Моғолстанды алмақ ойы бар.

Моғолстан! Бұл бір Әбілқайырдың әзірге тісі бата алмай келген, көлденеңі мен ұзындығы жеті айлық кең алқап, күншығыс жағы қалмақ жерімен шектесіп, Барыс көл, Алтын Емел, Ертіс өзендерімен бітеді. Солтүстігінде Көкше теңіз (осы күнгі Балқаш көлі) бен Қаратал өзені жатыр. Күнбатысында Ташкент пен Түркістан, Оңтүстігі Қашқар, Ферғана, уәлиеті мен шығыс Түркістандағы, Тұрфан қаласы. Билеп тұрғандар Иса Бұғы, Шир Мұхамед, Уаис секілді Жағатай ұрпағынан шыққан хандар. Қарамағындағы елдердің көпшілігі Үйсін, Жалайыр, Дулат, Қаңлы, Ұйғыр, Найман, Қоңырат.





Дата публикования: 2014-11-04; Прочитано: 544 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.011 с)...