Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

АҚТОҒАЙ КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГІН



Кешегі Ақтоғай өңірі – адамзаттың дамуы тарихының бірегей ошағы болып саналатын Бегазы-Дәндібай мәдениеті мен өркениетінің бастауы болған жер.

Кешегі Ақтоғай – академик Ә.Х.Марғұлан зерттеп ашқан, археологтар Ж.Құрманқұлов, А.Бейсеновтер жалғастырған адамзат дамуындағы тас ғасырының, қола дәуірі мен сақ дәуірінің, түркі дәуірі мен қыпшақ дәуірінің және орта ғасыр кезеңінің топырақпен тастарда таңбасын қалдырған, Әулие таудағы алғашқы адамдар тұрағына айналған тас үңгірі, Бегазыдағы мавзолейлер қаланған алып кешені, Желтаудағы таңбалы тастардың галереясы, Көрпетайдағы 37 батырдың тас қорғаны, Жіңішке аңғарындағы Қыпшақтардың тәңірге табынған ғибадатханасы, Қарашоқы алқабындағы Руно (сына) таңбасы бар тас мүсіні, Жошының құлан аулап жүріп, атын арапша жаздыртып кеткен Кенелідегі тас таңбасы, Қушоқы мен Итмұрындыдағы мыс қорытқан кен орындары көненің көзіндей болып сақталып қалған тарихи құнды мұралардың мекені.

Кешегі Ақтоғай – басына нәубет түсіп «Елімай» -лап босқын болғанда жоңғарлардың бетін тұңғыш тойтарып, дұшпанды тоқыратып, құрбандарына әр төбесінің басында тастан қорған оба үйгізіп қалдырған Тоқырауындай тарихи майдан алаңы бар, сол жаугершілік заманда Ұлы Абылайхан аялдап, мәжіліс құрып ат шалдырған жер.

Кешегі Ақтоғай – Тоқырауын бойындағы ел мен жерге поляк жиһангері А.Янушкевич пен орыс зерттеушісі Г.Потанин сүйсініп өткен өлке.

Кешегі Ақтоғай – исі қазақтың ұлттық абыройына айналған, аттары аңыз болып кеткен шешен де, көсем де, батыр да, балуан да, жырау да, ақын да, әнші де, күйші де жаралған жер.

Кешегі Ақтоғай – дуалы сөздерінен елі бірігіп, дұшпаны ыққан Қараменде би, Жидебай батыр, Жанқұтты би, Шабанбай би, Сеңкібай баба, Сана би сияқты алты алашты аузына қаратқан Қаз дауысты Қазыбек бабамыздың әруағы қонған, шешендердің, батырлардың шылауы дарыған ел, халқына қорған болып қол бастаған Жалаңтөс батырды жаратқан ел.

Кешегі Ақтоғай – ұлы Абайдың ақындық үлгісінің озық өкілі философ ақын Нарманбет, ақындығына композиторлығы сай, оған әншілігі жараса дарыған Әсет, әлі де мол мұралары зерттеуін күтіп тұрған күйші Шалғынбай мен оның дарынды шәкірті Аққыздың, қыл қобызбен ғасыр сарынын тартқан Әшірбектің, тілінен бал тамған ақын қыз Жазықтың, мұзбалақ ақындар Тәшен мен Нұржанның, жыр-дастанды жатқа айтатын шайыр, төкпе ақын Нұршиланның, суырыпсалма айтыскер ақын Кенішбайлардың жайлаған һәм жырлап өткен жері.

Кешегі Ақтоғай – аласапыран кездерде халқымыздың болашағы үшін арпалысқа түсіп, заман оты шарпыған қазақтың тұңғыш алаш партиясының көсемі, Алаш-Орда үкіметінің төрағасы Ә.Бөкейханов, Алаш үкіметінің бірінші вице-премьері Ә.Ермеков, қазақтың тұңғыш право магистрі Ж.Ақбаев, кәсіпқой ревалюционері У.Жәнібеков туған жер.

Кешегі Ақтоғай – дарынды азаматтары ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында шет жерлерде жүріп Варшаваның мал дәрігерлік институтын бітірген Шалымбеков Әшірбекке, Санкт-Петербург университетін бітіріп, екі бірдей жоғарғы мамандық алған Сұлтанғазин

Дінмұхамедке және Шалымбеков Сәдуақасқа, Омбы семинариясын бітірген Тарабаев Иманбекке, Омбы әскери медицина мектебінің түлегі алғашқы «Земский врач» мамандығын алған Бижанның Қасеніне,Орта Азиядағы іргелі оқу орны Бұхараның діни семинариясын бітірген Шайхыұлы Нығметоллаға дүние есігін ашқызған жер.

Кешегі Ақтоғай –мыңғырған малы өсіп, маңдайына біткен бағы тасып, ырысы мен елдің ырзығын молайтқан дәулеттілер: Құбылтайдың Ахметінің, Бейсенбайдың Орынтайының, Сәмбеттің Жалмағанбетінің, Нұрмаған-беттің Сәдуақасының, Жантоқының Тұрсынбегінің, Тұрсынбектің Ақыжанының, Оразбектің Жұмабегінің, Байжомарттың Ерменбеттерінің ен жайлаған да, тігерге тұяғы қалмай тап жауы болып тәркіленген де жері.

Кешегі Ақтоғай – бейбіт Отанымыздың тәуелсіздігіне қатер төнгенде қан майданға аттанып, бірі самолеттің штурвалымен Гастеллоның ерлігін қайталап, екіншісі автоматымен фашист солдаттарын жер жастандырып, қаһармандық ерлік жасап миллиондардың ішінен суырылып шығып, қазақтың қайсар ұлдары атанып, ең жоғарғы марапат Советтер Одағының Батыры атақтарын алған даңқты тарландар Нүркен Әбдіров пен Қазбек Нұржановты, тылдағы мылтықсыз майданда жаң қиярлықпен еңбек етіп, қасиетті шопан атаның құтты таяғымен өрісті малға толтырып, топ жарып Социалистік Еңбек Ері атанған Сәтибек Ибраев пен Маубас Мұқановтардай арда туған азаматтарын мақтан тұтып құрметтейтін рухтарына тағзым ететін, даралап, бағалайтын өркені өскен аудан.

Бүгінгі Ақтоғай – Тәуелсіздіктің арқасында ұрпақтары Жалаңтөс батыр, Қараменде би, Жидебай батыр, Шабанбай би, Сеңкібай батыр, Сана би, Ағыбай батыр, Әуез ана, Садыр қожа, Көшкін баба, Кәріпбай қожа, Қожағұл баба, Мәнжіғұл батыр, Шот баба мен Төлеген бабаларға арнап ас беріп, қатым-құран түсіртіп, рухына тағзым етіп, ұлттық санасына ұлылардың сарқытын тәбәрік етумен ұлықтаған, қазаққа ғана тән ғұрыптық қасиеттерді қадірлеген, дінін тәуба қылып, пір тұтып, тілін қос жанардың қарашығындай тұнық күйінде сақтаған, ділін ата-баба аманатындай кіршіксіз ұстанған көсегесі көгерген, қонысы бір, қабырғалы қалың ел.

Бүгінгі Ақтоғай – таланты мен дүйім жұртты табындырып қазақтың әйгілі бұлбұлы атанған, сахнаның жарық жұлдызына айналған, әлемді таңдай қаққызып мойындатқан К.Байсейітованың, күміс көмей әнші, күйші, ән зергері, сазгер М.Ержановтың, он саусағы күй шертіп, қосшекті домбыраның құдіретімен дүйім жұртты сүйсіндірген М.Хамзиннің, орақ тілді ақын болып айтысқан, ақиық әнші болып Аққайыңды шығарған, ат үстінде акробатша ойнап сиқыр жасай, гармонын гуілдеткен Ш.Қошқарбаевтың, сахнаның сайып қыран саңлақтары З.Жақыповтың, А.Ыбраевтың, М.Әбдікәрімовтың, Қ.Ахметованың кіндік қандары тамған кіші Отаны.

Бүгінгі Ақтоғай – ХХ ғасырдың шоқ жұлдыздары болып жарқырап, туған елінің болашағына даналықтың сәулесін шашып, таланттың қаймағын қалқып қалдырған, Ақтоғайлық академик-ғалымдар мен дербес қайраткерлер Әлихан Мусинге, Қайдар Арыстанбековке, Жүніс Көрпебаевқа,Әуезхан Қасеновке, Гүлбаһрам Тарабаеваға, Орымбек Жәутіковке, Мүсілім Ермековке, Төлеген Ермековке, Рахымжан Шаяхметовке, Шұғайыпбек Тоқмағанбетовке, Совет Жақыпбековке, Әсет Болғанбаевқа, Төлепберді Ақышевқа, Тілеуғали Қышқашбаевқа, Төкіжан Ағдарбековке, Әдебиет Сәтековке, Ерғара Аймағанбетовке, Мұрат Омаровқа, Нұртас Тұрсыновқа, Саяхат Нөкешовке дарындылық пен тектілікті топырақтың киесінен, әкенің қанынан, ананың сүтінен дарытқан жер.

Бүгінгі Ақтоғай - өз кіндігінен шыққан перзенттері от жүректі, озық ойлы, партиялық мектепте шыңдалып, қоғамдық мүддеде сыналған іскер, білімдар азаматтар Р.Жүнісовке, С.Дүйсебековке, Т.Ахметбековке, М.Тәтибековке, М.Жарылғапқа, С. Әбеуоваға, М. Қалияқпаровқа, М.Оңғарқұловқа ауданды басқарудың қос тізігінін әр жылдарда мәртебемен тапсырып, ел үмітін арқалатқан жер.

Бүгінгі Ақтоғай – ақындық өнерді әділет пен ащы шындықтың алмас семсеріндей сілтеген, аңқау мен арамзаны, парақор мен жалақорды, озат пен жалқауды, ақ пен қараны, адал мен арамды әнмен жырға қосып, өлең-сөзді сүйектен өткізіп жарыстырып,додаға түскен, айтыскер ақындар Жабас Кеңесбаевты, Құрмаш Таласбаевты, Алшынбек Кенжебековты, Қасымхан Қаленовті, Зия Елеубековті, Сабет Аққановты, Амантай Тойшыкеновты суырып салма таланттар Қуаныш Мақсұтовты, Айгүл Молдағожинаны, Мақсат Ахановтарды жанкүйерлердің үкілеп бәйгеге қосқан жері.

Бүгінгі Ақтоғай – киіз туырлықты қазақтың қара өлеңінің көшін жалғап, от ауыздан ой өріп, жыр төккен Жеңіс, Дәуітәлі, Абзал, Серіктерді, Ғазиз, Әбіл, Үмітай, Мүсіркеп, Жанболат, Бағдаттар мен Сүйіндіктің соңынан ерген бір шоғыр ізбасар інілеріне, көркем сөз маржанын тереңнен тергізіп, омырауларына ақындықтың тұмарын тағып, қанат бітіріп, қияңға ұшырған қасиетті тұғыры.

Бүгінгі Ақтоғай – сарғайса да газеттің ақ парағы, өткен күндер тарих боп сақталады- деп аудан тарихын тірнектеп теріп жинап, зерделеріне тоқып, кейінгі өскелең ұрпаққа рухани байлық ретінде қалдыруды асыл мұрат тұтып, аудан тарихының тамыршысына айналған зиялы қарттарымыз Қасенхан Алтынбековтің, Ағдарбек Кенжебековтің, Қайырбек Байсеркиннің, Масғұт Халиоллиннің, Асқар Сейдахметовтің, Қалкен Мәкенбаевтың, Қабылбек Рамазановтың, Қасымхан Қаленовтің, Ғаділша Түсіпбековтің, Ақылбек Шайхиннің, Мырзахан Қалияқпаровтың, Амангелді Туғанбаевтың, Күләш Сардарбекова мен Торғай Ақпанбаеваның өңірімізден алғаш рет көркем прозаға қалам тартып романымен Абылай заманынан сыр ақтарған Мұқамедқали Баймұхановтың есімдерін ардақтап мақтанатын, риясыз шат көңілден алғыс айтып құрметтейтін ұшқан ұясы.

Бүгінгі Ақтоғай – Тәуелсіздік берген еркіндікті арқа тұтып, жеті атаның тарихын, әулеттердің ұлттық шежіресін ауыздан-ауызға теріп алып жинақтап, кітап етіп жазып, әр туманы өзінің шыққан тегімен таныстыратын ғұмырнамалық оқулыққа айналдырған Тұрсынбек Жақсыбаев, Жақсырақым Ғалыұлы, Мәжит Балғабаев, Зияда Аманбаев, Серғазы Кенжеғарин, Төлеген Әмірханов, Қуандық Сәденовтердің азан шақырып ат қойған қара орманы, қасиет қонған ауылы.

Бүгінгі Ақтоғай – көркем суретте, қыл қаламның қас шеберіне айналған, Кеңестік кезеңі марапаттауларының иегері атанған, даңқы кинода әйгіленген, тума талант иесі Сахи Түсіпбекұлы Романовтың, біздің заманымызға дейінгі тарихты қабырстанның тасы мен топырағынан аршып алып, зерттеп, рәсімдеп, сақ дәуірінің алтын адамдарын байырғы қалпына келтіріп, Ұлы даланың өркениетінің тереңдегі тамырын тауып, айшықтаған академик, әйгілі рестовратор Қырым Алтынбековтың, қазақтың екінші Қастееві атанған Райымқұл Есіркеевтің, ағаштан ою ойып, темірден түйме түйген Қалқаман Тілеухановтың, ғасыр ғажайыбына айналып, замана талғамының таңдауына түскен «Қазақ Елі» монументінің авторы Сембіғали Смағұловтың ата жұрты.

Бүгінгі Ақтоғай – арқаны әнге бөлеп, өз көрермендерінің көзайымына айналған таразыдағы, тағдырларын талант-тарының бәйгесіне тігіп, тұлпардың тұяғын жалғаған, алдыңғы аға буынның өнердегі өрелі істері мен өнегелерінен тәбәрік алған Тұрған, Ғалия, Дәртай, Оралтай, Жақсылық, Сәбет, Шәмши, Мәден, Шыныбек, Дәкуат, Сүндет, Есіркеп, Төлеу, Мәрен, Дәриға, Зина, Шәпибай, Бектұрсын, Сейдіғаппар, Төлеуқадыр, Сәмет, Мұраттар, Самыратбек, Күлмара, Ләззат, Рымкеш, Гүлдана, Болат, Күліш, Алтындар, Мәдениет, Базыл, Аманкүл, Сайра, Сапа, Болатбек, Риза, Мәриям, Сәттарлар, Садық, Қамажай, Қуат, Қамза, Амангелділер, Қайролла, Аманолла, Еркеш, Марат, Мұқан, Қалтай, Қабжан, Қайыргелді, Рым, Ғалия, Нұрлан, Алтай, Қайыр, Қарлығаш, Төлеуғазы, Шәмшия, Әлия, Айгүл, Отай, Бақыт, Бегендік, Асылмұрат, Марлан, Әлібек, Кеңес пен Амантай, Қадыр, Нұрай мен Қайрат, Дәурен мен Даналардың, Бұлбұл мен Жоламанның, Әсем мен Әйгерімдердің, Маржан мен Ғибраттардың өнерлерін әлдилеп тербеткен әулие бесігі.

Бүгінгі Ақтоғай – аты аңызға айналған алып күш иесі Жанбай балуанның күрес белбеуін кие тұтып, боз кілемде жауырындары жер құшып көрмеген қарсыластарын қайыстырып тізе бүктіріп бәйге алған Сердалы мен Бақыттың, Мұрат пен Русланның, Жұмабай мен Маураттың, Жанболат пен Ералының, былғары қолғаптың ақ берені атанған Мейрамның жүректеріне батылдық, білектеріне күш-қайрат беріп, ерік-жігерлерін намыспен шыңдаған рухты жер.

Бүгінгі Ақтоғай – туған жердің топырағына бас иіп тағзым етіп, ел жұрттың алғысына бөленіп, азаматтық парыздарын пейілі кең қайрымдылық пен алақандары ашық мырзалықпен өтеп жүрген ақжолтай-жомарт іскер азаматтар Б.Алтынбековтың, С.Қасымбековтың, Ж. Мырзабековтың, С. Смағұловтың, М. Бегімбетовтің, И.Ермеков пен Т.Төребековтің туып өсіп, түлеп ұшқан «біз қазақпыз» деп сыйынатын қарашаңырағы.

Бүгінгі Ақтоғай-атадан ақ бата алып, ананың өнегесін өмірдің өтпелі көпіріне айналдыратын, туған елінің рухани қуатын болашақтарының бағдарлы темір қазығы деп санайтын, туған жерінің табиғи байлығын шалқар дәулеттің өз еншісіне тиесілі үлесі деп қорғайтын, өткен күндердің шырақшысындай болған текті тұлғала- рына бас иіп тағзым ететін, ар-ожданға деген адалдықты намыспен қайралған сертімен ақтайтын, пенделік ғұмыры үмітті келешекпен ұзаратын ұлтжанды ұрпақтарымыздың айбынды ақ ордасы.

Ақтоғай ауданының жер көлемі 52 мың шаршы шақырым. Тұрғылықты халқының саны 18 240 адам. Ауданның әкімшілік құрамында 2 кент, 15 ауылдық округтер бар. Ауданда 25 білім беру ошағы (оның 14-і орта мектептер, 11 негізгі мектеп) 3 балабақша, білім беру тәрбие ісімен шұғылданады. Ауданда 1 аурухана, 2 фельдшерлік-акушерлік пункттер, 7 дәрігерлік емхана, 24 медпункт халыққа медициналық қызмет көрсетеді. 19 кітапхана, 19 клуб үйлері, 2 зерде автоқызметі, 5 халықтық өнер ұжымы жұмыс жасайды. Өнер мектебі, Аграрлық техникалық колледж, спорт мектебі, археологиялық-этнографиялық мұражайы, Ж.Шайдаров атындағы саябақ, жазғы стадион халықтың игілігіне айналуда. Аудан бойынша 524 кәсіпкерлер мен 675 шаруа қожалықтары құрылып, аудан экономикасын көтеруге өз үлестерін қосуда. Ақтоғайдың киелі жері мен текті елінде бабалар да, батырлар да, ақындар да, әншілер де туып өскен.

2.1. «Ақтоғай ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің

Ережесі

Жалпы ережелер

1. «Ақтоғай ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі Ақтоғай ауданы әкімі және әкімдігінің қызметiн мемлекеттік басқару мен бақылауды, ақпараттық-талдау, ұйымдық-құқықтық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етудi жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.

2. «Ақтоғай ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

3. «Ақтоғай ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөpi және мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

4. «Ақтоғай ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

5. «Ақтоғай ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі егер заңнамаға сәйкес осыған өкілеттілік берілген болса, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

6. «Ақтоғай ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі өз құзыретінің мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен шешімдер қабылдайды.

7. «Ақтоғай ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекiтіледi.

8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 100200, Қазақстан Республикасы, Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, Ақтоғай ауылы, Әлихан Бөкейхан көшесі, 4.

9. Мемлекеттік органның толық атауы: «Ақтоғай ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі.

10. Осы Ереже «Ақтоғай ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің құрылтай құжаты болып табылады.

11. «Ақтоғай ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттер есебінен жүзеге асырылады.

12. «Ақтоғай ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне кәсіпкерлік субъектілерімен «Ақтоғай ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

Егер «Ақтоғай ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер мемлекеттік бюджеттің кірісіне жолданады.

2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары және міндеттері

13. Миссиясы: Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, мемлекеттік басқару саласында мемлекеттік саясатты жүргізу.

14. Міндеттері:

1.. аудан әкімі және аппарат қызметкерлерінің қызметiн материалдық-техникалық қамтамасыз ету;

2. аудан әкімі және аппарат қызметкерлерінің қызметiн құқықтық қамтамасыз ету;

3. аудан әкімі және аппарат қызметкерлерінің қызметiн ұйымдастырушылық қамтамасыз ету;

15. Функциялары:

1) ауданның әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеуге қатысу, мемлекеттік бағдарламалардың және әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жүзеге асырылуына бақылау жасау, өзінің құзыреті шегінде ұсыныстарды қалыптастыру жолымен аудан аумағында Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарының іске асырылуына қатысады;

2) орталық атқарушы органның берген өкілеттігіне сәйкес республикалық бағыныстағы кәсіпорындар, ұйымдар және мекемелер қызметін үйлестіреді, аудандық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың, республикалық бағыныстағы аумақтық органдардың қызметтерінің өзара әрекеттестігін және үйлестіруді қамтамасыз етеді;

оны жүзеге асыру, әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыру механизмі және тактикасын жетілдіру жөніндегі шаралар кешенін қалыптастыруға қатысады және осы мақсатта аудан аумағындағы атқарушы билік органдарының қызметтерін сұрау салу және олардан, талдау жасау, аудан әкімі және әкімдігінің актілерін әзірлеу үшін уақтылы ақпарат алу, олардың атқарылуын қадағалау, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың дамуы мәселелері жөнінде ұсыныстар мен болжамдар қалыптастыру арқылы үйлестіруді жүзеге асырады.

3) Ақтоғай ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы стратегиясын,

4) Республика заңдарының, Қазақстан Республикасы Президенті мен

Үкіметінің актілерінің орындалуын, облыс әкімі мен әкімдігінің, аудан мен аудан әкімдігінің актілерінің орындалуын бақылауды ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;

5) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігімен, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесімен, министрліктермен, ведомстволармен, облыс әкімі аппараттарымен, аудандық мәслихатпен, кент, ауылдық округ ұйымдармен өзара әрекет етуді қамтамасыз етеді;

6) заң шығарушы және басқа да нормативтік құқықтық актілердің, аудан әкімі мен әкімдігінің, аудандық мәслихаттың актілерінің жобаларына ұсыныстар енгізеді;

7) аудан әкімі өткізетін активтердің, жиналыстардың, халықаралық кездесулердің, сапарлардың және басқа да шаралардың ақпараттық-талдау тұрғысынан, құқықтық, ұйымдастырушылық, хаттамалық, құжаттамалық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етеді, аудан әкімінің, оның орынбасарларының және аудан әкімі аппаратының қызметкерлерінің шаруашылық, қаржылық, материалдық-техникалық, әлеуметтік-тұрмыстық қызмет көрсету мәселелерін шешеді;

8) аудан әкімі аппаратының Регламенті сақталуын қамтамасыз етеді;

9) аудан әкімі және оның орынбасарларының қызметінің құжаттамалық
қамтамасыз етуін, қызметтік құжаттардың, хаттардың, азаматтардың
өтініштері мен шағымдарының қаралуын, азаматтардың жеке қабылдауын,
азаматтардың келіп түскен хаттары мен өтініштерінің, құжат ағымының
талдауын, іc жүргізуді қалыпқа келтіруді және жетілдіруді, құпия құжаттармен жұмыс істеуді, мемлекеттік және орыс тілдерінде ic жүргізуді icкe асырылуын ұйымдастырады;

10) аудан әкімінің шешімдері мен өкімдерінің, аудан әкімдігі қаулыларының сақталуын қамтамасыз етеді;

11) жергілікті атқару билік органдарында кадр саясатын аудан әкімінің номенклатурасына енетін кадрлар бойынша ұсыныстарды зерделеу
және енгізу, кадрлар резервін қалыптастыру, олардың оқуын, тәжірибеден
және қайта даярлаудан өтуін ұйымдастыру арқылы жүзеге асырады;

12) аудан әкімдігі, аудан әкімінің және оның орынбасарларының қызметін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды, олармен өзара әрекет етуді, Қазақстан Республикасының Президенті және Үкіметі жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясатты, аудандағы экономикалық және әлеуметтік ахуалды, мәселелерді шешу жолдарын түсіндіруді ұйымдастырады;

13) аудан әкімі мен әкімдігінің құқық қорғау органдарымен және сот жүйесі органдарымен аудандағы заңдылықты және құқықтық тәртіпті нығайту сұрақтары бойынша үйлестіруді және өзара әрекеттесуін қамтамасыз етеді;

14) аудан әкімі мен әкімдігінің норма шығармашылығы қызметінің тетігін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдайды.

16. Құқықтары мен міндеттері:

1) аудан әкімі мен әкімдігінің құзыретіне енетін мәселелер бойынша аудандық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардан және басқа да ұйымдардан қажетті ақпараттар, құжаттар және басқа да материалдар, лауазымды тұлғалардан ауызша және жазбаша түсіндірмелерді сұрастыру және алу;

2) атқарушы органдардың иелігіндегі барлық ақпараттық, соның
ішінде құпия мәліметтерді пайдалану;

3) Қазақстан Республикасы Президенті және Үкіметі актілерінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі өкімдерінің, облыс әкімі мен әкімдігінің актілерінің, облыс әкімі мен оның орынбасарларының, аудан әкімі мен әкімдігінің тапсырмаларының орындалуына тексеріс жүргізу және анықталған кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныстар енгізу;

4) аудан әкімі аппаратының қарауына жатқызылған мәселелер бойынша
мемлекеттік және мемлекеттік емес органдармен және ұйымдармен қызметтік хат алмасуды жүргізу;

5) аудан әкіміне және оның орынбасарларына аудан әкімі аппаратының қызметкерлерін, кент, ауылдық округ әкімдері аппараттарының, аудандық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың басшылық құрамын қызметке тағайындау және қызметтен босату, оларды тәртіптік жауапқа тарту туралы ұсыныстар енгізу;

6) аудан әкімдігінің, жергілікті атқару органдарының отырыстарына қатысу;

7) аудан әкімінің тапсырмасы бойынша аудандық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың, кәсіпорындар, мекемелер және ұйымдар өкілдерін аудандық әкімдік отырысына мәселелерді әзірлеуге, аудан әкімі аппаратының құзыретіне жататын проблемалық мәселелерді зерделеуге және шешуге қатыстыру.

3. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру

17. «Ақтоғай ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесін басқаруды аппарат басшысы жүзеге асырады, ол «Ақтоғай ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесіне жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапкершілік алады.

18. «Ақтоғай ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің аппарат басшысын аудан әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

19. «Ақтоғай ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің аппарат басшысының өкілеттіліктері:

1) белгіленген лимит шегінде аудан әкімі аппаратының құрылымын және штаттық кестесін, сонымен катар олардағы өзгерістерді аудан әкімдігіне бекітуге ұсынады;

2) аудандық бюджеттен қаржыландырылатын ауданның мемлекеттік органдарының, кент, ауылдық округ әкімдері аппараттары құрылымының жобасын ұсынады;

3) аудан әкімі аппаратының үздік қызметкерлерін көтермелеу жөнінде
ұсыныстар енгізеді;

4) аудан әкімі аппаратының бөлімдерінің және басқа да құрылымдық
бөлімдерінің қызметіне жалпы басшылықты және үйлестіруді жүзеге
асырады;

5) мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың орындалуын бақылайды;

6) бұйрықтар шығарады, аудан әкімі аппаратының бөлімдері туралы ережені бекітеді;

7) аудан әкімі және әкімдігі қарауына ауданның тіршілік әрекетіне қатысты актілер, басқа да қызметтік құжаттардың жобаларын бекітуге ұсынады;

8) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің кeңceciнің, министрліктердің, ведомстволардың, облыс әкімінің аппаратымен, басқа да ұйымдардың, аудандық мәслихатпен, кент, ауылдық округ әкімдері аппараттарымен, аудандық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың, саяси партиялар және қозғалыстармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және аудан тұрғындарымен тұрақты байланысты қамтамасыз етеді;

9) аудан әкімі және әкімдігі қабылдаған актілерінің және аудан әкімі тапсырмаларының орындалуын бақылауды және тексеруді ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;

10) аудан әкіміне кент, ауылдық округ әкімдерін, әкім аппараттарының, аудандық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдардың қызметтерін бағалау жөнінде ұсыныс енгізеді;

11) аудан әкіміне және әкімдігіне кент, ауылдық округ әкімдері мен әкімдіктерінің заңсыз актілерін жою, аудандық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік органдар басшыларының заңға қайшы бұйрықтарын тоқтата тұру туралы ұсыныстарды береді;

12) кадр саясатының icкe асырылуына жауап береді. Аудан әкімінің қарауына кент, ауылдық округ әкімдерін, бөлім басшыларын, ауданның бөлімдері басшыларын қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы ұсыныстар енгізеді, кадрлар резервін қалыптастырады, лауазымды тұлғаларды тәртіптік жауапқа тарту туралы ұсыныс енгізеді;

13) өз құзыреті шегінде қызметтік құжаттарға қол қояды;

14) азаматтарды жеке қабылдауды өткізеді;

15) аудан әкімінің тапсырмаларын орындайды;

16) аудан әкімі аппаратында сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұруға бағытталған шаралар қабылдайды.

«Ақтоғай ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің аппарат басшысының өкілеттіліктерін ол болмаған кезде атқаруды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны ауыстыратын тұлға жүзеге асырады.

20. «Ақтоғай ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесінің аппаратын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын аппарат басшысы басқарады.





Дата публикования: 2015-11-01; Прочитано: 837 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.022 с)...