Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Жаңа қазақстандық патриотизм – жаңа идеология



Бала шыр етіп дүниеге келгеннен, жан-жағын танып, санасы қалыптаса бастағаннан бала-бақшада, кейін мектеп пен жоғарғы оқу орындарында Отансүйгіштік, патриотизмге баулып, тәрбиеленеді. Патриоттық сезім жалпы адам баласының еліне, жеріне, өз тілі мен мәдениетіне, ұлттық құндылықтарына жеке қатынасын, өзіндік бағасын түйсінуін, қуаттап қолдауын пайымдайтын сезім көрсеткіші болып табылады. Алайда, патриотизм мемлекеттің ұлт үшін, халық үшін жасалып жатқан жағдайына, материалдық ахуалына да байланысты. Өйткені күнкөріс қай заманда да басты мәселе болып тұрары анық.

Еліміз тәуелсіздік ала салысымен ұлттық идеологияны қалыптастыра кету оңай болмады. Осы уақытқа дейін коммунистік көзқараста тәрбиеленген жұрт кімге сенерін, неге сенерін білмеді. Абдыраған халықты түрлі саяси күштер мен діни секталар одан сайын адастыруға тырысты. Бұл жайттар өскелең ұрпақты жаңа идеологияда тәрбиелеп, жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыруды талап етті.

Елбасымыз Қазақстан халқына жолдауында мемлекет пен азаматтың мақсаттары барлық бағыттар бойынша сәйкес келуі өмірлік тұрғыдан маңызды екенін атап өтті. «Адам болашағына сенімді болуы керек, сонда ғана толыққанды мемлекет құруға болады. Мемлекетте азаматтардың дамуы үшін, жеке және кәсіби тұрғыда өсуге жағдайлар жасалып, мүмкіндіктер ашылған жағдайда ғана сенім пайда болады. Мемлекет осыны түсініп, халықпен біріге жұмыс істеуі тиіс» - дейді Елбасы.

Нарықтық заманда біз бұл мәселеге прагматикалық тұрғыдан қарауымыз қажет. Президент өз сөзінде, «Егер мемлекет әр азаматтың өмір сапасына, қауіпсіздігіне, тең мүмкіндіктеріне және болашағына кепілдік беретін болса, біз елімізді сүйеміз, онымен мақтанамыз. Осындай тәсіл ғана патриотизмді және оны тәрбиелеу мәселесіне прагматикалық және шынайы көзқарасты оятады. 2050 жылға қарай біз Қазақстанның кез келген азаматы ертеңгі күнге, болашаққа өте сенімді болатындай саяси жүйе құруымыз керек. Біздің балаларымыз бен немерелеріміз сырт елден гөрі Отанында өмір сүргенді артық көретіндей, өйткені, өз жерінде өзін жақсы сезінетіндей болуға тиіс. Біздің еліміздің әрбір азаматы өзін өз жерінің қожасы ретінде сезінуге тиіс» - деді.

Елімізде жүзден аса ұлт пен ұлт өкілдері мекендейді. Олардың татулығы мен тұтастығын, ынтымақта өмір сүруін қамтамасыз ете алғанымыз жөн. Қазірде біраз қазақстандық азаматтар шетелге қоныс аударып, өмірін өзге елде жалғастырып жатқанын өкінішпен айтамыз. Әрине, жақсы өмірді барлық адам аңсайды. Алайда, азаматтардың құқық­тары сақталып, оқу­ға түсу, жұмысқа тұру және қызмет ба­бында өсу мәселелері оңтайлы шешіліп, мамандарды кәсіби тұрғыда бағалау сынды нормалар сақталып отырса, жылы орнын тастап, белгісіз аймаққа аттануды кім қалар еді?

Осы тұрғыда елбасы өз бойымызда және өскелең ұрпақтың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуге шақырады. Бірақ бүгінде қалыптасқан мемлекеттің жаңа даму кезеңінде бұл түсінік жеткіліксіз болып тұр. Ол үшін мемлекет үстіде аталып өткендей, адам бойында болашағының баянды болатынына сенім ұялату қажет. Ал бұл әр мемлекеттік орган өз міндеттерін сапалы орындап, білікті мамандарды іске жұмылдыруды талап етеді. Әр азамат өз елінде еркін сезініп, болашағына деген сенімі артқан уақытта, ол болашақ ұрпағын да осы елде тәрбиелеп, елінің дамуына үлес қосуына үгіттейді.

Бүгінде тәуелсіз елге тән барлық құндылықтарымыз бар. Сол құндылықтарға сай патриотизмнің де бар екені анық. Мысалы, Қазақстанның Лондон Олимпиадасында үлкен жетістікке жетіп, мерейі үстем болғаны халқымызды біріктіре түсті, патриотизмді арттырды. Мұндай жетістікке біз еліміздегі ынтымақтастықтың арқасында жетіп отырмыз. Осы қасиетіміз бен құндылығымызды дамыту өз қолымызда.

Анар Мұстафина





Дата публикования: 2015-01-15; Прочитано: 302 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.009 с)...