Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

ТаҚырып 4. ЭкономикалыҚ жҮйелердіҢ типтері мен олардыҢ даму заҢдылыҚтары



Қоғам дамуың кезеңдерге бөлудегі негізгі көзқарастар

Экономикалық жүйе, оның элементтері

Экономикалық жүйелердің типтік үлгілері: дәстүрлі, жоспарлы, нарықты, аралас экономика

Қоғам дамуың кезеңдерге бөлудегі негізгі көзқарастар

Экономиканы ұйымдастыру мәселесі әрбір экономикалық жүйеде әртүрлі шешіледі. Жүйе заңдылықтардың, бір- бірмен байланысты құбылыстардың бірлігі. Экономикалық жүйе – бұл экономикалық процестер жиынтығы. Экономикалық жүйені топтау кең таралған екі фактор негізінде жүргізіледі.

1. Экономиканы ұйымдастыру бойынша:

1.1. Жабық экономика – барлық шаруашылық әрекеттер тек мемлекет шеңберінде жүргізіледі, ішкі тұтынумен шектеледі, шет елдермен қатынас болмайды.

1.2. Ашық экономикалық жүйе – халықаралық экономикалық қатынастар жүйесіне экономика белсенді түрде қатысады, ұлттық валюта мен қатар шетелдік валюта қолданылады.

2. Меншік қатынастарының формалары бойынша:

2.1. Дәстүрлі жүйе – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отырған дәстүр мен салт бойынша қатынастар қалыптасады.

2.2. Әкімшілік- әміршілік экономика - орталықтанған жоспарлау арқылы барлық ресурстар мен өндіріс факторлары мемлекеттің қолында болып, мемлекеттік меншіктің үстемділігі жүргізіледі.

2.3. Нарықтық экономика - жеке меншікке, бәсекеге негізделеді.

2.4. Аралас экономика – мемлекет пен нарық механизмдерінің араласуы арқылы экономиканы реттеу жүзеге асады.

3. Өнеркәсіп революциясы мен ҒТП даму деңгейі бойынша:

3.1. Индустриалды даму дәуіріне дейінгі жүйе – бұл жүйеде ауыл шаруашылығы, натуралдық шаруашылық және қол еңбегі басым орын алады.

3.2. Индустриалдық жүйе– бұл жүйе ірі машиналық өндіріске, дамыған тауар- ақша қатынастарына негізделеді.

3.3. Постиндустриалдық жүйе - бұл жүйеде негізгі ресурс ретінде ақпарат саналады, экономиканың бастаушы саласы – материалдық емес сала.

Қоғамның экономикалық жүйесінің басты элементтері мыналар:

1. Қоғамның өндіргіш күштері, атап айтқанда, оның материалдық-техникалық базасын құрайтын еңбек құралдары мен еңбек заттары, экономикалық қатынастың субъектілері (жеке қызметкерлері, еңбек коллективтері, т.б.).

2. Өндірістік қатынастар, қоғамның экономикалық заңдары мен мүдделері, осы экономикалық заңдар мен мүдделері пайдалану механизмі немесе шаруашылық механизмі;

3. Өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың арасын байланыстырушы қоғамдық комбинация (шоғырландыру, мамандандыру, құрамдастыру) т.б.

Осы аталып отырған өндірістік қатынастар, экономикалық заңдар мен мүдделер экономикалық жүйенің маңызды элементтері ретінде бір- бірімен тығыз байланыстылықта болады, өндіргіш күштердің сипатымен, дәрежесі мен аралық қатынаста әрекет етеді.

Сонымен, экономикалық жүйе дегеніміз– материалдық игіліктер мен қызмет көрсетулерді өндірушілер мен тұтынушылар арасында ерекше түрде қалыптасқан байланыстар жүйесі.

Экономикалық жүйе көптеген факторларға негізделеді. Оның дамуына ықпал ететін факторлар:

- шарушылық шешімдерін қабылдау жөнінде елде қалыптасқан шаралар жүйесі;

- меншік құрылымы;

- ақпараттар мен өзара үйлесімділікті қамтамасыз ету механизмі;

- мақсаттарды белгілеу мен еңбек етуге жұмылдыру механизмі.

Бұл факторлар шаруашылық, әкімшілдік, ақпараттық сияқты үш құрылымның төңірегінде топтасады.

Шаруашылық құрылым деп– шектеулі ресурстарды пайдалануға байланысты материалдық-техникалық база элементтерінің өзара әрекеттесуін айтады.

Әкімшілдік (ұйымдық құрылым) деп– шектеулі ресурстарды басқару жөніндегі шаруашылық құрылымдарының жауапты қызметкерлерінің міндеттері мен оларға тән заңды құқықтық ережелердің жиынтығын айтады.

Ақпараттық құрылым деп– жоғарыда айтылған құрылымдардың қызметтері туралы дәлелді мәліметтерді жинақтау мен таратуды айтады.

Бұл құрылымдар меншік формасына байланысты-патриархалды, ұсақ тауарлы, мемлекеттік және т.б. укладтарды құрайды. Жекелеген елде бір мезгілде бұл укладтардың бірнешеуі қатар өмір сүруі мүмкін. Осындай жағдай экономикалық жүйенің қайшылықтарымен құбылмалы қозғалыстарын өмірге әкеледі. Сонымен, егер елде национализация мен қоғамдастыру процестері жүзеге асырылса, онда мемлекеттік меншік күшейеді. Керісінше, жеке меншікке негізделген укладтар алдыңғы сатта болса, онда орталықтан басқару әлсірейді, яғни бұл кезде қоғамдастырудан жекешелендірудің ықпалы зор болады.

Қазіргі заманның келбеті– терең тарихи дамудың нәтижесінде қалыптасқан, сан- қилы экономикалық жүйелердің болуымен сипатталады. Оларды жекелеген критерилерде (белгілерді) негізге ала отырып, топтастыруға – яғни классификациялауға болады. Түрлі экономистер қоғамның тарихи даму процесін өздері қабылдаған критерилері арқылы түсіндіреді, сол себепті бұл мәселе жөнінде пікір- таластар бар. Осыған орай, экономикалық жүйені классификациялаудың кейбір түрлеріне тоқталайық.

І. Формациялық көзқарастар тек маркстік теорияға тән. Маркс үш тармақты классификацияның іргетасын қалады.

Ежелгі (көне замандағы) формацияға – алғашқы қауымдық қоғам мен азиаттық өндіріс әдісі жатады.

Бұлардың ішіндегі ең тартымдысы– азиаттық өндіріс әдісі. Оның негізін– ұжымдық меншік арқылы жерге иелік ететін және үй шаруашылықтарында өнеркәсібі қалыптасқан, егіншілікпен айналатын қауым құрайды, бұл оларға нарыкқа бармай- ақ патриархалды шарушылық шеңберінде өздеріне қажет игіліктерді өндіріп, қажеттіктерін толық қанағаттандыруға мүмкіндіктер жасады.

Табиғатты кеңінен түбегейлі меңгеру және елдің қорғаныс қабілетін күшейту үшін, өзара экономикалық оқшауланған қауымдардың мүмкіншіліктерін біріктіру қажеттігінен, өз қолдарына әскери және экономикалық биліктерді жинақтаған, патшалы (деспоттық) мемлекеттер пайда болды: олар жерді өз меншіктеріне айналдырып, рента мен қосымша құнды және т.б. иемденді.

Азиаттық өндіріс көптеген халықтарда өмір сүрді, соның ішінде Азия елдерінде ол ұзақ сақталды (20ғасырдың бас кезіне дейін). Оның ұзақ өмір сүруінің себебі– диқаншы қауымда алғашқы коммунистік принциптердің орнауына байланысты болды. Екінші, жеке меншікке негізделген құл иеленуші, феодализм, капитализм, К.Маркс туынды формация деп атады.

Үшіншісі, коммунистік формация деп – жеке меншікті жоюға негізделген және екі сатыдан тұратын, оның бастапқы сатысы – социализм өндіріс әдісін айтады.

Формациялық көзқарастар экономикалық жүйелерді бес өндіріс әдісіне, яғни, алғашқы қауымдық, құл иеленуші, феодалдық, капиталистік, коммунистік деп жіктеді.

Өндіріс әдісі дегеніміз өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың сипатын қоғамда үстемдік етуші өндіріс құрал-жабдықтарына меншік формасы анықтайды. Мұнда материалдық өндірістің даму деңгейіне баса назар аударылады, бір сатыдан екінші сатыға ұласатын – жекелеген, әрбір жүйенің тұрақсыз болуы, ондағы өндіріс тиімділігінің дәрежесіне байланысты болады.

Бұл көзқарастың басқа көзқарастар сияқты жетістіктері де және кемшіліктері де бар. Формациялық теория арқылы адамзат тарихы ретсіз дәлелдеулерден үйлесімді ғылыми жүйеге айналды. Мұндай көзқарастың өрісі тар, өйткені оны тек Батыс Еуропа елдерінде қолдануға болады және оның жалпылама маңызы болмайды.

II. Өркениетті көзқарастар -өркениеттің (цивилизацияның) сатылап алмасуына негізделген адамзат тарихын біртұтас алып зерттейді. «Цивилизация» – латын сөзі civillis- «азаматтық, қоғамдық» деген мағына береді. Бұл термин мәдениеттің дәрежесі мен ауқымын (мысалы, ежелгі, азиаттық, еуропалық) анықтау үшін пайдаланылады.

Өркениетті көзқарастар жалпы адамзат проблемаларының өзара байланысы мен тәуелсіздігінің күшейе түсу фактілеріне, бүкіл адамзаттың ортақ мұраларына, яғни оларды– ұлттық, таптық мүдделерден жоғары бағалауға негізделеді.

Бұл теория өз дамуының алғашқы баспалдақтарындағы міндеті- жүйені құрайтын белгілерді іздестіру болып табылады.

Кейбір экономистер осыған орай еңбек өнімділігін арттырудың жаңа белестері ретінде өркениеттік революцияларды зерттеуді ұсынады.

Ауылшаруашылығында алғашқы рет өркениет революциясы болды (ол 6– 8 мың жыл бұрын болған). Бұдан кейін өнеркәсіпте болды (ол 20 ғ. ортасынан басталады). Ол халықты адам қажеттіктеріне қызмет көрсететін сфераларға (сауда, қызмет көрсету, білім беру, ғылым, мәдениет, басқару және т.б) ауыстырады.

Өркениетті көзқарастар басқалармен салыстырғанда топтық жанжалдардан аулақ. Сонымен қатар өркениетті көзқарастармен шектен тыс әуестенсе, егер түрлі елдер мен аймақтардың өз ерекшеліктері мен дәстүрлерін ескермей, оларды жалпы схемамен бағаласа, онда оның кемшілігі.

III. Қоғамдық индустрияның даму деңгейіне байланысты классификациялау негізінде үш экономикалық жүйе сараланады: индустриялы, постиндустриялы немесе неоиндустриялы (ақпараттық қоғам).

IV. Өндіріс құрал– жабдықтарына меншік формасына және шаруашылықты басқару тәсілдеріне қарай жіктеу негізінде экономикалық жүйенің төрт типі сараланады: дәстүрлі, нарықты, аралас, әкімшіл- әміршіл.

Экономикалық мүдделер- өндірісті дамытудың, бүкіл экономикалық жүйенің қозғаушы күші. Экономикалық мүдделердің маңызды сипаты – оның объективтілігі. Ол экономикалық қатынас арқылы қалыптасады. Әр қоғамның экономикалық қатынастары ең алдымен мүдделер ретінде көрініс алады.

Олай болса экономикалық мүдделер өндірістік қатынастар негізінде, ең алдымен меншік қатынасы ретінде даму алады деген сөз. Осы мүдделердің тікелей, негізін қоғамның материалдық жағдайын қалайтын, осымен байланысты адамдар қатынасын бейнелейтін қоғамдық қажеттіліктер құрайды. Егер, қажеттілік бір жағынан өндірістің нәтижесі, екінші бір жағынан оның ынталандырушы күші десек, ал мүдделер тікелей өндірістің қозғаушы күші дер едік.

Қазіргі қоғамның экономикалық мүдделер жүйесі мемлекеттің, ұжымның және жеке адам мүдделерін қамтиды. Олай болса мүдделерді нақты білдіруші– қоғам, әлеуметтік топтар, ұлттар, аймақтар, өндірістік ұйымдар, қоғам мүшелері.

Мүдделер әлеуметтік– экономикалық іс– қимылдың негізгі қозғаушы күші объективті нақты қатынастарды сипаттайды. Оның сипаты өндірістік қатынастардың типімен анықталады, ал оның шешуші элементі меншік қатынасы екенін жоғарыда атап өттік. Дәлірек айтқанда мүдделер – экономикалық прогрестің қуатты қозғаушы күші, олар экономикалық механизмі "серіппесі".

Сонымен экономикалық мүдделер экономикалық жүйенің маңызды элементі. Бір қарағанда экономикалық мүдделер субъективті, адамдардың биологиялық табиғатынан туындайды. Онда ол экономикалық теорияның пәні болмас еді. Әрине, экономикалық қажеттіліктер адамнан ажырағысыз, одан тыс орын алуы да мүмкін емес. Бірақ одан жеке бір адамның ойынан туындаған субъективтік құбылыс деуге болмайды. Адамның өмірі, оның тұрмысы оның қажеттіліктерін өтеумен тығыз байланысты. Тұтыну үшін, өндіру керек. Ол үшін өндіріс құрал – жабдықтару керек. Олай болса өндіріс құрал – жабдықтары мен тұтыну заттарына деген қажеттілік тұрақты экономикалық қажеттілік болып табылады. Қоғамдық еңбек бөлінісі жағдайындағы экономикалық қажеттіліктер қоғамдық сипатта болады. Адам қажеттілігін қанағаттандыру үшін өз еңбегінің өнімін ғана емес, басқалардың еңбегімен өндірілген өнімдерді де пайдаланады. Сондықтан да қажеттіліктер адамдар арасындағы қатынастарды сипаттайды.

Экономикалық қажеттіліктер түрінде қалыптасқан өндірістік қатынастар экономикалық мүдделер түрінде көрініс алады. Материалдық қажеттіліктерді қанағаттандыру тұрғысынан туындайтын экономикалық мүдде адамдардан белгілі бір іс – қимылды талап етеді, шаруашылық ісінің ынталандырушысы, экономикалық механизмді қозғалысқа қосатын серіппе. Адамдардың мүдделері, олардың қажеттіліктері сияқты қозғалыста, сандық және сапалық өзгерісте болады. Экономиканың, мәдениеттің даму дәрежесі жоғары болған сайын, адамдардың мүдделері де әр түрлі болады. Әртүрлі әлеуметтік топтардың, таптардың, жеке адамның экономикалық мүдделері бірдей емес. Ол олардың қоғамдағы жайы, экономикалық жүйедегі орнымен, меншік қатынасымен анықталады.

Экономикалық мүдделердің құрылымы күрделі. Өйткені, мүддені білдіретін адам әрі жеке дара, әрі ұжым өкілі, әрі бүкіл қоғам өкілі қызметін атқарады. Осы тұрғыдан қарастырғанда жеке, ұжымдық және қоғамдық мүдделер деп бөлуге болады. Әрбір экономикалық мүдденің дербестігі де, ерекшелігі де бар. Олар бір – біріне сәйкес келмеуі де мүмкін. Олардың арасында алшақтық, қайшылық, дау – дамайлар орын алады. Ол түсінікті де, өйткені кішігірім шағын өндірушілердің жалдамалы жұмысшының меншік иесінің жеке талғамдары мен талабының әрқилылығы, олардың мүдделерінің де әртүрлі болатындығын көрсетеді. Қайшылықтардың басын экономикадан, оның терең қатпарларынан іздеу керек: өндіргіш күштердің жайы мен дәрежесінен, меншіктің әртүрлі формаларынан, әртүрлі еңбектің әлеуметтік– экономикалық салдарынан қарастырған жөн.

Мүдделер арасындағы қайшылықтарды шешу әдісі әртүрлі, ол экономикалық жүйенің ерекшелігімен сипатталады. Атап айтқанда: 1) экономикалық ықпал ету жолымен еңбек ақы формасын өзгерту, акцияларды жұмысшыларға сату; 2) моральды ынталандыру; 3) экономикалық мүдделерге әлеуметтік саясатты өзгерту арқылы ықпал ету т.б.

Экономикалық жүйелердің типтік үлгілері: дәстүрлі, жоспарлы, нарықты, аралас экономика

Дәстүрлі экономиканың сипаттамасы:

1. Өндіріс, бөлу және айырбас дәстүр, салтқа негізделеді.

2. Өндірістің дамуы мен әлеуметтік – экономикалық даму ең нашар деңгейде.

3. Техникалық прогресс шектеулі.

4. Халық санының дамуы өнеркәсіп өндірісінің өсуі деңгейінен тұрақты түрде артып отырады.

5. Сыртқы қаржылық қарыз өте күрделі.

6. Мемлекет пен қарулы күштердің рөлі өте жоғары.

Әкімшілік - әміршілік экономиканың сипаттамасы:

1. Өндіріс құралдарына мемлекеттік меншік.

2. Экономикада орталықтанған жоспарлау.

3. Өндірушілердің монополист ретінде көрінуі.

4. Орталықталынған ресурстар қоры.

5. Өндіріс нәтижесіне деген әрбір өндіріске қатысушының жеке ынталылығының болмауы.

Нарықтық экономиканың сипаттамасы:

1. Өндіріс факторларына жекеменшік.

2. Кәсіпкерлік пен таңдау еркіндігі.

3. Тәуекелге бел байлаған шаруашылық субъектілердің өзіндігі.

4. Еңбек нәтижесіне қатысушылардың жеке ынталылығы – мотивациясы.

5. Өндірушілер, тұтынушылар арасындағы бәсеке, сондықтан ешкім нақты (экономикалық) билікке ие емес.

ТАҚЫРЫП 5 ЖӘНЕ 6. ҚОҒАМДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ НЫСАНДАРЫ. ТАУАРЛЫ ӨНДІРІС. АҚША. НАРЫҚ: ТҮРЛЕРІ, ҚҰРЫЛЫМЫ, ҮЛГІЛЕРІ.

Қоғамдық шаруашылықтың негізгі нышандары: натуралды және тауарлы

Еркін бәсекенің тауар шаруашылығы мен нарықты ұйымдастыру

Тауар-ақша қатынастарының эволюциясы және нарықтың қалыптасуы

Нарықтың мәні мен түрлері оның классификациясы. Нарықтың қызметтері

Қоғамдық шаруашылықтың негізгі нышандары: натуралды және тауарлы

Өндірісті ұйымдастырудың тарихи алғашқы экономикалық түрі– натуралды шаруашылықтан бастау алады. Адамдарды өнімдерді сатуға, нарыққа арнамай, оларды тек өз қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін өндіруін натуралды шаруашылық деп атайды. Оның негізгі ерекшеліктері:

· әмбебап қол еңбегіне негізделді, қоғамдық еңбек бөлнісін білмейтін және өз өнімдерін бір-біріне айырбасталмайтын алғашқы қауым халықтарында таза өмір сүрді.

· өндіргіш күштері мен оларды ұйымдастыру дәрежесі қарапайым төмен болды;

· өнімдер ғасырдан ғасырға бастапқы түрлерін өзгертпей, көлемдері ұлғаймай өндірілді.

Тауар өндірісі деп - өнімдер сатуға арналып өндірілетін, ал өндірушілер мен тұтынушылар арасында байланыстар нарық арқылы жүзеге асырылатын шаруашылықты айтады.

Тауар өндірісінің пайда болуының себептері:

§ қоғамдық еңбек бөлінісі яғни, өндірушілердің белгілі- бір өнімдерді өндіруге мамандануы;

§ меншік қатынастары арқылы өндірушілердің бір- бірінен экономикалық жағынан өзара оқшаулануы болып табылады.

Ол алғашқы қауымдық қоғам ыдырау кезінде, яғни жеке меншік орнағаннан соң пайда болды. Тауар өдірісінің даму кезеңдері айырбастың, нарықтың дамуымен тығыз байланысты. Нарықтың төмендегідей типтері бар: дамымаған, еркін, реттелетін, бұзылған.

Осы аталған нарық типтеріне сәйкес, тауар өндірісінің ерекше моделдері қалыптасады.

1. Дамымаған нарыққа негізделген тауар өндірісі (жай тауар өндірісі) – қоғамдық еңбек бөлінісіне, өндірісі– құрал- жабдықтарына жеке меншікке, тауар өндірушілердің өз еңбектеріне негізделген. Жай тауар өндірісі кезінде өндірілген өнімнің бір бөлігі ғана нарыққа шығарылады. Сондықтан да ол бүкіл экономиканы қамтымайды, яғни оның жалпыламы сипаты болмайды.

2. Еркін нарыққа негізделген тауар өндірісінің (нарық экономикасы) - өзіне тән ерекше белгілері бар. Оған жататындар:

1) адамның жұмыс күші тауарға айналады және өндірушінің өз еңбегін жалдамалы еңбек алмастырады;

2) қоғамда өндірілген өнімнің басым бөлігі жекелей тұтыну үшін емес, нарыққа және сатуға арналады.

Бұл кездегі тауар өндірісі еркін бәсекеге негізделеді, сондықтанда оны еркін бәсеке дәуіріндегі капитализім немесе «еркін экономика» деп атайды. Мемлекет шаруашылық өміріне араласпайды, сол себептен оны «таза капитализм» деп атайды. Шаруашылық қызметтерін үйлестіруде нарықтармен баға жүйесін кеңінен пайдаланатын, тауар өндірісінің мұндай типін рыноктық (капиталистік) экономика деп атайды. Машиналы өндірістің дүниеге келуімен нарық экономикасында қалыптасты.

3. Реттелетін нарыққа негізделген тауар өндірісі– экономикада екі сектордың болуымен, яғни: елдегі материалдық игіліктермен бүкіл ресурстарды өндіруде, бөлуде, айырбастау мен тұтынуда және жеке секторларының үлестерінің жоғары болуымен ерекшеленеді. Мемлекет нарықты экономикаға беделді араласады, бірақ рыноктың реттеушілік ролін, оның «көрінбейтін қолы» принципін сақтайды. Реттелетін нарық экономиканы монополияландыру барысында қалыптасады, бұл кезде үкіметтің алдында бір ғана мәселе – монополияны тежеу міндеті тұрады. Мемлекеттік ретеудің негізгі түрлері – заңдар шығару, салық салу, қаржы арқылы жүзеге асырылады. Реттелетін нарыққа негізделген тауар өндірісінің бірнеше модельдері бар.

Олар мемлекеттік бағдарламаларының нысаналы мақсаттары бойынша бір-бірінен ерекшелігі бар. Әлеуметтік нарықтық шаруашылықтың басты мақсаты– азаматтардың мүделерін қорғау; аралас экономиканың мақсаты– кәсіпкерліктің дамуына жағдайлар туғызу; ал корпоративтік экономиканың мақсаты– ірі бизнестің мүдделерін қорғау болып табылады. Бірінші үлгі– Германияға, екіншісі– АҚШ-қа, үшіншісі– Жапония мен Швецияға тән.

4. Бұзылған нарыққа негізделген тауар өндірісіне - әміршіл -әкімшіл экономикалық жүйеге тән белгілер жатады: жетілген қоғамдық еңбек бөлнісінің жүйесі, ірі машиналы өндіріс, ұлттық экономиканы ұдайы және үздіксіз реттеу, еркін нарықты қатынастарға тосқауылдар қою. Әкімшіл- әміршіл экономика – жоспарлы дерективалық және нормативтік болып екі үлгіге бөлінеді.

Тауар өндірісінің өзекті категориясы- тауар болып табылады. Оның мәнін әр түрлі түсіндіреді. Солардың ішіндегі басты екеуіне тоқтайық:

1. Маркстік теорияда, тауар– зат, біріншіден адам қажетін өтеу үшін, екіншіден– сату үшін өндірген, бұл анықтамадан туындайтын салдарлар:

а) тауар деп адамның белгілі бір қажеттіктерін қанағаттандыратын заттарды айтады;

ә) тауар деп еңбек жұмсалған заттарды айтады;

б) тауар деп сатуға арналған заттарды айтады.

Тауардың екі қасиеті бар: 1. тұтыну құны. Тауардың тұтыну құны дегеніміз тауардың адам қажетін қатағаттандыра алатын мүмкіншілігі. 2. айырбас құны – бір тауардың екінші бір тауарға айырбасталу мүмкіншілігі. Тауардың пайдалығы, адамның белгілі бір нақтылы қажетін қанағаттандыру қасиеті. Құн - тауарға сіңген, зат формасына айналған қоғамдық еңбек мөлшері. Ол адамдардың ден қауызымен бүркелеменген өндірістік қатынасын білдіреді. Қысқаша айтқанда, кез келген тауардың екі қасиеті: тұтыну құны және құны болады. Осы жағдайда ғана өнім тауарға айналады.

Тауардың екі қасиетінің болуы ол тауарға сінген еңбектің екі жақты сипатына байланысты. Өйткені тауар өндіруге екі жақты еңбек – нақты және абстракты еңбек жұмсалады. Нақты еңбек – жеке адамдардың тауар өндіргенде тұтыну құнын жасауға шығындаған еңбегі. Адамдардың дене күші мен ақыл ой энергиясын жұмсауы, осының көмегімен тауарларды айырбастау процесінде адам еңбегінің қоғамдық сипаттқа ие болуы- абстракты еңбек деп аталады.

Тауарға сіңген еңбектің екі жақтылығын тұңғыш ашқан К.Маркс. Осы еңбектердің көлеңкесінде жеке және қоғамдық еңбектің арасындағы қайшылық бүркемеленеді. Абстракты еңбек тауар өндірушілердің өндірістік қатынастарын бейнелейді.

Тауар өндіруге шығындалған еңбекті жай және күрделі еңбек деп бөледі. Жай еңбек дегеніміз арнайы оқып үйренуді, қандай да бір дайындықты қажет етпейтін еңбек. Күрделі еңбек арнайы даярлықты оқып үйренуді, кәсіби білімді қажет етеді.

Барлық нарық өнімдерінде бірдей және ортақ болатын не? -Ол ҚҰН. Құн- бұл тауардың табиғи қасиеті емес, ол қоғамдық қасиет. Құн адамдар арасында бірлесіп еңбек етудің салдарынан және нарықта еңбек өнімдерінің айырбасталуы кезінде пайда болатын қоғамдық қатынастардың көрінісі. Құнның келесідей тарихи даму формалары бар: жай, толық, жалпылық және ақшалай. Қүн заңы - бұл тауар өндірісінің дамуын басқаратын баға заңы. Баға дегеніміз тауар құнының ақшалай көрінісі. Сонымен құн заңы дегеніміз баға заңы.

Австрияның экономикалық мектебінде тауар айырбасқа арналған игіліктердің ерекше түрі деп анықтама береді.

Шектеулі пайдалылық теориясының атасы неміс экономисі Госсен болып саналады. Бірақ, ол Австрия мектептері өкілдерінің еңбектерінде кеңінен дамыды.

Заттардың пайдалылығы түсінігі бойынша, ол әр тұтынушымен бекітілетін шектеулі, яғни, қорда бар осы атаулы заттың соңғы біреуінің аз пайдалылығы. Тауар неғурлым көп болса, сонша оның тұтынушыны толық қанағаттандыру деңгейі жоғары болады да, олардың соншалықты нақты пайдалылығы мен құндылығы төмен болады. Керісінше, тауар неғурлым аз болса, оның пайдалылығы мен құндылығы жоғары болады. Бұл Госсен заңы деп аталады.

Кез келген экономикалық игіліктің шектеулі пайдалы көлемі ресурстардың аздығымен анықталады. Маржиналдық теориясы бойынша, өндіріс саласындағы, айырбастаудағы, яғни нарықтағы жалпы адам және шаруашылық жүргізуші субъекті игіліктің шектеулі пайдалылығынан жұмыс істейді- бұл тұтынуды қанағаттандырудың ең аз интенсивтілігіне арналған, сол бірліктің пайдалылығы.

Өндіру игілігінің құны өндіру сипаттамасына ие және жеке тұтынуды қанағаттандыру үшін пайдаланылатын соңғы өнімнің шектеулі пайдалылығымен реттеледі.

Ақшаның пайда болуы, мәні және атқаратын қызметі

Құнның мөлшері ақшалай көрініс табады. Ақша ежелгі заманда пайда болған. Ол тауарлы өндірістің дамуының бірден-бір шарты болып табылады. Ақша- өндіру мен бөлу процестерінде адамдар арасында белгілі бір экономикалық қарым-қатынастарды көрсететін экономикалық категория және де абсолютті икемді айырбас құралы болып табылады. Ақша- бұл жалпы эквивалент рөлін атқаратын ерекше тауар. Ақшаның үш түрі бар: тиындар, қағаз ақшалар және электронды немесе кредиттік ақшалар. Тиын- бұлар ерекше нысандағы, металл құймасы, салмағы, белгісі бар, нағыз ақшалар. Бұлар толық бағалы ақшалар. Қағаз және кредиттік ақшаларды толық бағалы емес ақша деп атайды. Оларға сондай- ақ, күміс және мыс ақшаны да қосады.

Монета деп өзіне тән формасы бар және айрықша қоспадан жасалған құйма металды айтады. Алғашқы монеталар б.д.д. 3 ғасырда Римде Юнона-Монета храмында басылып шыққан. Қағаз ақшалар алғашқы рет Қытайда 12 ғасырда жасалып шығарылады, ал Ресейде 769жылы Екатерина ІІ кезінде жасалды. Қазіргі таңда несие ақшалары қолданылады, өйткені олар өте тиімді әрі икемді.

Ақшаның алғашқы рөлін екі металл атқарды: алтын мен күміс. Бұл биметаллизм дәуірі болатын. Монометаллизм кезінде ақша материалды ретінде тек алтын пайдаланылды. 1923-1933ж. әлемдік экономикалық дағдарыс монометаллизм дәуіріне тұсау салды. Ұсақталмайтын ақша жүйесінің қалыптасуы басталды. Оның айыру белгілері:

1. кредиттік ақшаның үстем болуы;

2. алтынды монетаризациялаудан алу, яғни, оның айналымнан шығуы;

3. банкноттарды алтынға айырбастаудан бас тарту және олардың құрамында алтынның болуын алып тастау;

4. жеке кәсіпкерлік пен мемлекетті кредиттеу мақсатында ақшаның эмиссиясын (ақша шығару) күшейту.

Ақшаның атқаратын қызметтері:

1. Құн өлшемі. Ақшаның көмегімен басқа барлық тауардың құнын көрсетуге болады.

2. Айналым құралы. Осы қызметті ақша қолма - қол түрінде атқарады, себебі олар нақты тауар айырбасында делдалдық қызмет атқарады. (тауар – ақша-тауар)

3. Төлем құралы. Бұл қызмет тауарды несиеге сатқан кезде, ақшаны қарызға бергенде, салықты, жалақыны және т.б. төлемдерді атқарады.

4. Қорлану немесе қазына жинау құралы. Ақша айналысын тоқтатады және келешекте ұзақ мерзім пайдаланатын тауарларды сатып алу үшін қорланады.

5. Әлемдік ақша түрінде болуы. Әлемдік ақша алтын және өнеркәсібі дамыған елдердегі тұрақты валюта болып табылады.

Ақшаға бірнеше қасиеттер тән:

- Біртектілігі және сапалылығы (жасанды ақша жасау өте қиынға соғады).

- Пайдалануға өте ыңғайлы

- Мүлтіксіз сақталынуы

Ақша және тауар мөлшері тепе- теңдікте болуы шарт. Егер біріншісінің шамасы көбейіп кетсе құнсызданады, инфляцияға қызмет етеді. Белгілі бір елдің айналыстағы қағаз ақшасының шамадан тыс көбейіп кету салдарынан оның құнсыздануын- инфляция дейміз. Ол тауарлардың бағасын шамадан тыс көтеріп жібереді.

Тауар- ақша қатынастарының эволюциясы және нарықтың қалыптасуы

Тауар айналысы деп ақша арқылы жүзеге асатын тауар айырбасын (Т-А-Т) айтады. Түсінікті болғандай, тауар айналысы ақша айналысымен байланысты және ол дамыған ақша жүйесінің болуын талап етеді. Алайда, көптеген жүздеген жылдар бойы тауар айналысы кездейсоқ, сирек құбылыс ретінде болды. Тек нарық жүйесі қалыптасқан соң ғана, ол жалпылама сипатқа ие болды.

Нарық қоғамдық еңбек бөлінісі мен шаруашылықты жүргізу субъектілерінің өзара оқшаулауына негізделген тауар өндірісінің табиғи-тарихи даму процесінің нәтижиесі болып табылады.

Нарық деп алғашқыда адамдар тауарлар мен қызмет көрсетулерді өзара айырбастайтын жерлерді атаған, бұлар әдетте қала ортасындағы алаңдар болды.

Тауар өндірісінің дамуына қарай нарық дамып және ол туралы түсініктер күрделене түсті. Осыған орай, экономикалық әдебиеттерде нарыққа сан- қилы анықтамалар беріледі.

Бір бөлігі нарықты үстірт қараудың негізінде жоғарыдағы алғашқы адамдар түсінігінен көп ұзай алмай ұйымдастырылмаған у- шуы көп кәдімгі базармен теңейді. Енді бір бөлігі, нарықты «керемет күш» деп, экономикалық өмірде болып жатқан олқылықтар мен қайшылықты тез арада жоятын «күш» дейді.

Бұл екі қарама- қайшы анықтамалардың өмір сүруі нарықтық қатынастың методологиялық негізіне терең үңілмей, оны жаңа құбылыс ретінде қарауларында.

Сатып алу- сату тұрғысынан қарастырғанда нарық деп сұраныс пен ұсыныстың, өндірушілер мен тұтынушылардың өзара әрекеттесу сферасын айтады.

Экономиканы ұйымдастыру тұрғысынан қарастырғанда нарық деп шаруашылықты жүргізу субъектілері арасындағы байланыстардың қоғамдық формасын айтады.

Сонымен, нарық дегеніміз- ұдайы өндірістің барлық сатыларында өндіру, бөлу, айырбас пен тұтыну сфераларында сатып алу- сату арқылы жүзеге асырылатын ұйымдық- экономикалық қатынастар жиынтығы болып табылады.

Еліміздің соңғы кезеңде басқарудың экономикалық әдісіне көшуі нарықтық айырбасқа кең жол ашты. Кейбір экономикалық әдебиеттерде, ел арасында, осы әдісті «батыстық модельдерді» қайталау емес пе деген ойға сайып жүр. Бұл әрине дұрыс ой емес. Социализм тұсында 1965 жылы басталған (бірақ аяғына жете алмаған) экономикалық реформа, социалистік елдердегі нарықтық қатынастың ұлғаюы шаруашылық механизмін қайта құру барысындағы заңды көрініс.

Әрбір өндіріс әдісіндегі нарық меншікке байланысты өндірістік қатынастарының барлық жүйесінде әрекет жасайды. Біздің елімізде де нарық өндірістің тиімділігі мен халықтың әлеуметтік- тұрмыс дәрежесін жақсарту бағытында қызмет істей бастады.

Нарықтың мәнін талдауда тағы бір айтатын жәй, ол теориялық дискуссиядағы нарық пен жоспарды біріне- бірін қарсы қою. Негізіне келсек, ұдайы өндіріс-жоспарлы ұйымдасқан процесс, онда нарықтың икемділігін, экономикалық тиімділігін арттыруға пайдалану маңызды мәселе. Осыған байланысты, нарық ұдайы өндірістің үйлесімді дауының негізгі бағыты болады. Сондықтан, экономиканы нарықтық реттеу ұйымдасқан жоспарлы шаруашылық механизмнің құрамды бөлігін құрап, онымен тығыз байланыста болады.

Нарықтың мәні мен қызметтері

Нарықтың атқаратын маңызды қызметтері:

-делдалдық- нарық арқылы өндірушілер мен тұтынушылар арасында байланыстар орнайды. Нарыққа қатысушы әр адам бір мезгілде, әрі сатып алушы, әрі сатушы болады. Ол өз өміріне қажет нәрселерді сатып алады немесе нарықта өзі өндірген тауарларды немесе мүлігін немесе жұмыс күшін сатады;

- реттеуші нарық арқылы қоғамдық өндірісті реттеу жүзеге асырылады, яғни не өндіру қажет, қалай өндіру қажет, кімдер өндіру қажет проблемалары өз шешімдерін табады;

- нарық арқылы өнімдерді өндіруге жұмсалған шығындарды есепке алу жүзеге асырылады. Нарық нені өндіру қажет екендігін белгілеумен шектелмейді, сонымен бірге өнімнің белгілі бір түрлерін өндіру үшін қоғам қандай шығындар жұмсауы тиіс екендігі анықталады. Егер де шығындар көп болса, ондай өнімдерді сатып алу мүмкін болмайды және оны одан әрі өндіру тоқтатылады. Демек, нарықта шығындарды өтейтін бағалар бойынша өнімдер сатылады;

-баға белгіленімі- нарықтың маңызды қызметі бағаны белгілеу болып табылады. Баға сұраныс пен ұсыныстың әсерімен құбылып отырады. Егер де нарықта белгілі тауарлардың мөлшері оған деген сұраныстан басым болса, онда баға арзандайды, демек сол тауарды ұсыну мен өндіру кемиді. Керісінше, бағаның көтерілуі өндірісті ынталандырады, оның өсе беруі сұраныс пен ұсыныстың арасындағы тепе-теңдік орнағанша жалғасады және соның салдарынан тепе-теңдік баға белгіленеді;

-сауықтандырушы- нарық өндірушілерді өзара жіктейді. Бәсеке кезінде тек өнімдерді өндіруге нарық бағасынан төмен шығындар жұмсаған фирмалар ғана өмір сүре алады. Бұл жағдайда фирма пайданы иемденеді. Егер шығындарды нарық бағасынан жоғары болса, онда зиян шегіп, шығындарға ұшырайды. Яғни, өндірушілердің жіктелуі дегеніміз тиімді фирмалардың нығая түсуі және тиімсіз фирмалардың күйреуі болып табылады.

Нарық экономикасы тәжірибиеде өзінің жоғары тиімділігін дәлелдейді. Оның негізгі тиімді жақтары:

1. экономикалық жағдайлардың өзгеруіне тез бейімделгіштігі мен икемдігі;

2. өндіріс шығындарын азайту мен пайданы көбейту үшін жаңа технологияны жылдам пайдалануы;

3. өндірісшілер мен тұтынушылардың шешімдер қабылдау, мәмілелер жасау кезіндегі тәуелсіз еркін болуы;

4. әртүрлі қажеттіктерді қажетті мөлшерде және жоғары сапамен қанағаттандыру қабілеті.

5. бағаның еркін қозғалысы. Нарық бағаның мөлшері мен динамикасы, сұраныс пен керексінудің еркін өзара қатынасы процесінде қалыптасады. Бағаның еркін қозғалысын нарық қана қамтамасыз етеді;

6. экономиканы «сауықтыру» өз алдына шаруашылық жүргізушілердің еңбек нәтижиесін қоғамдық бағалау бағаның еркін қозғалысы арқылы жүзеге асырылса, артта қалған өндірушілерді озық өндірушіден аяусыз алшақтатады;

7. бәсекенің жалпыға ортақ бірдейлілігі.

Нарық осы аталған негізгі тиімділіктерін іске асыру барысында шаруашылық механизмінің басқа да процестеріне тиімді ықпал жасайды.

Нарық жоғарыдағы аталған күш- қуатына қарамастан маңызды қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыра алмайды. Оның себебі нарық қатынастарына қатысушылардың дербестігі мүмкіндік бермейді. Ол үшін арнаулы институттардың қатысуын қамтамасыз ету қажет. Демек нарық қатынасын реттеуге мемлекеттің белгілі бір шеңберде өзінің қаржы- қаражат т.б. институттары арқылы қатысуы қажет. Сонымен, нарықтың әлсіздігі:

1. Еңбек пен табысқа кепілдік бермейді нарық жүйесі теңсіздікті одан әрі күшейте түседі;

2. Әлеуметтік қажеттілікті қорғау үшін пайдаланылатын тауарлар мен қызмет көрсетулерді өндіруді ынталандырмайды;

3. Нарық экономикасы халық шаруашылығы салалары арасындағы қарым- қатынастарды, макроэкономикалық пропорцияларды реттей алмайды, керісінше диспропорциялар тудырады.

4. Нарық экономикасы ғылыми- техникалық жаңалықтарды қолдануға ерекше ұмтылғанымен осы жетістіктерді пайдалануда сараңдық жасайды. Себебі ҒТП тәуекелдікпен жұмсалатын көп қаржы- капитал. Нарық экономикасының бұл кемшілігін ғылыми-техникалық прогресс саласындағы капиталды қолдайтын мемлекеттік бюджеттен арнаулы қаржы бөлу арқылы бәсеңдетуге болады.

5. Капиталдың айналымын тездетуді көздейтін нарық экономикасы күрделі құрылыс жоспарына қаржы жұмсауға ынталы емес, себебі бұл салада қаржы айналымы ұзақ мерзімге созылатындықтан, бұл қызметті қоғам атқаруы керек.

6. Нарық экономикасы өте күрделі әлеуметтік проблемаларды тудырады. Оған жататын- жұмыссыздық, табыстардың күрделі жіктелуі, инфляция. Нарық экономикасының осы тәрізді қолайсыз жақтарын азайту мемлекеттің ерекше назарында болуға тиіс.

Жоғарыдағы аталып отырған мәселелердің бәрі бір орталықтан басқаруды қажет етеді. Сондықтан бұл мәселелерді мемлекет өз құзырына алуы қажет.

Нарық экономикасының қолайсыз бір жағы- тапшылықтың болуы.

1. Арзан ресурстар тапшылығы болғандықтан өндірушілер оларды неғұрлым үнемдеуге мәжбүр.

2. Төлем тапшылығы - тауар тапшылығы емес, төлем құралының жетіспеуі. Осы жағдай мол табысты қызмет атқаруға ынталандырады, бірақ та бұл жағдай ұсыныстың сұраныстан артық болғанында орын алады.

3. Бюджет тапшылығы - мемлекеттік шығындардың мемлекет табысынан артық болуы.

4. Сауда балансы тапшылығы - импорттың экспорттан артық болуы немесе шет елден келген тауарлардың шетке шығаратын тауарлардан артық болуы.

5. Төлем балансының тапшылығы - басқа елдерге ақша төлемдерінің олардан алатын ақшалай төлемдерден артық болуы экспорт-импорт операцияларынан тыс, төлем балансы көлік тасымал шығындарын туристік қызмет, қамсыздандыру, халықаралық кредит /несие/ және процентті қамтиды.

Осы тапшылықтардың әрқайсысы ерекше шара қолдану арқылы азайтылады.

Қорыта айтқанда, мемлекеттің нарық жағдайындағы басты міндеті- нарықты экономиканың бүкіл тұлғаларының өзара қатынастарын реттейтін қоғамдық институттарды, яғни ережелердің жиынтығын құруы болып табылады. Ережесіз, заңдары мен қоғамдық институттары жоқ нарықты қатынастар, белгілі бір жағдайларда мафиозды қатынастарға айналуы мүмкін. Дамыған Батыс елдері нарықтың өркениетті ережелері мен Заңдарын жасауға 500 жылдай уақыт жұмсады.

Нарықтың субъектілері немесе онда әрекет ететін тұлғалар- үй шаруашылығы, фирма және мемлекет болып табылады.

Үй шаруашылығы (жанұя) деп құрамында бір немесе бірнеше адамдар болатын экономикалық буынды айтады, ол:

· адам капиталын өндіру мен ұдайы өндіруді қамтамасыз етеді;

· дербес шешімдер қабылдайды;

· қандай да бір өндіріс факторының иесі және оны арендаға тапсырады немесе өз мүлкін, капиталын, жұмыс күшін сатады;

· өз қажеттіктерін мейлінше мол қанағаттандыруға ұмтылады.

Фирма деп экономикалық буынды айтады, ол:

· сатуға қажет өнімдерді өндіру үшін өндіріс факторларын пайдаланады;

· пайданы көбейтуге ұмтылады;

· дербес шешімдер қабылдайды.

Мемлекет қоғамдық мақсаттардың орындалуына қажет нарық пен шаруашылық тұлғаларын бақылап отыруды қамтамасыз ету үшін құқықтық және саяси биліктерді қолданатын өкіметтің мекемелерінен құралады.

Үй шаруашылығы, фирма мен мемлекет- нарық объектілеріне иелік ету, пайдалану, сату мен сатып алуға байланысты өзара экономикалық байланыстарда болады. Нарықты шаруашылықтың объектілеріне жататындар: тауарлар мен қызмет көрсетулер өндіріс факторлары, ақша, бағалы қағаздар, субсидиялар, әлеуметтік төлемдер және т.б.

Нарықтың өзіне тән құрылымы болады. Нарықтың құрылымы деп оның өзара құрамдас жекеленген элементтерінің болуын айтады.

Нарықтың түрлері және олардың классификациясы

Нарықтың құрылымын түрлі критерийлер бойынша жіктейді, олардың ішіндегі ең маңыздыларына тоқталайық.

1. Нарықты экономикалық қызметіне байланысты- тауарлар мен қызмет көрсетулер нарығы, өндіріс құрал- жабдықтарының нарығы, еңбек, инвестициялар, бағалы қағаздар, қаржы нарығы деп бөледі.

2. Географиялық жағдайына қарай- жергілікті, аймақтық, ұлттық нарығы деп бөледі.

3. Бәсекенің шектелу дәрежесіне байланысты- жетілдірілген бәсекелестік нарығы және жетілмеген бәсекелестік нарығы (монополистік бәсекелестік, олигополиялық, монополиялық) деп бөледі.

4. Сапа бойынша- автомобиль, астық, металл және т.б. нарыққа бөледі

5. Сатып өткізуге байланысты- көтерме және бөлшек сауда нарығы деп бөледі.

6. Заң нормаларына сәйкестігі бойынша- ресми нарық және «Қара базар».

Нарық механизмінің мазмұны мен құрылымы

Нарықтық механизм дегеніміз- нарықтың негізгі элементтері: баға, бәсеке, ұсыныс пен сұраныстың өзара әрекетте болу механизмі. Әрбір экономикалық жүйеге тән: Не өндіру? Қалай өндіру? Кім үшін өндіру? Сұрақтарын нарықтық экономикада нарық жоғарыдағы төрт элементтің арақатынасымен шешеді.

Еліміздің ұлт ерекшелігіне байланысты жалпы ет өніміне сұраныс бар. Осының өзінде сұраныс бірқалыпты болмайды. Себебі ет өнімдерін жаз айларында пайдалану төмен болады, ал салқын айларда пайдалану жоғарылайды. Осының салдарынан бағада, сұранымда және ұсыным да бірқалыпты жағдай болмайды. Жаз айларында еттің бағасы төмендейді, себебі сұраным төмен, одан барып, оны өндіру де азаяды. Ал күз, қыс айларында керісінше баға жоғарылайды, себебі сұраным бар, ол көп өндіруді талап етіп, ұсынымды өсіреді. Осылай сұраным мен ұсынымның ауытқуы бағаның құннан жоғары- төмен ауытқуына тірейді. Осы тербелулер арқылы сұраныс пен ұсыныстың тепе- теңдігіне әсер ететін, ал түбінде өндіріс пен тұтынудың тепе- теңдігін қамтамасыз ететін деңгей қалыптасады.

Бұл бағаның, сұраныстың және ұсыныстың араларындағы қозғалыстар бәсеке арқылы жүріп жатады. Әрбір кәсіпкердің мақсаты пайданы барынша ұлғайту, сондықтан да, шаруашылық қызметінің көлемінің ұлғайтуға мүдделі. Ал бұның өзі өндірістің аса қолайлы жағдайлары үшін кәсіпкерлердің өзара күресіне әкеліп соғады да, олар бір- біріне деген қатынасы қарсыластар немесе бәсекелестер ретінде көрінеді. Егер қандай да бір тауардың ұсынысы сұранысынан көп болса, онда сатушылардың арасындағы бәсекелік күрес күшейеді. Олардың әрқайсысы өз тауарын сату үшін бағасын төмендетуге жиі барады, ал ол өз кезегінде осы тауарды өндіруді азайтады. Егер сұраныс ұсыныстан көп болса, онда бір- бірімен бәсекеге сатып алушылар түседі. Тапшы тауарды алу мүмкіндігіне ие болу үшін, әрбір сатып алушы өз қарсыласына қарағанда жоғары баға ұсынуға тырысады. Баға өседі, ол осы тауарға ұсынысты ұлғайтады. Бәсеке- нарық механизмінің қажетті элементті, бірақ бәсекенің сипаты әр түрлі болуы мүмкін, ол нарықтық тепе-теңдікте жету әдісіне елеулі әсер етеді. Нарықтық механизм еркін немесе жетілген бәсеке жағдайында, яғни нарықтағы жағдай көптеген сатушылар мен сатып алушылардың сатылатын өнімдердің беріктілігі, фирмалардың нарыққа еркін кіруімен сипатталғанда барынша тиімді әрекет етеді. Жетілген бәсеке кезінде сатушылар мен сатып алушылардың ешқайсысы да нарықтық бағаға әсер ете алмайды.

Қазіргі кезеңдегі нарық дамыған инфрақұрылымға, яғни көмекші салалар мен ұйымдардың болуымен тікелей байланысты өмір сүреді.

Нарық инфрақұрылымы деп нарықты қатынастардың жемісті қызмет етуін қамтамасыз ететін мемлекеттік мекемелер мен коммерциялық фирмалардың жиынтығын айтады.

Үш түрлі нарықтың инфрақұрылымының элементтері бар, олар: тауар, қаржы нарығы және еңбек нарығы.

Тауар нарығының инфрақұрылымынажататындар - тауар биржалары, көтерме және бөлшек сауда кәсіпорындары т.б.

Қаржы нарығының инфрақұрылымына кіретіндер: қор және валюта биржалары, банктер, сақтандыру компаниялары мен қорлары.

Еңбек нарығының инфрақұрылымына кіретіндер- еңбек биржалары, жұмысқа қамту мен кадрларды қайта даярлау қызмет орындары, жұмыс күшін реттеу және т.б. айналысатын мекемелер

Жарнама деп сұраныс ұлғайту мақсатымен тауарлар мен қызмет көрсетулер туралы ақпаратты таратуды айтады. Ол тауар өндірісінің пайда болуының бастапқы кезеңінде қалыптасты.

Ақпарат деп нарықтың жағдайын талдап және бағдарлау үшін пайдалынатын мәліметтерді айтады. Кез- келген фирма сұраныс пен ұсыныс туралы, пайда нормасы жөнінде, қай жерде арзан сатып алуға және қандай жерде қымбат сатуға болатыны туралы мәліметтерді қажет етеді. Қолдағы мәліметтер негізінде фирма өз іс-әрекетінің стратегиясын жасайды.

Консалтинг деп ақылы жағдайда мамандандырылған фирмалардың басқаруды жүзеге асыруға байланысты кеңестер беруін айтады. Қызметтер- тауарлар, қызмет көрсетулер, ноу- хау және т.б. нарықтарын зерттеу мен бағдарлау жөнінде көрсетіледі. Сондай-ақ құқықтық қызметтер де көрсетіледі. Фирмалар консалтингті кеңінен пайдаланылады, себебі мұндай кеңестер алу өздеріне арнайы мамандарды қызметке қабылданғаннан анағұрлым арзанға түседі.

Аудиторлық компаниялар деп бизнес сферасындағы мүмкіншіліктерін анықтау мақсатында фирманың қаржы-шаруашылық қызметін кешенді тексеруді жүзеге асыратын ұйымдарды айтады.

Нарық инфрақұрылымының тиімділігі көбінесе экономикалық коньюнктураға байланысты, яғни нарықтың белгілі мерзімдегі уақытша жағдайы. Конъюнктура туралы төменгі көрсеткіштер мәлімдейді:

· өндіріс пен құрылыс динамикасы;

· тауар запастарының мөлшері;

· баға, пайыз, бағалы, қағаздар курсының қозғалысы;

· пайда, еңбекақы және өндіріс шығындары дәрежесінің өзгеруі;

· еңбектегі және жұмыссыздар саны арасындағы қарым-қатынас.

Биржа нақты ұйымдастыру, бақылау мен реттеу түрі ретінде XVI ғасырдан баршаға мәлім.

Биржа деп стандартталған тауарлардың көтерме сауда нарығын немесе валюталарды, бағалы қағаздарды және жұмыс күшін сатып алу-сату жөніндегі операциялар нарығын айтады.

Сатылған заттарға байланысты биржалар-тауар, қор, еңбек биржаларына бөлінеді.

Тауар биржасы- бұл материалдар мен заттай объектілердің, яғни шикізаттар, құралдар, астық, металл және т.б. ұйымдасқан нарығы. Мұндай биржалар мамандандырылған биржалар деп аталады. Әртүрлі тауарлар түсетін биржалар әмбебап биржалар деп аталады.

Биржа табысы сатылған тауарлардың, валюталардың, бағалы қағаздардың құнынан алынатын процент есебінен, құрылтай жарналары мен брокерлік орындарды сатудан түсетін кірістерден құралады.

Биржа практикасында бірнеше мәмілелердің типтері жасалады.

1. Форвардтық мәміле деп келісімге сай сатушының қолындағы тауарлар мен оларды жөнелту мерзімі көрсетілген, нақты тауарларға жасалған мәмілені айтады.





Дата публикования: 2014-11-03; Прочитано: 8464 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.062 с)...