Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Азақстан Республикасының Президенті 12 страница



Жырау сыбырлай зарлайды:

«Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным!

Сексен асып таяғанда тоқсанға

Тұра алмастай үзілді ме жұлының!

Адасқанын жолға салдың бұл ноғайлы ұлының!

Аққан бұлақ, жанған шырақ жалғыз күнде құрыдың,

Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным!»

Жалғыз ұлынан айрылған қарт жырау ұзақ сарнады. Біресе өзі тоқтап, кәрі қобызын аңыратты. Әлден уақытта қарт жырау «Аһ» ұрып әзер тоқтады.

Сол уақытта барып сыбызғыдан шыққан, құлаққа жағымды қоңыр күйдей қоңырқай дауыспен әбдіразақ Нахичевани-дәруіш құран оқи жөнелді. Аятын бұ да ұзақ оқыды.

Құран оқылып біткеннен кейін, Әбілқайыр талғамды сөзбен көңіл айтты.

Хан сөзі бітісімен, Қыпшақтың сүбе биінің бірі, топ жарған шешен Құба би:

— Қара бетпін, ағайын, — деді. — Ат үстінде аяулы ұлыңды өлтіріп, елге қарар емес, жерге қарар жайым бар. Кессең бас, алсаң жан мінекей, құнын беруге дайынмын. Құн алынғанмен Дайырқожа би қайтып келер ме? — деді Керей күрсініп.

— Ардақтымызды ақ орап қоялық, сөз сосын болсын! — деді байсалды дауыспен Жәнібек.

Әбілқайыр хан бұлардың үнінен бір ауыр зіл сезді.

Осымен хан тобы қаралы ордадан шықты. Орда-Базарға қайтып келе жатып, Әбілқайыр екі жағдайды есіне алды. Бірі — Қара Қыпшақ Қобыланды Ақжол биді өлтірсе де, оның қадірін құрта алмауы еді. Бұл жазықсыз ажал Ақжол бидің атын тірідегісінен де ұлғайта түскендей. Кейде тарих адам атымен осылай ойнайды. Тірісінде жоқ даңқты өлгеннен кейін береді. Ақжол би де осындай даңққа ие бола бастаған-ды. Қара Қыпшақ Қобыланды бидің басын алғанмен, оның ұрпақтарға кететін даңқын жоя алмаған. Әбілқайыр хан бұны анық түсінді. Екіншісі — осы Ақжол бидің өлімі өзі ойлағандай Жәнібек пен Керейді құртатын жол болмай шықты. Хан өз қатесін өзі мойындады, бұл өлімнің аяғы үлкен насырға, ел бүлінер дау-жанжалға шабатынына шек келтірмеді. Хан мұны есіне ұстауға тиісті екенін мықтап түйді.

Ақжол бидің жетісін бергеннен кейін Жәнібек пен Керей қазақ руларының сойыл ұстар жігіттерін, Орда-Базар сыртына сапқа тұрғызып қойып, хан сарайына келді. Қазалы ерінің құнын сұрады. Әбілқайыр: «Қыпшақтың үш жігітінің басын ал, бір бидің жоқтауы осы үш адамның қанымен бітсін» деді.

Жайшылықта ақ жарқын Жәнібек қараңғы түндей түнере:

— Бізге жазықсыз жандардың қаны керек емес. Жазықты Қобыландының басы керек, — деді.

Хан көнбеді. Бұл айқас тек Қобыландының басымен тынбайтынын білетін-ді. Қобыландыдан айрылса бар Қыпшақтан мүлдем қол үзетінін есепке алды. Сондықтан «жоқ, Қобыландыны бермеймін» деді.

Жәнібек пен Керей орындарынан түрегелді.

— Олай болса, біз кеттік, — деді қос сұлтан.

Бұлар келместен бұрын Әбілқайыр хан сарайының мұнарасынан Кеңгірді бойлай, Орда-Базардың күнгей бетінде құмырсқадай қаптаған әскерді көрген Жәнібек пен Керей қоштаспай, өктемдей адымдап есікке таянғанда «ұстаңдар мыналарды!» дей алмады нөкерлеріне. Жер шұқыған қалпымен үн-түнсіз қала берді.

Күн бата Арғын, Тарақты, Керей, Найман, Қоңырат, Уақ руларының біраз ауылы Жәнібек пен Керейге еріп, Моғолстанға қарай көтерілді.

Қалың әскері қорғаған қазақ рулары түні бойы көшті.

Таң атып, күн шыққанда кешегі ақшағала қалың ел сыңсып отырған шалғын шөпті жазық даланың біраз жері құлазып бос қалғанын Орда-Базар халқы тегіс көрді. Осылай боларын білген Әбілқайыр, хан сарайынан шықпай жатып алды.

Қыпшақ батыры Қобыланды да хан ордасының қасында қала алмады. Қыпшақтың қарамағындағы бес мың үйін ертіп, Торғай бойына кетуге бел буды. Қайсар батырдың бұлай көшуіне бір жағдай үлкен себеп болды. Жәнібек пен Керейге еріп қазақ рулары Моғолстан жеріне көтерілуден үш күн бұрын, қазақтың сол кездегі ардақты санайтын бір топ батыры мен билері Қобыланды батырдың аулына келген. Бұлар келсе Қобыланды он екі қанат ақ ордасының ішінде бүк түсіп теріс қарап жатыр екен. Сары қарын болып қалған бәйбішесі: «үйге қадірлі кісілер келді, тұрсайшы, батырым», — десе де Қобыланды тұрмады. «Ах» ұрып, өзге жұрт білмейтін, тек өзіне ғана аян жан азабына өртеніп жата берді.

Сонда батырларды бастап келген Арғын би:

— Уа, жарқыным, Әбілқайырға ердің — жол бермедің, ұлымды өлтірдің — құн бермедің. Бар жынымызды қоссақ біздің де бір Қобыландылық бақсылығымыз бар. Ел қамын ойлап келіп отырмыз. Келін-кепшігіне өкпелеген қариядай, теріс айналып, тоңқайып жатып алғаның не қылғаның? Тұр, сөйлеселік! — деген даусын көтеріп.

Арғын бидің өктем сөйлеуінен, бұл келгендер, ел аузындағы өзімен үзеңгілес батырлар екенін біліп, Қобыланды басын көтеріп, сәлем беріп, түрегеліп отырған.

Сырттағы жалшыларына қонақтарға арнап ту бие сойдырған Торғынай бәйбішесі үйге кіріп, бес тайдың терісінен тіккен сабаны қара піспекпен күрпілдете пісіп, тегенедей-тегенедей ағаш аяқтарға қымыз құя бастаған.

Ұзақ жүріп шөлдеп қалған Арғын сапты аяқты орталай бір сіміріп алған да, сөзіне кіріскен.

— Күнбатысында Еділді, күншығысында Орхон, Ертісті, солтүстігінде Тобыл, Есілді, оңтүстігінде сонау Қытай Шым қабырғасына дейін жалпақ даланы ежелден ен жайлаған ел едік. Көне заманнан тіліміз де, ойымыз да, шаруашылығымыз, салтымыз да бір еді. Қыпшақ, Алшын батысымды, Найман, Керей шығысымды, Үйсін, Дулат, Қоңырат оңтүстігімді қорғап келдің. Атам заманнан орталары¦да мен бар едім. Сендерден күші асып, жер ортама жау жеткенде, аянып қалған кезім жоқ. Қандай өкпең бар, ағайын? Ерлігім кімнен кем еді? Долданған теңізге желкен қайық не істей алады, хұнуға да қарсы шаптым, Қытайға да қарсы шықтым, бірақ күшім жетпеді. Ағайын деп Керей, Найман, Қоңырат жеріне ығыстым. Қоныс берді бұл ағайын. Арғын деп өзеніне ат қойдым. Соққан құйындай боп жерімді, елімді талап хұну өтті батысқа. Ата қонысыма қайта келдім. Қайтадан Арғынаты тауына қазық қақтым. Жауласар еліммен шекаралас Қыпшақ, Керей, Найман, Алшын, Үйсін, Дулат, Жалайыр, сендер болдыңдар. Ортаңда көз оймақтай мен қалдым. Сонау бір арғы заманда хан көтеріп ел болмасақ та, көшкен жерімізді жаудан сақтадыңдар, құрымадық. Ал бүгін не болғалы тұрмыз? Ойладың ба осыны, ағайын, өзара? Ойламасаң ойлайық, — Қобыланды сөйлемек боп тамағын қырынып ыңғайлана беріп еді, Арғын би оны тоқтатып тастады. — Шаңырақ өзіңдікі, кезегің келер, айтарсың. Алдыменен ағайынның сөзін ұғып ал. Сөйле Қарақожа батыр! — деді жолы үлкен болмағанмен осы отырғандардың жасы үлкені Керей Қарақожа батырға сөз тастап.

— Дұрыс айтты Арғын би, — деді, ел арасында «бес құлаш» деп аталатын еңгезердей, қошқыл өңді Қарақожа батыр, — анадан ер болып жалғыз Қыпшақ туған жоқ, батырлыққа, ерлікке бәріміз де ортақпыз. Ежелден біздің қонысымыз Орхон, Онон өзендерінің бойы мен қарт Алтай, Тарбағатай таулары екені бәріңе аян. Арғы аталарымыз кәпір дінінде болыпты деседі. О заманда қазақ қандай дін ұстағанын кім білген. Мүмкін кәпір де болған шығар. Бірақ Керей Керей болғалы, Ертіске көшіп қонғалы Үйсін, Дулат, Арғын, Қыпшақ, Найман, Уақ сендермен бір шығысып келеді бұл Керей. Рас, ерте кезде монғол елімен де біз дос болғанбыз. Қыз алысып, қыз беріскенбіз. Бірақ Темучин Шыңғысхан аталысымен-ақ, өзімен көршілес Керейдің ел болып отырғанын көргісі келмеді. Татар қауымынан кейін, ауызды бізге салды. Қылышынан қан тамған Шыңғысханмен он жыл айқастық. Керейдің ардагерлері Марғыз Бұйрық хан, Қожатұр хан, Уан хан — бәрі Шыңғыс қолынан қаза тапты. Осыншама біз не үшін алыстық, неге ардақты ұлдарымызды құрбан етіп қан-жоса болдық? Көк Орданың ханы Әбілқайырдың құлы болуға ма?

— Сөйле, Қаптағай батыр, — деді Қарақожадан жасы сәл кіші, Найманның ақ иығы Қаптағайға сөз беріп, Арғын би.

— Мен сөзімді мына Қарақожа батыр тоқтаған жерден бастайын, — деді Қаптағай батыр Қобыландыға бір қарап қойып. — Керейді жеңген Шыңғыс, әбден тояттанып алған соң, бар әскерін бізге жапты емес пе? Ежелден дініміз де бір, тіліміз де бір, қатар көшіп жүрген Керейді енді бізге айдап салды. Найман оңай көнді ме? әттең одақтас Хорезм-шах Мұхамед, Жажират тайпасының ханы Жамуха шешеннің опасыздығының салдарынан Даян хан бастаған Найман жеңілді. Ханның өзі қан майданда қаза тапты. Бірақ Найман бұдан кейін де мойын ұсынбаған. Даян ханның баласын атақты Құшлық батыр Шың-
ғысханға қарсы жиырма жыл алысты. Шыңғысханның әйгілі баһадурлары Жебе-ноян мен Құбылайдың бізге істемегені бар ма? Тек көршілес қарлұқтардың әлсіздігінен ғана олардың бізге қуаты жетті. Шыңғыс нояндары Найманның бас көтерер бір адамын қалдырмай қырды. Ұлын құл етті, әйелін күң етті. Бірақ бостандықты көксеген Найман қандай ауыртпалық болса да жеңгізбеді, тасқын суда сең үстінде қалған адамдай қайтадан қарманып жағаға шықты. Қазақтың өзге руларымен қосылып ел болуды ойлады. Сонау біз үшін қанын төккен, қырылған ата-бабаның аруағын сыйлап, өз жерін, өз елін өле-өлгенше қорғады. Шыңғысхан ұрпағы қанша қанқұйлы болғанымен, олар бізді емес, біз оларды жеңдік. Монғол тілі емес, монғол дәстүрі емес, қазақ тілі, қазақ дәстүрі қалды. Осының бәрі неліктен болды? Қазақ атын Еділ, Жайықта, Қыпшақ, Алшын, сендер қорғасаңдар, Тарбағатай, Алтайда Керей, Найман біз қорғадық. Бас қоссаң тірі пенде жеңе алмайтын ел болдық. Бірақ басымыз қосылмады. Тағы бізді Барлас Ақсақ Темір жеңді. Бұл да бірімізді бірімізге айдап салып, бірімізден соң бірімізді бағындырып қойдай қырды. Тарамыстай жаны сірі халық бұдан да аман қалдық. Аман қалдық, бірақ одан не пайда? Быт-шыт болып әр ханның қолында жүрміз. Бізге Көк Орда қожа, Астрахань сұлтандары да қожа, Қырым мен Ноғайлы хандарының қарамағында жүрген ел де аз емес. Бүгін біз бірігіп ел болмасақ, ертең жерімізге күші басым жау келсе, не өзара бүліншілік күн туса, көрінгеннің тепкісінде кетеміз. Бүгін бірігіп өз хандығымызды, өз Ордамызды тұрғызуға әл-қуатымыз бар. Ал осы мүмкіншілікті пайдаланбасақ, қазақ деген ел болудан қаламыз. Осыны неге ойламайсың, уа, Қыпшақ Қобыланды?

— Сөйле, Жалайыр Бөрібай, — деді Арғын би Жалайыр батыры атан жілік, жалаң төс, орта жастан асып бара жатқан Бөрібайға жол беріп:

— Осы отырған рулардың Үйсіннен кейін жасы үлкені Жалайыр болар. Біз көргенді сендердің көбің көрген жоқсыңдар. Қытаймен де, қалмақпен де, грекпен де бетпе-бет алысқанбыз. Сол айқастың бәрінен де аман қалып, бауырым қазақ деп құшағымды жайып келгенімде, Қыпшақ, сен бүйректен сирақ шығарып отырсың. Бізді тастап Әбілқайырға қосылып, қандай ел болмақсың? Одан да есің барда жөніңді тап!

Енді сөзді осы келген батырлардың ең кішісі, Тамадан шыққан Қарабура батыр алған.

— Қырық бір жақ, қыңыр бір жақ, Қобыланды батыр. Сен қазір қыңырсың. Бірақ қырықтың аты қырық. Қандай қыңыр болса да түзетеді. Бұны ұмытпа, басымыз бірігуге айналғанда іріткі салма! Бұл саған ағайындық сөзіміз.

Қобыланды батыр шарт жүгініп алды.

— Бұларың не қорқыту ма? Қыпшақтың арысы Қобыланды батыр талай қоқан-лоқыны көрген, бірақ тірі жаннан қорқып көрмеген.

— Көрмесең көресің! — деді Арғын би даусын көтермей, — байқа, батыр, сен Арғын ұлы Ақжолды өлтірдім деп тым саңғи берме. Ат қазығынан кетпейді, саған да өз үйіріңнен кетпе дейміз. Кетеді екенсің, өз обалың өзіңе! Біз көппіз, бүкіл қазақ жиналып, Көк Ордаға әлі жетпесе де, Қобыландыға әлі жетеді. Мұны да жадыңда ұста. Бұларың не, қорқытпақсыңдар ма дейсің. Қорқыту жалғыз сенің ғана қолыңнан келеді деп ойлайсың ба? Жоқ, батырым, сен туған анадан біз де туғанбыз. Сен басып жүрген жерді, біз де басып жүрміз. Ақжолға сен сілтеген шоқпарды, Қыпшақтан шыққан Қобыланды, саған да біз де сілтей аламыз. Бұны да жадыңа тұт. Бұрын Жәнібек пен Керей ғана Ақжолдың құнын жоқтаса, енді бүкіл қазақ жоқтап жүрмесін. Егер бар қазақ Ақжолдың құнын сенен сұрар болса, өзің түгіл бүкіл Көк Орданың мал-мүлкі жетпес. Бұны да ұмытпа. Қорытып айтарымыз, — Арғын би сәл саябырлады, — айыптысың, бізге ер демейміз. Ал ел бірлігін ойласаң ертең біз көшкен күні, сонау Торғайдағы ата мекен қонысыңа сен де көшесің. Басымыз жаңа бірігіп келе жатқанда, сөкет үлгі көрсетпе өзге елге. Алда-жалда осы айтқанымызды орындамасаң, кінә тақпа. Бар қазақтан бес мың сойыл табылар. Онда жауымыз Әбілқайыр емес, өзің боласың.

— Дұрыс айтасың, Арғын би, — деді отырғандар.

— Айтарымызды айттық, ендігісін қабырғаңа кеңесіп өзің шеш! — деп Арғын би мен топ батыр дәмге қарамай үйден шығып кеткен.

Ызадан жанып-күйген Қобыланды бір мезет әлгілердің соңынан қуып жетіп, жалғыз өзі айқаспақ болған. Бірақ бірте-бірте сабасына түскен. Бүкіл қазақ біріккелі жатқанда, үйірден бөлінген саяқ секілді, Қыпшақ руын, Әбілқайырдың қасында алып қалуды өзі де жөн көрмеген.

Халқы ардақтаған аңғал батыр, Әбілқайырдың сөзіне еріп, ашу сезімін билей алмай, жұртына қара бет бола бастағанын кеш аңғарған. Өткен ісіне күңірене өкініп, енді ел-жұртынан алыс кетпеске бел буған. Бірақ бірден бұл арманын орындауға көңілі дауаламаған. Қазақ рулары Моғолстанға бет алғанда, бұның Торғай өзенінің бойына қарай көшу себебі осыдан еді.

Ал, көшкен елдің ең ақырғы қарасы үзілген кезде, Орда-Базардың күнгей жағындағы ойпаттан Көксеңгірін сабылтып терлеткен Қобыланды батыр көрінді. Хан ақылын алып, өзі жасаған дүрбелеңінің аяғына дейін шыдай алмай, біраз ел Әбілқайырдан бөлініп кетіпті дегенді естіп, кеше кешке хан Ордасына қарай шапқан. Сол шапқан күйі жеткен беті. Өзен бойында бұрын сыңсып отыратын ауылдардың сиреп қалғанынан бұл маңдағы рулардың көшіп кеткенін түсінген. Күйік үстінде өзінің не істегенін енді ғана ұққан. Бірақ өкінішін сыртқа шығармады. Бір мінезді, қайсар батыр әлденеге үміттене жан-жағына қарады. Төбе басында тұрған жалғыз салт аттыны көрді. Түйілген қабағы ашылып, талмаусыраған көзінде бір ұшқын пайда болды. Енді ол Көксеңгірін тебініп қап, төбе басында тұрған салт аттыға беттеді. Таяу келіп аттан түсті. Одан артық жақындауға батылы бармады. Төбе басында тұрған салт атты арт жағында таяп қалған ат дүбірін естіп, бетін сәл бұрды. Бұл он бес-он алты жасар қыз еді. Аққұба бетін күн сәулесіне шомылдырған, үлкен жаудыраған бота көздері қарақаттай қап-қара, оймақ ауыз, бүлдіршін еріндері тек ләззатқа ғана жаралғандай сүйкімді, қор қызынан кем емес бір сұлу...

Қыз жүзінде кенет бір қайғылы саз пайда болды.

— Не айтасыз, батыр? — деді ол қайтадан теріс бұрылып кетіп.

— Мен айтарымды айтып болдым ғой, бикеш, — деді Қобыланды! — Ақжол биді де сен үшін өлтірдім, батыр Саянды да сен үшін өлтіртпек болдым. Бір сен үшін жолымда жалғыз көз дәу кездессе де күресуге бар едім. Ал қазір... Арыстанның жүрегіндей жүрегім қоянның жүрегіндей болғанда, алпауыттай көңілім алақандай болғанда, қорлама енді сен мені, тағдырымды өзің шеш.

Қыз бетін қайта бұрды.

— Ақжол биге тоқалдыққа анамның бермек ойы болғаны рас. Бірақ Ақжол бидің қандай жазығы бар еді? Батыр Саянды менің сүйгенім рас. Бірақ батыр Саянның қандай жазығы бар еді? Жоқ, Қыпшақ жолбарысы Қобыланды, қара жерге кірмей мен саған қатын болмаймын.

Намысқой батыр ызалана қалды.

— әкең берсе қайтесің?

— Онда менің қызығымды сен емес, мына алмас кездік көреді, — деді алтын белбеуінің қынынан кішкентай қылшылдаған кездікті суырып.

Сөйтті де жас сұлу «Осы ақырғы кездесуіміз болсын!» деп, атын бұрып алып, Орда-Базарға қарай шаба жөнелді.

Қыз қалаға кіріп жоқ болғанша, Қобыланды батыр соңынан көз алмай қарап тұрды. Оның сонау шүңірейген отты көзінде кенет бір қасірет тұманы пайда болды.

— Иә, жанымды жалынға салған бар арманым күйреді, — деді Қобыланды жанының қатты ауырып тұрғанын жасыра алмай. Айдалада жараланып жалғыз қалған жолбарыстай ыңырана күрсінді.

Қобыланды батыр бұл қызды күшпен көндіріп, не ата-анасын батырлығымен қызықтырып сатып ала алмайтынын бұрын да білетін. Қыздың бұған жоқ екенін естуімен, енді бар арманының күйрегеніне көзі жетті. Өйткені бұл қыз Гүлбаһрам-Патшайым атты, Әбілқайыр ханның Маңғыт әйелінен туған кіші қызы еді.

ІV

Жасы ұлғайған сайын бұл дүниенің қызығы түспен тең екеніне Әбілқайыр ханның көзі жетуге айналған. Тағы бір он жыл өмір сүрсе оның ар жағында бүкіл Дәшті Қыпшақ, Мауреннахр, Қорасан бас иген мынау алтын тақ, бір күнгідей болмай, адыра қалатынына шек келтірмеген. Қызық дәурен, сән-салтанат бәрі де өткіншек жалған емес. Өткіншек емес, тек ажал. Бір күні бұ да сол опасыз дүниемен қоштасып, мәңгі мекені қара жердің құшағына кіреді... Әйтсе де, тірінің тіршілігі бар, бұл жалғанда орындай алсам деген тілегі, арманы болады. Армансыз адам ескексіз қайықпен тең, тағдыр — толқын, қалай қарай ұрса, солай қарай ағады. Ал Әбілқайыр сол толқынды өз ықпалымен ағызам деген адам.

әйтседе Әбілқайыр күні өтіп өлімге таяған сайын, өзінің әлі көп арманының аяқсыз қалып бара жатқанына көзі жетті. Сол армандарының бірі: көзінің тірісінде он баласын, ер жете бастаған немерелерін, хандығының жер-жерлеріне, шаһарларына әмір, сұлтан, даруға етіп таратып, бүкіл өз хандығын сенімді қолдарға тапсырып кету еді. Ал бұл тілегі әлі бәлендей түлектеніп жатқан жоқ, балаларының алды отызға келіп қалса да, көбі жорықтарға қатынасып, ерлік көрсетіп жүрсе де, әлі жеке ел билеп, не ел жаулап алып әкесінің атағын ұлғайта түскен бірде-бірі жоқ.

әке балаға сыншы, бұ жағынан Әбілқайыр Маңғыт руынан алған бәйбішесінен туған Шах-Будақтың балалары Мұхамед-Шайбани, Махмуд-Сұлтан мен Рабиу-Сұлтан-Бегімнен туған Сүйіншік оғыланнан зор үмітті. Түбі Көк Ордаға осылар ие болар деп қатты сенеді. Үшеуі де болайын деп тұр, құр қол ұстай алмайсың, жыланның баласы тәрізді әлден-ақ ысқырына қалған. Үшеуінің жастары шамалас, тек Сүйіншік қана ана екеуінен төрт жас үлкен. Әттең жас-
тықтары ғана ханға бөгет, әйтпесе ауыр да, қызғылықты да хан істеріне қатынастыра бастар еді, амал жоқ, тағы бір жеті-сегіз жыл күтуге тура келеді.

Асылдан асыл туады. Әсіресе нағашысы Ақсақ Темір тұқымы Сүйіншіктен көп жақсылық күткен. Бақты-Қожа уәзірі келіп, «Сүйіншік сұлтанда жастығына қарамай хан ұлына керек қасиет бар екен, айтқан сөзді ұға қойды. Рабиу-Сұлтан-Бегім анасы болса да, істеген күнәсі үшін өлім жазасына қиятыны даусыз» дегеннен бері бұл баласына мерейін көбірек аудара түсті. «Тамырында Шыңғысхан мен нағашысы Ақсақ Темірдің қаны бар екен, Көк Ордаға осы ие болуы мүмкін» деп ойлады.

Бірақ кеше әбдіразақ дәруіш келіп:

— Тақсыр хан, Сүйіншік оғылан кеселге шалдыққан, тезірек емдету керек, — деген.

— Қандай кеселге ұшырапты? — деп Әбілқайыр дәруішке сезіктене қараған.

— Бұл ауруды өзі таппаған, біреу жұқтырған. Он үш жасар баланың мұндай кеселге шалдығуы қауіпті іс. Кеше сөйлесіп көріп едім, есі-дерті Сайын тағы... «Шешем менің күнәкар, оны таспен шөкелетіп өлтіртем, мені құр жақсы көрген болады, ал бар ойы әкем тағын Күшкінші ағама алып беру» дейді.

Хан Сүйіншіктің шешесін неге таспен шөкелетіп өлтіртем деуінің себебінің қайда жатқанын біле тұрса да, кенет арманы әке тағы бола қалғанына таң қалды...

Дәруіш: «Алтын тақты үлкен баласына алып бермек болғаны үшін, бүгін шешесін өлтіртем десе, ертең он үш жасар Сүйіншік, ер жеткен күні «тағыңды маған бер» деп өзіңе бас салудан тайынбайды. Жоқ, Сүйіншік науқас, әлі ақыл кірмеген жасты мұндай ауруға біреу шалдықтырып жүр, тезірек емдету керек», деген.

Бұл сөзден кейін хан ойланып қалған. Бақты-Қожа уәзірдің айтуынша екі-үш күннің ішінде Рабиу-Сұлтан-Бегімге хан соты болуға тиісті. Сол сотта Бақты-Қожа уәзір ханымның қылмысын ашып, халық атынан үкім шығартпақ. Сол үкім бойынша Рабиу-Сұлтан-Бегім жұрт көзінше таспен шөкеленіп өлтірілу керек. Бұл үкімді іске асыруға туған баласы Сүйіншіктің тек «дұрыс» деп басын изеуі ғана қажет. Бақты-Қожа уәзір айтуынша Сүйіншіктің бұны істейтініне күмән келтіруге болмайды. Бұндай қанды оқиға хан Ордасына таңсық емес. Оған хан қинала қоймаған-ды. Ал әбдіразақ дәруіштің мына айтып тұрғандары басқа бір қауіпті аңғартады. «Иә, солай. Демек, ең алдымен Сүйіншік қолымен Рабиу-Сұлтан-Бегімнен өш алу жөн. Ал содан кейін барып, егер менің көзім тірі тұрғанда әке тағынан үміткер ойы болса онда...».





Дата публикования: 2014-11-04; Прочитано: 811 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.017 с)...