Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Азақстан Республикасы — егемен және тәуелсіз мемлекет



Қазақстан Республикасының Конституциясы мемлекетіміздің егемендігі мен тәуелсіздігін баянды етті. Қазақстан мемлекетінің егемендігі мына белгілермен сипатталады: Қазақстан мемлекетінің тарихи қалыптасқан аумағы бар. Қазақстанның аумағы бес мемлекетпен: Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және Түркменстанмен шектес. Мемлекетіміздің аумағы біртұтас және оған қол сұғуға болмайды. Мемлекетіміздің аумағына басқа мемлекеттің қол сұғуы агрессивті деп бағаланады. Агрессияны халықаралық құқық айыптайды, Конституцияда жарияланғанындай, Қазақстан басқа мемлекеттермен тату көршілік, олардың ішкі ісіне араласпау, дауларды келісім арқылы шешу, бірінші болып қарулы күштерді қолданбау саясатын жүргізеді. Республикаға қарсы агрессия бола қалған күнде немесе сырттан тікелей қауіп төнсе, Президент республиканың барлық аумағында немесе кейбір аумақты жерлерінде соғыс жағдайын енгізіп, ішінара немесе жалпы әскерге шақыруды жариялайды. Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы заң бойынша біздің мемлекет өз аумағын құрлықта, теңізде, әуе кеңістігінде өз қарулы күштерімен қорғайды. Республика шекарасын Қазақстанның шекара әскері күзетеді, ол республика тұтастығына қандай болсын қарсы әрекетке тойтарыс беруі қажет, адамдарды қылмыстық әрекеттерден қорғауы тиіс.

Егемендіктің маңызды белгісі — онда мемлекеттік биліктің жоғары органдарының болуы. Заң шығару қызметін жүзеге асыратын жоғары өкілдік орган — Қазақстан Республикасының Парламенті. Парламент екі палатадан: Мәжілістен және Сенаттан турады. Олар тұрақты қызмет істейді. Мәжіліс депутаттарын азаматтар тікелей сайлайды. Ал Сенат депутаттарының басым көпшілігін мәслихаттар сайлайды. Сенаттың жеті депутатын Президент тағайындайды. Мемлекеттің басшысы — Президентті азаматтар сайлайды. Президент мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын анықтайды. Президент мемлекеттік биліктің барлық буындарының келісіп қызмет істеуін қамтамасыз етуі тиіс. Қазақстан Республикасының Үкіметі еліміздің көлемінде атқарушы билікті жүзеге асырады. Ол атқарушы органдардың жүйесін басқарады. Атқарушы органдардың жүйесіне жататындар — министрліктер, агенттіктер, комиссиялар, және жергілікті атқарушы органдар — облыстық, қалалық, аудандық, ауылдық, селолық өкімдіктер мен өкімдер. Атқарушы органдардың өкілеттіктері заңдарда және арнаулы ережелерде анықталады.

Ерекше құқық қорғау органдары бар, олар — соттар, ішкі істер органдары) ұлттық қауіпсіздік органдары, прокуратура. Олардың ішкі құрылымы, өкілеттіктері арнаулы заңдарда анықталады.

Егемендіктің тағы бір маңызды белгісі — өз азаматтығының болуы. Азаматтыққа байланысты мәселелер Конституцияда, азаматтық туралы заңда, Президенттің заң күші бар жарлықтарында қарастырылған. Азаматтық – адамдардың мемлекетпен тұрақты саяси және құқықтық байланысының жағдайы. Мұндай байланыстан мемлекет пен азаматтардың өзара құқықтары мен міндеттері туындайды. Мемлекет, оның органдары азаматтарға ол құқықтары мен бостандықтарын пайдалануы үшін қажетті жағдайларды жасауы тиіс. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтары бұзылған болса, лауазым иелері, заң қорғайтын органдар кінәлылерді тиісті жауапқа тартады. Азаматтардың міндеттері — Конституцияны, заңдарды сақтау, мемлекеттік тілді, барлық ұлттардың тілдерін, әдеттерін, дәстүрлерін құрметтеу, еліміздің экономикалық қуатын күшейту.

Егемендіктің енді бір маңызды белгісі — басқа мемлекеттермен қарым-қатынас жасау қабілеттілігі. Қазақстан Республикасы Біріккен Ұлттар Ұйымының, басқа да халықаралық ұйымдардың мүшесі. Көптеген шет мемлекеттермен елшілік қатынастарын жолға қойды. Олармен саяси, экономикалық, мәдени, т.б. мәселелер бойынша халықаралық шарттар жасасты. Сол мақсатпен Қазақстан Республикасының Конституциясы Президентке, Парламентке және Үкіметке қажетті өкілеттіктер берді.

Егемен Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері – Елтаңбасы, Туы, Гимні бар. Олар Қазақстанның қалыптасып дамуының тарихи жолдарын бейнелейді. Әр адам мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге тиісті, Заңдарда оларды пайдалану тәртібі белгіленген.





Дата публикования: 2014-11-02; Прочитано: 1328 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.007 с)...