Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Философия мен ғылым, философия мен өнер



Философия ғылымы туралы айтпастан бұрын, әуелі философияның не екендігін анықтап алуымыз қажет, өйткені бұл сауалдың өзі – философиялық мәселе. «Философия дегеніміз не?» деген сауал философия арнайы ғылым ретінде қалыптасқан сонау көне замандардан бастап, бүгінгі күнге дейін ғылыми дискурс аймағында өзекті түрде талқыланатын тақырыптардың бірі.

Философия – ғылым, әрі қоғамдық сананың ерекше формасы, дүниеге көзқарас, өнер ретінде де көрініс беретін даналық ілімі. Ғылым болып табылатын себебі, арнайы ғылыми әдіснамалары мен әдістерінің болуы, осы ғылым тарихының арнайы қалыптасуы, теорияларын дәйектеуді және дәлелдеуді қажет ететіндігі т.б. болса, қоғамдық сананың формасы ретінде қабылдануы – қоғамның әрбір мүшесінің белгілі бір деңгейде кәсіби емес түрде болса да философиялық пайымдауларды бастан өткізетіндігінен-ақ анық байқалады, тіпті философиялық ой ойламайтын, ойламаған адам болмайды. Осы орайда, философиялық ой адам санасының ажырамас қасиетіне айналады. Сондықтан ол жалпы қоғамдық көпшілік сананың деңгейінде қарапайым формада болса да үнемі қылаң беріп отырады.

Бұдан оның дүниеге көзқарастық қыры ашылады. Философия мен философиялық ой өзінің объектісі болып саналатын дүние, әлем мен адам хақында белгілі бір деңгейде қажетті мағлұматтар мен ақпараттар тасқынын бере алады. Екіншіден, бұл үрдіс кезінде адам мен дүние толықтай қатысып, адамның шексіз танымының бір саласын құрайды. Ал өнер ретіндегі қыры – кең шығармашылық ойлауды қажет ететіндігі, өткенін жоққа шығармайтындығы, объектілерін зерделеу барысында мәселелердің бастапқы күйінен тамыр тартып қозғала беретіндігі т.б. Мәселен, әдебиеттегі махаббат, достық, ана сияқты тақырыптар мәңгілік болса, философиядағы субстанция, рух, ойлау сынды метафизикалық мәселелер де көне замандардан бері, бүгінгі күнге дейін толғанылу үстінде. Ал ғылым өткенін терістеп, сабақтастық бойынша ілгерілей түседі. Мәселен, дүниенің атомдарының соңғы бөлінбейтін бөлшек екендігі хақындағы көне замандардағы теория физика ғылымында қазір жоққа шығарылып, одан кейін атом құрылысы ашылып, тіпті оның шексіз ұсақ бөлшектерге ыдырай беретіндігі дәйектеліп отыр.

Енді философияның қоғамдық теориялық санада, ғылымдар аясында қандай қызметтер атқаратындығына тоқталып өтсек, оның басты функциялары былайша көрсетіледі. Бұл тұста, алдымен, функция немесе қызмет ұғымын түсіндіріп өтуіміз қажет. Функция – міндеттілік, әрекет ету аймағы, өзінің мүмкіндігінің шегіндегі болмай қоймайтын басқа салаларға ықпалы, өзінің атқаруы тиісті мазмұны болып табылады:

Болжалдық қызметі бойынша философия ғылымы әлемнің, қоғамның, адамның дамуының болашақтағы күйін анықтап, өзіндік жобалар мен модельдер құрады;

Танымдық қызметі арқылы бүкіл дүние мен адам және оның орны хақында мәліметтер мен ақпараттар жиынтығын тұтастындырып, ғылымиландырып барып ұсынады.

Философия — адамзат баласының сонау ықылым заманнан басталған білімі, қоғамдық сананың формасы, болмыс пен танымның жалпы заңдылықтары туралы ілім. Кез-келген адамды әлем, қоршаған орта, қоғам, дін, діл, білім, саясат, мәдениет секілді мәселелер бей-жай қалдырмайтыны айдан анық. Міне, осы іспеттес мәселелер философия пәнінің негізгі қарастыратын бөлімдері болып табылады. Философия сөзі грек тілінен аударғанда — даналыққа деген махаббат мағынасын білдіреді. Б.з.д. 7-6 ғ.ғ. Ежелгі Үндістан, Қытай және Грекия жерлерінде бір уақытта пайда болады. Мәліметтерге сүйенсек, «философия» терминін алғаш қолданған Антика дәуірінің атақты пәлсапашысы (философы) және математигі Пифагор.

Өнер — көркем образдар жүйесі арқылы адамның дүниетанымын, ішкі сезімін, жан дүниесіндегі құбылыстарды бейнелейтін қоғамдық сана мен адам танымының формасы.Өнер өмірде болған оқиғаларды қаз-қалпында алмай, өзгертіп, түрлендіріп, көркем образдарды типтендіру арқылы сомдайтын эстетикалық құбылыс. Оны қоғамдық сананың өзге формаларынан даралайтын белгісі де адамның шындыққа деген эстетикалық қатынасы болып табылады.

Егер біз философияны көркемөнер саласымен салыстыратын болсақ, онда біз олардың бір-бірімен біршама көп ұқсас жақтарын ашуымызға болады. Менің ойымша философияға қанша тұлға атсалысса, соншалықты философияның түрлері бар. Өнер саласындағы туындылар да бір-бірін қайталамайды, ол жерде өнерпаздың дүниеге деген тұлғалық, сезімдік қарым-қатынасы өзгеше болып көрініп тұрады. Шынайы философиялық шығармалар көркемөнердегі ұлы туындылар сияқты, адамның жүрегінде, ой өрісінде өшпес із қалдырады,оның жан дүниесін ұлылық, құлаштап жетпес биіктік, әсемдік, гармониялық сезім билейді.Филослфияны өнерге жақындығы – Дүниенің біртұтастығын көрсету, ішке және сыртқа қарай шексіз Дүниенің суретін жасау – философия саласындағы ең қиын істің бірі. Өйткені Дүние жөніндегі ғылыми деректер әр уақытта өзінше шектелген. Олай болса, тек қана ғылыми жолмен шексіз Дүниені шектелген білім арқылы біртұтас ретінде суреттеу мүмкін емес.Ал, бірақ адамның жүрегінде Дүниені толығынан түсіну ұмтылысы ешқашанда бітпес іңкәр болып қала береді де, әртүрлі Дүние суретін тудырады. Ол үшін философ өзінің Дүниесуретін ғылыми деректер жетіспеген жағдайда қиял арқылы толықтырады, сезім толқындарымен бояйды. Олай болса, философия өзін тудырған мифологиядан толығынан бөліне алмайды. Философия мен көркемөнердің бір-біріне жақындығын, бір-біріне өтіп жатқанын айқын көрсететін нәрсе – тарихтағы ұлы тұлғалардың шығармалары. Оған Платонның «Диалогтарын», нақыл сөздерін, Ницшенің афоризмдерін, Камюдің эсселерін жатқызуға болады, өйткені олардың философиялық мазмұны көркем сөзбен берілген. Ал Абайдың өлеңдері мен Әуезовтың романдарында Достаевский, Толстой сияқты орыстың ғұлама жазушыларының шығармаларында терең философиялық сыр жатыр

Әдіснамалық қызметі ғылым философиясы саласына сәйкес, барлық ғылымдарға жолбасшылық жасап, жалпы бағдарларды, зерттеу әдістері мен әдіснамаларын жинақтап бере алады және ол ғылымдар осы бағдарлардан айнымай өзіндік зерттеу бағыттарын тиянақтайды. Мәселен, герменевтика, феноменология, структурализм сынды философиялық бағыттар қазіргі таңда көптеген ғылымдардың жалпы зерттеу әдіснамаларын құрайды.

Рационалды жүйелеу- философия адам тәжірибесін теориялық деңгейде тұжырымдайды, ғылыми емес, қарапайым бақылаулардың және ғылыми танымның нәтижелерін философиялық деңгейде қорытып-сараптайды, оларды белгілі бір жүйеге келтіреді.

Сыни- философиялық ұғымдар мен категорияларды, заңдарды игеру, философия тарихымен, оны жасаушы философиялық тұлғалармен танысу, олардың ілімдерін зерттеу адамның өз өміріне, қызметіне, қоғамдағы орнына тереңірек үңілуге, сыни тұрғыдан талдауға үйретеді.

Гуманистік-тәрбиелік- философия адамды дүниедегі ең басты құндылық деп таниды және негізінен руханияттық пен адамгершілікті басшылыққа алады.

Практикалық -неміс философыГегель философияны өмір көшінен үнемі кеш қалып жүреді деп сынаса да, қазіргі философияның, онымен айналысатын философ мамандардың негізгі мақсат-міндеті оның практикалық сипатын зерттеу болуы болып табылады.





Дата публикования: 2015-11-01; Прочитано: 8830 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.006 с)...