Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Алғы сөз



Микробиология жер шарындағы тірі табиғатты жан-жақты зерттеуді қамтамассыз ететін ғылымдардың бірегейі. Адам өмірін ұзарту, әр түрлі аурулармен күресу, дүние жүзінде тұрғындардың денсаулығын жақсарту үшін қазіргі заманда алдынғы қатарлы технологиялар (гендік инженерия, биотехнология, нанотехнология, гендік әдіспен диогноз қою т.б.) қолданылып жатқан кезде микробиология ғылымы алдынғы шептен көрініп отыр.

Әрине, осындай жағдайда медициналық ЖОО-да микробиологияны зерделеу ерекше орын алады. Студенттерге бұл ғылымды оқытудың мақсаты айқын нақтылы-микроәлем нысандарын терең білу негізінде адамдардың денсаулығын жақсартуға әсерін тигізетін тиімді медициналық-биологиялық-генетикалық жаңа технологияларды жасау және пайдалану мүмкіндігінің іргесін қалау.

ХХ ғасырдың соңы ХХI ғасырдың басталуы жер бетінің (яғни барлық нысандардың) техногендік экологиялық қыспағына ұшыраумен ғана емес, ғаламдық шеңберде тұрғындардардың және басқа биологиялық нысандардың көшіп-қонуымен (миграциясымен)сипатталады. Осындай жағдайдың нәтижесінде жұқпалы аурулар қоздырғыштарының жаңа аймақтарға «жылжып баруына» және «қоныстануына» әкеліп соғады. Сондықтан микробиологиялық диагноз қою, эпидемилогиялық қадағалау, арнайы емдеу мен алдын-алу шараларын және инфектологиялық қызметтің басқа да жақтарын жүргізу кез-келген елде әрбір дәрігер білуі керек.

«Медициналық микробиология» оқулығын жазу кезінде мынадай міндеттер қойылды:

- оқулық дәстүрлі оқу әдебиеттері типтес жасалуы қажет;

- оқулықтың әрбір тарауларында бұрын белгілі мәліметтермен қатар қазіргі заманғы жаңалықтар енгізілуі керек;

- мәтіні тақырыбына сәйкес сауатты түсінікті тілде жазылуы керек;

- оқулық мемлекеттік тілде жазылғандықтан медициналық терминдердің жалпы қабылданған баламалары қолданылуы керек;

- көрнекі материалдар (меншікті және басқалардан алынған) сапалы орындалған және тараулар тақырыбына сәйкес болуы қажет.

Бұл оқулықты дайындаудан бұрын өте ауқымды жұмыстар атқарылды – орыс, ағылшын, неміс, француз тілдеріндегі жарық көрген «Медициналық микробиология» оқулықтарын, әдебиеттерді мұқият зерделеу жүргізілді («әдебиеттер тізімін» қараңыз). Мұндай жұмыс жаңа мәліметтермен танысумен қатар оқулықтың мазмұнын, құрылымын, тарау көлемдерін, оларды баяндаудың принципі мен реттілігін нақтылауға мүмкіндік берді.

Оқулықта микробиологияның дербес пәндері негізінде тараулар ретінде енгізілді:

- Жалпы микробиология (бактериялар мен вирустардың морфологиясы, физиологиясы; микроорганизмдердің антибиотиктерге сезімталдығы/ төзімділігі; бактериофагтар; микроорганизмдердің патогенділігі (инфекция); микроэкология; иммунитет т.б.)

- Жеке микробиология (бактериология, вирусология, микология, протозология, гельминтология) қоздырғыштардың жіктелуі, морфологиясы, дақылдандыру, антигендер. Патогенділік; жұқпалы ауруларға микробиологиялық диагноз қою әдістері, емдеу мен алдын алудың негіздері сияқты тарауларды қамтиды.

- Клиникалық микробиология (шартты-патогенді микроорганизмдер, олардың адам патологиясындағы рөлі, микробиологиялық диагноз қою принциптері; қалыпты микрофлора, адамдарда болатын дисбактериоз және оған микробиологиялық диагноз қою; госпитальдық инфекцияларға диагноз қою және алдын-алу принциптері)

- Ауыз қуысының микробиологиясы, оның дәрігер стоматологтар үшін маңызы.

Оқулық дайындау кезінде С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетінің микробиология кафедрасының ұжымы қыруар жұмыс атқарды. Техникалық безендіру бойынша және бірқатар материалдар дайындауда белсенді қатысқаны үшін доценттер А.Ә.Стамқұлова, С.Ш. Шакиевке, аға оқытушылар Б.М. Хандиллаеваға, Т.С. Бегадиловаға, оқытушы М.Н.Егембердиевке авторлар шексіз алғысын білдіреді.

Және де осы оқулықты дайындаудың бастапқы кезеңінде қатысқаны және қолдау көрсеткені үшін м.ғ.д., профессор Ү.Т. Арықпаеваға шын жүректен алғысымызды білдіреміз.

Ұсынылып отырған оқулық студенттерге, оқытушыларға, магистранттарға, докторанттарға, дәрігер-микробиологтарға, паразитологтарға, вирусологтарға, стоматологтарға, және де медициналық микробиологиямен байланысты басқа саладағы дәрігерлер мен биологтарға арналған.

Қазақ тілінде бірінші рет «Медициналық микробиология» бойынша ресми оқулық шығарудың маңыздылығын және үлкен жауапкершілігін түсіне отырып, ұсыныс жасаған және пікір айтқан оқырмандарға авторлар алдын ала алғысын білдіреді. Барлық ұсыныстарды біз шын көңілмен қабылдаймыз және оқулықтың келесі шығарылымында іске асырылады деген сенімдеміз.





Дата публикования: 2015-10-09; Прочитано: 1710 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.007 с)...