Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Сталиндік билік жүйесі және оның сипаты саяси ҚуҒын – сҮргін зардаптары



20 ж. аяғында жағдайды ушықтыру мен күдікшілдік жаппай сипат алды. Орталықта троцкишіл-зиновьевшіл оппозициямен және «оңшыл оппортунистермен» күрестің күшеюі ұлт республикаларында ұлт-азаттық қозғалысының өкілдерін жазалау түрінде көрініс тауып жатты. 1928 ж. аяғында «буржуазияшыл ұлтшылдар» деп аталғандардың – бұрынғы Алашорда қайраткерлерінің ішінен 44 адам жалған айып тағылып, қамауға алынды. Олардың ішінде А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймауытов, Х. Ғаббасов және басқалар бар еді. Құрамында М. Тынышпаев, Х. Досмұхамбетов, Ж. Досмұхамбетов, Ж. Ақпаев, Қ. Кемеңгеров және басқалары бар ұлттық интеллигенцияның (40 адамдай) басқа тобы 1930 ж. қыркүйек-қазанда қамауға алынды. Олардың ішінен 15 адам Ресейдің Орталық қаратопырақты облысына жер аударылды. Бұлардың барлығы 1937–1938 жж. жазаланды.

1920 ж. аяғы мен 1930 ж. басында КСРО-ның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы дағдарыс шиеленісе түскен сайын Кеңеске қарсы зиянкес элементтер мен астыртын ұйымдарды іздеу кең өрістей берді. Шахталар мен кәсіпорындарда кездейсоқ авариялар болса, колхоздар мен совхоздарда мал өлсе, өрт және табиғи апаттар болса – бәрі де тап жауларының әрекеті деп түсіндіріліп, осыған сай халық жауларына және кеңеске қарсы деген бүлікші ұйымдар жөнінде қолдан жасалған қылмысты іс қозғалды. 1932 ж. Семейде, осы облыстың Абралы, Шыңғыстау және Қу аудандарында өмірде болмаған, орталығы Алматы болып табылатын астыртын «Қазақстан шаруалар партиясының» филиалы «ашылды». Алайда шаруалардың жаппай көтеріліс жасауына және ауылдар мен селоларда ашаршылықтан адамдардың өлуіне қарамай, бұл «іс» кең өріс алмады. Осы іс бойынша 20-дан астам адам жауапқа тартылды. 1933 ж. Қызылорда облысының Қармақшы ауданында «байшыл-ұлтшыл контррреволюциялық „Жайлас“ ұйымы әшкереленіп», жойылды. Бұл іс бойынша 55 адам қылмыстық жауапқа тартылып, оның 12-і атуға бұйырылды.

Осымен қатар партия ұйымдарын тазалау жүргізілді. Сенуге болмайтындардың немесе бір кезде қате жібергендердің бәрі қуылды. Олар негізінен троцкийшілердің, оңшыл және «ұлтшыл ауытқушылардың» қатарында болды немесе соларға жаны ашыды деп айыпталды.

КСРО жаңа Конституциясының жобасын талқылау осындай үрей және жанталас жағдайда өтті. Ол 1936ж. 5 желтоқсанда кеңестердің Бүкілодақтық VIII Төтенше съезінде қабылданды. КСРО-ның жаңа Конституциясы бойынша Қазақ АКСР-сы Одақтас Республика болып қайта құрылды. 1937ж. 12 желтоқсанда Қазақстан Кеңестерінің X төтенше съезі Қазақ КСР-ның Конституциясын бекітті. Республика Жоғарғы Кеңесінің сайлауы өткізілді.





Дата публикования: 2015-02-03; Прочитано: 2906 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.008 с)...