Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Найман және керейт ұлыстары



Найман тайпалар одағы (түрікше «сегіз тайпа одағы») VIII ғасырдың орта шенінде Жоғарғы Ертіс пен Орхон аралығында пайда болып, Ханғайдан Тарбағатайға дейінгі жерлерді алып жатты.

Найманның батыстағы көршісі Ертіс өзені бойында тұрған қаңлылар, ал солтүстігінде – қырғыздар, шығысында – Тола алқабын, Орхонның орта ағысы және оң жақ бетін алып жатқан меркіттер мен керейттер, Оңтүстігінде ұйғырлар болды. Наймандар мен керейлерде ертедегі феодалдық қатынастардың орнығуы ұлыстардың құрылуымен қатар жүрді. «Ұлыс» деген сөз ол кезде «халық» деген ұғымды білдірді, әрбір ұлыс белгілі бір жерлерді алып жатты. Оны белгілі бір рудың өкілі, хан басқарды. Хан ордасы ұлыстың өздеріне меншікті жазғы жайылымы, қысқы қыстауы болып, әскері – ондық, жүздік, мыңдық, түмендерге бөлінді. Наймандар мен керейлер XII ғасырда іс жүргізуде ұйғыр жазуын пайдаланған. Ханның «алтын мөрі» болып, онымен қажетті құжаттарды куәландырып отырған. Шыңғысханның жаулап алу жорықтарына дейін наймандар Орталық Азия жеріндегі өте күшті ұлыстардың бірі болған. Шыңғысханның әкесі Ясукай батырдың тұсында найман елін Иналых Білгі Бұқа хан билеген. «Иналых» — сенімді, «білгі» — білімді, кемеңгер, «бұқа» — ұлық, мықты деген сөз. Білгі Бұқа хан өлгеннен кейін, оның екі баласы: Таян (Байбұқа) хан мен Бұйрық хан арасында тақ таласы басталып, найман ұлысын екіге бөлген. 1199 жылы Шыңғысхан керейлердің билеушісі Оң ханмен одақтасып, найман Бұйрық ханға шабуыл жасайды. Алтай аймағының Ұлыңгір көлінің маңындағы шайқаста Бұйрық хан жеңіліп, қырғыз еліне қашып кетеді.

1204 жылы Шыңғысхан керейлерді жаулап алғаннан кейін, найман Таянхан мен меркіттердің билеушісі Тоқтабектің біріккен әскерлеріне шабуыл жасап талқандайды. 1206 жылы моңғолдар Бұқтырма өзенінің бойында Бұйрық бастаған наймандарды жеңіп, оның өзін өлтіреді. 1208 жылы Шыңғысхан Алтайдағы Күшлікхан бастаған наймандарға қатты соққы берді. Бұдан кейін наймандардың бір бөлігі Алтайдан Жетісу жеріне ойысты, ал екінші бір бөлігі Шығыс Қазақстанда қалып қойды. 1218 жылы моңғолдар Жетісу жеріндегі наймандарды жеңді. Бүкіл Шығыс Түркістан мен Жетісу жерлері моңғолдардың қол астына көшті.

Керейттер конфедерациясының этникалық құрамы бір текті болмаған. Ол түрік тілді және моңғол тілді жұрттан құралады. Керейттердің батысында – наймандар, солтүстігінде – меркіттер, шығысында – татарлар, оңтүстігінде – таңғұттар мекендеген. Керейт тайпалары көсемдерінің екі ордасы болған. Солтүстік ордасы – Орхон өзені бойындағы Қатынбалық қаласы, ал оңтүстік ордасы Хуанке өзені бұрылысының теріскейіндегі Қара-Хото қаласы. 1007 жылы керейттер наймандармен бірге христиан дінінің несторияндық тармағын қабылдайды.

XII ғасырдың 50-ші жылдары керейттерде Марғұз хан билік жүргізді. Кейін ол қытайлар қолына түсіп өлтірілген. Одан кейін елді Бұйрық хан биледі. 1171 жылы хан тағы оның баласы Тоғырылға көшті. Оның Оңхан деген екінші лауазым аты болған. Бұл ат «Уаң хан» дегеннен шыққан, мағынасы – бір елдің әміршісі. Тоғырыл хан тұсында Керейттер ұлысы солтүстікте – Селенганың жоғарғы бойынан, оңтүстікте – Хуанкеге дейінгі, батыста – Хангай тауынан, шығыста – Халкин Голге дейінгі жерлерді еркін жайлаған. Тоғырыл хан Шыңғысханның әкесі Ясукаймен дос болған. Сондықтан осы жағдайды пайдаланып, Темучин Моңғолиядағы күшті ел болып келген Керей ханы Тоғырылға арқа сүйеген. Тоғырыл екеуі дос болды, одақтасып жорыққа аттанып отырды. Бұл жағдай Тоғырыл ханның балалары мен туыстарына, уәзірлері мен жақындарына ұнамайды. Сондықтан олар екеуінің арасында іріткі салу әрекетін қолданып, бір-біріне айдап салады. Мұның аяғы насырға шауып, керейлер мен моңғолдар арасында соғыс қақтығысына әкеліп соқты. Ақырында Шыңғысхан 1202 жылы Оңханның елін шауып, өзін өлтіріп, жерін жаулап алды. Шыңғысханнан жеңілген соң, Керей ұлысы оған тәуелді елге айналды.

17. Қыпшақ хандығы (XI ғ. — 1219 ж.)

Қыпшақтар туралы алғашқы хабар Қытайдың жазба деректерінде кездеседі. Қыпшақтар ең әуелі Алтай, Саян тауларының баурайларын мекендеген. VII ғасырда олар Қазақстан жеріне Алтайдағы телэ тайпаларының құрамында қоныс аударып келген. VII-X ғасырларда Қазақстан аумағында қыпшақ этникалық қауымдастығының ұзаққа созылған қалыптасу процесі жүрді.

Қазақстан жерінде қыпшақ этникалық қауымдасуын үш кезеңге бөліп қарауға болады. Бірінші кезең, қыпшақтардың қимақ тайпалық одағында болуы: VII ғасырдың екінші жартысы – VIII ғасырдың соңына дейін. Екінші кезең: VIII ғасырдың аяғы – XI ғасырдың басы. Бұл кезде қыпшақтар Алтай және Ертістен Орал таулары мен Еділге дейін қоныс тепті. Қыпшақ тайпалық Одағына Мұғалжар жеріндегі құмандар және қимақ тайпалары кірді. Қыпшақтар Сырдария, Қаратау бойындағы қалаларды өздеріне бағындырды. XI ғасырдың орта кезінен бастап қыпшақтар қазіргі Волгадан (Еділден) батысқа қарай жылжыды, сөйтіп шығыс Еуропа елдерімен, орыс княздіктерімен, Византиямен, Венгриямен шектесті. Ұлан-байтақ қыпшақтар мекендеген жерлер "Дешті қыпшақ”, яғни қыпшақ даласы деп аталды. Ал қыпшақтардың өзі Батыс Еуропа деректерінде құмандар, орыс жылнамаларында половцылар деп көрсетілді.

XI ғасырдың екінші жартысынан бастап 1219 жылға дейін қыпшақ тайпалық одағы дамуының үшінші кезеңі жүрді. Осы кезде қыпшақ хандарының мәртебесі, күш-қуаты өсті. Олардың этникалық құрамы өзгеріп, қимақ, құман, ертедегі башқұрт, оғыз т. б. тайпалар кірді. Сондай-ақ қыпшақтардың этнос болып қалыптасуына түрік тілді қаңлылар, ұрандар, Шығыс Түркістаннан келген баяттар, түргештер, қарлұқтар, шігілдер әсерін тигізді.

Бұл кезде қыпшақ хандары өз жерлерін оңтүстікте Тараз қаласына дейін жеткізіп, қарахандықтармен шектесті. Олардың арасындағы шекара – Балқаш көлі және Алакөл ойпаты болды. XII ғасырда қыпшақ тайпалары Алтайда, Ертістің жоғарғы жағында наймандармен, қаңлылармен, керейттермен шектесті, солтүстікте қырғыздар және хакастармен көрші болды. Қыпшақ тайпаларының басында қаған, одан төмен қарай хан, тархан, басқақа, бек, байлар тұрды. Қыпшақ қоғамы әлеуметтік және сословиелік жағынан тең болған жоқ. Негізгі теңсіздік малға деген жеке меншік еді. Жылқы басты байлық болып саналды. Төменгі тапқа малы аз шаруалар, кедейлер жатса, ал қолға түскен тұтқындар құл ретінде пайдаланылды. Мал ұрлау қатаң жазаланды. Жеке меншіктегі малға рулық-тайпалық белгілер салынды. Малынан айырылған, немесе көшу мүмкіндігін жоғалтқан қыпшақ кедей шаруалары отырықшы тұрғындар — жатақтар қатарына көшті. Бірақ олар жеткілікті мөлшерде мал жинап алысымен, қайтадан көшпелі шаруашылыққа ауысып отырды.

Қыпшақ хандары Орта Азия мемлекеттерімен, әсіресе Хорезм шахтары және салжұқтармен табанды күрес жүргізді. 1065 жылы салжұқтардың билеушісі Алып Арсылан қыпшақтарға қарсы Маңғыстауға шабуыл жасайды. Қыпшақтарды жеңіп бағындырғаннан кейін, ол Жент пен Сауранға жорыққа шығады. Соғыста жеңіліс тапқан қыпшақ тайпаларының бір бөлігі Хорасан салжұқтарына тәуелділікке түсті. 1096 жылы "Құдіретті” хан бастаған қыпшақ бірлестігінің әскерлері Хорезмге қарсы жорық жасады, бірақ ол сәтсіздікпен аяқталды.

XI ғ. аяғы – XII ғ. бас кезінде Жент, Янгикент, төменгі Сырдарияның тағы басқа қалалары қыпшақ көсемдерінің қолына қараған. Хорезмшах Атсыз (1127–1156 жж.) Жентті жаулап алады, сонан соң солтүстікке қарай бет алып, өз қарауына Маңғыстауды да қосады. 1133 жылы Жент қаласынан Дешті Қыпшақ даласына тереңдеп жорық жасаған Атсыз қыпшақтарды ойсырата жеңеді. Осы кезден бастап қыпшақ хандығының ыдырауы басталады. Оған себеп болған негізгі жәйттер: қыпшақ тайпалары ақсүйектерінің арасында Хорезмді жақтаушылардың көбеюі, қыпшақтарға қарсы қаңлылардың аса ірі бірлестігінің құрылуы, өкімет билігі үшін өзара әулетті қырқыстың күшеюі еді.

Бұл жағдайды Хорезм билеушілері, әсіресе Текеш пен Мұхаммед жан-жақты пайдалануға тырысты. Олар қыпшақ билеушісі Қадыр-Бүке хан мен оның немере інісі Алып-Деректің арасындағы бітіспес тақ үшін таласты пайдаланды. Қыпшақтардың орталығы Сығанақ қаласын басып алуға әрекет жасады. 1195 жылы Текеш (1172–1200 жж.) өз ойын іске асыру үшін Сығанақты басқарып отырған Қадыр-Бүке ханға жорыққа аттанды. Бірақ, шайқас кезінде Хорезм шахының түріктердің ұран тайпасынан құрылған сарбаздары Қадыр-Бүке ханмен келісіп, соның жағына шығып кетеді. Осыдан кейін талқандалған әскерінің қалдығымен Текеш Хорезмге қайтып оралады. 1198 жылы Текештің ұлы Мұхаммед Алып-Дерекпен одақтасып Қадыр-Бүке ханға қарсы қайта жорық жасады. Соғыс барысында Қадыр-Бүке жеңіліп, Хорезмге жеткізілді. Хан билігі енді Алып-Дерекке көшті. Қыпшақ ханының одан әрі күшейіп кетуінен қорыққан Текеш Қадыр-Бүке ханды босатып, оған Хорезмнің көп әскерін беріп, Алып-Дерекке қарсы аттандырды. Шайқастың барысында Алып-Дерек әскерлері жеңіліске ұшырады, бірақ қыпшақ билігін қолына алған Қадыр-Бүке ханның өзі де Хорезмшахқа тәуелді болып шықты. Хорезм билеушілері әйелдерін қаңлы мен қыпшақтардың хан әулеттерінен алып отырған.

Хорезм шахы Мұхаммед (1200–1220 жж.) өз мемлекетінің құрамына XIII ғ. бас кезінде Сығанақ жерін қосып алады. Сығанақ иелігінен айырылып қалғанына қарамастан қыпшақ хандары Хорезмге қарсы күресін жалғастыра берді. 1216 жылы қыпшақ билеушісі Қайырханға қарсы аттанған әскери жорықтарының бірінде ол Ырғызға дейін жетеді. Осы кезде ол Торғай даласында қыпшақтар еліне қашып кірген меркіттерді қуалап келе жатқан Шыңғысхан қолымен соқтығысып қалады. Бұл моңғолдардың Қазақстан жерінде алғаш рет болуы еді, сөйтіп моңғол басқыншылығының дәуірі басталады.

Қыпшақтардың басты шаруашылығы мал өсіру болды. Олар жылқы, қой, сиыр, өгіз, түйе өсірді. Жылқы мен қой басым болған. Жылқы басты көлік құралы және қыпшақтар сиыр мен қой етінен жылқы етін артық көрді. Батыс Қазақстан аймақтарында қыпшақтардың жекеленген топтары түйе шаруашылығымен де шұғылданған. Қыпшақтар аңшылықпен де айналысқан. Олар аң аулағанда садақ пен жебеден басқа лашын, бүркіт сияқты құстарды, жүйрік тазыларды пайдаланған. Бағалы аң терілерін қыпшақтар басқа елдерге шығарып, сауда қатынасын жүргізген. Аң аулаумен қатар қыпшақтардың өзен мен көл жағалауларында тұратындары балық аулаумен шұғылданған, олар кішкене қайық, кемелерді пайдаланған. Қыпшақ қоғамында малсыз кедейлер егіншілікпен, соның ішінде өзен бойларында суармалы егіншілікпен айналысқан. Қыпшақтар негізінен тары өсірген. Олар жетіспеген астықты Орта Азияның егіншілерінен мал шаруашылығы өнімдеріне айырбастап алып отырған. Қыпшақтарда үй кәсібі, қолөнер жақсы дамыған.





Дата публикования: 2015-02-03; Прочитано: 4343 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.008 с)...