Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Аржылық бақылаудың мәні мен маңызы



Қаржылық бақылау деп әдетте тиісті ақша қорлары бойынша қоғамдық жалпы ұлттық өнімді құндық бөлу және оларды белгілі бір мақсаттарға жұмсаудың негізділігін тексеруге бағытталған айрықшылық қызметті айтады.

Қаржылық бақылау қаржыны басқарудың функционалдық элементтерінің бірі, ол басқарудың басқа элементтерімен тығыз байланысты және бір мезгілде жүзеге асырылады.

Қаржылық бақылаудың болуы экономикалық категория ретінде қаржыға бақылау функциясының тән болуымен объективті түрде шарттасылған. Бұл функция арқылы қаржы бөлудің қалыптасып отырған үйлесімі, қорлардың ара салмағы, оларды қалыптастыру көздері, пайдаланылуы туралы ескертіп отырады. Қаржының бақылау функциясы материалдық игіліктерді өндіру, айырбастау, бөлу және тұтыну процесіне қоғам, ең алдымен мемлекет тарапынан ықпал жасауға мүмкіндік береді. Бірақ бұл мүмкіндік тек қоғамдық қатынастарға ғана адамдардың қатысуымен, мынадай белгілі бір шарттардың кезінде: бақылаудың айрықша органдарын құрғанда; оларды білікті мамандармен толықтырғанда; бұл органдардың құқықтарын реттегенде шындыққа айналады.

Сөйтіп, бақылау функциясы қаржыны бақылаудың құралы ретінде пайдалану үшін объективті жағдай жасайды, ал оны саналы түрде қолдану қоғамдық өндірісте қаржының іс-әрекет ету барысында жүзеге асырылады. Егер қаржы экономикалық базистік қатынастарды, яғни өндірістік қатынастардың бір бөлігін білдірсе, қаржыны басқару элеиенттерінің бірі ретінде қаржылық бақылау қондырмалық категория болып табылады. Практикада қаржының бақылау функциясы қаржылық бақылау нысанында жүзеге асырылады, бірақ бұл ұғымдарды бірдей деуге болмайды.

Бақылау функциясы – қаржының ішкі қасиеті, ал қаржылық бақылау қаржыға тән объективті мазмұн ретіндегі бақылау функциясын практикалық қолдану болып табылады.

Ғылыми негізделген қаржы саясатын, тиімді қаржы механизмін қалыптастыруға жәрдемдесу қаржылық бақылаудың мақсаты болып табылады. Қаржылық бақылаудың көмегімен қаржы жоспарларының орындалуы, қаржы-шаруашылық қызметінің ұйымдастырылуы тексеріледі. Басқа жағынан, қаржылық бақылаудың нәтижелілігі қаржылық жоспарлауда,оперативті басқаруда пайдаланылады.

Қаржылық бақылаудың өзгешелігі – оның ақша нысанында жүзеге асырылатындығында. Табыстар мен қорланымдардың қалыптасу процестері, ақша қорларын құру және пайдалану оның тікелей объектісі болып табылады. Алайда, қаржылық бақылаудың іс-қимылы ақша қатынастарының аса кең аясына таралады, өйткені қаржы басқа экономикалық категориялармен: еңбекақымен, өнімнің өзіндік құнымен, табыспен, пайдамен, өндірістік құрал-жабдықтармен (негізгі, айналым капиталымен), күрделі жұмсалымдармен, инвестициялармен тығыз байланысты. Ал мекемелер мен ұйымдардың бюджет қаражаттарын дұрыс пайдаланылуын бақылау олардың барлық жағын – желі мен контингенттерді өрістетудің толықтығын, қаражаттарды жұмсаудың белгіленген нормаларын сақтауды қамтиды.

Қаржылық бақылаудың іс-әрекетінің сферасы бақылаудың басқа түрлерімен: әкімшілік, құқықтық, әлеуметтік, техникалық, саяси бақылаумен жиі тура келуі мүмкін. Шаруашылық ұйымдардың қаржы жағы шаруашылық қызметпен тығыз байланысты болатындықтан қаржылық бақылауды шаруашылық бақылаудан бөліп алу қиынға түседі, ал кейде мүмкін болмайды, өйткені қаржы операцияларының көбінде шаруашылық қызметтің басқа процестері қамтып көрсетіледі.

Бақылауды жүзеге асырудың негізгі қағидаттары мыналар болып табылады:

1. бақылаудың реттілілігі, жаппайлылығы, әмбебаптылылығы;

2. бақылаудың превентивтілігі, яғни оның алдын алу сипаты;

3. әрекеттілік, нақтылық, жариялылық – бұларға бақылау жұмысын дұрыс ұйымдастырғанда, негізделген әдістерді қолданғанда, істі ұқыпты зерделегенде, нақты ұсыныстар енгізгенде ғана жетуге болады;

4. бақылаудың алаламаушылығы (біреуге тартпаушылық);

5. бақылау органдары қызметкерлерінің тәуелсіздігі.

Қаржылық бақылаудың мазмұны ашылатын негізгі міндеттеріне мына төмендегілер жатады:

· мемлекет, ұйымдар және халық алдындағы қаржылық міндеттемелердің орындалуын тексеру;

· шаруашылық жүргізуші субъектілердің қарамағындағы ақша ресурстарын (бюджет және меншікті қаражаттарды, банк кредиттерін, бюджеттен тыс қаражаттарды) пайдаланудың дұрыстығын тексеру;

· қаржы операцияларын, есеп-қисаптарын жасау және шаруашылық жүргізуші субъектілердің ақша қаражаттарын сақтау ережелерін орындауын (сақтауын) тексеру;

· өндірістің ішкі резервтерін – шаруашылық рентабелдігін арттырудың, еңбек өнімділігін өсірудің, айналым активтерінің айналымдылығын тездетудің, материал және ақша қаражаттарын неғұрлым тиімді әрі үнемді пайдаланудың мүмкіндіктерін ашу;

· қаржы тәртібін бұзушылықты жою және ескерту. Олар ашылған жағдайда ұйымдарға, лауазымды адамдарға және азаматтарға белгіленген тәртіппен ықпал етудің шаралары қолданылады, мемлекет пен ұйымдарға келтірілген залалдың орнын толтыру қамтамасыз етіледі.

Қаржы тәртібі – бұл белгіленген ұйғарымдардың және мемлекеттің, оның шаруашылық жүргізуші субъектілерінің ақша қорларын жасаудың, бөлудің және пайдаланудың тәртібін айқын сақтау.

Қаржылық бақылаудың міндеттерін, олардың түрлерін, нысандары мен әдістерін, субъектілері мен объектілерін бақылауды жүзеге асырудың деңгейіне қарай қарастырған жөн, яғни ол микро немесе макродеңгейде жүргізіледі.

Макродеңгейдегі қаржылық бақылау – бұл бүкіл мемлекет ауқымында қаржыны ұйымдастыру мен оның іс-әрекет етуін бақылау. Оның міндеттері мыналар болып табылады:

· ақшалай қаражаттардың орталықтандырылған қорларын қалыптастырып, тиімді пайдалану процесін қамтамасыз ету;

· қаржы қатынастарын іске асырудың қолданылып жүрген нысандары мен әдістерінің объективті қажеттіліктеріне нысандар мен әдістердің сай келуін бақылау;

· қаржы ресурстарын неғұрлым тиімді пайдалану, салалар мен аймақтардың қаржы ресурстарына деген қажеттілігін оптималды түрде және саралай отырып қанағаттандыру, азаматтардың әлеуметтік-мәдени сферасының қызметтеріне деген қажеттіліктерін барынша қанағаттандыру мақсатында оларды салалар мен аумақтар бойынша бөлудің алшақтықтарын анықтап, жою және басқалары.

Бұл деңгейде мемлекеттік қаржылар бақылаудың объектісі болып көрінеді.

Құрама қаржы жоспарлары (сметалары), аумақтық, салалық тұрғыда олардың атқарылуы туралы есептер бақылаудың пәні болып табылады. Әр түрлі қаржылық көрсеткіштер және жоспарлардың (сметалардың) және есептердің бірқатар өндіргіштік көрсеткіштері талданады, жинақтап қорытылады және осының негізінде қаржы қатынастарының нысандары мен әдістерін жетілдіру жөнінде ұсыныстар жасалады.

Биліктің заң шығарушы органдары мен басқарудың мемлекеттік органдары бұл деңгейде бақылау субъектілері болып келеді.

Микродеңгейдегі қаржылық бақылау – меншіктің барлық нысанындағы шаруашылық жүргізуші субъектілер деңгейіндегі бақылау.

Микродеңгейдегі қаржылық бақылаудың міндеттері:

1. кәсіпорындардың қаржы саласындағы қолданылып жүрген заңдардың сақталуын қамтамасыз ету;

2. шаруашылық жүргізуші субъектілердің бюджет алдындағы міндеттемелерін орындауының дер кездігі мен толымдылығын қамтамасыз ету;

3. қаржы ресурстары өсуінің ішкі өндірістік резервтерін табу;

4. ресурстардың барлық түрлерін ұтымды пайдалануға, бухгалтерлік есепті дұрыс жүргізуге, есептеме жасауға және басқаларға жәрдемдесу.

Шаруашылық жүргізуші субъектілердің қаржы-шаруашылық қызметі бұл деңгейде бақылаудың объектісі, ал қаржы көрсеткіштері (табыс, пайда, өзіндік құн, аударымдар мен салықтар және басқалары) оның пәні болып табылады. Қаржылық бақылауды кәсіпорындардың экономикалық службасы, оның жеке мамандары жүзеге асырады. Бұл мақсатқа тәуелсіз аудиторлық ұйымдар да тартылады.

Қаржылық бақылау нарықтық қатынастар жағдайында айтарлықтай өзгерістерге ұшырауда. Жаңа экономикалық өзара қарым-қатынастар қаржы операцияларын, әр түрлі мәмілелерді үнемі тексеруді, қадағалауды жақтырмайды. Тегіс қамтитын бақылау қалыпты нарықтық қатынастарға тежеуіш болып келеді. Бірақ өтпелі кезеңнің қиыншылығы қоғам үшін қолайлы бағытта қаражаттар ағынының қозғалысын басқаруды және бақылауды ысырап етеді. Бұл жағдайда қаржы тәртібін, қаржы заңнамасын бұзудың тенденциялары күшейеді, мемлекеттік меншікті пайдалану жөніндегі қиянатшылық жиілейді. Сондықтан қаржылық бақылау шаруашылық өмірдегі кез келген келеңсіз көріністерге берік тосқауыл болуы тиіс. Мемлекет қоғамдық мүдделерді, әлеуметтік әділдікті қорғай отырып, қаржының бақылау функциясының мүмкіндіктерін реттеудің құралы ретінде пайдалана отырып, ұдайы өндіріс, бөлу процестеріне араласуы, қаржылық бақылаудың нысандарын, әдістерін және оны ұйымдастыруды жетілдіріп отыруы тиіс.





Дата публикования: 2014-12-25; Прочитано: 1140 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.008 с)...