Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Екінші бӨлім 10 страница



Егер Абылайдан туған арыстан менің әкем Қасым төре болса, одан туған жолбарысты өзім десем, менен туған көкжал қасқыр әлгі Сыздық емес пе? Жаңағы қылығы Сыздықтың көкжал бөрі болатынын көрсетпей ме? Өзің де соны аңғарып қалған жоқсың ба?

Кенесары әлденеге көңілі бөлініп кенет тоқтай қалды. «Ал көкжал қасқырдан түлкі тууға тиісті ғой, түс жоруы дұрыс болса, солай тәрізді... Өзіңіз соған сенесіз бе?» — деп сұрауға Жүсіптің батылы бармады. Ол әрине дәл осы минутте Сыздықтан туған Жүністің қызыл түлкідей қу келетінін қайдан білсін, тек Бұқар жыраудың Абылай түсін әлгідей жорығанына таң қалуда еді. «Түс жоруы дұрыс. Қасым төре — арыстан, одан туған Кенесары жолбарыс, ал бұл Жолбарыстан туған әлгі Сыздық шын көкжал болғалы тұр. Одан кім туады? Шыныменен Бұқар жырау айтқандай күнін көру үшін заманына қарай бейімделген, жалтарма бір қызыл түлкі дүниеге келер ме екен?» Жүсіптің ойын тағы Кенесары бұзып жіберді.

— Жә, Бұқар жыраудың әңгімесін қоя тұрайық, — деді ол кенет, көптен бері көңілінде жүрген бір сырды қозғағысы келіп, төбе үстіне жантая жата беріп, — сен де отыр, Жүсіп, — деді. Сөйтті де әңгімесіне қайта кірісіп кетті. — Сен бөтен жұрттың баласысың, Жүсіп... Жасың кіші болғанмен көпті көрдің... Ақ патшаның таяғын Бөлше халқы қазақтан бұрын жеген тәрізді. Сондықтан сендер бізден гөрі білгірсіңдер... Білгір болмасаң Россия патшасы сені сонау ит өлген жерден мынау қу далаға айдар ма еді.

— Күш қолында тұрғанда, өзіне қарсы адамды патша неге аясын...

— Иә, ол солай ғой... Ал мен сенімен кеңескім келеді. Шын дос болсаң ойыңдағыны жасырмай айт.

— Сұраңыз. Жалған айтпауға ант етейін.

— Жоқ, антыңның керегі жоқ. Мен саған онсыз да сенемін. Өйткені екеуміз де Россия патшасынан қорлық көрген жандармыз. Тілегіміз бір, ниетіміз бір, бірімізді біріміз алдауға тиісті емеспіз. Ал сұрайын дегенім... Өзің көріп жүрсің, Жүсіп, от сала білсең патшаға қарсы қазір бүкіл Сарыарқа көтерілуге бар... Ереуіл жалыны бұдан да өршіп кетуі мүмкін...

— Дұрыс айтасыз.

— Ал біз де ширыға түсеміз. Егер Орта жүз тегіс көтеріліп, оған Кіші жүз қосылса... Бұның өзі қыруар күш қой. Сөйтсе де... — Кенесары ойын айта алмай тағы да үндемей қалды. Тек аздан кейін ғана барып қинала, — осынымыздың бәрі түбі босқа қан төгу болмай ма? — деді, — жарайды бар қазақ бірлестік делік, сонда ақ патшаға айтқанымызды істете аламыз ба?

«Кенесарының бұл күмәндануы бос күмәндану емес екенін Жүсіп бірден түсінді. Әрине осы биылғы жаздағы жеңістерден кейін басқа адам болса, лепірген үстіне лепіре түсер еді. Ал Кенесары... Жоқ, жоқ, бұл жай қазақ емес, бұнда бір елге аға боларлық ақыл бар. Әттең! әттең! Елі кішкентай жұрттың ардақты ұлдарының даңқы да кішкентай. Дәл осы шоқша сақалды, шегір көз қазақ, Европа елдерінің қолбасшыларының қайсысымен салыстырсаң да батырлық, айлақорлық жағынан кем соқпас еді, бірақ кішкентай халықтың ұлы... Ал жері көп... Сол көп жерді осынау аз ғана жұрттың басып отыра алмайтынын білмей ме бұл? Бұлардың ажалдарының өзі де осы қорғап жүрген жерлерінде емеc пе? Бүгін үйтіп-бүйтіп аман алып қалғанмен, ертең бәрібір сол жерден айырылады. Өйткені бұлар саны аз халық... Осыны неге түсінбейді бейбақ? Дос жылата айтады, дұшпан күлдіре айтады. Шын көңілден сұрап отыр ғой, не болса да шындықты алдына ашып салайын».

— Ақ патшаға, — деді Жүсіп Кенесарының сөзіне жауап беріп, — бәрібір айтқандарыңды істете алмайсыңдар.

— Неге?

— Қазіргі Россия бұдан жүз жыл бұрынғы Россия емес. Қазір ол қазақ жеріне әбден бауыр басып алған. Қаруы да, әскері де көп. Қазақ халқы қанша ер жүрек халық болғанменен, Россия патшалығына қарағанда аждаһа алдындағы көжек тәрізді, қалай жұтам, қашан жұтам десе де қолынан келеді. Сенің ереуіліңе қарсы айына бес жүз солдат шығарып, он жыл күресу де, әлде бір жолы он мың әскер шығарып бір айда құрту да — оған бәрібір. Сендер көгендеулі қойсыңдар, қай уақытта сойып жегісі келсе ақ патшаның еркі. Дәл бүгін Россия патшасы сенің көтерілісіңе шын мән беріп отырған жоқ, тентек бала әрі ойнайды, бері ойнайды, сосын қояды деп ойлайды. Сені ол шын қауіпті жау санамайды. Сондықтан хаттарыңа да жауап бермейді. Бәрібір түбі жеңетініне оның көзі анық жетеді.

— Өзім де солай ойлаймын...

— Онда неге ұрыс аштың?

Кенесарының көзі кенет жарқ етті.

— Сонда сен маған бауыздағалы тұрған қой тәрізді үн-түнсіз өле ғой дейсің бе? Жоқ, мен олай өле алмаймын. Жолбарыс қой емес. Ең болмаса жауына шауып ажал табады. Егер мен Айшуақ, Құдайменді, Жантөре, Уәли балалары секілді үн-түнсіз Россия патшасына мойын ұсынсам, ертең үрім-бұтағым не дейді? Мені де сатылған көп сұлтанның бірі еді демей ме? — Кенесары кенет шаршап кеткендей көзін жұмды, — қазір жеңіліп ажал табуға бармын, бірақ ұрпақтарым алдында атымды адал сақтағым келеді.

Жүсіп мырс-мырс күлді.

— Үш жүздің басын қосып қазағымды жеке мемлекет етемін деген арманыңыз үшін ұрпақтарыңыз алғыс айтады деп сенесіз бе?

— Сенемін. Сол үшін жан беруге бармын. Әлде менің мұным қате ме?.. Менің ерлігіме ұрпақтарым қарғыс айтады деп ойлайсың ба?

Жүсіп тіке жауап қайырмай ақырын күрсінді.

— Меніңше Абылай ханның түсін Бұқар жырау дұрыс жорыған тәрізді.

— Жоқ, — деді Кенесары кенет түнере түсіп, — Абылай атам Үш жүздің басын қосып, қазақтың еркіндігін сақтап, жеке ел етемін деген хан. Оның түсіне де осы халық тұрғысынан қарау керек.

— Иә, сонда?

— Абылай ханның алдынан қашқан арыстан — ол баласы Қасым төренің кезіндегі халық. Оның ішінен шыққан жолбарыс — ол мынау менің кезімдегі батыр жұрт. Бұл жұрттың жолбарыстай жүректі екені бәріңізге де аян... Бұдан кейін, әлгі Сыздық тентегімнің ер жетіп, жауымен алысқан кезінде де қазақ халқы елдігін де, ерлігін де жоғалта қоймайды... Көкжал қасқырдай жауына талай шабады. Бірақ, қасқыр арыстан да, жолбарыс та емес, қанша көкжал болса да ауыл-аймақтан ұзай алмайды... Одан кейінгі елім «сабасына қарай піспегі, сақалына қарай іскегі» дегендей заманының ықпалына қарай түлкі болмасқа амалы бар ма? Ал ол түлкі қулықты елімнен кейінгі ұрпақ бақа-шаян, құрт-құмырсқа, жылан-кесіртке тәрізді кәкір-шүкірге айналады. Ол ол ма, Абылай ханның осы бесінші ұрпағы кезіндегі осы құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жылан-кесіртке секілді жұрт, ертең осы менің ісіме қарсы шабады. Сондықтан қазір халқымның уақтанбай тұрған жолбарыстай қажырлы кезінде армансыз қимылдап қалуым керек!

Кенесарының көзі қанталап, ақ сары жүзі күреңітіп кетті. Жүсіп баяу жауап қайырды.

— Бұқар жырау Абылай ұрпағының бесінші буыны уақтанып кетеді десе, ол бір сәрі. Хан ұрпағы десек те, ол болжау бір тұқымға ғана жатады... Ал бүкіл қазақты сондай болып кетеді деуге қандай себебіңіз бар? Егер себебіңіз жоқ болса...

Кенесары өзіне қарсы келген қашқын сөзіне ашулана қалды.

Ал ашу үстінде Кенесарыға қан төгу оңай шаруа екенін Жүсіп жақсы біледі. Әйтсе де Кенесарымен біраздан бері талай тар жол, тайғақ кешуді басынан бірге өткізген нәсілі ер жүректі жігіт тақа саса қоймады. Сабырмен сөйлеп:

— «Болғанда ашу пышақ, ақыл таяқ. Сол таяқ кеми берер жонған сайын», батыр ашуды ақылға жеңгізіңіз! Мен тұтас бір халық уақтанып, ер жүректігі жойылып, илеген терідей болбырап кетеді дегенге сенбеймін... Тікенек шыққан жерге тікенек шығады, гүл өскен жерге гүл өседі.

— Ал гүл жайылымын арам шөп басып кетер болса не істеу керек?

— Онда... отау керек.

— Дұрыс айтасың. Өзіме ермеген ауылдарды шапқанымда мен де сол арам шөптерді отап жүрмін деген ойдамын. Бірақ өз саусағыңды өзің тегіс кесе аласың ба? Оның да бір жауабы бар емес пе?

— әрине.

Кенесары күрсінді.

— Ал жауаптан қорықсаң, жеріңді арам шөп басып кетеді.

— әйтседе, — деді Жүсіп. — Алмас наркескенді қанша бөлшектесең де әр бөлшегі сол алмас қалпында қалады. Батыр елден батыр ер туады. Бірақ әңгіме онда емес, басқада. Көп қорқытады, терең батырады. Сол көптің қорқытатынын алдын ала болжаған қарт Асан Қайғы да түсінген. Қол бастаған ақылды, батыр Кенесарының қалай ұқпайтынына таң қалам. Россия империясы қазір Қытай, Қоқан, Хиуа, Бұқардан анағұрлым күшті. Және қазақ жерінің дені қолында. Түбі, әрі кетсе бір елу жылда бүкіл Сарыарқа, Сыр бойы, Маңғыстау, Үстірт, Жетісудың бәрін бауырына басатыны сөзсіз. Сонда не дейсің? Кім күшті болса, жұрт соның сөзін сөйлейді. Ал күшті кім? Ақ патша! Ол өзіне қарсы сойыл көтерген Кенесарыны мақтай ала ма? әрине, мақтамайды, жамандайды. Патша жамандаған адамды Абылай ұрпағының бесінші буыны да жамандауға мәжбүр болады. Өйткені кімнің қолында күш болса, өзгенің соның сөзін сөйлеуі өмір заңы, қоғам заңы. Тек бұл қасіреттен құтылудың бір-ақ жолы бар. Ол жол — уақ халықты қанаушы патша үстемдігін Россияның өзінде жою. Ал ол күн қашан келеді? Міне әңгіме қайда! Оған дейін Абылай хан атаң тәрізді патшаға бағындым деген сөзбен көз бояп, қазақ елінің тәуелсіздігін сақтатып, жеке мемлекет етемін деуің, құр бос қиял. Ондай еркелікті қазіргі заман көтермейді.

Кенесарының ашуы сәл тарағандай, бірақ әлі де қабағы қатыңқы.

— Дегенімізге жете алмайтынымызды біледі екенсің, бізге неге қосылдың? Далаға тастай алмай жүрген жаның бар ма?

— әрине, тастай алмай жүрген жаным жоқ, — Жүсіп ақырын күрсінді, — тәуелсіздік үшін күресудің не екенін мен жақсы түсінемін. Өз жұртымның басынан өткен қайғылы хал... Ал сендерге жаным ашиды. Қолымнан келсе ақылымды айтып, жәрдемімді беремін бе деп едім... Бірақ оным болар емес.

— Неге? әлде біз дұрыс ақылыңды тыңдамадық па?

— Жоқ, айып сендерде емес. Көтерілістеріңе қосылғандағы ойым, екі ұлттың жақындасуына дәнекер болу еді. Жерінен, тәуелсіздігінен айырыла бастаған қазақ халқының қанының босқа төгілмеуін арман етіп едім. Бірақ ол ойым қолға түспес сағым екен. Батыс Сібір генерал-губернаторы князь Горчаков та, Омбы облысының бастығы граф Талызин де сендермен бейбітшілік бітім жасар түрі жоқ. Олар қазақ даласын тек қана мылтықтың күшімен алып, бейшара елді табанының астына салуды көксеп отыр. Мұндай жағдайда талас қан төгіспей шешілмейді. Қазір қазақ халқының басына ең бір ауыр күн туғалы тұр. Ал мұндай жағдайда мен сендерді қалай тастап кете аламын? Бір кемеге міндік, өлсек бірге өлеміз.

Иосиф Гербурт Кенесарының сырын анық білмейтін. Оны сұлтан болса да ұлт бостандығы қозғалысының қолбасшысы деп қана ұғынатын. Кенесарының жан аямас қаттылығы, көзсіз ерлігі бәрі тек елінің еркіндігін аңсап патша отаршылық қиянатынан құтылу тілегінен туған ерекше қасиеттері деп түсінетін. Осынау шоқша сақал, шегір көз, ақ сары адамның ел мүддесінен шығу арқылы жетпек болған жеке басының мақсаты да бар екенін аңғармаған. Ал Кенесары болса, тоқсан тілектің түйінінен жаралған адам. Оның мінезі де, ішкі дүниесі де сала-сала, онда Абылайдың ақ туын құлатпай ұстайын деген арман да бар, бір руды емес, бар қазақты билесем деген баққұмарлық та мол, атадан әкеге, әкеден балаға мұра боп қалған өзге сұлтандардан алмақ кек те жүректе сақтаулы, соңынан ерген жұрттың құрметіне бөленсем деген сезім де күшті. Осының бәрі бір Кенесарының басында. Ал Иосиф Гербурт оны тек отаршылыққа қарсы күрестің қолбасшысы деп қана ойлайды. Ол Кенесарының жүрегінің қалай соғатынын кейде мүлде түсінбейді. Бұл түсінбестіктен Жүсіп-Иосиф Гербурт тек екі жыл өтіп, Кенесары өзін хан деп атағаннан кейін арылды. Оған дейін... Ол Кенесарыға өзінің ойын ақтарыла айтып келді. Қазір де сол адал көңілін ашып отыр. Ал Кенесары болса тек тыңдауда.

— Жоқ, — деді Кенесары кенет басын жоғары көтеріп, Гербурт сөйлеп болған кезде, — болашақ ұрпақ кімнің айыпты, кімнің айыпсыз екенін өзі тауып алар, ал біз өз борышымызды ақтауымыз керек. Қазақта «Алпыс күн атан болғанша, алты күн бура бол» деген мақал бар, зорлыққа мойын ұсынар жайым жоқ, өмірім жеткен жерге дейін алысып өтем!

Сұлтанның алған жолынан қайтпасын Гербурт анық сезді. Ішінен аяп та кетті. «Халқы үшін жан қиюға шешінген екен, күші жетпес аждаһамен алысып, елін де, өзін де қан етуге бел буынған екен. Мұны апаттан аман алып қалар қандай жол бар?»

— Батыр, бетіңізден қайтпауға белді бекем буынған екенсіз, алдыңыздан жарылқасын, — деді Жүсіп, бірақ тағы да айтар бір кеңесім бар. Батыс Сібір губернаторы сіздің тілегіңізді орындамайды және өзіңізді жазым етпей тоқтамайды. Олармен арамыз тым әріге кетті. Жоламан мен Иман батыр шақырып отыр ғой, мүмкін Торғай, Ырғыз өзендерінің бойына ауысқан жөн болар?.. Соңғы кезде Орынбор мұжықтары қатты толқуда, бізге ақ патшамен күресуге сол жақ қолайлы тәрізді. Оның үстіне өзімізге қаншама тың елді қосамыз. Арқа қазақтары бір жағынан ру бастықтарының дегенінен шыға алмай және патша солдаттарымен жиі алысып, қалжырап қалғандай.. Бұ да еске алатын жағдай.

Жүсіп Кенесарының ойлаған жерінен шықты. Сұлтанның соңғы кезде күрт өзгеруіне де себеп болған осы бір тілектен туған ауыр ойлар еді. Наурызбай мен Ақбөкен қосылар кезде Бопай Аманқарағай приказын шабуға тағы да кеткен-ді. О жақтан жақында олжалы болып оралған. Сол күні Кенесарының ордасына келген. Қараөткелді алар кезде, Тамыздың басында шабылған Шыңғыс, Кенесары сарбаздары енді жортуылға шыға қоймас деп бейқам жатқан екен. Бопай жоқ жерден қойға шапқан бөрідей астан-кестеңін шығарыпты. Қарындасы соны баяндап болды да «Науанжан мен Ақбөкенді бекер қосыпсыз. Ағаттық еткен екенсіз», — деген. «Неге?» деп сұраған Кенесарыға Ақбөкеннің Байтабынға кішкентайынан айттырған қалыңдығы екенін, біріне бірі кет әрі еместігін, тек осынау аласапыран кезде жат жерде қосылудың ретін таба алмай жүргендерін айта келіп «жиенінің қалыңдығын ініңізге алып бергеніңізді Жоламан батыр қалай көреді. Бір шүйкебас үшін бір тайпы жұртты өкпелетіп алып жүрмесеңіз нетсін. Серғазы ханның зорлығынан қашып келген Байтабын бұ жақтан да қиянат көріп, бізден безер болса, бұған өзге жұрт не айтады? Жоламан батыр не айтады?» деп жауап қайырған тәкәппар Бопай.

Осы күннен бастап Кенесары күрт өзгерген. Орта жүз бен Кіші жүздің басын қосамын ба деп қатты үміттеніп тұрғанында көңіліне күдік кірген. Қазақтың қай батыры намысқа шаппаған? әрине, ел басқарған сұлтан Жоламанның да қорлануы табиғи жәйт. Егер Байтабын Орта жүзден көрген қиянатын шағым етіп барса, бүкіл Табын болып Кенесарымен жауласып кетуі ғажап емес. Қазақ мұндайда үлкен тілекті, зор арманды жеке бастың мүддесіне де айырбастай салады. Сонда не істеуі керек? «Байтабынды әлдеқалай жазым болды деп біржолата көзін жойып жіберсе қайтер еді? әрине, Қараүлек мұны оп-оңай орындар еді. Бірақ жаманшылық жата ма, бір күні болмаса бір күні шындық шығып қалса не айтам? Оның үстіне жесір дауы тағы бар. Бұл қазаққа ажалдан кем жоқтау емес».

Кенесары Жоламан бастаған Кіші жүздің белді руы Табыннан қол үзгісі келмеді, ал қол үзбеймін деп бір анадан туған, жанындай жақсы көретін Науанының қойнынан сүйген жарын тартып алуға көңілі дауаламады. Ел арасына бүлік салмау үшін Ақбөкеннің өзін бір түнде жоқ етіп жіберуге тағы да дәті шыдамады. Ал Кенесарының ойынша бұл қиындықтан құтқарар жалғыз жол — осы екі жігіттің арасындағы Ақбөкеннен құтылу... Бірақ ағасының сыры өзіне мәлім Науанын қалай жұбатады? Егер ол жұбанбай қойса не істейді? Наурызбай Кенесарының оң қолы, оң көзі — онсыз ол жарты жан емес пе? Ойлай-ойлай келіп Кенесары Байтабынның көңілін табу, соның дегенін істеу керек деген шешімге тоқтады. Сонда ғана екі ел бүлінбейді. Жоламан бастаған жұрт та Кенесарының жасыл туының астына кіреді. Сұлтан осы шешімге тоқтасымен енді Байтабынның оралуын күтуде болды. Жүсіптің мына ақылы да Кенесарының түпкі ойынан шығып тұр. Әрине бір қыз үшін екі елді алыстатпау керек және соңынан ерген Арқа елі мақұл көрсе Торғай, Ырғыз өзендері бойына қарай көшу жөн-ақ. Бүйту Кенесарының ақ патшамен алысу әдісіне де қолайлы. Бір жерде ұзақ тұруға болмайды, Ұзақ тұрсаң патша әскерінің өзіңді қоршап алуына мүмкіндік бересің... Ал қоршалдым дегенше шаруаңның біткені. Жоқ, жоқ, қайткен күнде де жеріңнің кеңдігін пайдалану керек. Қыс Есілде болсаң, жаз Торғайда бол, қашқан түлкідей, аңдыған жауға із тастап, әр жерден бір көрініп, қақпанына түспе...

— Сібір генерал-губернаторының қолы жетер төңіректен кету керек, — деді Кенесары, — бізді енді бұл арада зорлықтан басқа ештеңе де күтпек емес. Ел болып бірігер күн туса, түбі қайта бір соғармыз. Қоңырқұлжа, Шыңғыс, Зілқара, Жамантайларда қалған өшті сонда алармыз.

— Дұрыс.

Осы кезде бұлар ауыл жақтан өздеріне қарай беттеген үш-төрт кісіні көрді. Кенесары бір қарағаннан-ақ тани кетті.

— Байтабын батыр келген екен!

Көзінде қобалжығандай болмашы бір сәуле пайда болды да, кенет жоғалып кетті.

Иә, бұл Байтабын еді. Жанындағылары Жеке батыр, Құдайменді, Таймас. Бұлар қыр басына жетіп те қалды. Өзі жоқта Ақбөкенді Наурызбайдың алғанын Байтабын естіген тәрізді. Әзер жүріп келеді. Бетінде қан жоқ, сөл жоқ, тістеніп алған. Ал Кенесары жаққа тесіле қараған көзінде бір ғажайып қайғы тұна қалған. Қарашықтары әдеттегісіндей ұшқын атып селт етер емес. Қабағы тастай түйілген. Оң қолында садағы. Жақ ағашынан, ортан белінен ұстап келеді. Бұлар Кенесарыға жете бергенде, кенет бір дүбір естілді. Жүсіп бұрылып қарап еді, аң аулап қайтып келе жатқан Наурызбай тобы екен. Олар да Кенесарыны көріп, тез аттарынан түсіп төбеге қарай беттеді. Алдарында Наурызбай, оның оң иығында тұғырға қондырған «Қанды көз» аталған бүкіл елге әйгілі аппақ сүттей жібек балдақты ақсұңқар...

Кенесары мен Жүсіптің қасына бұл топ та асыға жақындады. Наурызбай Байтабынды көрді де кенет тоқтай қалды. Байтабын Кенесарыға жақын келіп қалған еді, тізе бүгіп сәлем берді.

— Батыр, барып қайтқан сапарымның қиындығын айтайын ба, әлде елімнен алыс жерде жүргенімде көрген қиянатымды айтайын ба? — деді.

Кенесары жігіттің жүрек соғысын бірден түсінді. Бүркіт қанатындай жирен қастары көзінің ортасына түйіліп:

— Екеуін де тыңдайтын уақыт болар әлі. — деді ол жігіттің жүзіне тесіле қарай, — алдымен бір өзара талас жәйді шешіп алалық... Байтабын, сені жұрт мерген деседі... Шын мерген болсаң жүз қадам жерден ана Наурызбайдың қолындағы ақсұңқарды атып түсірші!..

— Батыр, оқ ақымақ келеді, ақсұңқарға тимей... — Байтабын Наурызбайға жалт етіп бір қарады да сөзін аяқтамай тоқтады.

Кенесары кесімін пышақ кескендей тұжыра айтты.

— Ақымақ оққа сен айыпты емессің!

Наурызбай мен Байтабын арасындағы әңгімеге Жүсіп те қанық еді. Және Наурызбайды Кенесарының жанындай жақсы көретінін де білетін. Сұлтан сөзінен туған інісін қанша жақсы көрсе де, ел бірлігін одан жоғары бағалайтынын тағы да аңғарып қалды. «Ел бірлігі үшін соңынан ерген батыр інісін оққа байлау — құр ғана қатігездік емес, одан да жоғары, одан да биік қасиет. Байтабынға: «Ақбөкен үшін кеткен өшің болса, Наурызбайдан ал, кегіңді қайтар, бірақ Жоламан екеуміздің арамыздағы жаңа бірлесіп келе жатқан одақты бұзба деп тұрған жоқ па! Байтабын бұған не демек? Расымен Наурызбайды оққа қияр ма екен?»

Кенесарының ойын жалғыз Жүсіп емес, Байтабын да, Наурызбай да, қала берді, қоршап тұрған жұрттың бәрі де түсінді. Осындай ерлік кесіммен шешілмесе, Наурызбай мен Байтабын арасындағы жағдай екі елді жауластырар қанды жанжалға айналып кететінін болжаған батырлар ара түсіп ештеңе демеді. Өзге жұрт не айтарын білмей қысылып үн-түнсіз тұрған шақта Наурызбай кілт бұрылып, жүз қадамдай жерге барып «Қанды көзді» тұғырымен иығынан сол қолына қондырды да қырындай қасқиып тұра қалды. Ажал дәл осы сәтте тепкелі келе жатқан қанды тұяқтай ыңғайлана берсе де міз бақпады. Тек сұрғылт жүзі атып келе жатқан таң бозындай қуқылданып кетті.

Байтабын да ұзақ күттірген жоқ, қабағын шытып сәл бөгелді де, бір шешімге келген адамдай тез оң жақ белбеуіндегі түйе тері қорамсақтан қозыжаурын жебені алды да, оң қолындағы жақты кеуде тұсына көтере беріп садағына асыға оқтап ойланбастан тартып қалды. Сол сәтте... Наурызбайдың созылған қолының басында тұрған ақ сұңқар жалп етіп жерге құлады.





Дата публикования: 2014-11-18; Прочитано: 385 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.012 с)...