Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Бірінші бӨлім 7 страница



— Кіші жүз бен Ұлы жүз басын біріктірсе Орта жүз орта жолда қалмайды. — Есенгелді шын ойын айтты, — Абылай атамыздың үш жүздің басын қосып, ақ туын тіккен жер емес пе, күреске дайын тұр.

Құшбегі жымия езу тартты.

«Дәмелерің алыста екен! әрине бар қазақтың басын қостырып қойсақ сендерге Қоқан да, Хиуа да төтеп бере алмас. Россия айдаһары да оңайлықпен жұта алмас. Жоқ, қымбатты сұлтандарым, біз сендер ойлағандай ақымақ емеспіз. Россия да, Қоқан да, Хиуа да сендерді майшелпек етіп асай бергісі келеді. Оған қазақтың малы да, жері де жетеді. Бізге сендердің бір болғаныңнан алауыз болғаның тиімді».

Алаяқ Бегдербек бұл ойын тағы да жасырып, күлімсіреген үстіне күлімсірей түсті.

— Бұған Серғазы хан қалай қарайды? Ортақ өгізден оңаша бұзау артық демей ме? Бүкіл қазақты біріктіргеннен гөрі Кіші жүзді өзінің бауырына басып отырғанын жақсы көрсе қайтесіңдер? Онда Аллақұл хан қайын атасының сөзін жерге тастай ала ма? — Құшбегі қиқылдай өтірік күлді. — Өзі жас тоқалын жақсы көреді дейді ғой. Кейде оймақтай дүниенің алтын аймақтан да артық құны болатын әдеті...

— Серғазы Кіші жүздің ханы емес. Аллақұл оған ондай ат бергенмен Сер-
ғазыға тек Табын мен Шекті рулары ғана бағынады. Бұның өзі екі ұшты жәйт. Табын руының көпшілігі қазір Жоламан сұлтанның соңында...

«Бәсе, өзім де ойлап ем, өзі қазақ бола тұра бір тайпы ел қалай бір ханға бағынып жүр деп... Жоламан дегендері де осы Қасым төре балалары секілді, өз алдымызға ел боламыз, хан боламыз деп көксеген біреу шығар».

Бірақ құшбегі Жоламан жайын тез ұмытты. Ол сөзді кенет күлкі-сықақ арнаға бұрды.

— әкесін бір тайпа елге хан етердей Серғазы мырзаның қызы қандай еді? Басы алтын, арты күміс пе екен?

Мұндай сұраққа жауап беруді ар көріп Есенгелді де, Саржан да үндемеді. Бұлардың ренжіп қалғанын аңғармағандай құшбегі күлімсіреген қалпында:

— Қазақ сұлтандары хан болудың жеңіл әдісін тапқан екен, — деп қалжыңдай түсті. — Мүмкін Қасым төренің де сұлу...

Саржан қолын семсер сабына қалай апарғанын аңғармай қалды. Есенгелді сабырлы қимылмен Саржанның қарын қысты. Бегдербек сұрланып кетсе де, ештеңе сезбегендей күлімсіреп сөзді бөтен жаққа бұрды. — Мүмкін Қасым төренің Серғазы секілді хандарды жақтырмауының бөтен де себебі бар шығар. Қызын беріп, хандықты сатып алу — сұлтандарға ұнасымды іс емес қой.

«Жоқ, жоқ, деді бірақ, ол ішінен, кенет бойын алып кеткен дірілін әзер басып, бұлардың көзін тез құрту керек... япырмай, кісі қабылдайтын үйге қарулы адамды кіргіздірмеуді бұрын қалай ойламағанмын? Бұны бұдан былай қарай қатты еске алу керек екен. Кім біледі, ашу үстінде Саржан секілді бір ноқай...»

Құшбегі өзінің ағат сөйлеп қалғанын бірден аңғарды. Намысқой Саржанның оқыс қимылынан іштей жаман шошыды. Енді ол бұдан әрі сұлтандармен әңгімелесудің еш қажеті жоқ деп тапты. Бәрі де айқын болды. Тек сұлтандар сес алып кетпесін деп бұрынғысынан да бетер күлімсірей түсті.

— Ел қамын ойлаған ер азаматтардың ашуын да, өкпесін де түсіне алмасақ қалай жұрт билей аламыз? — деді ол ана екеуінің бетіне ашық жүзбен қарап, — Саржан мырза, сіздің күйігіңізге де түсінем, сол себепті кейбір қызба сөздеріңізді де кешірем. Өзбек қазаққа дос ел. Дос болмаса Мәмет әлім құшбегі алты мың әскерін ертіп Арқаға бара ма? — Ол енді ұялғандай жерге қарады, — қолынан келмеген іске ол айыпты емес. Мәмет әлімнің күнәсін кешіріңдер. Ал сіздердің тілектеріңізді бүгін кешке хан иеме жеткізем.

— Егер ханзадасыз шешілмейтін болса, — деді абайлап сөйлеп Есенгелді, — біз өзіміз де о кісімен дидарласамыз ба, қайтеміз? әрине, сіз рұқсат етсеңіз...

Бұл сөзге Бегдербек қуанып қалғандай ишарат көрсетті. «Өздерінің тілегін пайдалану керек. Қайткенмен де бұлардың тағдырын бүгін түнде шешкен жөн».

Ал сұлтандарға:

— Бұларың табылған ақыл, — деді. — Хан иеме сіздерді қабылдатуды өз міндетіме алайын. Тек о кісі ертең Қоқанға қайта жүріп кетеді. Сондықтан бүгін жолығып қалғандарың жөн. Мүмкін хан ием сіздерді кеш шақырып қалар, жігіттеріңіз жата берсін, ал өздеріңіз ұйықтамай менен хабар күтіңіздер...

Ташкент құшбегінің дуан сарайы қонақтар жататын рабаттан әжептәуір қашық болатын. Бұл екеуінің ортасында сыңсыған жеміс ағашы, гүлдер алаңы, тынбай аққан лайлы сулы атжал жатыр.

Есенгелді мен Саржан Бегдербекпен әзірге қош айтысып диуан сарайдан шығып, құшбегінің ішкі, сыртқы есіктердегі күзеттерінен өтіп, өздері жатқан рабатына беттей беріп еді, оларды бір теректің жанында шұбыртпалы Ағыбай батыр мен Саржанның он тоғыз жасар ұлы Ержан күтіп тұр екен. Ержан әкесіне тартқан ат жақты, ақсары, талдырмаш келген бала жігіт. Әкесінен гөрі көзі шегірлеу, бойы шағындау. Арқа салдарынша киінген. Басында үкілі құндыз бөрік, үстінде жібек белбеумен қыналған оқалы мол жеңді барқыт шапан мен жарғақ шалбар, аяғында күміс зерлі биік өкше етік.

Шұбыртпалы Ағыбай Қасым төре балаларының соңынан ерген, кедейден шыққан батыр. Биыл отыз төртте, зор денелі, түкті қабақ, қара сұр, шүңірек көз кісі. Қолдары бақандай ұзын, саусақтары анау-мынау адамды маңдайынан бір шерткенде үнсіз қатыратындай салалы, жұп-жуан. Сақал-мұрттан ада дерлік, тек иек астында селдір ғана сақалсымақ бірдеңе бар. Құрдасы Кенесарыдан бастап үзеңгілес серіктерінің бәрі оны «көсе» деп атайды. Сырт бейнесі ызбарлы, бір көргеннен-ақ күш иесі екені танылады.

Үстінде мол тігілген қара шекпен. Басында да түйе жүн қара далбағай, бұтында қара құлын терісінен иленген жарғақ шалбар. Аяғында кең қоныш саптама етік. Белінде тізесіне тиетін қайқы қара қылыш пен қап-қара болат семсер. Тек арқасына үнемі таңулы жүретін болат қалқаны ғана бозғылт.

Ағыбайдың ең сүйікті қаруы тоғыз буынды, жез сақиналы жуан қайың найза. Атқа мінгенде құлан терісінен бұзау тіс етіп өрілген қайыспен қанжығасына байлап алады. Ал жай жүргенде қолына ұстайды. Бұл найзасын Ағыбайдың жақсы көретіні соншалық, ол күндіз қолынан бір түсірмейді, түнде басына жас-танып жатады. Батырдың денелілігі соншалық, биіктігі кіші-гірім түйедей, атақты Ақылағына мінгенде, есекке мінген өзбектей, тізесі атының қолтық тұсын соғып тұрады.

Үсті-басы қара қоңыр, темір тор сауытты Ағыбайдың түсі орасан суық, сонау шүңет көздер қайтпас қайсарлық, таусылмас қайрат отындай жанады. Қандай жүректі жан болса да, Ағыбайды алғаш көргенінде алпамсадай ызбарлы түрінен сескенбай қалған емес. Ал әлдеқалай түнде кездескен адам, ертегінің дәуін көргендей жүрегі жарылып кете жаздайтын. Оның есінде батыр түн ұйқысынан шошып оятар бір құбыжық секілді өмірбақи қалатын.

Қарқаралыдан шыққан Ағыбайдың әкесі Олжабай батырға бір боталы түйе, жауға мінер бір ат, балаларына сүт болар жалғыз сиырдан бөтен мал бітіп көрген емес. Ал шешесі Есіл бойындағы Тарақты руының қызы еді. Бұ да адуынды, батыр мінезді әйел болатын. Олжабай балалары ер жетпей дүние салды. Шешесі Дәметкен Ағыбай, Манабай, Танабай, Мыңбай атты төрт баламен жесір қалды. Ең үлкені Ағыбай ол кезде онға жаңа жеткен. Балаларының аттары кілең «баймен» бітсе де Олжабай дүние салғанда бұлардың бар малы боталы жалғыз қара інген болды. Жоқшылықтан бөтен серігі жоқ қайратты Дәметкен, төрт баланың қамы үшін, ағайынның бермесін күшпен тартып алуға кірісті. Қолына сойыл ұстап өзіндей кедей адамдарымен бірігіп қараңғы түнде бай ауылдардың сояр соғымын барымта етті.

Балапан ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі, осындай өжет ананың баулуында қанаттанған Ағыбай да батыр болып өсті. Он сегіз жасынан Қасым төре балаларының соңынан ерді. Отыз төртке келгенше басынан талай айқасты өткізді. Қазір Ағыбайдың суарылған көк темірдей әбден пісіп, мейлінше қайралған кезі.

Есенгелді мен Саржан асықпай аяңдап өздерін қобалжи күтіп тұрған Ағыбай мен Ержанның қасына келді. Ағыбай гүл-бақшаның ортасында әлдеқалай тұра қалған қара жартас тәрізді. Анандайдан дөңкие көзге түседі. Саржандар келе жатқан жаққа тесіле көз тастауына қарағанда қобалжып тұрғаны айқын. Бірақ сырын сыртына шығармай, үн-түнсіз қатып қалған. Бұлар жақындаған кезде Ержан Есенгелдіге қарап:

— Көке, сөйлесе алдыңдар ма? — деді.

Есенгелді жүре жауап берді.

— Сөйлестік, қалқам... Енді Мәделіханның өзімен дидарласпақпыз...

Бұдан артықты сұрауға болмайды. «Мәделіханның өзімен дидарласпақпыз» деулеріне қарағанда құшбегімен жөнді бәтуәға келмеген ғой деді де қойды Ержан ішінен...

Рабатқа келгеннен кейін, өздерінің жатар бөлмелеріне кіріп алып, ағалы-інілі екі сұлтан ұзақ кеңесті. Құшбегі қанша жылы сөйлеп шығарып салғанына қарамастан, екеуі де бір сұмдықты сезген-ді. Кеңесе келіп, «есің барда еліңді тап» деген ақылды еске алып, Мәделіханмен сөйлескеннен кейін, бір сәт те кешікпей елге жүріп кетуді ұйғарды. Жан алайын деп тұрса да іші-бауырыңа кіріп жылы сөйлейтін өзбек бектерінің сайқал ұстамдылығы бұларға да аян. Бегдербек жайылып төсек, жазылып жастық болған сайын, ағайынды сұлтандар сескене түсті. Бірақ өзгелерді шошытпайық деп өздерінің күдіктерін қастарына ерген төлеңгіттеріне ашпады. Тек Ағыбайды ғана шақырып ап:

— Батыр, — деді Саржан неге екені белгісіз кенет толқып кетіп, — біз Мәделіханнан оралғанша Ержанды қасыңнан тастама. Және аттарыңа сақ бол, өзбек бақташылары бөтен жаққа әкетіп жүрмесін.

Жігіттер мініп келген аттар көршілес керуен сарайдың ауласына қойылған-ды, ал ер-тоқымдары осы рабаттың шыға берісіндегі бір бөлмеге үйілген. Бағушылар өзбек адамдары, тек төлеңгіттер анда-санда барып қарап тұратын.

Ағыбай Саржанның неге бүй дегенін саралап сұрамады. Жалғыз-ақ ішінен бір сырды түйді де:

— Құп болады, — деп шығып кетті.

Күн бесінге таяп қалған. Босқа сарылып отырмайын деп Есенгелді қалың ойға шома қалтасынан тәспиғын шығарып, сыртылдатып тарта бастады. Ал Саржан анандай жерде жатқан кілем боқшантайынан қол басындай қайрағын алып, белін шешті де, қынабынан ақ семсерін суырып, қанды айқас алдындағыдай әдетімен өткірлеп қайрауға кірісті.

...Есенгелді мен Саржан кеткеннен кейін құшбегі ұзақ уақыт үн-түнсіз отырды. Қанша ойланбайын десе де болмай-ақ қойды. Саржанның бағанағы семсеріне қолын салған қимылы көз алдына елестей берді. Тіпті кенет сол ақ семсер қынабынан жарқ етіп суырылып көкірегіне қадала түскелі тұрған тәрізденіп кетеді. Қанішер адамның тегі қорқақ келеді. Бегдербек қанішер де, қорқақ та еді. Осы гүлдене түскен дәулетті кентке қолы жетісімен Бегдербек Ақмешіттің хакімі Жақыпбекпен тізе қосып, ең алдымен Сыр, Созақ, Шу бойындағы қазақ ауылдарын бұрынғыдан да бетер қысымның астына алды. Өзінің тас жүректігімен Мәделіханға ұнап, Қоқан ханының бас қолбасшысы дәрежесіне дейін көтерілмек ойы бар. Бүгінгі қимылдары сол көтерілудің алғашқы сатылары.

Ал бұл — Бұхар ханының да Ташкенге көзін тіккен кезі еді. Бегдербек болса Бұхар елінен қатын алған. Оның үстіне болашақ — жер астынан жік шығарып, екі құлағы тік шыққан Қоқанда емес, ежелгі көне Бұхар әмірлігінде тәрізді. Бегдербек мұны да еске алды. Сондықтан сұм құшбегі Мәделіханды жар басына итере салуға дайын, өйткені Қоқан ханының біраз мінезі оған аян... Әсіресе қызба, нәпсі құмарлық қасиеттері. Ал Ханпадшайым — әйел жыныстысының күн мен айы. Оны көрсе періштенің де ақ жолынан таюы ықтимал. Адам Атаның жұмақтан қуылуына себепкер болған Хауананың көркі де осындай-ақ шығар. Бір көрген адамның Ханпадшайымға қызықпауы екіталай. Аппақ қардай ақшыл бетін аударып, тостағандай қарақат көзін күлімдетіп бір қарағанда, көңілдегі қайғысын ұмытпас бірде-бір еркек дүниеден табылмас.

Бегдербек осы Ханпадшайымның Мәделіханға тоқал шеше екенін де еске алды. Бар кәптің өзі осында еді. Нәпсіқұмар Мәделіхан осы сұлу тоқал шешесімен тіл тапса, екеу ара күлкі-қуанышы жарасса... Әрине, олардың сырын жасырар тас қабырғалар бар. Бірақ осы тас қабырғалар құшбегінің арқасында болған оқиғаны Бұхар әміріне жеткізсе... Құшбегінің бар арманының өзі сол емес пе! Ісләм дінін аяққа басып, өз әкесінің тоқалымен көңіл қосқан күнәліні кім қорғай алады? Мұхамед пайғамбардың салған жолы қатаң. Мұндай ханға бүкіл Ісләм әулеті қарсы тұрады емес пе? әрине қарсы тұрады... Сөйтіп, Бегдербек Бұхараға Қоқанды жығып бермей ме? Жығып береді. Осы еңбегі үшін Бұхар әмірі де оны ұмытпас. Мүмкін бүкіл Қоқанды билетер?..

Бегдербектің Мәделіханның келуін асыға күткен тағы да бір себебі бар. Ол Қасым балаларының тағдырымен байланысты. Әрине Қоқан ханының бұған тікелей қатынасы жоқ. Бірақ болғалы тұрған қанды уақиғаны соның әмірі етіп көрсетсе қайтер еді? Сақтықта қорлық жоқ, егер бұл істің өзінен шыққанын Абылайдың көкжал ұрпағы біліп қалса, әңгіменің аяғы неге барып соғарын кім біледі? Есенгелді мен Саржанға қадалар ақ семсер өзіне қадалмасына кім кепіл? Абылайдың отыз бір ұл, қырық қызынан тараған бықып жатқан бүкіл ұрпағының қаһарынан қалай құтылып кете аласың? Көптен кім шықпайды, олардан да бір Бегдербектің шықпасына кім куә? Ал егер күнәні Мәделіханға аударса, оған не істейді? Ташкент құшбегіндей іргелес ел емес, тоғыз таудың ар жағындағы дәу үйі тәрізді, Қоқан ханының салтанат сарайының тоғыз есігінен өтіп Мәделіге жеткенше кім бар, кім жоқ...

Бегдербек күлімсіреді. Оның есіне бағана Мәделіхан мен Ханпадшайымға арнап берген таңертеңгі қонақасы түсті. Хан мен тоқал шешесі құшбегінің жомарт дастарқанының екі жағынан қарама-қарсы орын алған.

Шайды Бегдербек өзі құйған. Құшбегі ұсынған көгілдір фарфор кесені алып Ханпадшайым сыңғырлай күлді.

— Мұхамед әлім еркем, сіз Қоқанға хан болғанмен маған баласыз ғой, — деді ол, — пәренжемді алып отырсам сөкет көрмейсіз бе?..

Хан жауабын күтпей Ханпадшайым бетінен пәренжесін алды. Қара бұлттың астынан жарқырап күн шыққандай, ел аузында ертегіге айналған Ханпадшайымның көркем ақ жүзі көрінді. Тоқал шешесінің сұлулығына таң қалған Мәделіханның қолынан кесесі түсіп кетті.

— Байқа, тентегім, — деді Ханпадшайым Мәделіханды еркелете күліп, — мүбәрәк саусақтарыңызды күйдіріп алмаңыз...

Бұдан кейін Мәделіхан шай ішіп отыр ма, у ішіп отыр ма аңғармайтын күйге жеткен, екі көзін алмай тоқал шешесіне қарай берген.

Шай құйып отырған құшбегі қайдағы жоқ бірдеңені сылтау етіп, далаға шығып кетіп, қайта оралғанында оңашада қалған өгей баласы мен тоқал шешесінің арасындағы тек қырағы көз ғана сезетін, бір тілсіз шаттықтың пайда болғанын аңғарған...

Бегдербек тағы күлімсіреді. Өзі құрған дұзаққа екі көгаршынның бірдей оп-оңай түскелі тұрғанына ол іштей мәз-мейрам. «Бәсе, ақылды адам қашанда болса ақымақтан құтылу жолын оңай таппас па! Бұхар әмірі бұған бүкіл Қоқанды билетпеген күнде де ұпайын түгел етпей ме! Қоқан ханына жылына төлейтін жиырма мың күміс теңгені, өз пайдасына қалдырса мұртын балта кесе ме? Жиырма мың жиырма сом емес қой, алты ұлына жаңадан алты шаһар салмай ма...»

Бұл кезде күн де батып кетті. Құшбегі жасыл бақшасында шақырған көкек үні естілді. Байғұс құс батқан күнмен бірге біреудің өшкелі тұрған бағын жоқтағандай тылсым білмей ұзақ шақырды.

Құшбегі кәрі белін уқалауға аяқ жағында отырған паша балаға түн ортасы ауа келуін әмір етті де, Мәделіханның дем алып жатқан бөлмесіне қарай аяң-
дады.

Мәделіхан әбден тынығып қапты. Келе жатқан түнмен бірге өзін зор қуаныш күтіп тұрғандай екі көзі күлім-күлім етеді. Құшбегіні шақырғалы отыр екен, бұл келісімен-ақ екеуі құпия әңгімеге кірісіп кетті.

— Тентек төре бастаған ереуілден кейін қазақ ауылдары үнін өшірген тәрізді еді, — деді Бегдербек өз қарамағына жататын қазақтардың жалпы жағдайын сөйлей келіп, — ал қазір Ташкент уәлаятын тағы бір қауіпті қара бұлт қоршағалы тұр. Бұл бүлікті басқаруға дайындалып жатқан — Қасым төренің балалары. Қандай кесім айтасыз?

Мәделіханның әкесі Омархан кезінде де ауыр салық, орынсыз қиянатқа көнгісі келмеген Сыр, Сарысу, Шу бойының қазақтары сан рет бас көтеріп ереуілге шыққан. Соның ең үлкені Тентек төре атты кісі басқарған көтеріліс болды. Ол он екі мың атты сарбаз жинап алып, Қоқан ханының қарамағына енетін бірнеше қалаларды алған. Тентек төре Сайрамды босатып, сол жерге туын тіккен. Сайрамға Шымкент, әулиеата қалалары қосылған. Бұларға қарсы Омархан қалың қол шығарған. Тентек төре әскерін екіге бөліп, Сайрам мен Шымкентке бекініп алып ұзақ соғысқан. Ақырында азық-түліктері таусылып, амалсыз қарсыласуларын доғарған. Омархан ләшкерлері жеңілген елді қанға бояп, мал-мүліктерін талап, ойына келгендерін істеп, екі жүзге таяу адамды дарға тартқан. Сайрам жерін қан сасытқан.

— Хан ием, ауруын жасырған адам өледі. Шыққалы тұрған бүлік жайлы ашық айтқанымды кешіріңіз, — деді құшбегі, ханның үндемей қалғанына ренжісе де сыр бермей. — Осы бүліктен құтылудың бір-ақ жолы бар. Ол — күні бұрын қимылдап, ұшқын өртке айналмай тұрғанда басу. Және аямай басу. Сіздің құрметті әкеңіз Омархан Тентек төрені қалай үйретсе, біз де Қасым төренің тентек сойыл балаларын солай үйретуіміз керек.

Бегдербектің көз алдына Саржанның бағанағы семсерге ұмтылған оқыс қимылы тағы елестеп кетті. Енді ол сол семсер суырылмай тұрып қимылдап қалайын дегендей тым жіті сөйледі.

— Есенгелді мен Саржанның басын алу өз қолымнан да келеді. Бірақ сіздің рұқсатыңызсыз әрекет істеуге дәтім бармады. Бұзық болғанмен олар да сіздің хандығыңызға жатады ғой.

Хан үндемеді.

Жоқ, хан жауап қайырудан қорқып отырған жоқ, оның ойы басқада. Құлағы анда-санда шалып қалған Тентек төре, Қасым төре... Есенгелді, Саржан деген сөздер тіпті миына кіріп те отырған жоқ. «Ол төрелерде менің қандай шаруам бар? Бәрінің құнын құшбегі жылда беретін жиырма мың теңге күміс ақшамен күні бұрын төлеп қойған жоқ па? Мейлі не істесе о істесін, тіпті сол төрелерді пісіріп жесін, қыңқ десем құдай соқсын»... Қазір Мәделіханның қиялы да, ойы да басқада. Оның бар арманы, бар көңілі сонау жас тоқал, бедеу шеше Ханпадшайымда!... «Денесі де ақ жүзіндей аппақ па екен? Қос анары да қолға қатты, кеудеге жұмсақ па екен? Иә, солай шығар. Бала таппаған әйел ғой, әлі ең қымбатты жерінің таңы айырылмағаны, анау ақ шәйі көйлек жасыра алмай тұрған жұмыр сандарынан-ақ аңғарылмай ма? Япырмай, туған әкемнің кешегі жас тоқалы туралы былай ойлауым күнә емеc пе? Жоқ жұрт көрмеген нәрсе күнә емес. Жұрт көрмейді деймін-ау, құшбегі ше? Бұл сұм бәрін де сезіп отырған жоқ па? Иә, сезіп отыр. Бірақ мені осы үшін шақырды ғой? Сонда қандай қулығы бар. Тоқал шешеме істегелі тұрған күнәм арқылы Есенгелді, Саржан сұлтандардың қанын сатып алмақ па? Мейлі. Жаныңды өртеген ләззатқа қарағанда айдаладағы түйе жүн шекпен киген қазақтардың басы неге тұрады? Бәрібір мен де өлемін. Есенгелді мен Саржан да өледі. Өлім туралы емес, өмір туралы ойлаған жөн. Ал Ханпадшайым шын өмір, шын арман...»

Бұлар сөйлескелі бірталай болған. Түн ортасы да таяу. Мәделіхан біресе Бегдербек сөзін тыңдайды, біресе тәтті қиялға кетіп үндемей ұзақ отырады.

— Хан ием, қандай шешім айтасыз? — деді құшбегі Мәделіханның тәтті ойын бұзғысы келмегендей жәдігөйлене күлімсірей сөйлеп.

«Қандай шешім? Иә, Мәделіхан қандай шешімге тоқтауы керек? Жоқ, Мәделіхан о дүниенің күнәсін бұ дүниенің қызығына айырбастауға міндетті. Жүрек соны аңсайды. Тоқал шешенің ақ денесін бүгін түнде құшу керек. Күйіп-жанып бара жатқан нәпсі тек соны тілейді... Ал таңертең Қоқанға қайтқаны дұрыс. Екі түнге қалуға болмайды. Сезіліп қалуы мүмкін. Ханпадшайым құшағы қанша қымбат болғанмен, хан тағы одан да қымбат. Әрине жүрегіңді өртеп бара жатқан сусыныңды тоқал шеше қандырса, оның көңілін мықтап риза еткен жөн. Досы бар, дұшпаны бар, Ташкентке келген бос пәуескесін сый-құрмет, тарту-таралғыға тиеп жіберу дұрыс. Бірақ сараң құшбегі қанша мүлік берер дейсің?» Кенет Мәделіханның көзі күлімдеп кетті. «Арқа сұлтандары қашан да болса жомарт келеді. Менімен жолығуға арнап шыққан болса, әкелген сый-құрметтері де бар шығар. Соның барын Ханпадшайымға берген жөн. Хан тек құшақтауға ғана құмар емес екенін білсін!» Осы ойға бекінген Мәделіхан енді Бегдербекке қарады.





Дата публикования: 2014-11-18; Прочитано: 438 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.013 с)...