Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Орталық және шеткі жүйке жүйелерінің құрылысы, қызметі және дамуы



Адамның жүйке жүйесі орталық және шеткі жүйке жүйесі болып бөлінеді.

Орталық жүйке жүйесі ми мен жұлыннан тұрады. Жұлын омыртқа өзегінде орналасқан, ұзындығы ересек адамдарда жарты метрге жуық, салмағы 37-38 г. Жұлынның жоғарғы ұшы сопақша мимен жалғасады да, төменгі ұшы шашақтанып І және ІІ бел омыртқа тұсында бітеді.

Адамның жұлыны 31-33 сегменттен тұрады: 8 мойын, 12 арқа, 5 бел, 5 сегізкөз және 1-3 құймшақ бөлімдері. Әр сегменттен қос-қостан шыққан жүйке түйіндері екі жұлын жүйкелеріне айналады (орталыққа тебетін немесе сезгіш және орталықтан тебетін немесе қозғаушы жүйкелер). Жалпы жұлыннан 31 жұп жүйке тарайды. Жұлын жүйкелері жұлын өзегінен шығып (І жұптан басқасы) дененің терісін, аяқ-қолдарын, дене тұлғасының бұлшықеттерін жүйкелендіреді. Әрбір бөлім өзіне тән жерлерін жүйкелендіреді.

Жұлын екі түрлі қызмет атқарады: өткізгіштік және рефлекторлық (тізе рефлексі, зәр шығару эякуляция, жыныс мүшесінің эрекциясы).

Жұлын 10 жасқа келгенде екі есе ұзарады. Оның өсуі алғашқы жылы қарқынды жүреді де, 4-6 жасқа келгенде жұлынның дамуы аяқталуға жақын қалады. Дегенмен оның толық жетілуі 20 жасқа жуықтағанда аяқталады.

Ми. Ми ми сауытында орналасқан. Мидан 12 жұп нерв тарайды: І-иіс, ІІ-көру, ІІІ- көз қимылдатқыш, ІҮ- шығыршық, Ү-үшкіл (үш тарамды), ҮІ- бет бұру, ҮІІ- бет, ҮІІІ-дыбыс, ІХ-тілжұтқыншақ, Х- кезеген, ХІ-қосымша, ХІІ-тіласты жүйкелері.

Жаңа туған сәбидің миының салмағы орта есеппен 360-390г, ересек адамдарда 1400-1450г. Мидың толық жетілуі 17-20 жаста байқалады. Адамның ақыл-ойы миының салмағымымен тікелей байланысты емес. Дегенмен мидың физиологиялық қалыпты қызмет атқару қабілеті оның салмағы 900 грамнан төмендегенде және 2100 грамнан асқанда бұзылады.

Мидың бөлімдері: сопақша ми, Вароли көпірі, мишық, ортаңғы ми, аралық ми, үлкен ми сыңарлары.

Сопақша ми - жұлынның үстіңгі жағында орналасқан. Ол екі түрлі қызмет атқарады: өткізгіштік және рефлекторлық. Сопақша мида тыныс алу, қанайналыс, сору, шайнау, жұтыну, жөтел, түшкіру, сілекей шығару, қарын және қарынасты безінің сөлдерін бөлу орталығы және ІХ-ХІІ жұп нервтерінің ядролары орналасқан.

Вароли көпірі – сопақша мидың үстінде орналасқан. Көпірден Ү, ҮІ жұп нервтері және көпір мен сопқша мидың арасынан ҮІІ- ҮІІІ жұп нерв тармақтары шығады.

Мишық сопақша мидың артқы жағында орналсақан. Мишықта дененің қимыл-әрекеттерін, тепе-теңдікті сақтау мен бұлшықеттердің тонусын реттейтін орталықтар орналасқан. Мишықтың толық дамып жетілуі 7-8 жаста аяқталады.

Ортаңғы ми вароли көпірінің үстінде орналасқан. Мұнда сұр заттар 4 төбешік түрінде шоғырланған: көзді қозғаушы және шығыршық жүйкелерінің, қызыл және қара субстанцияларының ядролары бар. 4 төбешіктің алдыңғыларында алғашқы көру орталықтары, артқы төбешіктерінде алғашқы есту орталықтары орналасқан. Қызыл ядро бұлшықет тонусын реттейді. Қара субстанция жұтыну, шайнау, саусақтардың нәзік қимылдарын реттеуге қатысады.

Аралық ми ортаңғы ми мен ми сыңарларының арасында орналасқан. Ол 2 төмпешіктен және төмпешік асты аймағынан тұрады. Төмпешіктерді таламус, төмпешік асты аймағын гипоталамус деп атайды. Таламус арқылы мидың барлық сезгіш жолдары өтеді. Гипоталамуста зат алмасуын, дененің температурасын, аштық және шөл сезімдерін, барлық ішкі мүшелердің қызметін реттеу орталықтары бар.

Аралық мидың дамуы 13-15 жаста аяқталады.

Үлкен ми сыңарлары (ми жарты шаралары). Мидың барлық салмағының 80%-ын үлкен ми сыңарлары алып жатыр. Онда 17 млрд жүйке жасушалары бар.

Құрылысы жағынан ми сыңарлары бір-бірімен сүйелді дене арқылы жалғасқан екі жарты шардан тұрады. Әрбір жарты шар 5 бөлімнен тұрады: маңдай, орталық, төбе, шүйде және самай.

Үлкен ми сыңарларының сұр заты сыртында орналасқан. Ол ми қыртысы деп аталады, оның қалыңдығы 2-4 мм.

Қыртысты қабаттың астыңғы жағындағы ақ затты сырты миелин қабығымен қапталған нейрондардың аксондары құрайды. Олар ассоциативті, коммисуральді және проекционды талшықтар деп бөлінеді.

Ассоциативті талшықтар әр жарты шардың жеке бөліктерін байланыстырады. Комиссуральды талшықтар екі жарты шардың симметриялы бөліктерін байланыстырады. Проекционды талшықтар жарты шардан тыс шығып кетеді.

Нейрондардың пішініне қарай ми қыртысы 7 қабаттан тұрады:

1. Молекулярлық қабат – ең үстіңгі қабат, ол ұсақ нейрондардан тұрады.

2. Сыртқы түйіршікті қабат. Нейрондардың пішіні дән тәрізді.

3. Сыртқы пирамидалы қабат. Нейрондардың пішіні пирамида тәрізді, мөлшері әртүрлі.

4. Ішкі түйіршікті қабат.

5. Ганглиозды қабат. Ірі пирамдалы Бец жасушаларынан тұрады.

6. Полиморфты (көп пішінді) қабат. Нейрондардың пішіні әртүрлі.

7. Бұл қабат жіп тәрізді өте ұзын нейрондардан тұрады.

Ми жарты шарлары екі үлкен қызмет атқарады:

1. Организмнің сыртқы ортамен байланысын қамтамасыз етеді, яғни адамның мінез-құлқы, ойлау қабілеті, санасы, ақыл-ойы – бұлардың бәрі жоғары жүйке әрекеттері;

2. Организмнің қызметін бір-бірімен байланыстыру, ішкі мүшеледрің қызметтерін қажетті жағдайға қалыптастыру. Бұлар төменгі дәрежелі жүйке әрекеттері.

Бұдан бір ғасырдай бұрын ми жарты шарларының қызметі бірдей еместігі анықталған. Мидың сол жағындағы сөйлеу орталығы зақымданса, адам сөйлей алмай қалатынын Брок дәлелдеген.





Дата публикования: 2014-11-04; Прочитано: 13338 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.008 с)...