Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

шінші бӨлім 4 страница



Бірақ шабылған елден Батыр Баянның жігіттерінің қолына жөнді олжа ілікпеді. Тек шу дегенде қоршауында қалған бір топ қыз-келіншек пен аздаған мал-мүлік қана қолдарына түсті. Босқан елдің көп дүниесі Іле өзенінің суына кетті.

Ұрыс бітіп, болмашы олжаға көңілі толмай тұрған Батыр Баянның кенет екі бетіне қан жүгіріп құлпырып сала берді:

— Мынау адам баласы ма, әлде періште ме? — деді ол қасында тұрған Жәпек батырға, қолға түскен бір топ қыз-келіншектің ортасындағы, үлбіреген жас сұлу қызды көрсетіп.

— Бұл Қорен батырдың он бес жасар жалғыз қызы Құралай сұлу, — деді Жәпек.

— Қай Қорен?

— Кеше Жанатай батырды найзалаған, ал бүгін сенің қолыңнан қаза тапқан жоңғар батыры Қорен...

Баян Тұлпаркөгін тебініп қап, қоршауда тұрған қыз-келіншекті бір шолып өтті. Құралай десе құралай-ақ екен! Мөлдіреген екі көзі тостағандай, қара торы жүзі сәл қаны қашып қуқыл тартқан, қолаң шашы шұбатылып үзеңгіден асып жатыр, басына киген сүйір төбелі құндыз бөркі мен күміс зерлі қара мақпал қынама бешпент-шалбары күміс ер-тоқымымен жарасып тұр. Осынау көрік, жарастық көзді еріксіз тартып, барады. Қызға тесіле қараған Батыр Баян жүдей жаудыраған қарақат көздің қиығынан өзіне деген бір өшпендіктің ұшқынын сезіп қалды.

— Атың кім, Құралай ма? — деді ол қызға.

— Атым Құралай, біліп тұрып несіне сұрайсыз? — Қыз теріс бұрылып кетті. Бірақ ол қазақ батыры атын қалай біліп қалғанына таң қалды. Баянға сол сәтте бір тәуекел ой келді. Жүрегін өртеп бара жатқан сезім жалынын баса алмай:

— Мына қыз менің олжам! — деді Құралайды қамшысының сабымен
меңзеп.

Ат жалын тартып мінгелі Баянмен үзеңгілес болып келе жатқан Жәпек сан олжаны бөлген кездерінде әйгілі батырдан бұрын-соңды мұндай сөзді естіп көрмеген-ді. Баян сөзіне бұл да таңырқады. Жолдасының бетіне көз қырын сәл аударды да, батырды қандай сезім билеп тұрғанын енді ұғып:

— Болсын! — деді сосын күзетші топтың екі басты жігітін шақырып алды. — Құралай сұлуды көздеріңнің қарашығындай сақтаңдар. Ақ бетін қарға-құзғын шоқып жүрмесін. Бұл қыз Батыр Баянның олжасы. Ұқтыңдар ма?

— Ұқтық.

Өзіне сұқтанған көрікті кісі қазақтың аты шулы ардагері Батыр Баян екенін Құралай да қолға түсісіменен-ақ сұрап білген. Әкесі Қореннің сүбесіне көк найзасын бойлата бұлғап, Батыр Баянның өлтіргенін өз көзімен көрген. Қолға түскен киіктің лағындай жаутаңдаған жас сұлу, «мына қыз менің олжам» деген батырдың сөзін естігенде, жүрегі дір-дір қағып, өн бойы қалшылдап кетті. «Олжа!» деген сөздің ар жағына не жататынын ес білгеннен-ақ түсіне бастаған сұлу қыз дәл осы сәтте әкесін өлтірген адамның еркіне берілу — өзі үшін кешірілмес күнә деп есептеді. Өн бойын енді бір ызаның, қайтпас қайсар кектің оты билеп әкетті. «Сенің олжаң болып қасыңа жатпасқа ант етемін, — деді кенет күбірлеп жоңғар әйелдерінше екі қолымен көкірегін басып. Қыз дәл осы ашу үстінде, Батыр Баян әкесін көзінше өлтіріп, өзін қандай жылатса, Батыр Баянның да дәл өзіндей боп жылауын арман етті. Шамасы келсе кек алуға анасының ақ сүтімен серт берді.

Ат жалын тартып мініп, жорыққа аттанғалы Батыр Баян осы сапарын ең олжалы сапарым деп есептеді. Бірақ өзге серіктерінің қабағы қатыңқы еді. Бұны Батыр Баян байқаған жоқ, есіл-дерті жоңғардың тұтқын қызы болды да тұрды. Тезірек Обағанға жетіп, некесін қиғызып, үшінші әйелі етіп алғанша асықты... Батыр Баянның өзіне деген ықыласын іштей сезсе де, қыз көңілі селт етпеді, ол күзетші жігіттерден елде Батыр Баянның он бес жасар інісі бар екенін естігенде, жүрегінің түбіне бір сұрқия сырды түйгендей болды.

Қол ұзақ жүріп, ақыры Обаған өзеніне де жетті. Ұрыста қаза тапқан балаларын жоқтаған кемпір-шалдар мен ерлерінен айрылған қаралы әйелдер дауыс қып, бүкіл даланы басына көтерді. Сөйтсе де жаудан олжалы қайтқан Батыр Баянның алдынан шығып оны жеңісімен құттықтаған ел адамдары да көп еді. Батыр Баян серіктерін біртіндеп, таратып, жиырма шақты жігіті мен Құралайды ғана жанына қалдырып, өз аулына таяған кезде, жанында он шақты құрбысы бар, алдынан Ноян шықты. Астындағы ақ боз жорғасын ағызған қалпында: «Көке! Көке!» деп ағасының қасына жетіп келгенде, қуанғанынан екі көзі жасаурап кеткен Батыр Баян, інісін жас баладай атының үстінен көтеріп алды.

— Көкетай, әбден сағындым ғой...

— Жалғыз баурым. Сені көргенше өзім де өліп қала жаздадым ғой.

Ағасының құшағынан босанған Ноян енді өз атына қайта мініп, Баянның өзге серіктерімен амандаса бастады. Кенет сәл кейінірек тұрған Құралайға көзі түсті. Сол-ақ екен, жас жігіттің бойын бір ыстық леп шарпып әкеткендей, ат үстінен ауытқып барып, өзін әзер ұстап қалды.

— Көк...е, бұл кім? — деді тілі күрмеле сөйлеп.

«Жеңгең» деуге Батыр Баянның аузы бармады.

— Тұтқын қыз ғой... — дей салды інісінің сөзіне мән бермей. Бұл кезде Құралай да жаудыраған қарақат көзін жас Ноянға қадап қалып еді. Кенет қыздың да екі бетінің ұшы қызарып, бойын бір тәтті сезім өртеп кетті. Жас жігіт көз тоярлықтай сымбатты екен. Тіпті түр-келбеті ағасынан да көрікті ме қалай. Қыз жүрегі алып-ұшып, жігіт бетіне тағы қарады. Ноян да одан көзін алмай тұрған, екі жанар түйілісіп, бір-бірінен ажырамай сәл тұрды да, екеуінің де ішіне от тастап барып тайқып кетті. Осы сәтте қыз да, жігіт те бірінсіз бірі өмір сүре алмайтынын түсінгендей...

— Сауға, көке! — деді Ноян ағасына жалына қарап. — Бір жолғы олжаңды маған қи!..

Баянның жүрегіне біреу қанжар сұғып алғандай болды. Жайшылықтағы әдетіне салып, «ала қой» дей алмады. «Жоқ, бұл жолғы сұрағаныңды бере алмаймын» деуге інісінің көңілін тағы қимады. Аузына сөз түспей көп тұрды.

— Мұндай сауға тілеуге, Ноянжан, сен әлі баласың ғой, — деді бір уақытта даусы қарлығып. — Ер жет, саған бұдан да сұлу қор қызын әкеп беремін.

— Жоқ, көке, маған қор қызының керегі жоқ, осы сұрағанымды бер, — деді Ноян, жоңғар қызының отты жанарының лебіне еріп бара жатқандай, екі беті бал-бұл жанып.

Дәл осы сәтте Құралай сұлу үн қосты.

— Көкежан, — деді бұ да Батыр Баянның туған қарындасындай еркелеп, — менің әкем жоқ қой, сізді бұдан кейін «Көке» деп атаймын. Беріңіз ініңіздің бір тілегін. Мен де сізден соны қалаймын.

Өзіне Жоңғар лебізімен қазақша тіл қатқан сұлу қыздың сиқырлы сөзін естігенде, Батыр Баянның жаны бұрынғысынан да күйіп кетті, не дерін білмей.

— Жақсы, кейін көрерміз! — деп атына қамшыны басып қап, ауылға қарай шаба жөнелді.

Осы күннен бастап, Ноян мен Құралай арасында махаббат оты өрши түсті. Қыз жігітті қанша жақсы көрсе де қызыл ернінен сүйгізуден артыққа бармады. Ноянның махаббаттан есі ауып, басы айналды. Қыз одан көрі естияр еді. Әкесінің Батыр Баян қолынан қалай өлгенін көз алдына елестетсе-ақ болғаны, өз бойын жинап ала қояды. Өне бойын кек кернеп, қатуланып кетеді.

Ал Батыр Баянның жүрегі қан жылауда еді. Екі жастың бірін-бірі шын сүйгенін көрген сайын, өртене түседі. Ер жігіттің ғашықтық сезімнен арылуы, көк темірдің суарылып, құрышқа айналуымен тең. Өз жүрегін қайта соқтыру үшін, оған енді басқа адам боп туу керек. Бірақ ел-жұртының намысы, тәуелсіздігі үшін жанын қиюға дайын Батыр Баян, жақсы көрген інісінің көңілі үшін, өзін-өзі қиянат жолынан ұстай білді. Жүрегі оттай өртенсе де, Ноянға Құралай сұлуға үйленуге рұқсат етті.

Ағасының мұндай жомарттық еткенін естіген Ноян сол күні кештің батуын, аяғымен шоқ басып тұрғандай шыдамсыздана күтті. Көшпелі елдің қыз бен жігітінің бірін-бірі жақсы көруі таза, риясыз түсінікті келеді... Қой қораланып, сүт пісіріліп, қыз-қырқын алтыбақанға шығатын мезгіл де жетті. Лақтырған ақ сүйекті іздеген боп өзгелерден бөлініп кеткен Ноян мен Құралай сай жағасында оңаша кездесті. Жігіт жүрегі алабұртып, ағасының Құралайды өзіне сауғаға қиғанын айтып берді. Қыз бұл сөзді естігенде жігіттің құшағына кіре солқылдап жылап жіберді. Бірақ сол сәтте кенет оның көз алдына баяғы бір сурет тағы елестеп кетті. Батыр Баян сүңгіте салған көк найзадан өліп бара жатқан әке, су жағасында жер құшақтап боздаған ана... Соның бәрін кешіп, енді міне ата жауының інісінің құшағында тұр! Неткен опасыздық!

Құралай бойын жинап алды.

— Ноян, — деді ол ыстық жасы бетін жуып, — дүниедегі жалғыз арманым өзің болдың. Сенші... Мен мәңгі сендікпін... Бірақ жалғыз ғана тілегім бар. Бер соны.

— Бердім. Айт.

— Көкең Батыр Баян шапқан елде жалғыз анам қалған еді. Мені әкетіп бара жатқанда, жер бауырлап жатып: «Құлыным, менің ақ батамды алмай ерге шықпа!» деп еңіреп қалып еді. Ана тілегін ақтауға ант беріп едім. Сол антымды орындауға мұрша бер, содан кейін мен мәңгі сендікпін.

Жігіттің жүрегі дір ете қалды, қолындағы ақ құсының енді мәңгі ғайып болғалы тұрғанын сезгендей:

— Сонда мен не істеуім керек? — деді абыржып.

— Жоқ, сен ештеңе де істеме. Сені мұнда тастап өзім де кете алмаймын. Кішкентай жүрегімді білегіңе шынжырлап байлап қойғандайсың. Ол шынжырды үзетін менде құдірет жоқ. Бар тілегім біреу-ақ: екі жүйрік ат әкел. Таңды күтпей біздің елге қашайық. Тірі болса кәрі анамның батасын алайық, өлі болса басына барып әйбатмия қызыл гүл қояйық. Содан кейін мен мәңгі сенікімін. Жарың етпей күңің етсең де өмір-бақи ризамын. Тек жүзіңді көріп, маңайыңда жүрсем болғаны.

Құшағында тұрған жас сұлудың көзінен аққан ыстық жасы жігіттің албырт жүрегін қорғасындай балқытып жіберді. Ерлікті, әділеттікті арман еткен бала жігітке дәл осы сәтте қыздың қиыла айтқан бір сөзі дүниедегі ең әділетті, ең қасиетті сөз боп естілді. Құралайдың ана тілегін орындауға рұқсат ет деген өтінішінен оның қаншалық пәк, адал, қасиетті жан екенін бұрынғысынан да артық сезіне түсті. Дәл осы сәтте қызға еріп, туған елін тастап жау жағына қашу — ел-жұрты кешпейтін қылмыс саналатыны есіне де келмеді. Тек сүйген жарының адамгершілікке жататын күнәсіз тілегін тезірек орындауды борыш санады. Ол өзін енді сонау мөлдір аспанда көз жетпес шыңға көтеріліп бара жатқан қырандай сезінді.

— Тілегіңді тегіс қабылдадым, — деді құлшынып. — Темірқазық туа мені осы арада күт. Ел жатқанша жылқыға барып қос күреңді ұстап әкелем.

Ноян уәдесінде тұрды. Батыр Баянның Тұлпаркөгінен осал соқпас қос күреңге мініп, бұлар Темірқазық туа: «Уә, алла, жолымызды оң ете көр», — деп оңтүстікке қарай «шу!» деп жөнеп берді.

Қос күреңді түнде Ноянның алып кеткенін, ауыл адамдары сәскеде көлге жылқы келгенде бір-ақ білді. Ауылда Ноян да, Құралай да болмай шықты. Қос күреңге арналған шоландағы күміс ер-тоқым да жоқ екені анықталды. Қарсаққа бүркіт салуға шыққан құсбегі таң атып бара жатқанда, Іле жақтағы Жоңғар еліне қарай шауып бара жатқан екі салт аттыны көріпті, Ноянның Құралайдың азғыруына еріп, Жоңғар еліне қашқанына енді ешкім шек келтірмеді. Қанша қиналса да амалы жоқ, ауыл ақсақалы, бұл хабарды Батыр Баянға барып жеткізді.

— Ер Көкше, Ер Қосай, Батыр Баян, Уақтың аруағын көкке көтеріп едіңдер, — деді қария, — сендер көкке көтерген жалауды Ноян бала жерге түсіріп тұр. Үкімін өзің айт, амалын өзің тап!

Жоңғар қызының бір күле қарағанынан періште де жолынан таятынына шек келтірмеген Батыр Баян қайтарып ештеңе сұраған жоқ. Кесел болып іште жат-
қан күйігі, елінің намысы, жалғыз інісінен айрылу қаупі — бәрі-бәрі жан-жағынан қабаған иттей қамалап жан сезімін астан-кестең етті... Батыр Баян енді бір-ақ шешімге тоқтады. Бір қыз үшін елін сатқан қара бетті қалайда қолға түсіріп, өзі жазаламақ болды. Сауыт-сайман киместен, керегеде ілулі тұрған қыпшақ садағы мен сауыт бұзар қос жебе салынған қорамсақты жалпақ күміс белдігіне байлай сап үйден атып шықты. Үнемі белдеуде тұратын Тұлпаркөгіне міне сала, бұ да оңтүстікке қарай шаба жөнелді.

Ешкім тоқта деген жоқ.

Батыр Баян ұзақ шапты. Оқтаудай боп жаралған Тұлпаркөк тер шыққан сайын қарыштай түсті. Түс ауа Жолдыөзек деген жерге таяғанда, алдындағы екі қараны көрді. Бұл — Ноян мен Құралай еді. Қос күрең қанша жүйрік болғанмен, тоқ күйінде ұзақ шабысқа шыдамай, оптығып, болдыра бастаған. Қыз бен жігіт арттарынан құйғытып келе жатқан жалғызды байқады. Батыр Баян екенін айтпай таныды. Атының шапқан екпініне қарап, батырдың қатты ашулы екенін де ұқты.

— А, құдай, құтқара көр! — деп, Құралай тебіне түсті.

Екеуі жарыса шауып, Жолдыөзекке таяп қалды. Бұл бір бақытсыз жер еді. Құнарсыз, сортаң. Бұл арада бұрынды-соңды талай адамның қаны төгілген. Сол себептен де бұл өзекті Асан Қайғы «Жолдыөзек» демей, «Қандыөзек» деп атаған. Осы жаман атынан шошып Атығай руы соңғы кезде бұл араны жайламайтын болған.

Осы Қандыөзекке келіп қалғанын көрген жас Ноян бір сұмдыққа душар боларын сезді. Қашқанмен құтылмасын байқады да, атының басын тежеп, тоқтай қалды.

— Құралай, ең болмаса сен құтыл! — деді ол Жоңғар қызына. — Тоқтама, шаба бер, не болса да өзім көрейін...

Ноян атынан секіріп түсіп, ағасына қарсы жүрді. Садағын кезене ананың шауып келе жатқан түрінен шошынып, жас жігіт қалтырап кетті.

— Көке, кешір! — деді көзі жаутаңдап, ағасы арқан бойы таяғанда.

Бірақ дәл осы сәтте атының басын тартпастан құйғытып жетіп келген ашулы Баян ызаға шыдай алмай, қыпшақ садағын тартып қалды. Башқұрт тәсілімен істелген сүйір ұшты сауыт бұзар қайың жебе жас Ноянның дәл жүрек тұсынан кеп қадалды, жас жігіт тіл қатуға да шамасы келмей ұшып түсті.

— Көкежан, не істедің? — деп, Құралай атының басын бұрып қайта
шапты.

Екі көзі қанталап кеткен Батыр Баян үзеңгісіне шірене беріп, садағын екінші рет тартты. Ноянның тұсына жетіп қалған қыз ат үстінен қалпақтай ұшып сүйген жігітінің жанына сылқ етті. Қызып алған Тұлпаркөкпен орағыта шауып әзер дегенде тоқтатып, Батыр Баян да кейін бұрылды.

Күлімсіреген ишаратын жоғалтпай, боп-боз боп өліп кеткен інісін көргенде, ашумен не істегенін енді түсініп, өкіре жылап Ноянның үстіне құлады. Екі бетінен аймалап сүйіп, әлден уақытта барып басын көтерді. Екі көзден жасы сорғалап, інісінің басында тізерлеп ұзақ отырды. Тек бір заматта ғана жанында ыңырсыған дауысқа бұрылды. Бұл Құралай еді. Батыр Баянның өзіне қарағанын сезді ме, қыз ақырғы рет көзін ашты. Бір кезде берген анты есіне түсті ме, Батыр Баянның егіліп жылап отырғанын көріп, қыздың көзінде бір ұшқын жалт етті де сөне қалды. Ол енді ешбір кексіз, ашусыз, Баянға жалбарына қарады.

— Көкежан, — деді үнін әзер-әзер шығарып, — жалғыз тілегім, Ноян екеуміздің арамызға топырақ салмай, бірге көміп кетіңіз...

Осылай деді де, сонау талмаусырап батып бара жатқан күн көзімен таласқандай, қара жерге көмуге қимайтын қайран сұлу Құралай көзін жұмып, о дүниеге жүре берді.

Өз қолымен өлтірген қос аяулысының басында солқылдай жылап Батыр Баян ұзақ отырды. Тек таң сыз берген кезде ғана, беліндегі болат қанжарымен терең етіп көр қазып, араларына бір уыс топырақ салмай, қос бағланын жер құшағына беріп атына қонды.

Батыр Баян аулына қайтып келіп, ешкімге ләм-мим деп тіл қатпай, аһ ұрып, үш күн бойы жер бауырлап жатып алды. Тек төртінші күн дегенде орнынан тұрып, Уақ руының біраз батыр жігіттерін ертіп, Абылай шақырған Телікөлге беттеді.

... Сағынып күткен батыры келгенде, Телікөл маңайында жатқан қалың қол мәз-мейрам боп қуанды. Тек оның сүзектен тұрғандай сарғайып кеткен жүзін көріп таң қалды.

— Неге кешіктің? — деп сұраған Абылайға ғана қанды оқиғаны бастан-аяқ баяндай кеп:

— Ел намысы бір кешірмес ағаттық іс істетті, — деді.

Аяушылықты білмейтін Абылай:

— Жоғалтқаның көп болса да үкімің адал екен. Халық намысы ер құнынан артық деді, — қайғың тек өзіңдікі... Ал ата жолы бәріміздікі. Одан таймағаның — бұл бәріміздің абыройымыз.

Абылай батырдың бетіне қарамай, алыстағы көкжиекке тесіле көз жіберіп, әлденеге ойланып қалды.

— Иә, Абылай сұлтан, сіз әділетін айтып тұрсыз, — деді Баян күрсініп, — бірақ менің жүрегімде жазылмас жара қалды ғой. Оның емі — тек қан төгу ғана... Қанға — қан!

— Ондай ерлікке күн ертең-ақ туады, — деді Абылай. — Ер жігіт өз жарасын әрқашан да жау қанымен жазар болар.

Абылай сол күні Әбілмәмбет ханмен ақылдасып алды да, Кіші жүз әскерлерінің келуін күтпестен, Қалден Церен қолындағы Түркістан уәлиеті мен Сырдың сонау Аралға дейін баратын төменгі жағындағы қалаларды Жоңғардан қайтып алу жорығына аттануға бұйрық берді. Бұл үшінші жыл тоқсанның екінші айының бас шенінде, сәрсенбінің сәтті күні болды. Қазақтың сол кездегі атақты батырлары мен Абылай бастаған қырық мыңға таяу қалың қол теріскейден күнгейге лап қойды.

Бұл жолғы жорық үш жүздің басының бір мол қосылған жорығы еді. Осы сапар Абылайға да үлкен абырой әперді. Қол үш салаға бөлініп, бір саласын жасы келіп қалса да әскери істе қолбасшылық тәжірибесі мол Қанжығалы Бөгенбай батыр басқарды. Бұл атақты Үмбетай жырау:

Баян аула, Қызыл Тау

Абыралы, Шыңғыс тау.

Қозы — Маңырақ, қой — Маңырақ

Арасы толған көп қалмақ.

Қалмақты қуып қашырдың.

Қара Ертістен өткізіп,

Алтай тауға асырдың.

Ауыр қол жиып алдырдың,

Ақ Шәуліге қос тиіп,

Қалмаққа ойран салдырдың,

Қабанбай мен Бөгенбай

Арғын менен Найманға

Қоныс қылып қалдырдың, —

деп жырлаған Бөгенбай мен Қабанбайдың ерлігі ерекше көрінген жорық еді. Бөгенбай он мыңға жуық қолды басқарып, Түркістан уәлиетінің солтүстік жағына, Қалден Цереннің Ұлытауға аттанбақ болған Созақ бекінісі тұсына қарай беттеді. Қолмен бірге атақты жырау Үмбетай аттанды.

Екінші қолды Жәнібек тархан басқарды. Бұлар Сыр бойының төменгі саласына қарай сапар шекті. Жәнібек әскеріне тек қана Торғай, Ырғыз бойын жайлаған Орта жүздің жігіттері ғана емес, бұған Сырдария жағасындағы өздерінің атамекен қоныстарын қайтарып алмақ болған Кіші жүздің Шекті, Табын, Тама, Адай секілді біраз руларының өжет жігіттері қосылды. Бұл қолда сол Торғаймен шектес Сарыкеш маңындағы Уаққа жататын Тәтіқара жырау бар.

Үшінші қолды (негізгі қолды) Абылайдың өзі басқарды. Бұл сап Шиелі, Жаңақорған бойларымен кеп Түркістанның өзіне күнбатыс бүйірінен тимек болды. Бұнда қазақтың аты шулы батырларынан: Баян, Сырымбет, Жанұзақ, Малайсары, Жәпек, сәл кейінірек келіп қосылған Қабанбай болды.

Абылай қолының ас-суын дайындап, жауынгерлерінің кір-қоңын жуатын бір топ қатын-қалаш, қыз-қырқынмен бірге, Қабанбайдың Гауһардан туған қызы Назым жорыққа шықты.

Бұл жолы Баянаулада Бұқар жырау сырқаттанып қалып қойды. Оның орнына жазда Абылайдан Ботақан мен Жанайдың құнын өлеңмен сұраған он жеті жасар Көтеш ақын ерді.

Жазғытұрымғы сай-саланы қуалай аққан қар суындай қазақ қолдары тарамданып, жан-жаққа қарай аттана бастады. Қазақ жауынгерлерінің жұмған жұдырықтай боп бір майдан ашудың орнына үш тарам боп бөлінуінің де себебі бар еді. Қазақ қолдары қазір едәуір күшейіп қалғанмен де, соғыс өнеріне келгенде, Жоңғар хандығының тұрақты әскерінен әлі де болса төмен жатқан. Құр ерлік, жанқиярлық, өжеттік жеткіліксіз қасиет. Әбден машықтанған өнер, әдет еткен соғыс тәсілдері керек-ті. Шиті мылтықтан басқа қаруы жоқ қазақ жігіттерін топырлатып, аз да болса зеңбірегі бар, соғыста әбден шыныққан Қалден Цереннің тәртіпті әскерлеріне қарсы қоюға Абылайдың көңілі дауаламады. Өз әскерін үшке бөліп, Қалден Цереннің әскерін де үшке бөлшектеп, жеке-жеке құртпақ болды...





Дата публикования: 2014-11-04; Прочитано: 520 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.017 с)...