Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Лекция Кино өнеріндегі поэтикалық реализм ағымы



Француз киносындағы поэтикалық реализм. XX ғасырдың отызыншы жылдарында кең өріс алған дүниежүзілік экономикалық дағдарыс толқыны Франция кино өндірісінің күрт құлдырауына себеп болды. Қоғамдық өзгерістердің салдарынан режиссерлардың шығармашылығы да әр деңгейде көрініс алды. Ірі кинокомпаниялар жабылып, шағын кинофирмалар етек жая бастайды. Монополистік кино өндірісінің әлсіреуі кино өнімінің сапасына да әсерін тигізді. Шағын кинофирмалардың бұдан былайғы уақытта шын мәнінде көркемдік шығармалар тудыруға мүмкіндіктері пайда болды деуге де болады. Монополистік ірі кино өндірісі тұсында кино өнімінің санын көбейту басты мақсат болса, ендігі жерде шығармашылық топтардың басты назары сапа деңгейіне ауыса бастайды. Режиссерлардың шығармашылық жаңа ізденістеріне еркіндік берілді. Нәтижесінде, осы аталып отырған кезеңде кино өнерінің көркемдік шығарма деңгейі жаңа сатыға көтеріле алды.

Қоғамдағы өзгерістер мен реалистік кейіпкер характерін сомдауда метафоралық астарлы әдістерді пайдаланған көркемдік ағым – поэтикалық реализм француз киносының тарихының отызыншы жылдар тұсында кең өріс алды.

«Авангард» жылдарында шығармашылығы эксперименттік кино ағымына сәйкес келген режиссер Рене Клердің (1898-1981) алғашқы фильмдерінде фарс-комизм, эксцентрика, трюк элементтері жиі байқалды. Дыбыссыз кино тұсында экранға шыққан үздік фильмдер қатарында есептелетін «Антракт»(1924), «Соломенная шляпка»(1927) фильмдерінде режиссер эксцентрикалық-трюктік элементтерден бас тартып, шындық өмір көрінісін сипаттауға бет бұрады. Отызыншы жылдар тұсындағы Рене Клер шығармашылығында екі бағыттағы ағым көрініс алады. Бірінші ағым – лирикалық сарын. Осы сарындағы фильмдерінде режиссер өмір шындығын сипаттау тәсілдеріне поэтикалық бояу енгізуге тырысады. Рене Клердің лирикалық сарында түсірілген фильмдеріндегі бас кейіпкерлер - әлеуметтік төменгі сатыдағы адамдар. Екінші ағым – сатиралық сарын. Бұл сарындағы фильмдерінде режиссер буржуазиялық қоғамдағы теңсіздіктерді сынап-мысқылдайды. Кино өнерінің дыбысты кезеңіндегі режиссер шығармашылығында («Под крышами Парижа»-1930, «Миллион»-1931) сатира мен пародиялық тәсілдер көп орын алады. Режиссердың «Под крышами Парижа» фильмі көрермендердің назарына іліне қоймаса, «Миллион» фильмі, керісінше, кино өнеріне режиссура жағынан біраз жаңалық әкелген тың туынды болды. Бұл фильмде режиссердың өз шығармашылығының бастапқы сатысындағы «Соломенная шляпка» фильміндегі суреттеу элементтерімен қоса, Мариво, Лабиш водевиль дәстүрлерінің тәсілдері кең пайдаланылады. Егер, Лабиштің водевилінде негізгі сюжеттік тармақ желісі диалогтық қарым-қатынастар арқылы бас киім (телпек) оқиғасы төңірегінде өрбітілсе, Рене Клердің «Миллион» фильміндегі кейіпкерлік тартыс желісі музыкамен өнректеледі. Фильмнің тұтас бойындағы ритм мен монтаждық тоғысулар музыканы қолдану арқылы жүзеге асырылды. «Миллион» фильмінің жетістігінен кейін Рене Клердің шығармашылығына тәнті болған ізбасарлары пайда бола бастайды. Ендігі жерде Рене Клердің режиссерлық қолтаңбасында жеке стиль туралы айтуға әбден мүмкін болды. Бұдан былайғы жылдарда экранға шыққан фильмдерінде («Свободу нам»-1932) саяси сарын орын алды. Оперетта жанрында түсірілген «Свободу нам» фильмінде суреттелетін оқиға желісі Луи және Эмиль атты екі достың басынан өткен оқиғалар төңірегінде өрбітіледі. Екеуі де бұрын түрмеде болған, кейін біреуі ауқатты адамға айналады, екіншісі – қарапайым жұмысшы болып қалады. Фильм соңында олар өздерін қоғаммен қосақтап қойған – ақшадан, махаббат сезімінен, қызмет бұғауы сияқты байланыстарын үзген тұста ғана бостандықтың шын мәнісін ұғына бастайды...Фильмдегі режиссердың ұстанған негізгі идеясы адамның табиғатпен тұтастығы, қоғамдық тізгіннен бостандығы болып отыр.

Анархистік сарындағы фильмдер легіне бастау болған «Свободу нам» фильмінің прокаты сәтсіз аяқталды. Осы фильмінен кейін Рене Клер саяси-әлеуметтік және идеологиялық тақырыптардан бас тарта бастайды.

АҚШ тұрған 1940-1946 жылдар аралығында режиссер комедиялық жанрда бірнеше фильм түсіреді. Оның 1942 жылы экранға шыққан «Я женился на ведьме» фильміндегі режиссерлық ізденістері американдық қоғамның жоғарғы саты өкілдері өмірінен алынған көріністерін фантастика және сарказм элементтерінің үйлесімді алмасуы арқылы беруімен ұтымды шешімін табады. 40-жылдардың соңына қарай Рене Клер Францияға қайтып оралады. Мұнда ол комедиялық фильмдер түсіруді одан әрмен жалғастырады. Оның «Молчание – золото» (1947) фильмі кинематографтың алғашқы жылдарын суреттеуге арналады. Рене Клердің 1949 жылы экранға шыққан «Красота дьявола» фильмі Фауст аңыздарының жаңа кезең жағдайына ыңғайластырылған экрандық варианты болып шықты. Ал, 1952 жылы экранға шыққан «Ночные красавицы» фильмі Д.Гриффиттің «Нетерпимость» фильміне пародия формасында түсірілді. Рене Клердің «Большие маневры» (1955) фильмі арқылы экран жұлдызы Жерар Филиптің актерлық таланты жан-жақты терең ашылды. Рене Клер шығармашылығында тарихи-костюмдік жанрда түсірілген «Галантные празднества» (1965) соңғы фильмі советтік прокатта «Праздники любви» деген атпен өтті.

Поэтикалық реализм ағымының тағы бір айқын өкілі – Жан Виго (22.04.1905-5.10.1934). Сорбонна әдебиет институтын бітірген. Кино түсіруді әлеуметтік теңсіздікпен күресудің тиімді жолы деп түсінген ол өзінің алғашқы фильмін («По поводу Ниццы»-1929) поэтикалық репортаж мәнерінде түсіреді. Буржуазиялық қоғамның келеңсіз жақтарын ашып көрсетуге тырысқан Жан Виго фильмінің алғашқы кең прокаты біраз сәтсіздіктерге ұшырайды. Көпшілік көрермен қабылдай алмаған деректі фильмнің көркемдік астарлы мағынасы интеллигенция өкілдері арасында жоғары бағасын алады. Режиссердың 1933 жылы экранға шыққан «Ноль за поведение» фильмі автобиографиялық деректерге негізделген. Фильмнің басты кейіпкерлері интернаттың қатал өмірімен тәрбиеленіп жатқан балалар. Интернат тәрбиешілері топас, қатыгез кейіпкерлер түрінде сипатталады. Олардан соншалықты қыспақ көрген балалар ақыр соңында ашу-ызаларын ашық білдіруге мәжбүр болады. Көтеріліске шыққан балаларды жолдарындағы тосқауылдың ешбірі тоқтата алмайды: олар мектеп ғимаратының желбіреген жалауын жұлып, орнына пираттардың анархиялық белгісін қондырады, мектеп алдына шоғырланған оқытушылар мен өкімет адамдарына шабуыл жасайды. Ескі кітаптар, жыртық етіктер сыңарлары, тастар ашулары тасқындаған жас көтерілісшілердің қаруына айналады. Фильмге негіз болған жабық интернаттың қатаң тәртібіне қарсылық мысалында түсірілген фильмі арқылы режиссер әділетсіз қоғам қатынастарында адамның жеке тұлға ретінде қабылданбай, аяусыз «тұншықтырылуына» қарсылық білдіре алды.

Қоршаған ортаны поэтикалық сарында толыққанды қабылдай алудың айқын мысалы режиссердың «Аталанта» (1934) фильмінде көрініс алды.

Жан Вигоның қысқа ғана шығармашылық жолындағы эстетикалық суреттеу ерекшеліктері француз киносының соғыстан кейінгі кезеңіндегі жаңа сапалық деңгейінің өркендеуіне негіз болды. Әлеуметтік мәселелер төңірегінде режиссердың ұстанған авторлық позициясы оның шығармашылық өзіндік ерекшелігі болып табылады.

Жан Ренуар (15.09.1894-12.02.1979). Режиссер. Сценарист. 1924 жылы «Безрадостная жизнь» (реж. А.Дьедонне) фильміне сценарий жазды. Осы жылы режиссер ретінде «Дочь воды» фильмін түсіреді. Бас кейіпкердің түс көруі арқылы сюжетті өрбіткен режиссер қоршаған ортаны табиғи көріністермен өңдейді, рапидтік түсіру тәсілдерін еркін пайдаланады. Киносыншылар Ренуардың бұл фильміндегі жаңа тәсілдерін талдай келе, туындыны «авангард» ағымына жатқызуға болатындығын айтты. Бірнеше жыл Германияда қызмет жасайды. 1926 жылы Э.Золя шығармасы бойынша «Нана» фильмін түсірді. Режиссердың 1928 жылы экранға шыққан «Маленькая продавщица спичек» фильмі эксперименттік фильм ретінде «авангард» режиссерлардың назарын елең еткізді. Режиссердың бірқатар филльмдері мюзикл негізінде («Лодырь»-1928, «Турнир»-1929, «Ребенку дают слабительное»-1931) жеңіл мәнерде түсірілген фильмдер болды және кино тіліне еш жаңалық қоса қоймады. Шындық өмір көріністеріне поэтикалық сарын үйлескен режиссердың «Ночь на перекрестке» (1932), «Будю, спесенный из воды» (1932), «Шотар и К»(1933), «Мадам Бовари»(1934) фильмдері режиссердың шығармашылығын жаңа деңгейге көтерді. Фильмдерінде пайдаланылған табиғи орта сипаты, табиғи жарық, сюжеттік тармақтардың қарапайым өрбітілуі режиссер шығармашылығын болашақ Италия киносындағы неореализмге негіз болды деп бағалауға мүмкіндік берді. 1936 жылы М.Горькийдің шығармасы бойынша «На дне» фильмін түсіреді. Әдеби нұсқадағы оқиға жүйесі экрандау барысында Франция қоғамдық сипатына лайықтандырылып өңделеді. Бұл жылдары Ж.Ренуар Халық қозғалысы фронтының мүшелерімен жақын араласа бастайды. Франция коммунистік партиясының тапсырысымен «Жизнь принадлежит нам» (1936) фильмін түсіреді. Халық қозғалысының бар мағынасының аса терең дәрежеде ашылғаны «Великая иллюзия» (1937) фильмі болды. Фильмнің бас кейіпкерлері 1- дүниежүзілік соғыс жылдарында неміс тұтқынына түскен француз офицерлері. Әсіресе, лейтенант Марешальдің (Жан Габен) бейнесі арқылы халықтың болашаққа деген үміт-армандары нанымды берілген.

Жан Ренуар шығармаларындағы кейіпкерлердің характерлері арқылы әлеуметтік, қоғамдық реалистік сипаттар көрініс алады, ой-мақсат жүйесі арқылы әлеуметтік-тарихи заңдылықтардың жалпы ерекшеліктері ашылады.

Марсель Карне (1909 жылы туылған). Фотограф. Режиссер. 1928 жылдан кино саласында. Алғашқы жылдары оператордың көмекшісі ретінде қызмет жасады. 1929 жылдан бастап деректі хроника түсірумен айналыса бастайды. Оның «Ножан, воскресное Элдорадо» (1929) фильмі Париж халқының қала сыртындағы демалысы жайында баяндаған поэтикалық репортаж стилінде түсірілді. Фильмнің құрылымдық ерекшелігі арқылы режиссер кинематографистер ортасында танымал болды. Отызыншы жылдар тұсында Рене Клердің көмекші болып қызмет жасайды. 1936 жылдан бастап көркемсуретті фильмдер түсіре бастайды. Алғашқы фильмі «Женни» А.П.Роше әдеби шығармасының желісімен түсірілді. Режиссердың көркем кинодағы жетістігі, әсіресе, «Забавная драма» (1937) фильмінде айқын байқалды. Лирикалық шығарма тәсілдері пародия элементтерімен ұласып, характерлік сипаттау тәсілдерінде эксцентрика, сарказм тәсілдері еркін қолданылды. М.Карне фильмдеріндегі басты тақырыптардың бірі - өмірдің қатал заңдылықтары, тұрақсыздық, адамдар арасындағы қарым-қатынастың өте құбылмалы табиғаты болды. Режиссер шығармашылығындағы өрлеу тұсы соғыс алдындағы қауіпті кезең сипатын айқын бере алған «Набережная туманов» (1938) фильмінің жетістігімен сәйкес келді. Марсель Карне фильмдерінде ұлттық теңсіздік сипатталады, қанаушылық саясатын ашу мақсаттары, болашаққа деген сенімнің аздығынан және соғыс қаупінің әсерінен туындаған үрей сезімдері орын алады.

Ален Рене (1922 жылы туылған). Актер және режиссер. Алғашқы фильмін («Фантомас») әуесқой режиссер ретінде 1936 жылы түсірді. Кәсіби режиссурамен 1946 жылдан айналыса бастайды. Алғашқыда деректі фильмдер («Схема идентификации», «Открыто на учет») түсірумен шұғылданады. Суретшілер шығармашылық өмірінен бірнеше қысқаметражды фильмдер түсіреді. Оның «Ван Гог» (1948) фильмі Венеция қаласында өткен Халықаралық фестивальдің арнайы жүлдесін жеңіп алады. 1949 жылы түсірілген «Генрика» фильмі Пикассо шығармашылығына арналды.

Ален Рене қолтаңбасында әсіресе, деректі жанрдағы дәлдікті шындықтың поэтикалық көрінісімен ұтымды үйлестіру орын алады. Оның 1956 жылы экранға шыққан «Ночь и туман» фильмінде неміс басқыншылығы, оның ішінде, әсіресе, концлагерь сұмдықтары жайындағы деректі хроника стиліндегі көріністер орын алған.

Режиссердың көркем жанрдағы алғашқы фильмі «Хиросима, любовь моя» 1959 жылы түсірілді. Бүгінгі мен өткеннің, шындық өмір мен қиялдың алмасуы арасында шек жоқ деуге болады. Осындай суреттеу тәсілімен «Хиросима, любовь моя» фильмі аса ерекшеленіп тұр деуге болады. Бұл фильм осы жылы Канн фестивалінде ФИПРЕССИ жүлдесін иеленді.

Режиссердың 1961 жылы экранға шыққан «В прошлом году в Мариенбадене» фильмінде поэтикалық сарын көмескіленіп, шартты түрдегі суреттеу формасына айналады. Ал, 1963 жылы экранға шыққан «Мюриель» фильмінде ол шындық өмір көрінісін реалистік сипаттау тәсіліне қайта оралады. Ален Рененің бұдан былайғы бірқатар фильмдері («Война окончена»-1966, «Далеко от Вьетнама»-1967, деректі фильм) қоғамдағы өзгерістер мен жаңа бағыттағы саяси ағымдар тақырыбын қамтиды.





Дата публикования: 2015-09-17; Прочитано: 705 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.009 с)...