Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Кеңестік еңбекпен түзеу лагерлері». Степлаг, Карлаг, АЛЖИР және т.б



Қазақстан аумағында ірі кеңестік “еңбек түзеу” лагерлері – Степлаг, Қарлаг, АЛЖИР және т.б болды. Солардың арасында Қарағанды еңбекпен түзеу лагері (Қарлаг) маңызды орын алды. Халық Комиссарлары Кеңесі 1930 жылғы 13 мамырдағы жабық отырысында қаулы қабылдады, қаулыда ол Жер шаруашылығы халық комиссариатының қорытындысы мен Ақмола және Қарқаралы округтерінен көлемі 110 000 га тұтас жер алабын мерзімсіз және өтеусіз пайдалануға кесіп беру туралы өтінішімен келісті. Лагерь басқармасы Долинское селосына орналасты. Қарлагтың солтүстіктен оңтүстікке дейінгі аумағы – 300 км, шығыстан батысқа 200 км болды.

Қарлагты құрудағы басты мақсаттардың бірі – қарқынды дамып келе жатқан Орталық Қазақстан көмір-металлургия өндірісіне (Қарағанды көмір бассейні, Жезқазған және Балқаш металлургия комбинаттары) азық-түлік пен өндіріс базасын жасау еді. Ол үшін екі міндетті шешу керек болды. 1) мүмкіндігінше арзан еңбек күшінің көзін табу;

2) еңбек ету мен тұратын орындар дайындау.

1931 жылы ақпан – наурыз айларында ұжымдастыруға наразылық танытқан Волга бойы, Пенза, Тамбов, Курск, Воронеж, Орел, Орынбор областарының шаруаларын жаппай тұтқынға алу басталды. Қарағанды станцияларына алғашқы эшелондармен бүкіл елден тұтқындар келіп түсті. Карлаг тұтқындарының бірінші легін Ақмола Қарағанды теміржолын салуға қолданды. Жол өте қысқа мерзімде салынып, 1931 жылдың мамыр айында қолданысқа берілді.

1931 жылдың күзіне қарай арнайы қоныстанушылар бойынша жоспар артығымен орындалып тағы 52 мың отбасы Орталық Қазақстанға жеткізілді. Адамдарды лық толған қолайсыз вагондарға артып, бала, әйел, еркек, қарттарды бірге отырғызып әкелді. Қарабас және Көмірлі-Қарағанды стансаларына алғашқы эшелондармен бүкіл елден тұтқындар келіп түсті. Қарабас станциясы «Қарлаг қақпасы» атанды. Осы станцияда, кейінірек Жаңа-Қарағанды (Майқұдық) станциясында да айдауға жөнелтетін аралық пункттер орналастырылды.

Карлагта аты әлемге әйгілі ғалымдар, әскербасшылар, мәдениет қайраткерлері, саясаткерлер, діни тұлғалар “халық жаулары» ретінде мерзімін өтеді. Солардың қатарында К.Э.Циолковскийдің әріптесі және досы, салмақсыздық жағдайындағы қан теориясының авторы, ғалым А.Л.Чижевский, атақты селекционер екі рет Социалистік Еңбек Ері В.С.Пустовойт, радиациялық генетиканың негізін салушы Н.В.Тимофеев-Ресовский, жылу техникасы бойынша белгілі ғалым профессор В.Л.Пржецлавский, Архитектура Академиясының корреспондент-мүшесі Т.М.Людвиг т.б. болды. Қарлаг өмір сүрген уақытта онда 1 миллионнан астам тұтқын тіркелген. Тұтқындар құрамы үнемі өзгеріп отырды: жаңадан лек-легімен адамдар әкелініп, этаппен өзге лагерьлерге жөнелтіліп жатты. ГУЛАГ жобасы бойынша Қарлаг 32 мың тұтқынға арналған, ал шын мәнінде мұнда 75 мыңдай адамға дейін ұсталды. Тұтқындар санын арттыру Қарлагқа жүктелген халықшаруашылық міндеттерімен - Қарағанды көмір алабын игеру, Жезқазған және Балқаш металлургия комбинаттарының құрылысымен тығыз байланысты болды. Алайда тұтқындардың негізгі бөлігі ауыл шаруашылығы жұмыстарына тартылды. Өзінің жұмыс істеген жылдарында Қарағанды лагері аса ірі ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу орталығына айналып, оның жетістіктері КСРО-ның бірқатар өлкелерінде, облыстары мен республикаларында пайдаланылды.

№19 Долинка коменданттық бөлімшесінде клуб жұмыс істеді. Клубтың жанында Қарлагтың мәдени бригадасы болды, оған барлық бөлімшелерде «халық жаулары» ретінде жаза мерзімін өтеп жатқан, есімдері әлемге әйгілі кәсіби артистерді жинайтын. Қарлагтың мәдени бригадасы кеңінен танымал болды. Оны тыңдау және көру үшін облыс басшылары жиі келетін. Артистер күшімен оперетталар, опералық және драмалық спектакльдер, жеке концерттік нөмірлер қойды.

Емдеу-санитарлық бөлімшесінің зонасында әйгілі дәрігерлер де отырды. Олар лагерь ауруханаларында жұмыс істеп, Қарағандыдағы дәрігерлерге ақыл-кеңес берді, ал қамаудан босағаннан кейін көп жылдар бойы Қарағанды ауруханаларында еңбек етті.

Лагердің өзінің қару-жарағы, көліктері, поштасы мен телеграфы болды. Ол 2 шақырымнан 400 шақырымға дейінгі радиуста 26 поселкеден тұратын. Тұтқындардың ауыр жағдайына қарамастан, Карлаг шаруашылығы гүлдене түсті. Қарлаг жүйесінде мал шаруашылығы фермаларымен қатар жеміс-көкөніс өсіру, жер жырту, кірпіш зауыттары, әк өндіру карьерлері, таскөмір шахталары болды. Тұтқындар Балқаш мыс қорыту зауытының құрылысында, теміржол желілерінде еңбек етті. Лагерьдің «Балқаш» деп аталатын үлкен бөлімшесі болды, онда тұтқындар Балқаш кен-металлургия комбинатын және Балқаш мыс қорыту зауытын тұрғызды. Бертыс стансасына таяу, тікенекті сыммен қоршалған үлкен шаршы учаскеде 20-лагерь бөлімшесінің тұтқындары жер кепелерде тұрды. Мұнда Қоңырат лагері бөлімшесіндегілерді бірге қосқанда 900-ге дейін адам тұтқында болды. Негізінен Кавказдан, Орта Азиядан келгендер. Барлық бригадалар жер жұмыстарымен айналысып, зауыт салды. Осы бөлімшеде өлім-жітім өте жоғары еді. Карлагтың Спасск бөлімшесі, кейінірек Спасск ерекше лагеріне айналды, онда негізінен мүгедектерді апаратын еді. Тұтқындар Спасскіні «ажал аңғары» деп атады.

1959 жылы 27 шілдеде Қарағанды еңбекпен түзеу лагері жабылды. Бұл кезге қарай лагерде саяси тұтқындар жоқ болатын.

Қарағанды облысы Жезқазған қаласында орналасқан ГУЛАГ жүйесінің лагері Степлаг (Далалық лагерь) деп аталды. Алғашқы тұтқындар легі 1940 жылдың көктемінде өздері салған Қарағанды – Балқаш теміржолы арқылы әкелінді. Бұл лагерде соғыс жылдары және соғыстан кейін тұтқындардың жаңа категориясы пайда болды: бұрынғы әскери тұтқындар, басқыншыларға көмектескендер, жер аударылған халықтар, тұтқын немістер мен қылмыскерлер үшін ерекше лагерлер құрылды. Қорғасын, Кеңгір бөлімшелері Далалық лагерьдің орталығына айналды. Лагерь тұтқындары ірі халықшаруашылық объектілері құрылысында ауыр дене еңбегін атқарды, жұмыс күнінің ұзақтығы 10 сағатқа созылды, емдеу-сауықтыру шаралары мүлдем болмады. Карлагтың 17 бөлімшесі тікен сым темірлермен қоршалып, биік мұнаралы күзет орнатылды.

Соғыс жылдары жаңа шахталар салу мен кен өндіруді ұлғайтуға көп көңіл бөлінді. Соғыстан кейін лагерь тұтқындары кен байыту фабрикасы, ЖЭС, Жезқазған қаласының жанында Кеңгір су қоймасының плотинасын салды. Түсті металлургия министрлігіне қарайтын Жезқазған мыс комбинатында қызмет етті. Тұтқындар еңбегі көмір шахталары мен марганец кен орындарын игеруде пайдаланылды. Лагердің өз меншігінде: тас карьерлер, кірпіш зауыты, құрылыстар және бірқатар өндірістік және ауылшаруашылық объектілері болды. Степлагтың Кеңгірдегі 3-бөлімшесінде 1954 ж. мамыр айында тұтқындар көтеріліс жасады. Басқа ерекше лагерьдегілер сияқты Далалық лагерьде Сталиннің өлімінен кейін өзгеріс болады деп күтілді. Алайда рақымшылық жайлы жарлық ерекше лагерьлер жүйесіне қатыссыз болды. 1954 жылы 25 мамырда 3-бөлімше адамдары – 4 мың жұмыскер жұмысқа шығудан бас тартты. Бүлік бір айға созылды, тұтқындар қарсылығы 26 маусымда лагерь зонасына әскер және танк енгізу арқылы әзер басылды.

1956 жылы Степлаг жойылды, бірақ оның тұтқындары еріксіз қоныстарда тұрып, милиция бөліміне уақтылы көрініп тұруға тиіс болды.

Елде жаппай террор өршіген кезде, Қарлагқа тек сотталғандар ғана емес, сонымен бірге жазаланғандардың отбасы мүшелері, тұтқын әйелдерді тиеген эшелондар да келе бастады. Олар кейін «АЛЖИР» лагеріне орналастырылды. АЛЖИР (Акмолинский лагерь жен изменников Родины). аталу себебі КСРО НКВД «ЧСИР» (отанын сатқандардың отбасы мүшесі) туралы шұғыл жарлықтың шығуымен байланысты. Ол 1938 жылдың басында (6 қаңтарда) Малиновка селосының аумағында (жергілікті атауы – Төңкеріс, Ақмоланың маңында) әйелдерге арналған лагерь Қарлагтың 26-бөлімшесі ретінде ашылды. 1939 жылдың 29 желтоқсанынан бастап ол ресми түрде Карлаг құрамындағы Еңбекпен түзеу лагері болып енді. Лагерь аумағындағы көлдің қамысы қыста барактарды жылыту үшін отын, жазда құрылыс материалы ретінде қолданылды.

Алжир ерекше жағдайдағы лагерь болды: күшейтілген күзет, қатаң тәртіп пен жоғары тұрған ұйымдардың бұйрығын сөзсіз орындау. 4 жастан асқан балалар анасынан ажыратылып, балалар үйіне жіберілді. Лагерь 30 мың гектар жерді иеленді. Оның 10 мыңнан аса гектарын егістік жерлер құрады. АЛЖИР егінді нарядтар бойынша жинап, сұрыпталған астықты Ақмолаға жөнелтіп отырды, сол жерде астықты Қарлаг шаруашылықтары мен ұжымшарларға бөліп-үлестірді, ал астық орнына мал азығын алды. Лагерьді ұстау үшін қажет азық-түліктің барлығын тұтқындардың өздері дайындады, дәнді дақылдарды, көкөністер өсіріп, нан пісірді. Тұтқын әйелдерді қарауылдар қыста отқа жағатын қамыс жинауға апаратын. Қамыс өңірдегі сансыз көп көлдердің жағалауларында өсетін.

Тұтқын әйелдерге мерзімін өтеудің алғашқы бір жарым жылында «ерекше лагерьлер бөлімшесі» болғандықтан хат алысуға, сәлемдеме алуға, өз мамандығы бойынша жұмыс істеуге қосымша шектеулер қойылды. Ұлы Отан соғысы жылдары АЛЖИР-де 8 мыңнан астам әйел қамауда отырды. Олардың ішінде маршал М.Н.Тухачевскийдің қарындасы, А.С.Енукидзенің қызы мен әйелі, Б.Майлин, Т.Рысқұлов, С.Қожанов, Т.Жүргенов, Н.Нұрмақов, С.Асфендияровтың әйелдері және көптеген басқа әйелдер болды. 1950 жылдардың басында лагерь жабылды.

Қазақстандағы сталиндік лагерлер тарихы – бұл адамдар тағдырының тәлкекке түсуі, жақындарынан айрылу, денсаулықты жоғалту, ақталмаған үміттер. Бұл ата-анасыз қалған жетім балалар елінің тарихы. Ол қаншама ашылмаған жаңалықтар мен жазылмаған кітаптар тарихы. Қарлаг тұтқындары өздері туралы естелік етіп, кеңшарларға айналған бай шаруашылықтарды, қалаларды қалдырды. 1956 жылы КОКП-ның ХХ съезінде сталиндік жеке басқа табынушылық әшкереленіп айыпталғаннан кейін жазықсыз адамдарды қудалау саясаты тоқтатылды.

«Саяси қуғын-сүргін құрбандарын есте сақтау мұражайының» (Карлаг) ең алғаш 2002 жылы Қарағанды облысы Долинка елді мекенінде Президент Н.Ә.Назарбаевтің тапсырмасымен бұрынғы Карлаг басқармасының ауруханасының ғимаратында ашылған еді. Ал 2011 жылы 31 мамыр күні бұл мұражай бұрын Карлаг кезінде офицерлердің басқарма үйі болған ғимаратына толығынан көшірілді. Бұл ғимарат алдын-ала Елбасының қолдауымен жүргізілген «Жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өтті. 2007 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасын орындау мақсатында Астана қаласының әкімшілігінің 26 ақпандағы № 27-173 қаулысымен саяси репрессиялар құрбандарының «Отанын сатқандар әйелдерінің Ақмола лагері» мұражай - кешені құрылды. Мұражай 2007 жылғы 31 мамырдағы ашылған күнінен бастап «Отанын сатқандар» әйелдерінің Ақмола лагері территориясында, жаңа салынған ғимаратта Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Ақмол (бұрынғы Малиновка) селосында жұмыс істей бастады. Мұражайдың ашылу рәсімі қатаң және қарапайым түрде өтті, өйткені бұл мейрам емес, ащы еске алу күні. Ақмол поселкесінде тұрғызылған мемориалды - мұражайдың кешенінің ашылу салтанатында Президент Н.Ә.Назарбаев: «Біздің мемлекет үшін бұл күн ерекше мәнге ие, тарих бойынша 70 жыл бұрын Республикамыз миллиондаған кеңестік азаматтардың депортацияланатын және жер аударылатын орны болды» - деген еді.

Бұл мұражайларды бұрынғы лагерь тұтқындарының ұрпақтары мен әлемнің түкпір-түкпіріндегі қалың көпшілік келіп көруде. Бүгінгі таңда Орталық Қазақстанда жұмыс істеп жатқан мұражайлар саяси қуғын – сүргін құрбандарын еске алуда үлкен роль атқарып, игілікке бастаған шараларды іске асыруда. Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз ертең жоқ. Сондықтан, тарихтың азалы жылдарын ұмытпау әрбір жеке адамның тапжылмас міндеті.

БМСБ (ОГПУ) –1922 жылы КСРО ХКК жанынан біртұтас қоғамдық орган Біріккен мемлекеттік саяси басқармасы арнайы қызметі құрылды. 10 шілде 1934 жылы ІІХК (НКВД) болып өзгертілді. Оны Генрих Ягода басқарды. 6 қыркүйек 1936 жылы бұл орынға Ежов қойылды. 10сәуір 1939 ж. ол тұтқындалып 1940 ж. 3 ақпанда соты болып, атылды. 1939-1953 жж. Берия болды. Кейін бұл жүйе МҚК (КГБ) аталды.

ГУЛАГ – еңбекпен түзеу лагерлерi, еңбек қоныстары және мерзiм өтеу орындарының басты басқармасы. 1934 ж. Iшкi Істер Халық комиссариаты құрамында құрылған. Басқару орны 1956 жылға дейiн өмiр сүрдi. “ГУЛАГ” терминi жаппай қуғын-сүргiн құрбандары жазаларын өтеген барлық лагерьлер және түрмелер жүйесiн атау үшiн пайдаланылады.

Кулактарды тәркілеу – күш қолданып және сотсыз ауқатты шаруаларды бар мүлкінен, жерінен және азаматтық құқықтарынан айыру.

Репатриация – соғыс барысында отанынан алшақ қалған азаматтардың және әскери тұтқындардың, сонымен қатар эмигрантардың отанына оралуы. Репатрианттар репатриация бойынша отанына оралғандар.





Дата публикования: 2015-09-17; Прочитано: 15264 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.009 с)...