Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Семиотика ғылымының қалыптасу тарихы



Жұмашова Ж.А. ҚазҰУ-нің PhD докторанты

жетекшісі филос.ғ.д. проф. Құлсариева А.Т.

Аталмыш еңбекте қзазіргі мәдени зерттеулер (cultural studies) ғылымында кең қолданыста болып жүрген және бүгінгі күнгі ақпараттық қоғамдағы белгілердің маңыздылығы мен интерпретациясын зерттеуге қолданылып жүрген семиотика ғылымының қалыптасу тарихы жайлы қысқаша баяндалады. Семиотика ғылымы Отанымызда даму сатысының бастапқы кезеңдерін басынан өткізуде. Сондықтан да осы мақала семиотика саласы бойынша ізденушілерге көмек болады деп үміттенеміз.

«Тіл мен мәдениет қатынасының маңыздылығы мәдени зерттеулер (cultural studies) ғылымы арқасында ең жоғарғы деңгейге жетті. Оның мынадай екі негізгі себептері бар:

1. Тіл – мәдени ұғымдарды қалыптастыратын және сол мәндерді қарым-қатынасқа түсіретін жоғары дәрежелі делдалшы.

2. Тілді біз өзіміз жайлы және қоғамдық әлем жайлы білімімізді қалыптастыратын делдалшы ретінде қолданамыз» [1-75б.].

Шындығында, тіл мен мәдениет ұғымы қашан да егіз ұғым болып табылатыны және олар бірін-бірі толықтырып отыратын құбылыс екені қашаннан да белгілі еді. Академик Ә. Қайдардың анықтамасымен айтсақ: «Мәдениет танып-білудің құралы – тіл» [2-13б.] немесе «Кез келген этностың (бүгінгі ұлыстың, халықтың не ұлттың) тілінде оның басынан өткен бүкіл өмірінің өрнегі жатыр. Халықтың, яғни этностың шын мәніндегі болмысы мен дүниетанымы оның тілінде ғана сақталады. Әр түрлі заттың, құбылыстың аты-жөні, сыр-сипаты, қоғамдық қатынастар, әдет-ғұрып, салт-сана мен дәстүрлер жайлы мағлұматтардың бәрі де кейінгі буындарға тек тіл фактілері арқылы ғана, яғни тілдегі сөздер мен сөз тіркестері, фразеологизмдер мен мақал-мәтелдер, аңыз-ертегілер арқылы жетіп келуі мүмкін» [2-21б.] деген пікірлері де дәлел бола алады. Алайда тіл мен мәдениеттің өзара етене байланысы, өзара тәуелділігі ғылыми түрғыда тек ХХ ғасырдан бастап қана ғылыми түрде зерттеле бастады. Гуманитарлық ілімдерде структурализмдік бағыттың дамуымен лингвистика жаңа қырынан зерттеле бастады. «Структуралистік лингвистика ХХ ғасырдың басында тіл білімінде қалыптасқан және де ХХ ғасырдағы тіл білімінің философиялық және мәдениеттанушылық бағытын айқындаған бағыт болды. Бұл бағыт біз әлемге тіл арқылы қараймыз, сондықтан біз көретін ақиқатты айқындайтын –тіл деген гипотезаны ұсынды. Аталмыш бағыттың қалыптасуына себеп болған ең негізгі еңбек Женевалық лингвист Фердинанд де Соссюрдің «Жалпы лингвистика курсы». Бұл еңбек оның өзі өмірден өткен соң оның дәрістері бойыша шәкірттерінің арқасында жарыққа шыққан» [3]. Аталмыш еңбектің барлық гуманитарлық ілімдер үшін өте маңызды болғаны қазір ешкімде де дау тудырмайды. Алайда, осы еңбектің негізінде қалыптасқан структуралистік бағыт уақыт талабымен, біршама өзгерістерге ұшырады. Нақтырақ айтсақ «1920-1940 жж. структурализмнің құрылымдық лингвистика аясында қалыптасуын басынан өткізген. Структурализм 50-60 жылдары, әсіресе, Францияда шарықтап шықты. Структурализм сол кезеңінің өктем интеллектуалдық парадигмасына айналды» [4-378б.]. Осындай қарқынды даму мен жетілудің нәтижесінде структурализм ғылымы өзінің алғашқы ұстанымдарынан біраз өзгеріске түсті. Нәтижесінде 60-жылдардан кейін постструктуралистік, яғни структурализмнен кейінгі, бағыт деп аталатын ғылыми бағыт пайда болды. «1960 жылдары Франциядағы жаңа дискурстық тәсілдердің көбеюуі нәтижесінде постструктуралистік теориясы қалыптасты. Постструктурализм бұрынғы жалпылау, универсалдау, структурализмнің ғылыми теориясын, семиотикапсихоанализ, Марксизм, және де басқа теорияларды жоққа шығарып, тілдің, субьекттің, саясаттың және мәдениеттің жаңа зерттеу теоряларын көрсетті. Өздеріне дейін қалыптасқан теорияларды басым бөлігінң жоққа шығара отырып, бірақ та негізінен сол териялардың негізіне сүйене отырып, постструктуралистік қозғалыс марксизм, психоанализ, семиотика, феминизмнің жаңа синтезин туындатты. Және де бүкіл әлемге тараған жаңа теоретикалық дискурстар жарылысына әкелді» [5-20б.]. Осылайша, структурализм өзінің келесі деңгейі постструктурализмге өтті. Екі деңгейдің нақты айырмашылықтарын анықтау үшін екі бағытқа қысқаша сипаттама берелік.

· «Структурализм мәдениетті актерлардың (адамдардың) ырқынан тыс керісінше оларды өз ырқына алатын тілдің терең құрылымдардың көрінісі деп сипаттайды;

· Структурализм синхрондық зерттеу тәсілі. Ол тілдегі құрылымдар байланысын белгілі бір уақыт сәтінде ғана орын алатын өзгеріссіз құбылыс ретінде қарастырады. Ол тілдегі құбылыстар өзгеріссіз деп қабылдап, онда мәдени ерекшеліктер болатынын дәлелдеді және дәл осындай мәдениетті сақтайтын басқа құбылыс жоқ екеніне сенімді болды.

· Структурализм белгілер жайлы ғылымды және обьективті ғылымды ұсынды» [1-17б.]. Алайда постструктуралисттер структурализмнің барлық осы постураттарын жоққа шығарып, оларды қатаң сынға алды.

Постструктуралисттер: «Мағына тұрақты емес, олар бағынышты және ылғи өзгерісте болады. Мән тек сөздерге, сөйлемдерге немесе белгілі бір мәтінге таңылмайды, ал мағына интермәтіндік, яғни мәтіндер арасындағы байланыс арқылы беріледі» [1-18б.] деді. Яғни структуралисттер тілдегі таңбалар белігілі бір мағынаны тасушылар ретінде қарастырса, постструктуралисттер мағынаны дискурстық деңгейде қарастырып, белгілер мен сөздердің арасындағы байланыс шартты деген пікірді ұсынды. Бірақ та екі бағытқа да ортақ ұғымдар тіл мен мәдениеттің етене байланысы және белгілердің коммуникациялық қызметінің атқаратын орнын зерттеуі болды. Тіл мен мәдениетті өзара байланыста зерттеу мәдени зерттеулерде тілді мәдени түрғыда зерттеуге байланысты мынадай зерттеу тәсілдерін ұсынды. «Мәдени зерттеулерде мәтіндік тұрғыдан зерттеу әдістері семиотика, постструктурализм мен Дерридалық деконструкция сияқты әдістерден тұрады» [1-32б.]. Осы аталған әдістердің ішіндегі семиотика ғылымы қазіргі кезде лингвисттер мен мәдениеттанушылар тарапынан өте кең қолданыста. Аталмыш еңбекте мәдени зерттеулердің семиотикалық талдау әдісі қолданылады. Сондықтан да семиотика ғылымына кеңірек тоқталайық.

Семиотика (гр. semeion - белгі, таңба) (семиология) — таңбалық белгілер жүйесі туралы ғылым, адамзат қоғамына қызмет ететін салалардағы (тіл, мәдениет, салт-дәстүр, кино т.б.), табиғаттағы (жануарлар дүниесіндегі коммуникация) немесе адамның өз қызмет-қабілетіндегі (заттарды көру, есту арқылы қабылдау, логикалық пайымдау) ақпараттың сақталуы мен қабылдануына қатысты әр түрлі таңбалық жүйелердің құрылымы мен қызметінің жалпы мәселелерін зерттейтін ғылыми пән. "Таңбалар жайындағы ғылым" ретінде семиотиканың алғашқы негізгі ұстанымдары табиғи тілді байқауға байланысты Ч. С. Прис пен Ф. де Соссюрдің еңбектерінде айтылған [6]. Бұл ғаламтордан анықтама семиотика ғылымын сипаттайды. Алайда біздің ойымызша, осы анықтамадағы таңбалар жайындағы ғылым анықтамасы дүрыс қолданылмаған. Таңба сөзінің орнына белгілер жайындағы ғылым деген анықтама дұрысырақ болар еді. Сонда осы орайда мынадай сұрақ туындайды: Белгі мен таңбаның айырмашылығы неде? Екеуін кез келген уақытта синоним ретінде қолдана аламыз ба? Және қай сөзге басымдырақ рөл беру керек? Екеуінің семантикалық айырмашылығы неде?

Осы сұрақтарға жауап беру үшін сөздіктерге жүгінейік:

Таңба 1. Белгi, ен, мөp. Аттың санындағы ~, әpiп ~сы, қол ~сы. 2. Ауыс. Қаяу, дақ, кек. Ауыp бейнет өз таңбасын қалдыpған (Әлiшев). ◊Тайға таңба басқандай - ап-айқын, айдай анық.

Таңбалы Таңба салынған, таңбасы баp. ~тас (сан, саулық). [7] Тайға таңба басқандай, таңбалы тас, таңбасын ойып қалдырды, өз таңбасы бар деген тіркестер бар да, ал белгіге қатысты белгі берді, белгі қойды, белгі соқты деген тіркестер бар. Екі тіркестер қатарын салыстырсақ таңбаның семантикалық салмағы басымырақ екенін байқаймыз. Не себепті? Таңба сөзінің тас, ою сөздермен қатар келу себебі – ол ойылып, нақтылап, анықтап өз ізін, өз ерекшелігін, артықшылығын көрсету мақсатында тасқа қашау арқылы түсірілген белгі. Яғни, ол тасқа қашап түсірілгендіктен ол ұзаққа дейін сақталып тұрады және анық бір хабарламаны жеткізу мақсатында қолданылады. Ол хабарламаның айқындығы соншалық, оны ешқандай да аудармашының, түсіндірудің көмегінсіз бірден ұғасыз және де сол таңбаның өзі символдық деңгейдегі белгілер болып табылады. Өйткені, мысал үшін, қазақ ру-тайпаларының әр қайсысының өзіндік таңбалары болған. Ол таңбаларды символ емес деп айта алмаймыз. Және де ол таңбаларды біз белгілі бір дүниетанымдық біліміміз болмаса, ондағы ақпараттың мәнісін де талдап, анықтай алмаймыз. «Көшпелі түркілерде таңба әмбебап қызмет атқарған. Таңба ұғымының бастапқы мағынасының өзі «Ойлап табу, тану». Оның мәдени-рухани астары қат-қабат. Тек, уақыт көші алға жылжып, түрлі қоғамдық – саяси жағдайлар қалыптасқандықтан, таңбалардың бұрынғы «құпиясы», қадір-қасиеті ұмытылып, қосалқы ру – тайпа таңбасына, символикалық белгісіне айналып кеткен. Сол кезде таңбаның мал-мүліктің иесін аңғартатын мағынасы ғана назарда болып, соған ғана мән берілген. Тіл мамандарының болжамынша, таңбадан «теңге», «тамғашы – таңбашы» ұғымдары пайда болған» [8]. Осы сипаты бойынша аталмыш таңбалар символ қатарына жатады деген қорытынды шығаруға болады. Дәл сол сияқты таста табылған таңбалар да символдық мәнге ие. Сондықтан біздің ойымызша, символикалық зерттеу жасағанда, белгілерді таңба және символ деп бөлген дұрыс емес. Осы талдаулар негізінде таңбаны біз символмен қатар айта алатын белгі ретінде толық сеніммен айта аламыз. Тіпті таңба сөзін кей мәтіндерде символ сөзіне балама ретінде қолдануға болады деп айтуымызға толық негіз бар. Сонымен, таңбаны талдаудан түйетініміз – таңба міндетті түрде сызылған, жазылған немесе қашалған графикалық объект болуы тиіс. Және де ол – символикалық мағынасы бар терең мәнді белгі.

Ал белгі сөзіне түсіндірме сөздікте мынадай анықтама беріледі:

Белгі 1. Шаpтты таңба, ен. Қойға ~ салу кеpек. 2. Бip нәpсенiң басқадан өзгешелiгi. Малшы малды түpлi ~леpi аpқылы ажыpатады. 3. Белгiлi бip құбылыстың нышаны, сыңайы. Кешiкпей күз ~сi көpiндi. 4. А йpықша атақты бiлдipетiн айыpмашылық, өзгешелiк, еpекшелiк нышан. Пиджагiнiң өңipiнде Совет одағының батыpы ~сi баp (Hұpшайықов). ◊ Белгi беpдi [еттi] - аңғаpтты, бiлдipдi, сендipдi. Белгi қойды - таңба салды, белгiледi. Белгi салды [соқты] - шаpтты таңба қойды [7]. Семиотканың анықтамасында «ғылым, адамзат қоғамына қызмет ететін салалардағы (тіл, мәдениет, салт-дәстүр, кино т.б.), табиғаттағы (жануарлар дүниесіндегі коммуникация) немесе адамның өз қызмет-қабілетіндегі (заттарды көру, есту арқылы қабылдау, логикалық пайымдау) ақпараттың сақталуы мен қабылдануына қатысты әр түрлі таңбалық жүйелердің құрылымы» деген сипаттама бар. Бұл анықтамаға сүйенсек, семиотка жай ғана графикалық объектілерді зерттемейді. Ол мән зерттейді. Қазіргі семиотик ғалымдардың ішіндегі танымал ғалымдардың бірі Умберто Эко өз еңбегінде «семиотка белгі ретінде қарастырылуы мүмкін барлық нәрселерді зерттейді» [9-7] деп анықтама береді. Осы анықтаманы қазақшаға «семиотка таңба ретінде қарастырылуы мүмкін барлық нәрселерді зерттейді» деп аударсақ, қате болар еді. Өйткені жоғарыда атап өткеніміздей, таңба дегеніміз графикалық объектілер, ал графикалық емес бірақ белгілі бір мәнге ие объектілер белгі ретінде қарастырыла алады. Мысалы, фотоаппаратпен түсірілген суреттер, ым-ишара т.с.с. Ал таңба өз кезегінде белгінің бір түрі бола алады. Яғни белгінің қамтитын ауқымы таңбаның ауқымынынан кеңірек. Алайда кейбір белгілердің семантикалық мәні, ақпараттық қызметі әлсіз болуы мүмкін, ал таңбаның символикалық мәні өте жоғары болып келеді. Сондықтан да біздіңше, семиотика ғылымына белгілер жүйесін зерттейтін ғылым деп анықтама берген дұрысырақ болар еді.

Отандық ізденушілеріміздің қолданатын әдебиеттер тізімі негізінен орыс тілді екенін ескерсек, кей жағдайларда зерттеушілер бағыты батыстық ғалымдардың соңғы жаңалықтарынын хабарсыз қалу қаупі бар. Оның үстіне қазіргі заманғы қазақ тілді ғылыми еңбектердің аздығы да әзденушілер үшін біршама кедергілер туындатып отыр. Сондықтан аталған еңбектегі аз да болса мәлімет отандық семиотика ғылымының зерттеушілеріне аз да болса ізденістеріне көмек болар және де өз ізденістерінде семиотиканың соңғы күнгі зерттеу тәсілдерін қолдануға мүмкіндік берер деп үміттенеміз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Chris Barker, Cultural studies: theory and practice Third edition, 2008 SAGE publication Lltd. 527p.

2. Қайдар, Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. – Алматы: Ана тілі, 1998. – 304б.

3. http://www.philosophy.ru/edu/ref/rudnev/b288.htm

4. Т. Ғабитов, Ж. Мүтәліпов, А. Құлсариева «Мәдениеттану. Жоғары оқу орындары мен колледж студенттеріне арналған оқулық», 7- бас. – Алматы: Раритет, 2008. – 416б.

5. Douglas Kellner, Media Culture, 1995 Routledge, London, 357 p.

6. http://kk.wikipedia.org/wiki

7. http://mtdi.kz/kz/audarmashyga-komek/sozdikter/tusindirme/239-tusindirme-sozdik-b

8. http://www.info-tses.kz/red/article.php?article=96470

9. Eco, Umberto (1976): A Theory of Semiotics. Bloomington, IN: Indiana University Press/London: Macmillan





Дата публикования: 2015-07-22; Прочитано: 3053 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.008 с)...