Студопедия.Орг Главная | Случайная страница | Контакты | Мы поможем в написании вашей работы!  
 

Сімдік шаруашылығындағы аяқталмаған өндіріс пен бөлінетін шығындар есебі



Аяқталмаған өндірістегі шығындар есебі. Өсімдік шаруашылығы өндірісінің айрықша ерекшелігі сол, мұнда көптеген дақылдарды өсіру процесі бір күнтізбелік жылмен аяқталмайтындығында. Сондықтан өсімдік шаруашылығындағы шығындарды есепте ағымдағы жылдың егіні үшін өткен жылдың шығындары, ағымдағы жылдың егіні үшін осы жылдың шығындары және болашақ жылдың егіні үшін осы жылдың шығындары деп бөлуге болады. Тәжірибеде алғашқы аталған екі топтағы шығындар күнтізбелік жылдың басында қосылады, яғни өткен жылдың шығындары ағымдағы жылдың өнім өндірісі бойынша талдамалық шоттарға көшіріледі. Соның нәтижесінде есепте ағымдағы жылдың және болашақ жылдың егіні үшін шығындар бөлек көрсетіледі.

Болашақ жылдың егіні үшін шығындар жұмыс түрлері бойынша арнайы талдамалық шоттарда бөлек жинақталады, себебі өндіріс процесі кезінде бұл шығындардың қандай өнім түріне қатысты екені анық болмайды.

Аяқталмаған өндіріс бойынша шығындар бірінші жылы ағымдағы жылдың егіні бойынша жұмсалынған шығын баптары сияқты есепте көрсетіледі.

Ағымдағы жылдың егініне қатысты аяқталмаған өндіріс шығындары төмендегідей тәртіп бойынша есептен шығарылады:

Күздік дақылдарды отырғызу бойынша барлық шығындар ағымдағы жылдың күздік дақылдардың талдамалық шоттарына көшіріледі. Ал болашақ жылдың дәнді дақылдарына қатысты шығындар тиісті дақыл түрлеріне болашақ жылдың көктемінде әрбір дақыл түрі бойынша нақты егіс алқабының көлемі анықталғаннан кейін егістің көлеміне пропорционалды түрде бөліне отырып, таратылады.

Аяқталмаған өндіріс шығындарын бөлу – бухгалтерлік есептің маңызды сатысы болып табылады, сондықтан әрбір шаруашылықта оған аса маңызды көңіл бөлінуі қажет. Аяқталмаған өндіріс шығындарын бөлу алдында қыста өлген егіс көлемін анықтап алу қажет. Содан соң әрбір жұмыс түрі бойынша аяқталмаған өндіріс қалдығын апаратын есеп объектісі анықталуға тиісті. Аяқталмаған өндіріс шығындарын бөлу мақсатында шығын баптары бойынша аяқталмаған өндірістегі бөлінетін шығындардың құнын көрсететін шығын есебінің әрбір объектісіне байланысты арнайы есептеу әдістемесі қолданылады. Әрбір жұмыс түрі бойынша 1 гектар егіске шығын сомасы анықталады. Содан соң әрбір дақыл түріне қатысты егіс алқабының көлемін қолдана отырып, шығындар бөлінуге жатқызылады. Осындай жолмен жер жырту, буландыру, қар тоқтату, органикалық және минералдық тыңайтқыштарды себу, есеп беріліп отырған жылдың көктеміндегі көпжылдық шөп егістері, өткен жылдағы көпжылдық шөп егістері, ағымдағы жылдың күзіне қаралай пар жырту, келесі жылдың жаздық дақылдары егілетін пар, шабындықтарды шылғынға айналдыру, жаңа жерлерді игеру, мәдени жайылымдар, мәдени шабындықтар, топыраққа әк себу жұмыстары бойынша шығындар дақыл түрлері арасында таратылады.

Аяқталмаған өндірістің көлемі арнаулы комиссия жүргізетін түгендеудің нәтижесінде анықталады, комиссия күздік егістердің көлемін және келесі жылдың өнім үшін жұмыстар жүргізілген алқапты нақты күйінде қарап шығып, өлшеуге міндетті. Ағымдағы жылы егілген, әлі өнім шықпаған алқапты, атқарылған егіс жұмыстарының сапасын, егістердің жәй-күйін және басқа да жұмыстардың сапасын анықтап алады. Оның нәтижесі аяқталмаған өндірісті түгендеу тізімдемесіне түсіріледі, сөйтіп шығындардың дайын өнім мен аяқталмаған өндіріс арасында дұрыс бөлінуі қамтамасыз етіледі.

Егіс алқаптарын, табиғи жайылымдарды алғашқы мелиорациялау бойынша шығындар арнайы талдамалық шоттарда есепке алынады. Оған топыраққа органикалық және минералдық тыңайтқыштарды жіберу, табиғи жайылымды жерлерге көпжылдық шөптерді отырғызу, ауыр және орта минералдық топырақты жерлерді жырту, топырақты 34-45 см тереңдікке дейін жырту, егістік жерді артық сулардан тазарту, топыраққа әк және гипс себу, шым-тезекті өндіру, тасымалдау, пайдалану, жерді тастардан, түбіртектерден, бұтадан тазарту сияқты жұмыстар жатады. Бұл шығындар жұмыс түрлеріне байланысты арнайы шоттар арқылы аяқталмаған өндіріс құрамында есепке алынады және мелиорациядан өткен жерді пайдалануға берген кезден бастап 5-7 жыл бойы тең үлеспен дақыл түріне бөлініп отыруға тиісті.

Бөлінетін шығындар есебі. Жоғарыда айтып өткендей бөлінетін шығындарға арнайы талдамалық шоттарда есепке алынатын: өсімдік шаруашылығындағы бөлінуге жататын негізгі құралдардың амортизациясы, өсімдік шаруашылығындағы бөлінуге жататын негізгі құралдарды жөндеу шығындары, бөлінуге жататын жерді суару, бөлінуге жататын жерді кептіру, бөлінуге жататын егіс алқаптарын қорғау жұмыстары жатады. Осы аталған шығындардың есебін және олардың бөліну тәртіптерін жекелеп қарастырайық.

Өсімдік шаруашылығында пайдаланылатын және бөлуге жатқызылатын негізгі құралдардың амортизациясы «Негізгі құралдардың амортизациясы» талдамалық шотында бөлек есепке алынады. Бұл шотта өсімдік шаруашылығы өндірісінде пайдаланылатын егін және шөп жинайтын комбайндар мен басқа да ауыл шаруашылығы техникаларының, ғимараттар мен құрылыс жайлардың, беріліс құралдарының ай сайынғы есептелінген амортизация сомалары жыл бойы жинақталып отырылады.

Бұл талдамалық шоттар бойынша есептелінген амортизация есебі негізгі құралдардың топтары бойынша жүргізіледі, соған сәйкесті негізгі құралдардың әрбір түрі бойынша есептелінген амортизацияға бөлек талдамалық шоттар ашылады.

Жылдың немесе басқа да бекітілген мерзімнің соңында есептелінген амортизация сомалары дақылдардың және жұмыстың түрлері бойынша шығындар есебінің шоттарына бөлінеді. Соған орай негізгі құралдарға есептелінген амортизацияны бөлудің екі әдіс қолданылады: бірінші әдіс – тікелей қосу әдісі. Бұл әдіс негізгі құралдар тек бір ғана шығын объектісінде жұмыс істеген жағдайда қолданылады. Екінші әдісі – амортизация сомасын бірнеше есеп объектілеріне орындалған жұмыс көлеміне, егіс алқабының аумағына немесе амортизацияны бөлудің басқа да бөлу көрсеткіштеріне пропорционалды бөлу жолымен таратылады. Мысалы: астық және шөп жинайтын комбайндарға есептіліген амортизация сомасын - жиналған егіс көлеміне, астық сақтайтын қоймалар мен астықты тазалайтын және кептіретін машиналарға есептілінген аморитизация сомасын – жалпы жиналған астық салмағына, тыңайтқыштарды сақтау орындары мен оларды себу машиналарына есептілінген амортизация сомасын – себілген тыңайтқыштардың көліміне пропорционалды бөлуге болады. Өсімдік шаруашылығында, соның ішінде мамандандырылған шаруашылықтарда картоп, қант қызылшысы және бақша дақылдарының кейбір түрлерін өсіру, жинауға тікелей қатысатын комбайндар мен машиналарға есептелінген амортизация сомасын әрбір дақылдың түріне тікелей апаруға болады.

Өсімдік шаруашылығында пайдаланылатын негізгі құралдарға есептелінген амортизация сомасын тиісті шығын объектілеріне бөліп, таратудың негіздемесі болып «Негізгі құралдар мен материалдық емес активтерге амортизацияны есептеу ведомостісі» саналады. Бұл ведомостіде әрбір негізгі құралдың түрі бойынша тиісті талдамалық шоттармен амортизация сомасы және амортизацияны бөлудің базасы көрсетіледі.

Өсімдік шаруашылығындағы негізгі құралдарды жөндеуге байланысты бөлінуге жататын шығындар кешенді шығын болып саналады және оның құрамында негізгі құралдарды жөндеу жұмыстарын орындайтын жұмысшылардың еңбек ақылары мен еңбек ақыдан аударымдары, жөндеуге қажетті қосалқы бөлшектер мен материалдардың құндары, жөндеу мен техникалық қзымет көрсету цехтары мен шеберханаларын күтіп-ұстау шығындары, жөндеуге пайдаланылатын мұнай (майлау, сырлау материалдарының) өнімдерінің құндары жатады. Бұл шығындар алдын ала 8310 «Көмекші өндіріс» шотында жинақталып, есепті мерзімнің соңында өсімдік шаруашылығы шығындарына және аяқталмаған өндіріс құнына тиісті бөлу базаларына пропорциналды жолмен бөлініп, таратылады. Мысалы: тар өрісті мамандандырылған шаруашылықтарда пайдаланылатын негізгі құралдарды күтіп ұстау және жөндеу шығындары – тиісті дақылдардың өзіндік құндарына тікелей; тракторларды күтіп ұстау және жөндеу шығындары – әрбір дақыл түрлері бойынша орындаған жұмыс көлеміне пропоционалды; топырақ өңдейтін машиналарды күтіп ұстау және жөндеу шығындары – әрбір дақыл түрлері бойынша өңделген жер көлеміне пропорционалды; тұқым отырғызатын машиналарды (сеялкаларды) күтіп ұстау және жөндеу шығындары – егіс көлеміне пропорционалды; дақылдарды жинауға пайдаланылатын комбайндар мен машиналарды күтіп ұстау және жөндеу шығындары – жинаған жер көлеміне пропоционалды; топыраққа тыңайтқыш себетін техникаларды күтіп ұстау және жөндеу шығындары – дақылдар бойынша себілген тыңайтқыштардың нақты салмағына пропоционалды; астық, көкөніс қоймаларын күтіп ұстау және жөндеу шығындары – тиісті дақылдар алып жатырған сақтау орындарының көлеміне пропорционалды түрде бөлуге болады.

Жерді суландыруға байланысты бөлінуге тиісті шығындар бұл – суармалы жерде өсірілетін дақылдарға тікелей жатқызуға болмайтын суландыру бойынша шығындар болып саналады. Бұл шығын құрамында жерді суарумен (қолмен немесе механикаландырылған жолмен суару) айналысатын жұмысшылардың еңбек ақылары мен еңбек ақыдан аударымдар, суаратын құрылғылардың жұмыстары үшін жанар-жағар май, суаратын құрылғылардың амортизациясы, оларды күтіп-ұстау, жөндеуге қажетті қосалқы бөлшектер мен басқа да материалдардың құндары көрсетіледі. Бұл шығындар есепті жыл бойы алдын ала 8410 «Үстеме шығындар» шотына ашылған арнайы талдамалық шотта жинақталып, жылдың соңында өсірілген дақыл немесе орындалған жұмыс түрлері арасында суарылған жер көлеміне пропорционалды түрде бөлінеді. Алдыменен бір гектар суарылатын жерге тиісті шығындар сомасы анықталады да (шығындарды жалпы суарылған жер көлеміне бөлу арқылы), содан соң бір гектар суарылатын жерге тиісті шығындар сомасын әрбір шығын объектісі бойынша суарылған жер көлеміне көбейтіледі. Осындай тәртіппен әрбір дақыл түріне тиісті суаруға байланысты бөлінетін шығындар анықталады. Шығындарды бөлу олардың баптар жіктемесі бойынша жүргізіледі.

Жерді суландыруға байланысты дақыл түріне немесе орындалған жұмыс түріне тікелей апарылатын шығындар дақылдың өзіндік құнына не болмаса шығын объектісіне тиісті талдамалық шоттар арқылы тікелей қосылады.

Жерді құрғатуға байланысты бөлінуге тиісті шығындар – құрғатылатын жерлерде өсірілетін дақылдардың әрбір түріне тікелей жатқызуға болмайтын шығындар болып саналады. Бұл шығын түрлеріне жерді құрғатуға байланысты құрылғыларды күтіп-ұстау, жөндеу жұмыстарын жүргізетін жұмысшылардың еңбек ақылары мен еңбек ақыдан аударымдары, жерді құрғатуға байланысты құрылғылардың амортизациясы мен оларды жөндеуге, күтіп-ұстауға қажетті қосалқы бөлшектер мен басқа да материалдардың құндары, көмекші өндірістің құндары және т.б. шығындар жатады. Бұл шығындар есепті жыл бойы алдын ала 8410 «Үстеме шығындар» шотына ашылған арнайы талдамалық шотта жинақталып, жылдың соңында өсірілген дақыл немесе орындалған жұмыс түрлері арасында құрғатылған жер көлеміне пропорционалды түрде бөлінеді. Шығындарды бөлу олардың баптар жіктемесі бойынша жүргізіледі.

Өсімдік шаруашылығында жерді (егіс алқаптарын) құрғатуға байланысты дақыл түріне немесе шығын объектісіне тікелей апарылатын шығындар дақылдың өзіндік құнына не болмаса шығын объектісіне тиісті талдамалық шоттар арқылы тікелей қосылады.

Егіс алқаптарын қорғау жұмыстары бойынша шығындар – дақыл түрлеріне тікелей жатқызуға болмайтын егіс алдындағы жұмыстар, яғни қар тоқтату, көғ тасу, тыңайтқыштарды жеткізу және басқа да бөлінуге жатқызылатын егісті қорғау шығындары болып саналады. Бұл жұмыстар бойынша шығындардың есебі егін шаруашылығында қолданылатын шығын баптарының жіктемесі бойынша жүргізіледі. Бұл шығындар есепті жыл бойы алдын ала 8410 «Үстеме шығындар» шотына ашылған арнайы талдамалық шотта жинақталып, жұмыстар аяқталғаннан кейін немесе жыл соңында шығындар тиісті дақыл түрлеріне бөлінген егіс көлеміне пропорционалды түрде шығын баптарының тұрғысында бөлінеді. Бұл үшін әрбір бап бойынша есептелінген шығындар жұмыс жүргізілген жердің жалпы гектар санына бөлініп, 1 гектарға жұмсалынған шығын сомасы табылады. Анықталған шығынды нақты дақылдар егілген гектар санына көбейтіп, осы дақылға тиісті жұмсалынған егісті қорғау бойынша шығын сомасы анықталады.

Азық дайындау бойынша шығындар есебі. Өсімдік шаруашылығы саласында өсірілетін дақылдардың көп бөлігі азық мақсатында пайдаланылады. Соған байланысты 8110/1 «Өсімдік шаруашылығы» шотында бұл өнімдерді өсіруге қатысты шығындар ғана емес, сонымен қатар азықтарды малды азықтандыруға жарамды жағдайына дейін өңдеу шығындары да есепке алынады. Бұл үшін 8110/1 «Өсімдік шаруашылығы» шотына мынадай талдамалық шоттар ашылуға тиісті: сүрлем дайындау, пішендеме дайындау, витаминді шөп ұнын дайындау.

Сүрлем дайындау. Сүрлем дайындау талдамалық шотының дебеті бойынша көк балауса мен ауыл шаруашылығының басқа да дақылдарын сүрлемдеу бойынша мынадай шығын түрлері жинақталады: дайындаған сүрлемдерді қабылдайтын шөп орындары мен сүрлем жинайтын орындарды дайындау, дайын сүрлемдерді тасу және жинап-үю, сүрлем сақталатын орындарды жабу және басқа да жұмыстар. Соған сәйкесті бұл шотта сүрлемді дайындаушы жұмысшылардың еңбек ақылары мен одан аударымдар, көк балауса шөптің құны, сүрлемді дайындаушы (кесетін) құрылғылар мен жабдықтарға жұмсалатын жанар-жағар май және басқа материалдардың құндары, сүрлем дайындаушы құрылғылардың амортизациясы, сүрлем дайындаушы құрылғылар мен жабдықтарды жөндеу және күтіп-ұстау шығындары, көмекші өндіріс қызыметінің құны және басқа да тікелей шығындар есепке алынады. Шоттың кредиті бойынша белгілі бір ферментация мерзімі аяқталған соң алынған сүрлемнің әділ құны «Дайын өнім» шотымен корреспонденцияланып көрсетіледі.

Егер шаруашылықта әртүрлі дақылдан сүрлем дайындалатын болса, онда сүрлем бойынша шығындар есебі мен сүрлемнің өзіндік құнын калькуляциялау әрбір дақыл түрі бойынша бөлек жүргізіледі.

Пішен дайындау. Бұл шот бойынша да шығындар есебі сүрлем дайындау бойынша шығындар есебіне ұқсас жүргізіледі. Шоттың дебеті бойынша пішен дайындауға байланысты пішен орындарын тазалау, пішенді тиеу, түсіру, жабу сияқты жұмыстар бойынша шығындар жинақталады және оған мынадай шығын түрлері жатады:пішенді дайындаушы жұмысшылардың еңбек ақылары мен одан аударымдар, көк балауса шөптің құны, пішенді дайындаушы құрылғылар мен жабдықтарға жұмсалатын жанар-жағар май және басқа материалдардың құндары, пішен дайындаушы құрылғылардың амортизациясы, пішен дайындаушы құрылғылар мен жабдықтарды жөндеу және күтіп-ұстау шығындары, көмекші өндіріс қызыметінің құны және басқа да тікелей шығындар есепке алынады. Шоттың кредиті бойынша белгілі бір алынған пішеннің әділ құны «Дайын өнім» шотымен корреспонденцияланып көрсетіледі.

Витаминді шөп ұнын дайындау. Бұл шотта жылжымалы агрегаттармен витаминді шөп ұнын дайындауға байланысты келесідей шығындар есепке алынады: витаминді шөп ұнын дайындаушы жұмысшылардың еңбек ақылары мен одан аударымдары, көк балауса шөптің және басқа да шөп қоспаларының құны, шөп ұнын дайындайтын агераттардың амортизациясы мен оларды күтіп-ұстау, жөндеуге байланысты қосалқы бөлшектердің құндары, агрегаттардың жұмыстары үшін жанар-жағар май мен басқа да материалдардың құндары және басқа да негізгі шығындар. Шоттың кредиті бойынша алынғанвитаминді шөп ұнының әділ құны «Дайын өнім» шотымен корреспонденцияланып көрсетіледі.

Басқа да объектілер бойынша шығындар есебі. Өсімдік шаруашылығында кейбір дақылдардың өзіндік құндарын нақты анықтау үшін қосымша немесе жанама өнімдерге, не болмаса бөлек өндірістік процеске апарылатын тікелей шығындардың есебін жүргізу мақсатында қосымша есеп объектілері ашылуы мүмкін. Мұндай есеп объектілеріне сүрлемді жинау және үю, өнімді жинағаннан кейін өңдеу, сүрлемді басқа жақта (басқа шаруашылықта) дайындау жұмыстары жатады. Бұл шығын объектілері бойынша шығындар есебі шығын баптарының жіктемелері арқылы ұйымдастырылады.





Дата публикования: 2014-10-30; Прочитано: 1377 | Нарушение авторского права страницы | Мы поможем в написании вашей работы!



studopedia.org - Студопедия.Орг - 2014-2024 год. Студопедия не является автором материалов, которые размещены. Но предоставляет возможность бесплатного использования (0.01 с)...